Желтоқсанның 5-6-жұлдызында Республика сарайында «Тәуелсіздікке тағзым» деген атпен «Алтын домбыра» жүлдесі үшін ақындар айтысы өтеді
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Алматыдан қанатын қаққан, еліміздің кешегі және бүгінгі тарихын арқау еткен, күрмеуі қиын нарықтың жетістігі мен кемшілігін жалпақ жұртқа жария еткен, қоғамдағы келеңсіз жәйттер мен сыбайлас жемқорлықты әшкерелеп, сын тезіне салған суырыпсалма ақындар айтысы қаланың мәдени өміріндегі айтулы оқиғаның бірі болған еді. Осы жылдың қыркүйек айының 20-21-і күндері Республика сарайында Алматы қаласы әкімдігінінің демеушілігімен, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Азаттықтың алтын бесігі» атты ақындар айтысының дүбірі жұртшылықтың есінен кете қоймаған болар. Алып шаһардың бүгінгі қол жеткізген жетістігі, әлемнің өркениетті қалалары қатарына қосылу үшін алдағы кезде қандай міндеттерді жүзеге асыру қажеттігі орынды көтерілуімен де ақындар айтысы есте қалды. Айтыс ақындарының атасы атанған Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойы күні кеше Алматыда кең көлемде аталып өткеніне де көп бола қойған жоқ. Енді, міне, желтоқсан айының басында Алматы қаласының әкімдігі бас болып, республикалық «Нұр Отан» партиясы мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Республика сарайында суырыпсалма ақындардың айтысы өткелі отыр. Осы аламан айтыста еліміздің танымал ақындары «Алтын домбыра» жүлдесін жеңіп алу үшін өзара жыр сайысына түседі. Осы кезге дейін талай айтыстарда топ жарған ақындар өзара сынға түседі. Ұлтымыздың дәстүрлі айтыс өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, жанашырлық танытып келе жатқан белгілі ақын, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілері халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін ЕРМАНҒА жолығып, көкейдегі сауалымызды қойған едік.
Алматылықтардың ақындар айтысына ықыласы бөлекше
– Бүгінгі әңгіме арқауына айналып отырған «Алтын домбыра» жүлдесі үшін сайыс ақындар айтысына жаңа серпін берген сыңайлы. Шанағынан әуен күмбірлеп, ақындардың шабытына шабыт қосқан «Алтын домбыраның» Алматыға оралуы жарасым тауып, ақындар айтысының «Тәуелсіздікке тағзым» аталуында да көп мағына жатса керек.
– «Алтын домбыра» ақындар айтысы биыл төртінші рет үлкен мәдениет орталығы – Алматыда өткелі отыр. Тәуелсіздік күні қарсаңында дәстүрлі түрде өтетін жылдың қорытынды айтысы бұл. Осы кезге дейін үш рет Астана қаласында өтті. Биыл Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымен Алматыға ауыстырылды. Айтысты ұйымдастырушы — Алматы қаласының әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігі бірігіп, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен жүзеге аспақ. Алматылық көрерменнің айтысқа деген ынта-ықыласы бұрыннан ерекше екенін жұртшылық жақсы біледі.. «Алтын домбыра» жүлдесін Дархан Мыңбай министр болып тұрған кезде жасатқан. Жыл сайын ең үздік атанған ақынға беріледі. Бұған дейін «Алтын домбыраны» Мұхтар Ниязов, Балғынбек Имашев және Жандарбек Бұлғақов жеңіп алды. «Алтын домбыра» жүлдесі айтыста үш рет жеңімпаз атанған ақынға табыс етіледі. Әзірге ондай ақын шыққан жоқ. Осы кезге дейін ақындар бір реттен жеңіп алып жатыр. Айтыстың ережесі бойынша «Алтын домбыра» үш рет жеңіп алған ақынға сыйға тартылуы тиіс. Кейін оны музейге апарып қояды.
— Алматыда өтетін «Алтын домбыра» жүлдесі үшін ақындар айтысына қатысатын жыр жампоздарының қатарында кімдер бар?
— Бұл жыр сайысы өткен кезеңдегі айтыстардың қорытындысы іспетті. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы құрметіне, сондай-ақ, өңірлердегі алқалы айтыстарда бірінші, екінші, үшінші орын алған ақындарды Алматыға жиып отырмыз. Дүлдүл ақындардың ішінде Тараз қаласындағы Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесінде топ жарған Болатбек Оразбаев, Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназар, Иранғайып Күзембаев, Мейірбек Сұлтанхан, Мақсат Аханов, Жансая Мұсина сияқты белгілі ақындармен қатар, жаңадан танылып келе жатқан жастар да бар. Олардың қатарында Алматыдан шыққан Бибігүл Тілебалдинова, Ақтөбеден Ершат Қайболдин, Марат Ахметов, Қызылордадан Ержан Әміровтер талантымен топ жарып жүрген жас ақындар ысылған айтыс шеберлерімен бірге өнер көрсетіп, үмітімізді ақтайды деген сеніміміз бар. Суырыпсалма ақындар еліміздің түкпір-түкпірінен, облыстардан келеді. Желтоқсанның 5-6-сы күндері Республика сарайында қала жұртшылығы мен қонақтары аламан ақындар айтысының куәсі болады. Айтысқа қатысатын ақындардың аты-жөні арнайы сайтта жарияланды. Ақындардың бұрынғы айтыста алған орындарына байланысты тізім жасадық. Бір ақын екі бірдей айтыста бас жүлде алса, енді біреуі бір рет қана жүлдегер атанған. Қалғандары бас бәйгеден бөлек, алғашқы орындардан көрінгендер болып келеді. Алдын-ала келісім бойынша, жиырма ақынның басын құрап едік. Еліміздің өңірлерінен келетін ақындар қалып қоймасын деген оймен тағы екі ақынды додаға қосып отырмыз. Сонымен «Алтын домбыра» жүлдесі үшін айтыста 22 ақын өзара жыр сайысына түсетін болады. Ол ақындарды жұптауда жеребе тастауға жүрегіміз дауаламай, жұптап алдық. Яғни, олимпиадалық жүйе бойынша жүзеге асады. Екі ақынның айтыста біреуі жеңеді, екіншісі жеңіледі. Кім жеңілгісі келеді? Сондықтан ақындар барын салып айтысады деп ойлаймын. 22 ақынның жеңген 11-і келесі күнгі айтысқа шығады. Мықты деген ақынның өзі қарсыласы мықтырақ шықса, топтан шығып қалуы да мүмкін. Жыр додасында «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, кім мықты, сол жеңіске жетеді.
Жоғарыда «Алтын домбыраны» жеңіп алған үш ақынның атын айттым. Үшеуін де айтысқа шақырдым. «Алтын домбыра» иегерлерінің айтысқа қатысуға құқы бар» деп сайтқа да салып қойдық. Балғынбек Имашев Талдықорғанда өткен айтыста «айтысты қойдым» деген екен. «Қатыспаймын» деп шақыруымыздан бас тартты. Жандарбек Бұлғақов та белгісіз себептермен айтысқа қатысудан бас тартып отыр. Тек, Мұхтар Ниязов қана бар. Біз ешкімнің бетінен қағып, жел боп тиіп отырған жоқпыз. Олай істеуге себебіміз де жоқ. Кез келген талантты ақындардың айтысқа қатысуға мүмкіндігі бар. Әр өңірдің ақындарын бөле-жармай, сайысқа қатыстыруға тырыстық. Бұл айтыстың тақырыбы – «Тәуелсіздікке тағзым». «Алтын домбыраның» да негізгі мақсаты – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ақындардың басын қосып, жыр жәрмеңкесін жасау.
— Ақындар айтысының жеңімпаздарына тапсырылатын сыйлық қорының мөлшерін білгісі келетіндер де бар екені белгілі.
— Ақындар айтысының басты жүлдесі — «Алтын домбыра». Одан бөлек, «Алтын домбырамен» бірге 3 миллион теңге сыйақы тапсырылады. Өзге де орындарға берілетін сыйақы да қомақты. Бірінші орын алған ақынға — 2 миллион теңге, екінші орын алған екі ақынға — 1 миллион теңге, үшінші орын алған үш ақынға — 500 мың теңгеден сыйақы бар. Одан бөлек айтысқа қатысқан ақындардың бәрі өздерінің лайықты сыйақыларын алатын болады.
Ақындар айтысын тамашалағысы келген азаматтарға билеттің бағасын қолжетімді етіп отырмыз. Билеттің құны – 500 теңге мен 2000 мыңның арасында. Алдыңғы орындар 2000 мың теңге болса, соңғы жағы 500 бен 800 теңгенің арасында. Біз айтыс арқылы көрерменге рухани ләззат сыйлағымыз келеді.
– «Алтын домбыра» жүлдесі үшін аламан айтыста дүлдүл ақындардың өнеріне баға беретін қазылар алқасының мүшелеріне де оңай соқпайтын болар?
– «Алтын домбыра» жүлдесі үшін ақындар айтысы қазылар алқасының төрағалығына КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімұлы тағайындалды. Асекең биыл жыл бойы өткен ақындар айтысы қазылар алқасының құрамына қатысып келеді. Ақындардың деңгейін, табиғаты мен сөз шеберлігін жақсы біледі. Бұрынғы айтыста қай ақын суырылып шықты, несімен көпшілікке ұнады деген сауалдарға тиянақты жауап бере алады. Одан бөлек қазылар алқасының құрамына Қазақстанның халық ақындарын кіргіздік. Қостанайдан Әсия Беркенова мен Астанадан Қонысбай Әбіловтер бар.
Қазылар құрамын таңдау да қазіргі кезде оңай болмай тұр. Жақсылардың көзі кетіп қалды. Атақ-даңқы барлар жетерлік те, айтыс өнерін бағалап, ақындардың сөздеріне жете мән беретін жан тапшы болып тұр. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Тараздағы ақындар айтысына баға берген қазылардың кейбірін осы айтысқа шақырдық. Тараздағы Аспанбек Шұғатаев пен Болатбек Оразбаевтың жыр сайысына қазылар бұрын-соңды болмаған айтыс деп баға берді. «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы секілді ілуде бір болатын айтыс» деген пікірлер де айтылды. «Нұр Отан» партиясы басшылығындағы жігіттермен ақылдасып, қалалық әкімшілікпен келісе отырып, қазылардың құрамын анықтадық. Олар айтыстың табиғатын жетік білетін ақындар. Тағы бір айта кететін мәселе — айтыс қолдауды, қолпаштауды қажет ететін өнер. Айтысқа қамқорлық танытып жүрген әкімдердің қатарында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамедов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті ерекше айтар едім. Бауыржан Байбек – айтысты ерекше қадірлейтін, құрмет тұтатын жан. Қыркүйек айында өткен «Азаттықтың алтын бесігі» атты ақындар айтысы Бауыржан Байбектің тікелей бастамасымен жоғары деңгейде өткенін жұртшылық ұмыта қоймаған болар.
Айтыстың дариясына жас бұлақтар қосылды
— Ақындар айтысы да спорттық бәсеке сияқты, күш-қайраты қайтқан жандар саптан шығып, орнына жас перілер қосылып жатады. Бұрынғы айтыс ақындарының көпшілігін жыр додасынан көре алмай жүрміз. Әсіресе, қыз ақындарымыздың қатары сиреп қалғандай болып көрінетінін несін жасырайық?
— Орынды сұрақ. Бұл мәселе бізді де көптен мазалап жүрген болатын. Бірақ, соңғы кезде біздің көңіліміз тоқ деп айтуға болады. Өйткені, айтыстың дариясына жан-жақтан жас бұлақтар келіп құйылып жатыр. Соның бірі Бибігүл Тілепалдинова деген қызымыз. Одан бөлек биылғы айтыстың барысында үш-төрт қызымыз жаңадан қосылды. Алматыдан шыққан — Аяулым Жұмабекқызы, Алматы облысынан — Айдана Қайсарбекқызы, Әсем Ережеқызы, Оралдан — Жансая Мұсина сияқты танымал ақын қыздарымыз баршылық.
— Соңғы кезде ақындар айтысының салмағы жеңілдеп, шоу-концертке айналып кетті деген пікір айтушылар да жоқ емес. Ертеден қалыптасқан өзіндік соқпағы мен бағыты бар ақындар айтысы өнерінің шын жанашыры ретінде бұл туралы сіздің ойыңыз қандай?
— Қыркүйек айынан бері «31 арнадан» «Айтыс алаңы» атты жаңа бағдарлама ашылып, әр жұма сайын беріліп келеді. Оған біраз танымал ақындар қатысты. Бұл айтыстың ерекшелігі — нақтылы уақыт деректеріне құрылады. «31 арна» көрсеткен көріністер негізінде ақындар айтысқа түседі. Мұны шоу-айтыс деуге келмейді. Шоу-айтыстың мазмұны басқа. «31 арнаның» басшылары тәуекел жасап, айтыстың жаңа түрін қолға алған екен. Бұл айтыста өткір сюжеттерді көрсетеді де, «осы тақырыптарға айтысыңдар» деген тапсырма береді. Болмаса, қоғамға белгілі адамдардың аты-жөні арасынан екеуін таңдап алып, пародия жасайды. Бұл айтыс өткір мәселелерді қозғап жүр. Осы жағынан келгенде, бағдарламаның құны жоғары болуы тиіс. Бірақ, бұған ақындар онша мән бермеді де, танымал ақындарымыз қатыспай қойды. Алдағы уақытта жоба жалғасатын болса, айтыстың осы түрі қызғылықты болатын тәрізді. Шоу-айтысқа келер болсақ, өткен жылдың желтоқсан айында Астанада әзіл-айтыс өткенін білесіздер. Айтыс ақындары мен әншілердің арасында өтті. Бұл айтыс туралы теріс пікірлер өте көп айтылды.
«Хабар» агенттігі өткізген айтыс сайысына мені де шақырып еді, барып қатысып отырғаныма әлі күнге өкінемін. Ол айтыс алдына қойған белгілі бір мақсаты жоқ, жеңіл-желпі дүние болды. Бұл айтыс туралы бұқаралық ақпарат құралдарында да пікірлер айтылды. Бұл туралы мен де сұхбат беріп, орыс тіліндегі хабарларда нешеме шоу-хабарлар өтіп жатыр, ал, бізге осындай хабардың қажеті қанша деген ойымды жеткіздім. Түпкі мақсаты жоқ, ақындар мен әншілерді айтыстырғанда қандай мағына болуы мүмкін. Осымен әңгіме тәмәм болған сияқты еді, соңғы күндері «Хабар» агенттігінің жігіттері сол хабарды қайтадан қолға алайық деген ұсыныс айтты. Қайта жасаудың қажеті жоқ, ақындар айтысы онсыз да жүріп жатыр деген оймен олардың ұсынысына қарсы болдым. Шоу болғанда да оның түпкі идеясы, елге қызмет ететін мақсаты болуы керек қой. Қазақ тілімізді мазақ етудің не қажеті бар деген оймен табан тіреп отырмын. Соған қарамастан менің сыртымнан орап, қайта қолға алуға талаптанып жүрген көрінеді. Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы болып, ұйымның құрылтайында сайланған азамат ретінде мұндай жеңіл-желпі бағдарламаға тыйым салатынымды, ата мұрамызды қолжаулық етуге болмайтынын кесіп айттым. Арғы жағының не болатынын білмей отырмын. Айтыс телебағдарламаға айналса, дәстүрлі өнердің құны төмендеп кетпейді ме? Мұндай шоу-бағдарламалар Ресейде көп шығады. Пайдасы бары да бар, жоғы да бар. Ешкім оған сын айтпайды.
Қазіргі кезде жеңіл-желпі қалжың айтқан ақындардың сөзі өтпейді. Құр арзан, арандатушы сөз тіркестермен ұпай жинай алмаймыз. 90-жылдары сөзге тыйым бар кезде, ас үйде айтылатын сөздерді сахнаға алып шықтық. Қазір ондай кедергілер жоқ. Кім не айтамын десе де, еркі бар. Тек соны шебер жеткізе білу де өнер. Сондықтан көркем өлеңнің қадірін арттырып, қазақтың бай тілімен шебер жеткізе алса, ақынның даңқы аспандайды. Дәстүрлі өлеңнің тарихы терең. Ол ғасырдан-ғасырға созылып келеді. Сол қара өлеңнің бәсін түсірмей, жоғары деңгейде сөзден сурет салып, бейнелеп, шебер айта алатын ақындардың ғана сөзі өтімді. Өйткені, айтыстың көрермендері мен тыңдаушылары қара өлеңнің қадірін шын сезінетіндер.
«Мың жасаған шаһар» деген атпен де айтыс өткізу жоспарланып отыр
– Ақындар айтысын еліміздің телеарналары көрерменге ұсынып келеді. Осы айтыстың теленұсқасына көрермен ғана емес, сол айтысқа қатысқан ақындардың өздерінің де көңілі тола бермейді. Ақындар айтысы қысқарып, өткір сын айтқан тұстары алынып тасталады. Айтар ойынан, сөз құнарынан жұрдай болған айтыстың құны кетіп, жеңіл-желпі дүниеге айналмай ма? Айтыстың толық нұсқасын, немесе таңдаулыларын неге толық бермеске?
– Телеарналарға ақындар айтысын олай бер, бұлай бер деп айтуға біздің құзырымыз жүрмейді. Алматыда өткен айтысты «Қазақстан» телеарнасы үзіп-жұлқып берді. Тараздағы айтыс көп қысқарған жоқ. Телеарналардағылардың не себепті ақындар айтысын қысқартқанын білмеймін. Ақынның жауабы бар да, оған қойылған сауал жоқ. Телеарна басшылығына «Айтыстың монтажына өзіміз қатысайық» деген ұсыныс та айттым. Бірақ, сөзімді өткізе алмадым. Айтыстан хабары жоқ қыздар монтаж жасағандықтан, құны төмендеп кетеді. Бірақ, осыған да тәубе дейміз. Айтысты мүлдем көрсетпей, кесіп тастағаннан гөрі елге жете бергені дұрыс.
— Ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан ақындар айтысының көші мұнымен тоқтап қалмайтыны белгілі. Тамыры тереңде жатқан ақындар айтысын дамыту мақсатында алдағы кезде қандай жоспарларыңыздың барын білгіміз келеді.
— Дұрыс айтасың! Айтыс өнері халық бар жерде жоғалмайды, өшпейді. Уақыт талабына сәйкес дамып, жаңарып, жасара береді. Айтыс өнерінің ақтаңгерлерін екінші лек келіп орнын басып, толықтырып отырады. Қай кезде де ақындар заманының сөзін, халқының мұңын жеткізіп отырған. Алдағы жылы өткізілетін ақындар айтысының жоспарын жасап, «Нұр Отан» партиясына ұсындым. Соның ішінде ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін Алматының мыңжылдық мерекесіне орай өткізілетін «Мың жасаған шаһар» деген атпен ақындар айтысы болмақ. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бұл бастамаға қолдау көрсететінін жеткізді. Ел Тәуелсіздігімен қатар ақындар айтысының да тұсауы осы Алматыда кесілген. Міне, алдағы кезде 25 жыл толатын осы айтулы оқиғаға байланысты да ақындар айтысы өтетін болады.
— Тартымды да мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет! Халқымыздың дәстүрлі айтыс өнерін дамыту жолындағы алдағы қызметтеріңізге табыс тілейміз!
— Рахмет! «Алматы ақшамы» газеті қазақ руханиятының нағыз жанашыры екенін білеміз. Оның ішінде ақындар айтысын насихаттауда, елге жеткізуде көп шаруа атқарып келеді. Өткен қыркүйектегі Алматыда өткен ақындар айтысын газеттеріңде жақсы бердіңдер. Сіздер болып, біздер болып, қазақтың дәстүрлі айтыс өнерін дамытуға күш-жігерімізді жұмсай берейік!
Әңгімелескен — Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЙ.
"Алматы ақшамы"
Алматыда өтетін «Алтын домбыра» жүлдесі үшін айтысқа қатысатын ақындардың тізімі
- Б.Оразбаев — Алматы.
- А.Шұғатаев — Павлодар
- М.Сұлтанхан — Астана
- Ж.Мұсина — Орал
- И.Күзембаев — Астана
- Е.Қайназар — Астана
- М.Аханов — Қарағанды
- Ж.Бейбітұлы — Ақтөбе
- А.Қалиев — Қостанай
- Қ.Білдәшев — Шымкент
- М.Ниязов — Қызылорда
- Н.Есенқұлов — Шымкент
- Р.Қайыртайұлы — Алматы
- Б.Тілебалдинова — Алматы
- Е.Қайболдин — Ақтөбе
- Н.Мансұров — Астана
- М.Ахметов — Ақтөбе
- Ш.Ізбасаров — Атырау
- Ә.Ережеқызы — Астана
- Д.Қамиев — Қарағанды
- С.Дүйсенғазин — Астана
- Е.Әміров — Қызылорда