Бақытын әннен іздеген
2015 ж. 30 қараша
2817
0
Жаңылмасам, 2010 жылғы мамыр айының басы болуы керек. Еліміз бойынша Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын атап өту шаралары қызу жүріп жатқан. Осы күні Ұлы Жеңіске қатысты тосын деректер айтылып қалар деген оймен «Қазақстан» ұлттық арнасына назар салғанмын. Әдеттегідей «Таңшолпан» бағдарламасы жүріп жатыр екен. Бір уақытта бағдарлама жүргізушілері Жеңістің құрметіне орай жаңа әндер жазылып жатқандығын хабарлай келе: «Ортаға Шардара аудандық Мәдениет үйінің әншісі Мұрат Қоңырбайды шақырамыз» деді. Шардара деген соң елең етіп қарасам, сұхбатқа шыққан өзіміз күнде көріп жүрген, талай-талай мерекелік шараларда көзге түсіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген өзіміздің Мұрат екен.
Сұхбат барысында «Жеңіс күні» атты жаңа әннің дүниеге келгенін білдік. Әнін белгілі сазгер Бағдат Алтаев, сөзін арқалы ақын Әбілда Аймақ (марқұм) ағамыз жазыпты. Аталған әнге арнайы бейнебаян да түсіріліпті. Хабарда осы бейнебаян көрсетілді. Мұрат бауырымыз әңгіме үстінде әннің шығу тарихы мен бейнебаян түсірудің жай-жапсарын әңгімелеп берді. Демеушілік көрсеткен ағаларына алғыс айтуды да ұмытқан жоқ. Қағылез ғана қаршадай баланың өнер жолындағы өлермендігіне өзімше риза болып қалдым.
Сөйткен Мұрат бауырымыз таяуда өзінің шығармашылық кешін өткізбек. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Ата Заңымыздың 20 жылдық құрметтеріне орай Тәуелсіздік күні қарсаңында өтетін ән кеші «Елім деп соққан жүрегім» деп аталады.
Биыл қырықтың қырқасына шыққан Мұрат Қоңырбай Сарыағаш ауданына қарасты Қалғансыр ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Жетісай қаласындағы мәдениет колледжінде музыкалық біліммен сусындайды. Кейіндері Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың өнер факультетінде жоғары білім алып шығады. 2003 жылдан бері Шардара аудандық мәдениет үйінің әншісі болып қызмет атқарып келеді.
– Ән айтуға бала кезден әуес болдым. Әр тұстарда ауылдың кішігірім жиындарында ән айтып жүрдік. Өзіммен ауылдас Асқар Нәсірединов және Әмірәлі Дәрменшеев деген ағаларым бар еді, олар да мен секілді әуесқойлар. Заманның қиындау кезеңдері болса да Асқар қорасындағы бес қойын сатып, «Ямаха» (музыкалық аппаратура) алды. Содан үшеуміз «живой ансамбль» құрдық та, «жұлдыз» боп шыға келдік. Сол кездері атағы жер жарып тұрған Алтаевтар жанұялық ансамбліне қатты еліктедік. Кейіндері репертуарымызды өзгерттік, жаңғырттық. Сөйтіп Шардараға қоныс аударғанша Қалғансырдың «шаңын шығарғанбыз», – дейді кейіпкеріміз балалық бал дәуреніне ойша шолып.
М.Қоңырбай аудандық мәдениет үйіне жұмысқа тұрған соң өнер өлкесіне біржола бет бұрды. Ауданымызда өткізілетін түрлі байқауларда бас жүлделерді иемденіп, облыстық, республикалық өнер додаларында аудан намысын қорғады. 2004 жылы «Жетісай әуендері» облыстық байқауында дипломант атанса, 2007 жылы «Мырзашөл жұлдыздары» байқауында «Нұр Отан» партиясының арнайы жүлдесіне ие болды. Сол жылы «Түркістан – тұраным» республикалық ән байқауында бағы жанды. 2008 жылы Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық байқауында ІІ орынды жеңіп алғандығын айрықша айтқымыз келеді. Осы жылы мәдениет саласы бойынша ауданымыздың «Жыл адамы» атанды. Биыл Шымкент қаласында өткен «Мәңгілік ел» әндер фестивалінде топ жарып, тыңдармандарды тәнті етті.
– Мені 2008 жылғы Ш.Қалдаяқов әндеріне арналған ән фестиваліне талай-талай тарландарды тәрбиелеп шығарған ҚР Мәдениет қайраткері Әбдіхан Нұрмағанбетов ағамыз дайындаған еді. Ол кісімен мені өзіміздің жерлесіміз, ҚР Мәдениет қайраткері, марқұм Бейсенбек Бибосынов ағамыз таныстырған болатын. Мен сонда ұлы сазгердің «Бейбіт күн тілегі» атты әнін орындап шықтым. Ағаларыма айтар алғысым шексіз, – дейді ол қуанышты сәттерін көз алдына келтіріп.
Мұрат орындап жүрген «Бейбіт ел» әнін де тыңдарман өте жылы қабылдады. Бұл әнді және мәтінін белгілі ақын, әуесқой сазгер Әбдіғаппар Айдаров ағамыз арнайы тапсырыспен жазған. Бұл әннің тұсауы 2010 жылы өткен облыстық «Мәдениетім – мерейім» фестивалінде кесіліп, жоғарғы бағасын алған еді. Сол жылы біздің өнерпаздар аталған байқауда ІІІ орынды қанжығаларына байлаған болатын.
– «Жеңіс күні» әнінің тұсауы кесілген соң іле-шала ол ән көптеген телеарналардан берілді. Сол жылы өзім де Республика сарайында өткен «Кентау шашу» атты үлкен концертте ән салдым. Жаңа жыл кеші қарсаңында «Базар жоқ» (қазіргі «Әзіл әлемі») театрының қойылымдары арасында өнер көрсеттім. Ал, «Жеңіс күні» Ұлттық телевизия мен Қазақ радиосының алтын қорына енді, – деп сыр бөліседі Мұрат замандасымыз.
Осылай деп ой қорытқан М.Қоңырбай өзіне үлкен сенім артқан және дүбірлі додаларға қатысуға ықпал еткен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ш.Қапбаров пен аудандық мәдениет үйінің директоры Ұ.Қойлиеваларға алғысын білдірді. Сонымен бірге өзімен қызметтес әуесқой сазгерлер – Ә.Айдаров, атақты «Қара бауыр қасқалдақтың» авторы Л.Аманов, Ә.Мұсақұлов, А.Дөңбай сынды ағаларымен тығыз шығармашылық байланыста екендігін айтып өтті.
Жезтаңдай жерлесіміз – Қызылорданың Сәуледей сұлуын қолына қондырған отағасы. Отбасындағы бес ұлы мен бір қызына ақылгөй әке. Ұл-қыздары да өнерге бейім екен.
Сөзімізді қорыта келгенде, бақытын әннен іздеген Мұратқа шығармашылық табыс, отбасында амандық тілейміз. Рухты да жігерлі әндеріңмен тыңдармандарыңды қуанта бер дегіміз келеді.
Сәбит ЛАХАНОВ
"Қазақ үні" газеті