Қазыбек Иса. МҰҢ
2015 ж. 02 желтоқсан
6372
7
Кең даланың кедірін,
Бұдырымен тегістеп,
Жер емген бұл ел үнін
Терең тыңдап, тегіс Көк –
Күркіреді Күн асты,
Күміс тамшы төгілді.
Інжу-маржан ризық,
Күнге күйген көкемнің,
Маңдайынан көрінді...
Күн шағылған кетпені,
Жер қыртысын аунатып,
Бейнетпен тер төккені,
Көктен нәсіп – жауды ақық.
Қызыр қонған Қызылқұм,
Ізі қалған бабаның.
Жұмағына әлемнің
Күнде жаяу барамын-
Егістіктің басында,
Әкесінің қасында,
Шайлада бір шай ішу,
Шаттығы еді баланың...
Сол күндерді еске алсам,
Жасаурайды жанарым!
Ұмытпайтын еш пенде,
Ерек сурет елдегі –
Көкте бұлт көшкенде,
Көлеңкесі жердегі –
Түйелердің керуені.
Қияға ұшу қиялмен,
Қой баққан ұл ермегі...
Қалың қамыс сыңсиды –
Естіледі Айдағы үн.
Жүрегімді шымшиды,
Мақпал самал – майда мұң...
Сол бір қызды кім сүйді...
Еске түсер қайдағың...
Қайда қалды балалық,
Қайда келдім – қайдамын?!.
Көлдің көркі – ән аты,
Көкіректі кернейді.
Көкала үйрек қанаты,
Көңіліңді тербейді...
Көп айтқанмен көріктім,
Енді қайтып ешқашан,
Көл жағалап келмейді...
Айта алмаған жан сырын,
Ақын ұлда бар ма айып?
Қайда дәурен балшырын,
Сары балаға сарғайып,
Сарсаң болған сары қыз?!.
Жаралы ғой жанымыз...
...Арқада бұл ақ боран,
Айналаның бәрі мұз...
Ал қызуын сақтаған,
Қызылқұмда әлі күз...
Қазыбек ИСА
02.12.2015.