Ақ алмас
2015 ж. 30 қараша
5475
0
Абай ағасындай
Аңдап қарасақ, күрделі де қайшылықты Бауыржанның әр қимылынан халқын қашанда шырқау биіктен көруді көксеп өткен ұлы Абай ағасымен арадағы таңғажайып параллельді көреміз. Мәселен, Тұрағұл Абайұлы: «Мен әкемді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Маған десе малай, малшы, қызметкер қатыннан да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып, жақсы көріп, қалжыңдап отырар еді. Еш уақытта іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілістес болып ұзақ отыра алмаушы еді. Ондай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол уақыттың өзі абақтыдан кем көрінбеуші еді. Сыпайылық, сыйлық, әдейі реттеніп, аяғын басқанын аңдып, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамға ешуақытта риза емес еді. Жарқын сөзбен, ашық көңілмен қалтқысыз келетін адамды аңсап сағынып, ондай адам келгенде баласы, иә туған бауыры келген кісідей қуанып қалушы еді. Менің бала кезімде менің әкем қандайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да, көңілі қайтса, қытығына тисе ашуы да тез келгіштігінен, ауылдағылар да, бәйбішелері де айғырмен ойнаған ат секілді қорқынышы кеуделерінен кетпей қымсынып отырушы еді. ...Қалаға барғанда үйіне керек-жарағын өзі алып, апарған малын өзі саудалап сатқан емес. Ондай шаруасына да ие қылып қойған жолдасы алып сатады. Ақшасын қалтасына салып, не алғанын, несі қалғанын есептеп көрген емес. Ақшасы аз болса да, көп болса да атшысының қалтасында жүреді. Ақша бітті десе қайда ұстадың деп есеп алу да жоқ, қайтадан ақша тауып береді», – дейді «Әкем Абай туралы» аталатын естелігінде.
Ал Баукеңнің ұлы Бақытжан айтады: «Әкемнің ашуы тез тұтанғанымен тез тарқайтын. Ешқандай қыжыл қалмайтын. Әзілі зілсіз еді. Кейде біреуді қуып жібергенде әлгі адамға жаным ашып: – Әке, сіз неге өйтесіз, жұртты неге жек көресіз осы дейтінмін. – Мен жұртты жек көрмеймін. Мен кейбіреулердің жаман қылығын, сасық ойын жек көремін. Егер ол сонысынан арылса, есігім ашық, – деуші еді ондайда».
Келіні Зейнеп апай айтпақшы, олай тайсаң кесіп түсетін, былай тайсаң осып түсетін ақ алмас Баукең дарынсыздық пен білімсіздікті де сонша ұнатпаған. Адамдардың жан әлеміндегі кірге, пасықтыққа төзбеген. («Дөрекісің ғой өзің», – дедім мен бірде ренішімді жасыра алмай. «Менің дөрекі емес, тек барлық лас нәрседен жүрегім айнитындығын әйтеуір бір түсінетін боласың кезінде», – деп ол маған сүзіле қарады». Бақытжан Момышұлының әкесімен әңгімесінен. Момышулы Б. Во имя отца. Алматы: Ғылым, 1991. – 11-бет).
Баукеңнің өз сөзі: «Жылқы айғырларының жұмыртқасы ішінде болатындарын ауылшаруашылығы ғылымында внутряк дейді. Ал, образно выражаясь, біздің партия қызметкерлерінің көбі внутряктар. Олармен құдай ешкімді дастархан басына отырғызбасын. Мен өз басымнан соны көп кешірдім. Обком, райком жиналып, мені қонаққа шақырады. Сондағы сезгенім – адал тамақ, адал дастархан, ақ ниет дейтін олар отырған жерде бола бермейді екен. Емін-еркін отыру жоқ. Бірін-бірі іштей аңдып отырған кісілер. – Адал асты арам істейді екенсіңдер, ақ ниеттің бетіне түкіреді екенсіңдер дедім маған сөз бергенде. – Бұдан былай аштан өліп, көштен қалсам да обком мен райкомның үйінен дәм татпаймын. Бұдан былай мені қонаққа шақырушы болмаңдар, рақмет!» (Момышұлы Б. Көз алдымда бәріңсің. – Тараз: 2007. – 137- б.).
«...Демалыс күні ойламаған жерден үйге сықақшы Жүсіп Алтайбаев келді. Баукең Жүсіпті көріп қуанып қалды. Жылы жүзбен сәлемдесіп, төрден орын беріп: – Жүсеке, төрлетіңіз, қалай, сұлу келіншегіңіз, бала-шағаңыз тегіс аман ба? – деп жалпылдап, амандықтарын сұрап жатыр. – Шүкіршілік, Бауке, өзіңіз аман-есен, ат-көлік түгел ғой, – деп төңірекке алақтай қарап, төрге отырды. Мен шай қамдауға кірістім. Баукең мен Жүсіп бірдеңені айтып күліп жатыр. Жүсіптің өзі күле қоймайды, тек Баукеңді балаша күлдіреді. ...Ол қоштасып шығып кеткенсін Баукең ішегі түйіле күліп, ас үйден мені шақырды. – Жүсекең маған өте ұнайды, өзі ақ көңіл, ешқандай арамдығы жоқ. Тік мінез, тентектігі маған тартқан, мінездеспіз деп бір қойды... – Жүсекеңнің тағы бір ерекшелігі – өзі комик, сатирик, жүрген жері күлкі, қимылының өзі комический. Ал комик, сатирик бола білу, қарағым, әркімнің үлесіне тие бермеген. Адамның жаратылысы билейді. Мысалы, менен комик те, сатирик те шықпайды. Жүсекең дарынды талант иесі. Бірақ мінезі шәлкес болғасын әркімге ұнай беруі мүмкін емес. Жүсекең – ірі азамат, анау-мынау күйбең майдалыққа бармайды. Өзінің принципі бар, табанды азамат. Бізде осы секілді алғыр сықақшылар көп емес. Барын және базарлай алмаймыз. Өмірдегі кейіпсіз, келеңсіз жағдайды аз сөзбен келте қайырып, тоқ етерін тура айтатын, күлдіріп отырып жылататын, тапқыр, өткір жанрдың жалынан ұстау да оңай емес-ау... (Егембердиева Ж. Өмірінің өзі дастан: Роман-эссе. Алматы: Жазушы, 1990. – 125-126-б.).
Бауыржанның кез келген іске жіті түсіністікпен әділетті қарайтыны және қолының ашықтығы, сонымен қатар бала секілді аңғырттығы туралы тағы бір мысалды елге барғанында зайыбы екеуін алдынан шығып күтіп алған көлік жүргізушісі екеуінің арасындағы әңгімеден аңдаймыз:
– Мына келе жатқан совхоз неше шақырым? Машина кімдікі?
– Жүз шақырым, совхоз директорының машинасы.
– Ол директор жұмысына кімнің машинасын мініп кетті? Қарағым-ау, шаруашылықты тоқтатуға болмайды, егіс басталды... Бензин де көп жұмсалған шығар, үкіметке көп зиян жасадық, – деді шоферге төне түсіп. Шофер үндеген жоқ.
– Әй, Жәмила, сумкаңда қанша ақшаң бар?
– Ешқандай ақша алып шыққан жоқпын, – деппін.
– Жоқ, мүмкін емес, мына жігітке елу сом бергін, – деді де шоферге: – Жете ме, қарағым, шыныңды айтқын, – деді.
– Ой, аға, неғылған ақша, бастықтардың әдейі сізге жіберген көлігі ғой, мен сізден ешқандай ақша алуға хақым жоқ, – деп жігіт зар-зар етті.
– Бауке, ақшасы несі? Өздерінің қолы сізге жетпей отырып, сонда көлікке ақшаны не үшін төлейсіз, түсінбеймін, – дедім ренжіп.
– Замолчи! Еще хочешь надо мною командовать? Билікті өзіңнің көлігің болғанда айтарсың, – деп зекіп тастады. (Баукеңнің зайыбы Жәмила Егембердиеваның естелігінен).
Дәл Абай ағасындай кінәз мінезді Бауыржанның да бүкпесіздікті ұнатқаны, екіжүзділікті жек көргені, адалдығы, арлылығы, пенде баласына жанашырлығы туралы әңгіме көп. Айталық, Баукеңнің өзіне тиесілі жаңа пәтерді «солдаттың анасы» деп қадірлеп, бір орыс кемпіріне бергізгені немесе әлдебір алаяқтың аңқау елге өзін Бауыржанмын деп таныстырып, қызметін тегін пайдаланғаны үшін көлік жүргізушісіне қомақты ақша қайтарып беретіні сияқты мысалдар жетерлік.
Мұндайда Абайдың: «Мен саудагер кісі емеспін, мені ұялмаған арсыздың бәрі жейді» дейтіні еске түседі.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деп мыңмен жалғыз алысқан осы Абайдай Бауыржанның да халық ішіндегі надандықпен, аярлықпен арпалысып өткені мәлім. Ғасырлар бойы айрықша мәдениеті қалыптасқан жұртын қай жағынан да әлемдегі ең өркениетті елдер қатарына көтеруге ұмтылғаны аян. Әйтпесе толарсақтан саз кешкен қан майдан ішінде жүріп тылдағы өкімет жетекшілеріне халық дәстүрінің келешегіне, ұлттың тіліне, діліне қатысты мәселелеріне шырылдап жан ауыртып, хат жазар ма еді.
Кейде туған халқын жан-тәнімен сүйген Абайы мен Бауыржандай тұлғалары бар қазақ неткен бақытты деген де ой келеді.
«Почему не луна?!.»
– Атаның әрбір іс-әрекетінің, әрбір қылығының, тіпті, қаһарланып айқайлауының астары болатын еді, – дейді Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметова. – Бір жолы, ұмытпасам, Алматыдағы Лермонтов театрында бірқатар Алаш арыстарын ақтауға байланысты үлкен жиын өтті. Ол кезде атамен бірге тұрамыз. Көп жиындарға өз өтініші бойынша қолтықтап, мен апарып жүрген уақыттар еді.
Театрда жол бастаушы, неге екенін, бізді залға емес, басқа жаққа қарай бұрыңқырап жіберіпті. Кенет қарсы алдымыздан Орталық Комитет хатшысы Саттар Имашев пен Михаил Есенәлиев шығып қалды. Қастарына ерген әлдебір орыс азаматы бар. Олар бізді көріп абыржыңқырап қалғандай көрінді. Одан соң хатшы тез жинақталып:
– О-о, Бауке! – деп амандасты да, – Мына кісі біздің Мәскеуден келген екінші хатшымыз Месяц... Валентин Карпович! – деп таныстырды. Ол да дереу:
– Месяц,– қолын ұсынғанында, ата оған ежіреңкірей қарап:
– А почему не Луна?! – дегені.
Маңайдағылар аңтарылып, үрпиісіп қалды.
Ата сөйтті де, қолын көтеріп, «честь имею» деп өтіп кетті. Ой, енді ұялғанымды-ай! Масқара-ай! О кезде Орталық Комитеттің екінші хатшысы былай тұрсын, жай қатардағы қызметкерінің өзіне әлгіндей бірдеңе деу... Құдай сақтасын! Қазулы тұрған көрге өзің секіріп түскендеймен бірдей болып сезіледі. Жаман қысылдым. Ойпырм-ай, бұ не сұмдық деп. Содан жиын аяқталған соң үйге жеттік. Ұяттан әлі өртеніп келемін.
Бақытжан сұрап жатыр, не болды, қалай деп.
– Ойбай, құрысын. Қатты ұялдым. Ата өстіп масқара қылды. Месяц дегенде, почему не Луна деді деп.
Сөйтіп ем, Бәкең бетіме қарап күлді.
– Ойбай-ау, неге күлесің?!
– Сен қалай аңғармағансың, ол мүлде басқа нәрсені айтып тұр ғой. «Месяц» деген ай сайын қайталанып тұрады. Ал «Луна» – жалғыз. Дара. Аспанда жеке жарқырайды. «Ал сен, Месяц, келесің де кетесің. Бәрібір бізге Ай бола алмайсың» деген мағына емес пе, – деді.
Бұдан кейін атаның әр сөзінің астарын түсінуге тырысатынмын...
Тағы бір «ақымақ» қосылады...
Бір күні Бауыржанға болашақ жазушы Нәбиден Әбутәлиев арызданып келеді. Айтуына қарағанда, бұ байғұсты жұрттың бәрі шеттетіп, Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдамай, жәбір көрсетіп жүрген секілді.
– Бауке, енді мен баратын жер де қалмады. Өзіңізден жәрдем болмаса, халім мүшкіл. Адайдың осында қаңғып жүрген бір жетім баласы едім. Көмектесіңіз, мүшелікке кепілдік беріңіз, – дейді.
Шағымданушының жүзіне бірталай қарап отырған Бауыржан әлден мезгілде бұл жігітке қалай бүйрек бұрғаны белгісіз:
– Мен ешкімге рекомендация бермеуші едім. Бірақ саған берейін, – депті. – Әй, Зейнеп, қағаз бен қалам әкелші. Мына азаматқа кішкене қарайласып жіберейік...
О кезде Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов. Оны Баукең «Энвер» деп атаған.
Нәбиден былай шығып, Бауыржан жазып берген қағазға қараса: «Энверу Алимжанову! Прими этого дурака в Союз писателей. Если примешь, то еще одним дураком станет больше. Б.Момышулы» деп қол қойыпты.
Белгілі шығармашылық ұйым қатарына қабылдаудың қатаң шарттары бар. Одан соң тәртіп бойынша, кемінде, танымал үш жазушының кепілдемесі талап етіледі.
Не істерін білмей бірталай аңтарылған Нәбиден әлгі «сәлемдемені» қайткенмен басшының қолына тигізуді ұйғарады.
Хатты оқыған Әнекең ішек-сілесі қатып ұзақ күліпті.
Кейін қаламынан бірқатар тұщымды туындылар туған Нәбиден Әбутәлиев одақ мүшелігі қатарына батырдың осынау бірауыз әзіл ұсынысы арқылы қабылданып кеткен екен.
Мизамшуақ
Қаһарман Бауыржан айрықша жақсы көрген інілерінің бірі ақын Тұманбай Молдағалиев айтып еді:
– Баукең, расында да, бір қарағанда, аса қатал, қайыспас қайсар мінезді адам болып көрінгенімен, жүрегі жұмсақ, өте мейірімді жан еді. Ашуы да, «шәйі орамал кепкенше» дейтіндей, өте тез тарқайтын. Алпысыншы жылдардың басы болуы керек; өлең жазатын өзбекстандық бір қазақ жігіті кітабымды шығарып беріңіз деп Баукеңнен көмек сұрап, Алматыға келіпті. Бауыржан аға:
– Лирикалық поэзия сырын маған қарағанда жақсырақ білесің ғой, дегенмен, өлеңдері маған ұнады, сен де келіп тыңда, екеулеп жаратып жатсақ, жарық көруіне жәрдемдесіп жіберейік, – деп телефон соқты.
Кешке қарай Баукең үйіндегі Кәмаш есімді сұлу да ерке жеңгеміздің қолынан дәм татып отырдық. Тостар көтерілді. Өлең оқыдық. Бір кезде жап-жақсы отырған батыр әлденеге бола аяқ астынан ашуланды да, әйеліне қатты-қатты сөздер айтып қалды. Жәбірленген жеңгей жылап жіберді. Біз де бір сәт үрпиіп, жүдеңкіреп қалдық. Бірақ мен аздап татқан шараптың әсерінен бе екен, батылданып:
– Бауыржан аға, мұныңыз не?! Біз кеткеннен кейін де ұрсуыңызға болатын еді ғой жеңгейге. Мұндай мінезіңіз ұнамайды, – деп қалдым. Бірақ менің өзіме де ренжи ме деген ағам шұғыл жадырап, жолдасына:
– Әй, бәйбіше, мына қайның сені жақтап, мені таптап жіберетін түрі бар ғой, а?! Екпіні қатты екен... Жарайды, кел, жаңағы ойланбай айтқан сөзімді қайтып алдым, кешіргін! – деп, зайыбын аялай құшақтап, көзінен сүйді.
Жеңгей де бірден бұлттан шыққан күндей жадырап, қайта жарқылдап шыға келді. Біз де мәз бола қуанысып, отырысымыз қайтадан гүлденіп сала беріп еді...
Келіні Зейнеп тәте де:
– Ата, тарс етіп ашуланып немесе өзіме айғайлағанда кей-кейде жарылып кетердей болып, өкіріп жылардай болып тұрсам да барлығын ішіме салып, үндемей қоятын ем. Біраздан кейін ата өзі келеді де:
– Балам, жаңа мен артықтау кетіп қалыппын, кешір! – дейді. Мұндай асыл қасиет, мұндай ұлылық әркімнің бойында бола бермейді. Ата өзі кінәлі болып қалса, бала екеш баладан да ешқашан кешірім сұраудан арланбайтын. Кемшілігін, ағаттығын тез түсінетін адам еді...
Жалпы, «Бакурджаһани» деген сөздің өзі арабша «пейіштегі гүл» деген мағына беретін көрінеді. Шынында да, орыстардың аса сезімтал, тез жараланғыш адамдарын «без кожий» дейтініндей, Бауыржан ағаның жан әлемі гүлдей нәзік, өте мейірімді, дархан пейілді адам болғанын жақын білген кісілер жиі айтады.
Толарсақтан саз кешіп, мұз жастанып, сан мәрте ажалмен бетпе-бет келіп, от пен судан өткен қатал сардар айналасынан тазалық, тәртіп пен үйлесім іздеген. Әрбір істің нақты атқарылуын ұнатқан. Әйтпесе, «Көктемдей мінезім бар құбылмалы» деп өзі де жырлағанындай, бір қарағанда, сырты ызғарлы көрінетін батыр жан-жүрегінде жасыл көктем, жаймашуақ жаз жататын алып тұлға еді.
Спирт
1961 жылдың басында Қазақстан Жазушылар одағының Қарағандыдағы он күндігі өтеді.
Білуімізше, бұл шараға Сәбит Мұқанов, Сәйділ Талжанов, Әлжаппар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев бастаған қырықтай ақын-жазушы қатысқан. Әлбетте, араларында Бауыржан Момышұлы да бар.
Алматыдан келген делегацияны қарсы алуға облыстағы лауазымды тұлғалармен бірге әйгілі ұшқыш, Совет Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің анасы Бағжан апай да шыққан екен. О кісі шығармашылық адамдармен есендескен соң Бауыржанмен арнайы амандасып:
– Бармысың, Бауыржан қайным! Соғыс алапатынан жауды жеңіп қайтқан даңқың әлі күнге дейін дүңкілдеп естіліп тұр. Абыройың артсын! Тек сол майдан даласында менің Нұркенім көзіңе түспеді ме? Қайтарыңда неге өзіңмен бірге ерте қайтпадың ініңді? Қияпат өрт ішіне неге тастап кеттіңдер баламды?! – деп көңілі қамығады.
Бір мезет не дерін білмей тосылған Баукең жеңгесін дереу құшақтай алып, маңдайынан сүйіп, көзі жасаурап:
– Сенің қыран ұлың оралады әлі, жеңеше! Ол өлген жоқ. Ол мәңгі жасайды. Күдеріңді үзбе. Ұлың келеді әлі, – деп жұбатады.
Сол сәт осынау тосын көрініске куә болған жұрт түгел тебіренген көрінеді.
Шахтерлер сарайында Баукең баяндама жасайды. Бірақ о тұстағы жағдай белгілі ғой, орысша сөйлеуге тура келгендей...
Керемет сөйлепті.
Ертесіне қонақ үйдегі нөмірінде жатса, батырға облыстық «Советтік Қарағанды» газетінің редакторы Бейсенғали Тайкіманов хабарласып, бұйымтай айтады.
Мән-жайды түсініп, келісім берген соң Бауыржан жатқан бөлмеге қонақшылап ақындар Мұзафар Әлімбаев пен Тұманбай Молдағалиев барады. Батыр бұларға:
– Жігіттер, Қарағанды газеті менің кешегі сөзімнің қазақша нұсқасын баспақ ниетте. Редакторы аудармасын оқып беріп еді, кейбір селкеуліктерін аңдап қалдым. Қазір бір тілші жігіт газет гранкасын әкелмекші. Соны үшеулеп қарап, кейбір тұстарын жөндеп тастайық дейді.
Сөйтіп «қарт» офицерлер Мұзағаң екеуі үстел үстінде тұрған спиртті ортаға алып, енді отыра бергендерінде, версткасын ұстап журналист те келіп кіреді. Жас Тұманбай есік ашып, өзі құралпылас тілшіні құшақ жая қарсы алады.
Баукең жөн сұрасқан соң спирттен екі жүзграмдық қырлы стақанға әлгі жігітке де құйып беріп:
– Ал, бауырым, ниеттеріңе рахмет. Мақала жақсы шықсын. Кәне, кел, таныстығымыз үшін, тартып жібер мынаны! – дейді.
Анау дереу ішіп салады да, тұншығып, көзі алайып, екі бүктеліп барып, қылжиып құлай кетіпті. 96 градус реактификат оңай ма.
Оның мүшкіл халіне үрейленіп қалған Баукең су жұтқызып, арқасынан қағып, қатты әбігерленеді. Сөйтсе, әлгі өмірінде спирт түгілі, арақ татып көрмеген жан екен. Тек қаймығып, онысын айта алмай, қорыққанынан батырдың айтқанын қалай орындағанын өзі де аңғармай қалғандай. Сөйтіп, жедел жәрдем машинасымен ауруханадан бір-ақ шыққан.
Баукең ыңғайсызданып:
– Өй, бұл өзі қызық жігіт екен ғой. Ішпейтін едім десе аузына құям ба! Жөні түзу біреулеріңді жібермедіңдер ме... Журналиспін дегенге... Мен мұның шикіөкпе екенін қайдан білейін, – депті ошарылып.
(Осы әңгімені қарағандылық қаламгерлер күлкі қылып бертінге дейін айтып жүрді. Мұндағылар Баукеңнің алғашқы қосағы Бибіжамал апай Қарқаралының қызы болғандықтан, батырды жезде деп жақын тұтатын еді).
* * *
Спирт дегенде әлдебір жас жазушылардың Бауыржан ағаларынан кейбір жекелеген ақындар туралы пікірін сұрағаны еске түседі.
– Аға, қалай ойлайсыз, сіздіңше бәленше ақынның деңгейі қандай? – дейді ғой. Баукең айтыпты:
– Е-е, ол шалап қой, әшейін!
– Түгенше ақынды қалай бағалар едіңіз?
– Дау жоқ, мойындауымыз керек, ол – шарап.
– Ал Қасым Аманжолов туралы пікіріңіз қандай?
– О-о-о! Ол туралы сөз басқа. Спирт қой ол! Спирт! – дейді батыр сұқ саусағымен көкті нұсқап.
Өзі де аса ұшқыр мінезді, «өлеңі өртке тиген дауылдай» сұрапыл екпінді, майдангер Қасым ақын да Бауыржанды әрдайым хан көтере құрметтеген. Жыр жолдарын арнаған. Солардың ең сүйектісі «Бойы бар бізден гөрі биігірек» деп аталады.
Бұл өлең жазылған кезде Бауыржан отыз сегіз жаста екен.
Шашылған шампан
1970 жыл қарсаңы болса керек.
Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов сынды өзге де бір топ жазушы жаңа жылмен құттықтау үшін Баукеңнің үйіне келеді.
Батыр көңілді екен. Бауырларының арнайы келгеніне шаттанып, алдыларынан шыққан бойда, дүңк еткізіп шампан атады.
Табалдырық аузында бөгелген інілері Баукең өздерін төрге оздырып, қолындағы шарапты фужерлерге құйып, тост көтертеді деп күткендей. Алайда әрекет басқаша жалғасады.
Бауыржан шөлмектің аузын бас бармағымен баса тұрып, буырқана тасыған шампанды меймандарының аяғы тұсына олай-бұлай шашырата төгеді.
Қонақтар ағаларының бұл ісіне қатты таңырқағанмен, мұныңыз не, Бауке, қойыңыз деуге батпайды.
Недәуірге дейін созылған сәнді де мәнді кеш осынау «ырымнан» кейін ғана барып басталыпты.
Екі-үш сағаттай жақсы отырып, қайтып келе жатқан уақытта қаламгерлердің бірі:
– Керемет бір бой жазу болды-ау! Тек Баукеңнің бағанағы қимылы қызық шықты, ә?! – деп сөз бастайды да, қалғандары оны:
– Иә, біртүрлі қолайсыздық туындап қалды...
– Баукең ондай салт жоқ екенін білмейтін болуы керек, өзі, – деп қостап, бас шайқайды.
Қазір ойласақ, батырдың сол қимылы, шынында, әбестік пе еді?!.
Мәселен, шампанның ертеден-ақ айрықша салтанаттың, молшылық пен бақуаттылықтың, дархандықтың, бақыттылықтың белгісі саналып келе жатқаны мәлім.
Алып кемелер мен сүңгуір қайықтар алғаш суға түсірілгенде үлкен сапар бастауы осы сусын түрімен «жуылады» екен. «Формула I» сайысының жеңімпаздары да бір-біріне шампан шашатын дәстүр бар.
Төрткүл дүниенің денінде календарлық жаңа жылдар есігі шампан толы бокал көтеру арқылы ашылады. Әйгілі сұлулар мен атақты серілердің белгілі табысқа қол жеткізген сәттерінде шампанға шомылатыны туралы деректер де жеткілікті.
Демек, Бауыржан әлгі жолы әлемдік өркениеттен хабарсыздығын емес, қайта, кейбір салттарға жетіктігін көрсетіп тұр емес пе...
Төгілген сыра
Белгілі жазушы Шәкен Күмісбайұлы айтады:
– Сонау жетпісінші жылдардың орта тұсы. Демалыс күні еді. Қасымда елден келген Расбек Демішев деген жігіт бар. Екеуміз әлгі кезеңдерде Алматы тұрғындары мен қала меймандары ең көп баратын Көктөбеге шығып, қыдырып қайтуды ұйғардық.
О тұстарда сыра деген өте бір қат нәрсе. Шөлмекпен сатылатын сусын тіптен тапшы. Дегенмен, досым екеуміз кезекке тұрып, аннан-мұннан он бір-он екі бөтелкедей сыра таптық та, діттеген межемізге қарай жөнеп бердік.
«Арман» кинотеатры іргесінен Көктөбеге тартылған аспалы арқан жол жөндеуге жабылған-ды. Такси де сирек кез. Сондықтан, жаяу салпақтауға тура келеді. Күн ыстық. Екі тор қалта толы сусынды сыңғыр-сыңғыр еткізіп, ыңқылдай көтересің. Шөл де қысып барады. Бірақ сырадан ашып ішуге қимаймыз. Не де болса, төбе басына жетіп бір-ақ жайғаспақпыз.
Терлеп-тепшіп, өрлеуіт жолдың орта шеніне жақындағанда жанымыздан бір сұр «Волга» зу етіп өте шықты да, анадай жерге барып тоқтай қалды. Жүргізушісі есігін ашып, біз жаққа қайырыла қарап:
– Болсаңдаршы-ей. По-быстрее, давай! – деді гүрілдеп.
Тақала бере таныдым, Баукең екен. Иә, кәдімгі Бауыржан Момышұлының өзі!
Расбек тілінің кішкене «қышымасы» бар жігіт еді. Оған:
– Абайлап сөйле, Баукең екен. Байқамасаң, әкемізді бір-ақ танытады, – деп ескерттім. Досым аң-таң...
Жақындап барып:
– Ассалаумағалейкүм! – деп, емпелеңдеп амандасып жатырмыз.
– Кәне, аш ананың біреуін! – деді отты көздері адырайып сұстана қараған батыр менің қолымдағы сыраны нұсқап.
Жан қала ма, апай-топай, тісті салып жіберіп, дереу аштым да, қолына ұстата қойдым. Ыдыс жоқ. Ана кісі шөлмектегі сыраны аузына төңкере қотарып, қылқылдата жұтып, тез арада-ақ тауысты.
Сусын ішуі де ерекше батырдың шалт қимылына бақырая қарап қалыппыз.
– Давай, тағы аш, – деді бір бөтелкені лезде бітірген Баукең.
Екінші жартылық сыраны ішкенде алдындағыдай онша асыға қойған жоқ. Бір жұтып, екі жұтып, аздап қана сораптап отырды да, қалған сыраны жол шетіндегі көгалға ақырындап төге бастады.
Расбек екеуміз сілекейімізді жұтынып, бір-бірімізге сілейе қараймыз.
Бұдан соң Бауыржан аға босаған шыныны еңістегі сарқырамаға қарай лақтырып жіберді.
– Жарайды, рахмет сусындарың үшін! – деді жүзімізге бажайлай қарап. – Өздерің бір жақсы жігіт екенсіңдер, – деді содан соң түсін жылытып. – Ал егер сыраларыңды менен аяғанда ата-бабадан түк қалдырмай боқтап кететін едім!..
Жайдарлана күлді. Біз де өз-өзімізден қуанып, ыржыңдап қалдық. Машинасына ақырын жайғасып жатып:
– Бірақ сендерді отырғыза алмаймын. Жақын қалды ғой, өздерің-ақ жетерсіңдер, – деп, көрдіңдер ме дегендей оң қолымен автөкөлігінің артқы орындық жағын нұсқады.
Кілең бір шүпірлеген бүлдіршін қыздар отыр екен...
– Рахмет! – деді дүр етіп от алған машина лыпып алға ытқыған сәтте терезеден қатты дауыстап. Жалт етіп, ақсия қарап, «честь» беру белгісімен саусақтарының ұшын шекесіне тигізді.
Сәлден соң барып ес жиған екі дос ішек-сілеміз қатып күле бердік. Кеудені бір беймәлім шаттық кернейтіндей. Қанаттана түскендейміз.
Сөйтсек, бұл батырдың күтпеген жерден қазақтың жігіттерін сынағаны екен...
Біз де солай пайымдаймыз. Тор қалтаны сыраға сықап алып, тау бөктерлеп бара жатқан жігіттердің көңіл қалауларын дереу түсіне қалған психолог, экспериментшіл Баукең бұлардың шыдамдылықтарын, мінезділіктерін тексеріп көруге құмартқандай.
Осындайда көпшіліктің Абайды да, Баукеңді де жай пенде санайтыны, өздерімен тең көретіні еске түседі. Қазақтың бағы үшін мың жылда бір туатын Абайдай, Баукеңдей тұлғалардың әрбір әрекетінің де ешкімге ұқсамайтыны ойға оралады.
Құлтөлеу МҰҚАШ
"Қазақ үні" газеті