СОЗАҚТЫҢ БІР БАЛАСЫ ЖАБАЛ ДЕГЕН...
2015 ж. 14 желтоқсан
3917
0
Әр тасы шежіреге айналған қарт Қаратаудың қойнауында дүниеге келген Жабал қазақтың соңғы биі атанған атасы Шойынбет бидің жары Сиякүл әжесінен ертегі-жыр тыңдап өссе, алты жасында әріп танып, жеті жасында әжесіне жыр-дастандарды оқып бере бастап, осылайша ұлттық құндылыққа ауызданып өсті. Оны шертпе күй шебері Төлеген Момбековтің өз орындауындағы күйлерін тыңдап есейген оны Халық жазушысы Сәуірбек Бақбергенов «Би атамның ұрпағы» деп еркелеткен. Ал әңгіме жанрының су төгілмес жорғасы Тәкен Әлімқұлов «талабың зор, тіл байлығың мол екен» деп өмірінің соңына дейін жазушылыққа баулыған. Атақты әдебиет сыншысы Төлеген Тоқбергенов алғашқы әңгімесін «түзеп-күзеп» «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялап, қамқорлық жасапты. Айтулы абайтанушы ғалым, қоғам қайраткері Мекемтас Мырзахметұлы шәкіртін «Ол студент кезінде-ақ айтар ойын дәлелді әрі түсінікті айтуымен ұнады» деп бағалайды.
Бір кезде академик Қажым Жұмалиев Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының студенті, шәкірті Мекемтастың талантын байқап Абайды зерттеуге қалай күштеп қосса, Мекең де Жабалды дәл сондай жолмен Абай қарасөзін зерттеуге салады. Абай мұрасының Шығысқа қатысын зерттеуіме негіз етемін деп М.Мырзахметұлы кандидаттық, докторлық диссертация қорғауында қандай қиыншылыққа, қарсылыққа тап болса, шәкірті Ж.Шойынбет те Абай қарасөздерінен кандидаттық диссертациясын жазып дайындау және қорғау кезінде Абайдың Шығысы мен ұстанған өзінің дінін айтамын деп тап сондай қарсылыққа тап болады, күрескерлік жолда ұстазын үлгі етеді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Аққолтық ауылының Ш.Уәлиханов мектебінде Жабалға сабақ бергенімде ынта-ықыласына сүйсінуші едім, қазіргі күні Абай атындағы ҚазҰПУ-де «Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры ретіндегі өзім тікелей және жанама куә болған күрескерлігін сөз етпекшімін.
Бірінші қарсылық – бірінші ерлік
Қазақ-совет философтарының зерттеулерін түгелге жуық оқып, зерттеп Абайдың мұсылмандығын жоққа шығаруға бағытталған ой-пікірлерден әбден мезі болып, іштей булығып жүргенде 1999 жылы Білім министрлігінің бекітуімен ұрпақ тәрбиесіне кесапатын тигізер, мүлде жат ағым кришналардың «Өмірден өмір туындайды» деген кітабына негізделіп жазылған «адасқан қазақ» Досым Омаровтың Абайды кришнайт еткен «Абайтану» кітабы мектеп бағдарламасына енсе, М.Әуезовті кришнайт еткен тағы да осы Д.Омаровтың «Ұлылар үндестігі» атты докторлық диссертациясы Философия институтында қорғауға ұсынылды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген осындай-ақ шығар не істеу керек?» деп тағы да ұстазына жүгінді. Ақылдаса келе, ұстазы М.Мырзахметұлы аталған докторлық диссертацияға қарсы «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» («Түркістан» газеті, 27.08. 2009ж.), ал Ж.Шойынбет «Абайтану ма, ведатану ма, әлде ұрпақ санасын улау ма?» («Солдат», 28.12. 1999 ж.), «Ұлылар үндестігін кім қалай түсінеді?» («ХХІ век», 25.09. 2000 ж.), «Ұлт рухына қауіп төндіретін кітап» («Ана тілі», 05.12. 2002 ж.) т.б. мақалаларын жазып, жат діннің қауіп-қатерін жан-жақты талдады.
Философия институтының директоры, академик Ә.Нысанбаевты ғылыми жетекшісі етіп алған Д.Омаровтың қолдаушысы академиктер мен профессорлар болды, олардың басымдығымен, ықпалының күштілігі сондай, Абайды кришнайт еткен «Абайтану» пәні «Мектеп» баспасынан 12 мың тиражбен қайта шығарылып, мектептерге таратылды, айтар уәждері: «Екі басылымда да кришнаизм емес, жалпыадамзаттық деңгейдегі сан-салалы ілімдермен салыстырыла отырып, Абайдың әлем, жаратылыс, имандылық жөніндегі данышпандық көзқарасы, рухани дүниетанымы насихатталған. Бұл кітап ұлы тұлғаның философиялық пайымдауына қатысты дүние, ал жекелеген әдебиетшілер Абайды тек әдебиет шеңберінде қарастырғанды қалайтын сияқты. Ж.Шойынбет министрліктің атына өте ауыр сын айтып отыр...». Ал Ж.Шойынбет бұл кітапты жазушылардың да, оны қолдаушылардың да пікірі дұрыс еместігін тек газет бетінде ғана емес, «КТК», «Оңтүстік Астана», «Рахат» тағы басқалар телеарналарда сөйлеп, абайтанушы-профессорлар А.Ісімақова, И.Халитова т.б. сұхбаттар ұйымдастырды. Сол кездегі әлі ешқандай ғылыми атағы жоқ жас абайтанушы алған бетінен қайтпай, талмай күресумен ақыры 2003 жылы Білім Министрлігінің тарапынан «Д.Омаровтың «Абайтану» кітабын мектепте оқытуға болмайды» деген бұйрығына қол жеткізді.
Екінші қарсылық – екінші ерлік
Абайды мұсылман етем деп айқасып жүргенде аспаннан жай түскендей сүттей ұйыған қазақ халқын, жері мен байлығын көзінің қарашығындай сақтаған сан мыңжылдық тарихы мен дәстүрі бар ислам дініндегі қазақ ұлтын «Діндері үшеу – тәңіршілдік, христиандық және мұсылмандық» деп, «300 жыл бойы ұлттың мәдениеті мен тарихынан айырылып қалған» деп протестант дінінің лидері мен миссионерлерін дайындайтын жоғары оқу орнын бітірген американдық Чарлз Уеллер кандидаттық диссертация қорғады. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап оқулық жазып жүрген Ғабит Тұрсынов бастаған аттарынан ат үркетін профессор-ғалымдар жалған ғалым, миссионерді қызғыштай қорғап Ж.Шойынбетті «кертартпа фанатик», «әсіреұлтшыл», «әпербақан көшбашысы» деп қараласа, ғалымсымақ миссионер Ж.Шойынбетті «тіпті, қайынжұртым Жапон халқына және Корея халқына тиетін сөз қосқан... бұл жай екі адамның арасындағы жеке мәселе болып қалмай, халықаралық деңгейге көтеріліп кетті... маған да, отбасыма да қауіп төндіру мүмкін...» деп байбалам салып, «Жас қазақ» (02.06.2006 ж.) газетіне мақала жазды. Протестант-миссионердің іс-әрекетін әшкерлеп абайтанушы ғалым «Бұл кітап кімге қажет, не үшін қажет?» («Түркістан», 28.10.2005 ж.), «Шоқан Уәлихановтың қасиетті есімін әлдебір миссионердің қолжаулығы қылмайық» («Ана тілі», 16.03.2006 ж.), «Қазаққа төрелік айтатын сен кімсің?» («Заң» газеті, 11.07.2006 ж.), «Кімді кім ұялтты» («Қазақ үні», 12.10.2006 ж.) мақалаларын жазды, телеарналарда сөйледі. Мұрат Қалматаев, Тұрсынбек Кәкішев, Қадыр Мырза Әли бастаған ұлт зиялыларының ашық хаты республикалық он сегіз газетке басылып, қоғамға үлкен қозғау салды. Көп ұзамай-ақ Білім және ғылым министрінің диссертацияны кері қайтарылғандығы туралы жауабы мәлім болды.
Үшінші қарсылық – үшінші ерлік
«Философия ғылымдарының кандидаты Қанағат Жүкешевтің «Деловая неделя» газетіне 2007 жылдың 27-сәуірінде шыққан «Далбаса государственнего назначения или об аграрном языка постиндустриального общества» деген мақаласын оқығанда жағамызды ұстадық. Бұдан баяғы «жабайыны жабайыға» айдап салу әдісінің жүзеге асқанын, қазақты қазақтың аяусыз қорлағанын көріп, қорландық, намыстандық» дейді Ж.Шойынбет «Жүкешевтің бұл қай «далбасасы»? мақаласында ( «Қазақ үні» 27.09.2007 ж.). Қолына қаруы қаламын алған абайтанушы-ғалым тура сол Қ.Жүкешев докторлық қорғамақшы күні (2007 жылдың 12-қазаны) «Қазақ әдебиеті» газетіне «Қазақты, Абайды қорлап докторлық диссертация қорғамақ» деген мақаласын жариялады. Сол күні ұлт пен тіл жанашырларын ертіп Философия институтына барды, нәтижесінде диссертация қорғалмай қалды. Қоғамды дүр сілкіндірген бұл іске сол кездегі Білім және ғылым министрі Ж.Қ.Түймебаев тез шара қолданып, іскерлік танытты.
Я, қарсылық жасауды миссионерлер ашық та, жасырын да, небір айла-тәсілмен жалғастыра беретін тәрізді, тек күресу керек. Күресу үшін шыдамдылық, білімділік, үлкен қажыр-қайрат керек, бұл мәселеде Ж.Шойынбет ұлттық құндылықтарға, аталар аманат-өсиетіне, даналардың даналығына арқа сүйеп, онымен Абайдың шығармаларын қайта-қайта салыстыра отырып қорытынды жасай білді.
Өзінің әрбір іс-әрекетін үндемей жүріп жүзеге асыратын, еліне титтей де болса пайдамды тигізссем екеннен басқа ойы жоқ, ұлтын жанындай сүйетін Абай арманын жүзеге асырсам деп талаптанған қарапайым Созақ баласы туралы айтарымыз әзірге осындай.
Аманжол Найманбай, Этнодизайнер – профессор
"Қазақ үні" газеті