ҚАЗАҚ ӘНШІСІНЕ «ЧИКИ-ЧИКИ» ДЕП ШЫРҚАУ ЖАРАСА МА?
2015 ж. 07 желтоқсан
10742
15
Естері болса, ел есінде қалар есті ән айтуға тырысса екен, қазақ әншілері...
Қазір ән мәтініне мән бермейтін әншілер көбейді.Бір тоқталатын жәйт – тырнақ астынан кір іздеуге құмартпағанымызбен, киелі сөз қадірінің қашып бара жатқаны налытпай қоймайды. Бүгінгі қазақ эстрадасының көш басында жүрген өнер иелерінен осы мәселе турасында сыр тарқатуын сұрасақ, «қарға қарғаның көзін шұқымайдының» кері ме екен, әйтеуір «жеңіл әндер айтып жүрген әншілер, уақыт өте келе өздері-ақ ысырылып шетке шығады» дегеннен арыға аспайды. Мейлі, солай-ақ болсын дейін десек, бүгінде не болса соны ән қылатындар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады. Бізді қынжылтатыны – оларға «әй дейтін ажаның, қой дейтін қожаның» табылмай отырғандығы. «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар. Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, тыңдағанда көңілдің өсері бар…» деп ұлы Абай атамыз жырлағандай, бүгінгі әндердің естісінен есері көп. Тыңдағанда көңіліміздің өскені былай тұрсын, ішінен іліп алар дәнеңе таппай дал боламыз. Мәселен, Серікбол Сайлаубектің «Ең сұлу», «Ой жеңге» атты бір емес екі бірдей атты иемденген мына әніне үңіліп қарасақ: – «Ең сұлу, ең сұлу әлем кезіп іздегенің сен сұлу сен сұлу Сәл көрмесем сағыныштан тұншығу. Жолығу, жолығу жөн білетін жеңгелерге жағыну, Сен қалаған арман ойдан табылу» – бұл әннің алғашқы шумағы. Бұдан не түсінуге болады? Шыны керек, сағынышқа тұншыққанды осы Сайлаубектен естідік. Шын сағынған адам сағыныштан сарғаюшы еді. Өлеңдегі мұндай мағыналық қателер өз алдына, техникалық талапқа да сай келмейді. Буын саны бірінші шумақтың бірінші қатарында артық, екіншісінде кем. Бұл өлеңге қанша зер салсаң да мағынасын ұғу қиын. Бірде «жеңгелерге жағыну» десе, өлеңнің келесі жолында «Сен қалаған арман ойдан табылу» дейді. Сонда жеңгесінің арман ойы не? Бұл жағы да жұртқа беймәлім. Ал, осы әннің қайырмасында: «Барасың ба сен бірге менің туған өлкеме, Арман арман үзіле нұр ойнаған жүзіңе, Қараймын да таңқаламын қарындасым пай пай пааай, Тағы, тағы, тағы да шуағыңа жаңыла Жүрегімнің қоймайсың ау сағынбасын ай-ай ай-й-й», – дейді. Бұл шумақтан «ай-ай, ай-й» мен «пай-пай, па-а-ай» – дан өзге ұйқас көзімізге шалынбады. Бірінші шумақта, жеңгем десе, келесіде қарындасым дейді. Ал, осы әннің бейнебаянында орамал таққан келіншек қана көлбеңдейді арлы-берлі. Сонда бұл ән кімге арналған? Серікбол Сайлаубек бұл әнді айтып, халыққа жұмбақ жасырғысы келді ме екен, кім білсін?! Қош, кез-келген әншінің репертуарында қандай да бір жеңіл әндер кездесіп жатады ғой, дейін десең, осы әншінің келесі бір әні алдыңғысынан да сорақылау. Атының өзі қызық. «Чики-чики». Сізді қайдам, өзім бұл сөзден ештеңе де ұға алмадым... Әйтсе де мәтінді сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік: «Жанарымда жалын, Бойда тулап қаным, Саған айтқан әнім Чики-чики. Ей, сұлу қыз бақ, Қарашы тіл қат, Біз кезіккен уақыт Чики-чики»... деп жалғаса береді. Өздеріңіз мұқият оқып көріңіздерші. Не ұғуға болады осы бір өлең жолдарынан. Дәл осы бағытпен кете берсек, нендей күйге түсеміз біз сонда? Бұл әнге түсірілген бейнебаян да оңып тұрған жоқ. «Ей, сұлу қыз» деп ән айтқан бейтаныс жанның көлігіне мінгесе кетеді, әлгі қыз. Біздің салтымызда жолда кездескен кез-келген көлденең көк аттымен қолтықтасып кете бермейтін еді, қазақтың ибалы қыздары. Ал, әзірге Сайлаубекке кезіккен қыз да, ән де өзіне сай «чики-чики» болып тұр. Аз ғана уақыт ғаламторға үңіліп, ән тыңдау арқылы көп дүниелерге қанық болдық. Отандық шоу бизнес саласында әжептеуір-ақ орны бар Әйкерім Қалаубаеваның әндерінің сөздері де Серікболдыкінен алысқа ұзай қоймады. «Алдаймын, сені алдаймын Тағы да сені алдаймын, Алдаймын мен алдаймын Тағы да сені алдаймын, Сені алдаймын, сені алдаймын»... Әйкерімнің орындауындағы «Алдаймын» атты осы бір әннің атының өзі біртүрлі қойылған тәрізді.Бұл әнді тыңдаған жұрттың көпшілігі дерлік мына қызды әжептеуір әнші ме десем «қып-қызыл» өтірікші екен демесіне кім кепіл? «Алдаймын» деген бір ғана сөз бір шумақтың басынан аяғына дейін айтылады. Ал, келесі шумақ төмендегідей өрбиді: «Жаным мені қатты еркелетеді, Ақша күнде-күнде гүлге кетеді, Сөйтіп чики-чики өмір өтеді Ұмытылып кешегі»... Сондағы түсінбейтініміз – «чики-чики» деген сөз бір өлеңге бір әр беретіндей көріне ме, біздің әншілерге. Құдды бір, бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, «чики-чики» дегендеріне жол болсын?! Жоқ әлде, тілі шұрайлы қазақта өзге сөз құрып қалып па? Сөз жоқ, Әйкерім Қалаубаева сыртқы келбеті әп-әдемі әнші. Түр-тұлғасына қарап, оған ұқсағысы келетін жастар да баршылық болуы ғажап емес. Мына әнді тыңдаған жасөспірімдер біреуді алдаудың еш сөкеттігі жоқ екен деген ой түймесіне кім кепіл?! Сондықтан ғой, ән мазмұнының халыққа аз да болса, берер үлгі-өнегесі болса, деп шыр-пыр болатынымыз да. Ал, Серік Ибрагимовтың орындауындағы «Жаяу» әнінің де мән-мағынасы мәз емес. «Асықпаған арбамен қоян аладының» кері ме кім білсін, егер де бұл әнді тыңдап, дәл Серіктің айтқанын орындар болсақ, көштен кейін қаларымыз анық-ау. Мәселен: «Жаяу жүре білсең, Өмір сүре білсең, Қадамды алшақ басып, ойың самғасын. Көлікке мінбеймін, Поезбен жүрмеймін, Ұшақта ұшпасам да, аяқ талмасын. Жаяу, алыс емес тауың да, Баяу, мен жетемін ауылға». Жаяу жүру денсаулыққа пайдалы десек те, тіпті көлікке мінбеу, поезбен жүрмеу әсте мүмкін емес шығар-ау. Әннің сөзінің де аз да болса, көңілге қонымды болғаны да жөн шығар. Қандай да бір ерекшелік қажет екен деп, айды аспанға шығара бергеніміз де жөн емес қой... Әнді орындағанда, айтып тұрған дүнием қаншалықты шындыққа жанасымды деп бір сәт ойланғанымыз да дұрыс шығар...Ал, бұл әндегі ұйқас та да бір үйлесім жоқ. Бұл көзі қарақты оқырманға бір оқығанда-ақ көрініп тұрғаны анық... P.S: Иә, тізбектей берсек, қазақ эстрадасында мәнсіз мәтінге құрылған әндер шаш етектен. Қит етсе, бар кінәні халыққа жауып қоя салудан да арланбайды кейбір «жұлдыздарымыз». Сондықтан да: «Мұндай жеңіл әндер халықтың сұранысына орай шығып жатыр» деген пікір білдіре салады. Әр нәрсені желеу еткеннен гөрі, қазақтың қасиетті қара сөзінің қадірін түсінетін кез жетті деп ойлаймыз. Естері болса, ел есінде қалар есті ән айтуға тырысса екен, қазақ әншілері. Сонда ғана қазақ мәдениетінің абыройы асқақ, мәртебесі биік болар еді...Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz