Қызыл айдаһардың басы кесілген күн
2015 ж. 14 желтоқсан
4108
0
Қазақ халқының егемендігін еншілеп, өз алдына дербес мемлекет құрып, тәуелсіз елге айналамын дегенше бастан небір зұлматтарды өткізгені тарихтан мәлім. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заманында Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жыры жау қолынан қырылған, өз жерінде өзгеге таланған халықтың жай-күйін көз алдымызға айна-қатесіз елестетеді.
Жан-жақтан қаумалаған жау, кең-байтақ жерімізге көз тігіп, аюдай айбатты, айдаһардай қаһарлы көршілер, етекте жағаласып жатқан Қоқан, Хиуа шапқыншылары, одан қалды әлсін-әлсін шабуыл жасап тұрған жоңғарлар елді әбден титықтатып жібереді. Елім деп бас көтерген Махамбеттей ерлерді өз ішімізге сыйғызбай, өз қолымызбен келмеске жіберіп, «бауырым» деп жүрген алты алаштың бір тармағы Кенесары ханның басын орыс патшасына сыйға тартты. Басқасын былай қойғанда сырттан соғысатын жау жоқтай үш жүзге бөлініп алып өзіміз бен өзіміз қырқысып, қалың қазақты әбден тығырыққа тіредік. Кеңес үкіметі орнағанша «Ұлт-азаттық көтеріліс», «Азаматтық соғыс», «Ақпан», «Қазан» төңкерістері сынды қанды қырғындар орнағаннан кейін де «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділер қан қақсатқан жоқ па?! Ел басына күн туғанда, елдік пен ерлік мәселесі қатар қойылғанда қазақтың ержүрек перзенттері қайсарлығынан танбай «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» дейтін бабалар жолын жалғастыра білді.Ел оқығандары ендігі кезекте саяси күрес жүргізуден гөрі, рухани күрес жүргізуді жөн деп тапты, сол жолда барын сала жұмылды. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында тарих сахнасына қазақтың оқығандары шықты. Ат төбеліндей ғана ел оқығандары XX ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысында күшейген сталиндік әміршіл-әкімшіл, тоталитарлық жүйелерге, қызыл империяға қарсы тұру үшін газет-журналдар мен білім саласын мейлінше басып қалуға тырысып бақты. Алаштықтардың мұндай әрекетін көрген кеңестік үкімет қарап отыра алмады. Қазақстанды басқаруға Голощекинді жіберіп, соның қолымен біздің елде «Кіші Қазан» төңкерісін жасатты. Алдымен, ғасырлар бойы көшпелі шаруамен айналысқан қазақтай ұлтты күштеп ұжымдастырды. Колхоздандыру барысында «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген желеумен күнкөрісі – баққан малы болған қазақтың малын тартып ала бастайды. Елді байлар мен кедейлер деген екі тапқа бөліп, бүтін бір ұлтты өзімен-өзін қырқыстырып қояды. Осының салдарынан мал-жанын аман сақтап қалу мақсатында толық бір ауылдарды қамтитын байлардың қоныстары шекара асып кетеді. Одан кейін 1932-33 жылдардағы аштық қолдан ұйымдастырылады. Бұл аштықта қазақтың үштен бір бөлігі кемиді. Бүгінде сол аштықты көргендер күні бүінге дейін үрейленеді. Елді осылай қырып жатқандары аздай, енді оқыған азаматтарға, көзі ашық, көкірегі ояу тұлғаларға ауыз сала бастайды. Қазақтың жарқын болашағын ойлаған Алашорданың құрамындағы Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан сынды тағы да басқа арда азаматтарды бірінен соң бірін тұтқындап, ату жазасына бұйырады. Күллі шығыстың шоқ жұлдызы, шынайы күрескер Мұстафа Шоқайды шет ел асуға мәжбүрлейді. Басқа да бас көтерерлік жандарды осы алаштықтарға қатысы бар деген желеумен немесе солардың шығармаларын оқығаны үшін өлімге қиып жатты. Өлімге кесілмегендерін айдауға жіберіп, олардың отбасыларына «Халық жауының ұлы» не «қызы» деп күн бермейді. Сөйтіп жүргенде «Ұлы Отан соғысы» басталады. Оған да Бауыржан, Қасым, Рақымжан, Талғаттай қазақтың қаһарман ұлдары көптеп тартылды. Тағы да қазақтарды ажал аузына айдайды, ол аздай ауған соғысында да осы оқиға қайталанады. Осы езгінің бәріне шыдап баққан қазаққа басқа нендей қорлауды, кемсітуді білмеген кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе ұзақ жылдар Қазақстанды басқарған Дінмұхамед Қонаевты бір күнде ауыстырып, орнына Колбинді әкеліп қояды. Енді бұған қалай шыдасын, қайран қазағым?! Басқаның бәріне көнсе де, қазақтай бүтін бір ұлысты өзге ұлттың өкілі басқаруына жол бере алмады. Алматыдағы орталық алаңға сол кезде жастар көптеп жиналып, бейбіт шеру жасап өз ойларын білдіріп бақты. Бұл – 1986 жылғы 16-желтоқсан болатын. Иә, тек өз ойларын ғана айтқан, бейбіт шеру жасап пікірлерін білдірмек болған жастарды мұздай қаруланған кеңестік әскерлер күшпен тарқатпақ болады. Жастар жалаң қолмен БТР-лерге қарсы шықты. Көз алдарында Сабира мен Ләззат секілді жәудіреген қаракөз қыздарының шаштарынан тартып, желтоқсанның қаһарлы суығында мұз үстінде сүйрелеп бара жатқан бақайшағына дейін қаруланған қаныпезер әскерилерді көргенде бейбіт шеруге шыққан топтың ішіндегі ержүрек ұландар қарап қала алмады. Оққа қарсы кеудесін тоса құтқармаққа ұмтылды. Олардың ішінде желтоқсаншылар арасынан алғашқы құрбандық болған Ербол, «Еркек тоқты құрбандық» деген Қайрат сынды батырлар бар еді. Өздерін құрбандыққа шалып, тәуелсіздік жолындағы жүздеген ұрыстарда қазақ үшін жандарын қиып кеткен бабалар ерлігін қайталады. Бірақ... Арты не болды? Отан... Атамекен... Қазақ... деп өмірлерін шүберекке түйген жастарды «маскүнем», «нашақор» деп айыптап, сол кезде Желтоқсан оқиғасын бүлікшілердің әрекетіндей ғана жағдайға теңейді. Тарихи оқиғаның шын мәнісінде өз бағасын алу үшін қазақ зиялылары күрес жүргізе бастайды. Кеңес үкіметі тарқамай тұрып Мәскеудегі өткен съезде қазақтың қайсар ақыны Мұхтар Шаханов Желтоқсан оқиғасына оң баға беруін және сол кезде алып империяны басқарған М.Горбачевқа Қазақстанға сапарында қазақ халқынан кешірім сұрауды талап етеді. Сөйтіп дегеніне жетеді. Қазақ халқы елді елдікке бастайтын қадам жасау керектігін ұғынып, тәуелсіздік алуға ұмтылады. Осылайша 1991 жылғы 16-желтоқсанда әлем картасында тәуелсіз Қазақстан атты мемлекет пайда болады. Біздің егемендігімізді алғаш болып бауырлас Түркия мемлекеті мойындайды.
Бұл күнді «Қызыл айдаһардың басы кесілген күн» дер. Менің бұл сөзіммен талайлар келісетін шығар. Кеңес үкіметі секілді алып империяны ұстанған саясатына қарай «қызыл айдаһарға» теңеуден басқа амал қалмады. Бір жерден билеп-төстеуді көздеген аждаһа осылайша аузынан от шашқан, жалын атқан күйі рухы мықты, арманы асқақ халықты жұтамын деп өз-басын өзі жұтып тынды. Кеңестік қызыл үкіметтің қол астында болған қазақтардың көрген қорлығын, қиындығы мен нәубетін санамалаудың өзі қорқынышты. Күштеп ұжымдастыруды қоспағанда 1932-33 жылдардағы аштық, 1936-37 жылдардағы қырғын...
Жә-жә, арықарай айтуға жүрегім де шыдас берер емес. Тарихи деректерге сүйенсек, 1937-1938 жылдары 125 мың қазақ зиялысы қырылған. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 196 мың адам қару асынып, майданға аттанды. 700 мың адам еңбек армиясының сапында болды. Соғыстан тек 410 мың қазақстандық жауынгер ғана оралды. Осыншама нәубеттің ішіндегі ең сұмдығы – 1949 жылдан қазақ халқы атом полигондарының сынағына тасталды. XX ғасырда дүниежүзіндегі бірде-бір ел қазақ көрген азапты көрген жоқ. Көрмей-ақ қойсын. Бүтін бір ұлттың жойылып кетуіне сәл-ақ қалған ХХ ғасырда өз алдына ел болып үлгерген тәуелсіз Қазақстан бүгінде дамушы мемлекеттердің қатарындағы елдердің санатында. Өз Әнұраны, Елтаңбасы, Туы, шекарасы, әскері, Астанасы бар Қазақ елі бүгінде дербес, әлем мойындаған тәуелсіз мемлекет.
Азиз БАТЫРБЕКОВ, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің бөлім меңгерушісі, Қызылорда облысы
"Қазақ үні" газеті