БАС МҮФТИ: АТА-БАБАЛАРЫМЫЗ "АЛЛАҺ" деп АЙТПАҒАН! "АЛЛА" деп АЙТҚАН!
2015 ж. 08 желтоқсан
13111
23
Өткен жылы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Жаратуышыны «Аллаһ» деп емес, «Алла» деп айтып, жазу керек деп арнайы пәтуа шығарған болатын. Дегенмен кейбір намазхан бауырларымыз діни басқарманың бұл бастамасын қолдамақ түгілі оған қарсы болуда деп жазады qamshy.kz.
Мүфтияттың жанындағы Ғұламалар кеңесінің шешімі бойынша “Алла” сөзін “һ” әрпінсіз жазған дұрыс. Өз кезегінде мүфтияттың аталған пәтуасы зиялы қауым өкілдері тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Алайда, кейбір намазхан бауырларымыз діни басқарманың игі бастамасын қолдамақ түгілі оған қарсы болып отыр.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажаұлы имамдардың мүфтият шығарған пәтуаларға салғырт қарап жүргенін сынады. Оның ойынша, мүфтият шығарған кез-келген пәтуаны ең бірінші халыққа жеткізетін мешіт имамдары. Сондықтан да, олар өз міндетін мінсіз атқарып, халыққа түсіндіру керек.
“Сіздер Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының «Аллаһ» деген сөзге байланысты арнайы пәтуа шыққанын білесіздер ғой. Осы ретте діни басқарманың пәтуасын имамдар насихаттамаса халық оны қайдан біледі? Шын мәнісінде, мүфтият қандай бір пәтуа шығарса ең бірінші болып халыққа оны сіздер жеткізу керексіздер ғой. Ендеше күні бүгінге дейін неге Аллаһ сөзін айтып жүрсіздер? Аллаһ деп деп емес Алла деп айту керек деген пәтуа шықты ғой. Сондықтан, бүгіннен бастап ауылдық, аудандық имамдарға хабарлап, түсіндіріңдер. Үлкен ағаларымыз «Абай, Шәкәрім Аллаһ емес Алла деп айтқан» деп дұрыс айтады. Шынында да ата-бабаларымыз Аллаһ деп айтпаған”, – деді Ержан қажы Малғажаұлы.
Бас мүфтидің сөзінен аңғарғанымыздай кейбір мешіт имамдары діни басқармасының шығарған пәтуаларына жүрдім-бардым қарап жүр. Өйткені, олар аталған пәтуаға байланысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбек түгілі өздері әлі күнге Алланы Аллаһ деп аһ ұрып жүр.
Мүфтияттың шығарған пәтуасына имамдардың өздері бағынбаса, олар қараша халыққа қай бетімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді? Мүфтият өздері шығарған пәтуаны өздері орындата алмаса халық алдындағы беделі түсіп кетеді.
Беделден бұрын, қазіргі таңда кейбір әсіредіншіл азаматтар мүфтияттың шешіміне бағынбай әлеуметтік желіде бүлік шығарып жүр. Олардың айтуынша, діни басқарманың пәтуасы ел ішіндегі алауыздыққа түрткі болуда. Сондықтан да, әсіре діншілдер «Абай, Шәкәрімдер Аллаһ деп айтпаған» деген сауатты ұстаным емес деген пікірде.