Мөлдір ӘУЕЛБЕКОВА, әнші: Жолымды кесушілер бар екенін жасырмаймын
2015 ж. 23 қараша
4671
1
«Кешью» тобының экс-мүшесі, әнші Мөлдір Әуелбековамен сұхбаттасудың сәті осы жолы түсті. Әңгімеміз де қызық басталды.
– Ешкімнен «қорықпай» шақырып, сұхбаттасуға бел буғандарыңызға рахмет!
– БАҚ өкілдері ешкімнен қорықпайды. Тек халықтың көңілінен шығатын дүние ұсынуды мақсат етеді. Айтпақшы, бірден мұндай сауал қоюға не түрткі болды? Сіздің жолыңызды кесушілер көп пе?
– Аз ба, көп пе білмеймін. Әйтеуір бар.
– Сонда сіздің жолыңызға кедергі болып, өнеріңізге балта шабу кімге қажет болған?
– Оны білмеймін. Бір білетінім, әйтеуір көп жерде менің жолыма кедергілер қойылған. Оған кінәлі мына адам немесе мына фактор деп те айта алмаймын. Кейбір телеарналарға сұхбатқа немесе теле-жобаларға шақырады. Бірақ, түсірілімге 1-2 күн қалған кезде хабарласып: «Кешіріңіз, біздің басшылық сізді бағдарламаға шақыруға тыйым салды» деп қоңырау шалатындарды да жиі кездестіремін.
– Сондай кезде қандай сезім бойыңызды билеп кетеді?
– Ешқандай. «Жарайды» деп қоя саламын. Өмірдің бәрі өткінші. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Сондықтан, ондай ұсақ-түйек дүниелерге көңіл бөліп, босқа еңсемді түсіргім келмейді. Ең бастысы, халық сүйіп тыңдайды, өз көрерменім, тыңдарманым бар. Халықтың ықыласы мен махаббатына ешқандай да «қара мысықтар» кедергі бола алмайды.
– Инстаграмдағы «Неге халықаралық байқауларға қатыспайсыз?» деген сұрақтың да жауабы жоғарыдағы ойыңыздан өрби ме?
– Иә, жоғарыда айтқан кедергілердің кесірі бар. Оның үстіне ондай байқауларға қатысудың өзі қыруар қаржыны талап етеді. Қарапайым отбасында өскен қызбын. Демеушілерім де жоқ. Сондықтан да, ешқандай халықаралық, әлемдік музыкалық додаларға қатыса алмаймын.
– Сонда сіздің продюсерлік жобаларыңыз табыс әкелмей ме?
– Мен өзімді мықты продюсермін дей алмаймын. Бар болғаны, жол көрсетуші ұстаз шығармын. Сіз айтып отырған жоба Индира Елемес шығар. Ол кісімен қазір жұмыс істемеймін. Біраз уақыт бірге еңбек еттік, жақсы дүниелерді халыққа ұсындық. Кейін Индира жеке жұмыс істегісі келетінін айтты. Мен қарсылық білдірмедім.
Ал, келесі жоба – «Гауһартас» квартеті. Ол топтың пайда әкелуіне ерте. Себебі, енді ғана білек сыбана кірістік. Әлі талай еңбектенуге тура келеді.
– Айтпақшы, «Гауһартас» төрттігінің өзгелерден қандай айырмашылығы болуы мүмкін?
– Басты айырмашылығы, менің стилімді, менің бағытымды жалғастырады. Қазақи, патриоттық дүниелерді жасайтын боламыз. Ең алғашқы туындымыз да қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отыр.
– Ал, бұл топты құру кімнің идеясы болды?
– Бұл менің идеям емес. Топтың негізін қалаған жігіт – Алмас Алтынбеков. Өзі Тараздың тумасы. Өзімнің өнердегі інім болып келеді. Өте талантты жігіт. Қаржысы көп деу де қиын. Бар болғаны жас қыздарға қолдау көрсетуді мақсат еткен екен. Сол себепті мен де өзімнің қолымнан келген көмегімді аяп қалмауға бел будым. Оның үстіне, топтағы қыздар да өзіміз сияқты қарапайым. Бірақ, болашаққа құрған жоспар-мақсаттарымыз айқын. Алла қаласа, биік дәрежеге жетіп, жақсы нәтиже береміз деп сенемін. Ең бастысы, қырағы көзді көрермен қатты сынап, қыздардың сағын сындырмаса болғаны. Әйтсе де, орынды сынды қабылдауға дайынбыз.
– «Көрермен сыны» дегеннен кейін инста-парақшаңыздағы сізге тағылған сындар есіме түсіп кетті. «Мөлдір Әуелбекованың продюсер болуға тәжірибесі жетпейді» немесе «продюсер болуға әлі ерте» дейтіндерге не айтар едіңіз?
– Мен түс көріп, ояна салып «продюсер» боламын деп шешпедім. Продюсер деген сөзден шынымды айтсам, ат тонымды алып қашамын. Маған «музыкалық жетекші» деген термин ұнайды. Оның үстіне «мен продюсер немесе ұстаз боламын» деп шешім қабылдамадым. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында алты жыл тәлім беріп, дауысымды қойған ұстазымның маған берген кеңесі осындай болды. Оның үстіне «Кешью» тобында болған кезде жинаған тәжірибелерім жеткілікті деп ойлаймын. Алты жылдан астам уақыт жұмыс істеген кезде бұл топта бес қыз ауысты. Оларға білгенімізді үйретіп, бағыт-бағдар сілтеу мүмкіндігі бізде де болды. Ұзақ ойлана келе осындай шешім қабылдадым. Өкінбеймін. Және бастамасы да жаман емес сияқты.
– Айтпақшы, инстаграмдағы жасыл көйлек көпшіліктің көзіне шыққан сүйелдей көрінетін сияқты...
– Айтпаңызшы. Ол еліміздегі танымал дизайнер Ая Бапанидің туындысы. Оны мен алғаш рет «МузТВ» ұсынған марапаттау рәсімінде киген едім. Кейін екі рет теле-жобаларға киіп шықтым. Одан кейін үнемі тойға киіп жүрмін. Енді 3-4 рет киіп, сосын шкафқа іліп қоймайтын шығармын. Соны менің әлеуметтік желідегі оқырмандарым «осы көйлегін шешпейді екен», «Басқа көйлегіңіз жоқ па?» деп сынап жазады. Менің өзге әншілер сияқты күн де киім алып беретін демеушім немесе продюсерім жоқ. Сондықтан, сахналық кастюмдерімді қайталап киюден ұялмаймын. Бағасы да арзан емес. 1000 долларға сатып алып, 1-2 рет киіп лақтырып тастай алмаймын. Әлі талай киемін. Өзіме ұнайды. Жарасымды. Және мен ысырапшылдықты ұнатпаймын.
– Көзілдірігіңізге де тиісушілер табылып жатыр...
– Иә, көпшілік: «продюсер болдың, көзілдірік кию керек пе?» немесе «көзілдірік жараспайды», «модадан қалмайын деген түрің бе?» деп жатады. Олай емес шындығында. Көзілдірікті еріккеннен киіп жүрген жоқпын. Көз жанарымның көру деңгейінің төмендеуіне байланысты бір жылдан асты киіп жүргеніме. Мен үшін сән немесе ғаламтор емес, денсаулығым маңызды. Өзім үшін, болашақ ұрпақтарым үшін алаңдаймын.
– Болашақ ұрпақ деген сөзіңіз тағы бір сауалға түрткі болып тұр. Әр әйелдің міндеті – адал жар, аяулы ана, ибалы келін болу. Бұл тұрғыда қаншалықты еңбектеніп жүрсіз?
– Әрине, тұрмысқа шығып жатсам, бірінші болып сіздерден сүйінші сұрап, халыққа жариялаймын. Әзірге тұрмыс құрған жоқпын. Бірақ, сүйіктім бар. Жасырмаймын. Кейбіреулер «ана жері мынадай, мына жері мынадай» деп пікір жазып жатады. Менің жауабым – жаза берсін. Ол адаммен бірге тұратын олар емес, менмін. Ал, мен оның байлығына, ақшасына, түріне емес, адамгершілігіне қызығып таңдау жасадым. Мені сыйлай алатын қасиетін жоғары бағаладым. Әйелдер қауымына деген құрметіне риза болдым. Аллаға шүкір, бақыттымын.
– Ендеше, бақытыңыз ұзағынан болсын деп тілейміз. Тойыңызға шақыру күтеміз...
– Әрине, міндетті түрде шақырамын. Сіздерге де рахмет. Шығармашылық табыстар тілеймін.
Гүлдана ИМАНБАЙ