Еркін РАҚЫШЕВ: САША КОЭНДІ сотқа беремін
2010 ж. 22 қараша
5419
2
Американдық сайқымазақшы Саша Коэннің қазақтар жайлы түсірген «Борат» фильмі көршілес Ресейден бастап дүйім жұрт дүрліктірсе де, өзіміздің елде түсірілетін киноларды мінеп-сынағыш біздің биліктегілердің ішінен былқ еткен адам баласы болмады. Ал, режиссер Еркін Рақышев ұлттың есесін қайтармаймынға салып, Бораттың «быт-шытын» шығармаққа білек сыбана кірісіп жатыр екен. Осыны естіген біз де әңгімені әуелгі сұрағымыздан бастағанды жөн көрдік.
– Жақында сізден батыстың «Нью-Йорк таймс» ақпараттық басылымы арнайы келіп сұхбат алыпты деседі...
– Иә, 5 қазанда «Нью-Йорк таймс» газетінде менің сұхбатым жарияланды. Өздеріңіз білесіздер осыдан 4 жылдай бұрын «20 фокус кинокомпаниясы» «Борат» фильмін түсірген еді. Бұл кино қазақ халқын қорлап, масқаралап көрсетеді. Қазақтың ішетіні есектің зәрі болса, қарындасымен жыныстық қатынаста болады екен. Малмен бір қорада тұрғызып қоюмен қатар, адамның аузы бармайтын не бір анайылықты, кір-қоқысты қазақтың басына үйіп төккен. Саша Коэн соңғы сұхбаттарының бірінде: «Мен енді осы киноның жалғасын түсіремін, қазақтардың әнұраны ойнаған кезде олар кеудесіне қолдарын қойса, мен аяғымды қоямын», - деп қазақтың ар-намысын аяққа таптағанымен қоймай мемлекеттік рәміздерімізді қорламақ. Ашу-ызама тиген бұл қылығы «Менің ағам Борат» фильмін түсіруіме себепкер болды. Түсірілім жұмыстарын аяқтадық. Қазір монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Туындым шықпай жатып, атышулы Американың бірнеше кинокомпаниялары сатып алуға, халықаралық аренаға шығаруға қызығушылық танытып отыр.
Бүгінде үлкен дау-дамайдың туып отырғаны сол, халықаралық авторлық құқықтардың барлығын бұза отырып фильмді жарыққа шығармақпын. «Нью-юрк таймс» газетінің тілшісі: «Сіз, сотқа береді деп қорықпайсыз ба?» дейді. Бұл сөз менің ашуымды тудырды. Мен де қарап қалмай: «Өзге ұлттың ұлттық намысына тиіп, қорламаймын. Бар болғаны Бораттың жеке басына ғана тиісемін. Ал егер сотқа беріп басымды қатыратын болсаңдар онда мен осы киноны шығарған ағылшындар, американдар және еврейлердің басына қазақтың басына түскен күйді келтіремін. Сонда демократия, сөз бостандығы дегенді қалай қабылдайтындықтарын көреміз», - дедім. Бүгінде адамдар фильмнен не көрсе соған сенеді, иланады. «Борат» фильмі біздің елдің беделіне нұқсан келтіріп, ұлттық намысымызды аяққа таптады. Киноны көрген шетелдіктердің Қазақстанды кинодағыдай күйде деп қабылдағаны жасырын емес.
Ұлт пен дін деген мәселелерде қалжың мен масқаралау арасындағы дүниені шатастырып алу оңай. Мұндай маңызды сферада адамдардың моралдық, этикалық ұғымдарына сәйкес келетін белгілі бір шектеулер болуы керек. Демократия, сөз бостандығы деп тыныш отырған халықтың намысын қорлап, масқаралауға болмайды. Әр бостандықтың да шектеуі болуға тиіс. Олай болмаған жағдайда бейберекеттік орын алады. «Бұға берсең сұға береді» деп қазақ айтпақшы, мен оларға әлі көретінді көрсетемін, тіпті Саша Коэнді сотқа беремін. Қазір халықаралық адвокаттармен келіссөздер жүргізіп жатырмын. Ағылшындық басылымның тілшісі: «Қазақтардан басқа ұлттарды, мысалы: америка мен еврей ұлтын да қалжыңға алды ғой», - деді. Мен бұл тұста егер ол өз фильмінде ағылшындардың сүйікті суы есек зәрі екен, ал королева Елизавета күніне бір шынысын ішеді десем қалай қабылдар еді?-деп қайтып сауал тарттым. Осы жерде Батыстың басқа елдерге қатысты екі жақты саясатын айтқым келеді. Саша Боран еврей ұлттары туралы осындай масқара ететіндей киноны жарыққа шығарғанда олар құр қол қарап отырмас еді. Мен оған сенімдімін. Бұл фильмді әлемнің 10 шақты елінде көрсетуге тиым салған. Солардың ішінде Ресей мемлекеті де бар. Олар: «Бұл фильм кейбір ұлт және дін өкілдерінің намысына тиеді» деп экраннан алып тастаған. Адвокаттардың айтуы бойынша мұның өзі менің сотта жеңіп шығуыма мүмкіндік барын аңғартса керек.
– Еркін мырза, жуырда ғана қазақ киноларының ішінде қоғамдағы құйтырқы әрекетті сынға алған «Мәңгі өмір сүргің келсе» комедиялы картинаңыздың тұсауын кескен едіңіз. Аталмыш фильмді кинотеатрлардың цензурасына ұшырап, көрерменге жол тарта алмай қалды. Сырттағы Бораттың сайқымазақ әрекетіне көнген біздікілер өзіміздегі ащы комедияны көргенде неліктен өретүрегелді дейсіз?
–Иә, кинотеатрлар біресе ана жерін, біресе мына жерін алып таста деп басты қатырды. Менің ойымша кинода алып бара жатқан ештеңе жоқ. Таза комедия. Фильмнің желісі бойынша, Дәурен Жұмәділов атты лаборант жігіт мәңгі өмір сүру бақытын сыйлайтын дәрі ойлап табады. Ол препарат қазақ тілін білетіндерге ғана сатылады. Сөйтіп Барак Обамадан бастап әлем халқы мәңгі жасау үшін қазақ тілін үйренуге мәжбүр болады. Соның арасында қоғамдағы бүгінгі жайттар мен қазақтың бойындағы кемшіліктер аздаған әзілмен берілген. Мысалы, қазақтан шыққан ғалымның ойлап тапқан дәрісінің жай-жапсарын анықтау үшін ғылыми конференция болады. Соған қатысып отырған Жапон елінің ғалымы Дәуренге қарап: «Біздің елде адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы сексен бес жасты құрайды. А сіздің елде ұзақ дегені алпыс үш жас екен, зейнеткерлікке де алпыс үш жасында шығады. Сонда қалай? Зейнеткерлікке өлген соң шыға ма?» дейді.
Әлемдегі ірі қалалардың бірі Нью-Иорк «Нұр-Иорк» болып кетеді. Астана қаласында жүргенімде «Нұр лифт» дегенді де көзім шалған. Оған қарағанда, Нұр-Иорк деген көңілге қонымды емес пе?
Картинаның тағы бір тұсында дамып кеткен еліміздің ғарышкерлері айға жол тартады . Бірақ адасып кетіп марстан бір-ақ шығады. Олардың қал-жағдайын білмекке телефон соққан басшылары сүйіншісіне «Әкіміміз Храпунов сендерге Шаңырақтан жер беріп жатыр. Бірақ құжаты жоқ»-дейді. Кинода осындай азғантай әзілдер мен қалжыңдар ғана бар.
–Біздің экранда жастарды патриоттық отансүйгіштікке тәрбиелейтін, яғни бала тілінде сөйлейтін кинолар жоғалып кетті ғой. Атыс-шабыс атаулы қазақ киносының бас тақырыбына айналып кеткендей...
–Бүгінгі жастар батыстың руханияттан жұрдай болған идеалдарына табынып барады. Мәселен, Ауған соғысында Кеңестер Одағының батыры болған адам бізде біреу-ақ. Соның да аты-жөнін бүгінгі жастардың ешқайсысы білмейді. Масқара! Әйтсе де бұған жастарды кінәлауға болмайды. Өйткені бізде тұлғаларды насихаттап жатқан ешкім жоқ. Бүгінгі жастарды дұрыс тәрбие жолына салу үшін өзімізден шыққан идеалдарды насихаттау керек.
–Мәселен, батыстағыдай болмаса да біздегі кино бизнесін аяқ тан тұрғызудың оңтайлы жолы бар ма. Ол қандай жол?
–Жүру үшін алдымен жорғалау керек. Ал бұлар жорғаламай жатып жүгіріп, жолай жығылып сүрінгенге күледі. Әлем экранын жаулап алған Корея, Түркия сияқты мемлекеттер қадамын шағын бюджетті фильм түсіруден бастаған. Көрші Өзбекстандағы кинотеатрларда көрсетілетін кинолардың тоқсан пайызы өздерінің туындылары. Барлығы дерлік шағын бюджетке түсірілген фильмдер. Жастарға өнеге, тәрбие де береді. Бізде де осындай кинолардың санын арттыру қажет. Сондықтан бізге де ұлтқа жаны ашитын, жүрегі халқым деп соғатын, кино арқылы халқының өсуіне, өркендеуіне септігімді тигіземін деген басшы келмей киноның күні қараң болып қала бермек.
–Жалпы жеке студия ашып, қазақша кино түсіруді қолға алған алғашқы тәуелсіз режиссерсіз ғой. Бүгінгі нарықтағы аяқ алысыңыз қалай?
–Біздің студиядағы әр фильмінің өз көрермені бар. Құдайға шүкір ұтылып жатқан жоқпыз. Әлемдік киноматографияда киноның дәрежесі халықтың көрген санымен өлшенеді. Бұл жағынан біз түсірген кинолар кенде қалып отырған жоқ. Ал қаржының жетіспеушілігінен кемшіліктер орын алуда. Біз түсірген кинолардың бюджеті орта есеппен 30 мың АҚШ долларын ғана құрайды. Биліктен бастап, қарақшы пираттар қаптаған Қазақстан деген елде тұратындықтан ғана жағдайымыз мәз емес.
–Бүгінде жеке студиялар бой көтере бастады ғой. Басты бәсекелесіңізге солардың қайсыларын жатқызасыз?
–Біздің бәсекелесіміз жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанда 50-ге жуық жеке студиялар бар көрінеді. Оның ішінде «Sataifilm» киностудиясы, яғни Ақан Сатаев қана тәуір кинолар түсіріп жүр. Үндістер жылына мыңға, Ресей 200 ге жуық кино шығарады екен. Ал Қазақстанда жылына он кино түсірсе, оның ішінде іліп алатын біреуі болмайды. Өйткені бізде бәсекелестік жоқ.
–Астананың туған күніне орай көптеген фильмдер түсірілді. Сіз де «Астанаға көктем кеш келеді» атты киноңызды ұсындыңыз. Бұл киноны жарыққа шығару кімнің тарапынан болған ұсыныс еді?
–Ол киноның сценарийін өзім жаздым. Қазақстан ұлттық телеарнасымен бірігіп түсірдік. Бірақ аталмыш арна фильмінің саясатқа қатысты 30 минуттық тұсын қысқартып тастады. Астана жайлы кинолардың ішінде ең тәуірі осы деп Президентке көрсетіпті. Егер сол президент екі ай бойы түсірілген киноға 30 мың АҚШ доллар ғана бөлгенін естігенде, киноға жауапты адамдардың жанын шығаратын еді. Өйткені сол соманы бір ән айтып беруге келген шетелдік әншілердің қалтасына оп-оңай салып беріп жатыр ғой.
–Сонымен киноңыз президентке ұнап па?
–Ол жағын білмедім. Кинодағы бір кейіпкердің: «Астананы Ақмолаға емес, Шымкентке ауыстыру керек еді» дегені ұнамаған шығар. (Күлді)
–Өзіңіз сынға қалай қарайсыз. Мәселен жұрт Рақышовтың киноларының мазмұны бір-біріне ұқсайды дегенді айтады...
–Мен сынға түсіністікпен қараймын. Бірақ ол салиқалы сын болса ғана. Ал сынаған болып бір жақты қаралағандарды ауылым Түлкібасқа бара жатқандағы жол бойындағы шәуілдеп үрген иттерге теңеймін. Ондайларға қарамай көлігіммен зулап өте шығамын. Ал олар шаң жұтып қала береді. Өздері кино түсіре алмайды, ал түсірген адамды көре алмайды. Мықты болса үйін кепілге қойып тұрып кино түсірсін. Ал біз шығарған фильмдер бір-біріне ұқсағанымен сюжеттері бөлек. Мысалы «Жаралы сезім» фильмінде мектеп жасындағы кәмелетке толмаған қыздардың жүкті болу проблемасының соңының неге әкеліп соғатынын қозғаса, «Менің де атым Қожа» фильмінде қалаға көшіп келген ауыл баласының бастан кешкен қызықты оқиғалары бейнеленеді. «Қажылық» фильмі мұсылманның бес парызының бірі қажылықтың рәсімдеріне толық түсінік береді. «Жетімдер» ішімдіктің салдарының неге әкеліп соғатындығын көрсету арқылы бүгінгі жетімдер жайын қозғайды. Бұл фильм әлеуметтік драма. Ал «Астанаға көктем кеш келеді» мелодрамасы бүгінгі жастар арасында етек алған тұрақсыз махаббаттың құрбаны болса да, адамдық қалыбын жоғалтпай, оқимын, адам боламын деген қазақ қызының қайсарлығын көрсетеді «Адасқанның айыбы жоқ» деген. Бірақ содан қорытынды шығарған адам ғана өз еңбегінің нәтижесін көріп, бақытын табады.
Ал соңғы түсірген «Мәңгі өмір сүргің келсе...» комедиясы осыған дейін жарыққа шыққан киноларға ұқсамайтын жаңа бағыттағы фильм. Картина бүгінгі тілдің тағдырын ту етеді. Сондықтан менің көксейтінім жастарды имандылыққа, патриоттыққа, отансүйгіштікке, ана тілін құрметтеуге дәріптеу.
–Ал қазіргі кезде қандай жаңа жобаларды қолға алып жатқан жайыңыз бар?
–«Қазақфильм» киностудиясымен бірігіп қолға алған «Алтын адам» фильмінің түсірілімдерін аяқтап қалдық. Бұл фильм 7 сериялы шытырман оқиғалы драма жанрында болады. Фильмнің негізгі мақсаты тарихи ескерткішіміз «Алтын адамның» әр Қазақстандық азамат үшін құнды екенін көрсету. Жастарды отансүйгіштікке, патриоттық сезімге тәрбиелеу. Фильмге Меңтай Өтепбергенов пен Меруерт Өтекешова түсті. Басты рөлді Гауһар Нұрмағанбетова алып шықты. Санжар Мадиев пен Қорлан Жолжақсынова да басты рөлдерді ойнады. Бүгінде осы фильмнің жұмыстарымен жүгіріп жүрген жайымыз бар. Жаңа жылға қарай көрерменге ұсынып қалармыз.
–Қарап жатпайтын жансыз ғой. Алдағы уақытқа белгілеп қойған жоспарларыңыз да жоқ емес шығар?
–Жоспар көп. Бірақ ақша жоқ. Бүгінде бір ауқымды жобаны қолға алып жатырмыз. Қазақ тарихындағы 200 жылдық қазақ-жоңғар шайқасының тағдырын суреттейтін «Аңырақай шайқасы» және «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама» оқиғаларын толық қамтитын «Азаттық» деген 16 сериалы фильм түсіруді қолға алмақпыз. Қытай елінде жарық көрген 30 сериялы «Шыңғысхан» фильмінде атақты Наяһа батырдың рөлін сомдаған, әрі осы фильмде атқарушы режиссер болған Ержан Мақпышұлы деген қандасымызбен бірігіп түсіруді жоспарлап отырмыз. Бұл фильмнің сценарийін Бекболат Тілеухан бастаған бірнеше кісі болып екі жылдай жаздық. Сценариймен танысқан қытайлық «Шыңғысхан» фильмінің режиссерлары киноны бірігіп түсіруге ұсыныс жасады. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біз, осы киноны шығару арқылы қазақ тарихын насихаттауға, батырларын дәріптеуге, сол кездегі қазақ мәдениеті мен өнерін көрсетуге тырысамыз. Бұл үмітіміз де ақталады деген ойдамыз.
–Еркін мырзаның азғантай уақыттың ішінде елге танылып үлгергендігін оңтүстіктің шырайлы Шымкентінде туып өскендігінің пайдасына жатқызуға бола ма?
–Ол да бар. Бірақ еңбек, ізденіс, талап, осы үшеуінсіз нәтижеге жету мүмкін емес. Мені оқымаған режиссер дейді. Дұрысы– дипломы жоқ деген болар. Бірақ өз бетіммен оқып, үйреніп жүрмін. Ізденіс жоқ жерде шығармашылық тоқырауға ұшырайды. Мәселен, қазір Ресейден тәжірибе алмасып жүрмін. Сол жақтағы бір жекеменшік киностудияның түсіру процесіне қатысамын.
–Құпия сақтай білесіз бе?
–Иә. Бірақ уәде бере алмаймын.
– Сән салондарының қызметіне жүгінесіз бе?
–Құдай сақтасын. Онсыз да әдемімін ғой.(Қарқылдап күліп алды)
–Қазақ киносының өркендеп дамуына атсалысып, әрдайым жетістіктерден көріне беріңіз. Боратты жеңіп шығуыңызға тілектеспіз!
Әңгімелескен
Динар КАМИЛОВА