БАСҚАЛАР ардақтаған біздің КЕЛЕС
2015 ж. 05 қараша
12166
9
Бастауын Қазығұрт тауынан алатын Келес өзені ұлы Сырдарияға құйғанға дейінгі аймақты нәрлендіріп жатқалы қанша мың ғасыр өтті екен. Қазығұрт тауына Нұх пайғамбардың кемесі тоқтағанына 12-13 мың жыл болды депті білетіндер. Осы топан судан кейін жер беті Алланы мойындамайтындардан тазарыпты. «Әлімсақтан бері мұсылманбыз» дейтін ұрпақтың арғы ата-бабалары осы аймақта дүниеге келіп, өсіп-өніпті. Кең жер іздеп бүкіл жер бетіне жайылыпты.
Тарихта ең көне «Келес» сөзімен аталатын өзен бойында қазір жарты миллиондай халық жасайды. Ағыстың бас жағындағы Қазығұрт ауданында 150000-ға жуық,екінші жартысындағы Сарыағаш ауданында 350000-нан астам тұрғын бар. Олардан жыл сайын енші алып, еліміздің солтүстік аймақтарын елге толтырып жатқандарын есепке алып жатқан ешкім жоқ. Осынау киелі өзеннің соңғы , үштен бірін алып жатқан төменгі ағысындағы аймақты ел қазір «Келес өңірі» деп айтады.
Оның өзіндік себебі бар.1925 жылы осы аймақтағы Алтын, Жаушықұм,Үштөбе болыстарын Байқабыл (кейін Келес аталған) болысына қосып ірілендірді. Орталығы базарымен аты шыққан Ешан базар ауылы болды. Сәл кейінірек оған Болат (Сарыағаш аймағы) болысы тағы қосылды. Бұл аты аталған болыстар аймағы қазіргі таңдағы Сарыағаш ауданы көлемінен асып түсетін еді.
Қазақ АССР-і, Сырдария округі, Ташкент қазағы оязына (Ташказакский уезд) қарасты жоғарыда аталған болыстар аумағында 1928 жылы 17-ші қаңтарда Келес ауданы құрылды.
1930-1932 жылдары Келес ауданы тікелей республикаға бағынышты болды. 1932 жылы 10-шы наурызда орталығы Шымкент қаласы болып, жаңадан ұйымдастырылған Оңтүстік Қазақстан облысының қарамағына енгізілді. 1939 жылы Келес ауданы аумағынан Сарыағаш ауданы енші алып шықты, орталығы қырқада орналасқан шағын Сарыағаш ауылы болды.
35 жыл өмір сүріп тұрған Келес ауданын 1963 жылы 2- қаңтарда (Хрущевтің құйтұрқы саясаты кезінде ) жойып, өзінен енші алып шыққан Сарыағаш ауданына қосып жіберді.
1964 жылы 31-ші желтоқсанда орталығы Абай ауылы болып, бұрынғы Келес ауданының аумағында Шардара деп аталатын аудан пайда болды. Ол кезде бүкілодақтық құрылыс саналған Шардара су қоймасы салынып жатқан болатын. Сырдың арғы бетіндегі екі совхоз осы Шардара ауданына қараған. Осы көлемде 1969-жылға дейін өмір сүрді. Шындығына келгенде Шардара ауданы қазір де бар. Бірақ орталығы Шардара қаласы, аумағы басқа аймақ. Бір таң қаларлығы, қандай құпиясы барын қайдам , осы факті (Келес өңірінің Шардара ауданы аталғаны) кешегі Келес, бүгінгі Сарыағаш, Шардара аудандарының тарихында айтылмаған. Облыс әкімдігінің сайтындағы мәліметтерде түсініксіз жазылған.
1969-жылдың 13-қаңтарынан Келес ауданы 41 жыл бұрынғыдағыдай бөлек болып, қайтадан тыныс ала бастады. Осыдан кейін Келес ауданы 20 жылға жуық өмір сүріп, 1988-жылы баяғы Сарыағаш «інісінің» шаңырағына 9 совхозымен қайта кіріпті. Бұл шешімнің ұят болғанын «тез түсінген» басшылар келесі 1989 жылы Келес ауданын қайтадан қалпына келтіріпті.
Тағы 8 жыл өткенде баяғы «ауру» қайта қозып, 1997-жылы, Қазақстан тәуелсіздігіне 6 жыл толғанда, 105000 халқы бар Келесті 115000 халқы бар Сарыағашқа қайта қосыпты. Тағы, я тағы бір мүшелден соң алғаш құрылғанына 100 жыл толатын Келес аталған ауданды қазақ тарихынан осылайша өшіріп тастаппыз.
Сарыағаш ауданы өзінің тарихын 1939-жылдан бастайды. Содан бергі Келеспен бірге болған жылдарды Сарыағаш ауданының тарихы ретінде қарастырады. Бөлек болған жылдардың тарихын түгелдегенін көрмедік. Ал, 1965-1969 жылдар аралығында Келес өңірінде Шардара атанып өмір сүрген ауданды ешкім есіне алғысы келмейді.
Қазір Шардара ауданы өзінің тарихын 1969 – жылдан бастайды. Өзі жоқ Келес ауданы өткен жылдарды қалай түгелдесін. Ал, Сарыағаш ауданы өзіне қайтадан қосылған бұрынғы Келес ауданы болса да, Шардара атымен аталған кезін өзіне тели алмайды, тарихын жазбайды , себебі бөтен. Келес өңірінің тарихы осылайша үзік-үзік болып тұр.
Баяғыда біреу «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деген екен. Сол айтпақшы , көне Келес атын иеленген кешегі өңір тарихының тәуелсіз Қазақстан кезінде елеусіз қалып, тіпті ұмытылып бара жатқаны қынжылтады.
Биыл «Сарыағаш» энциклопедиясын шығару қолға алыныпты. Бұл кітап шыққанда Келес өңірінен қамтылмай қалған тарихи орындар, елді мекендер, батыр болған бахадырлар, еңбегі сіңген ерлер,өнерлі жандар табылып өкпе-назға орын болмауын осы бастан қарастырылғаны абзал болар еді.
Келес өз алдына аудан болып тұрғанда бұрынғы бүкілодақтық жарыстардың бірнеше рет жеңімпазы болған. Коммунизмге (1980-жылы болуға тиіс еді) ертерек жетеміз деп, уақытпен санаспай еңбек еткен , атақ- абыройға, орден- медальға ие болғандар көп еді. Жыл қорытысында жұмысшыларына қаппен ақша таратқан совхоз басшылары Түймебай Егемқұлов, Қарабай Қонысбаев сынды директорларды ел әлі ұмытқан жоқ.
Түгелдей білсек Келес топырағы тұнған тарих. Біздің қазіргі қолданыстағы жыл санауымыздан үш ғасырдай бұрын, өзінің жаугершілігімен жарты әлемді бағындырған Александр Македонский (мүйізді Зұлқарнайын) Сырдарияның батыс беткейінде 3 жыл бекерге жатқан жері осы Келес құйғанының тұсы деген аңыз бар. Қаласы, қорғаны болмаған бабаларымыздың «сағым» соғысында жебеден жарақат алған ол, амалы жоқтықтан осы жерде қорғанып жатыпты.
Зұлқарнайынның ар жағында да, бер жағында да, (уақытты айтам) өмір сүрген Қаңлы мемлекетінің қол астында болған төменгі Келес халқы тарихының белгісіндей «Жүзімдік» елді мекеніндегі мектеп астында қалған көне қала жұрнағының сыры әлі ашылған жоқ. Сол сияқты одан төменіректегі қазір « Жуантөбе» аталатын конус тәрізді биік төбенің кезінде Қарауыл төбе болғанын да ұмытқандаймыз.
Немесе, Келестің Сырға құйған жеріндегі ескі қорымдардың күлтөбе болып жатқанының сырларын ашатын уақыт қашан келер екен? Осы жердегі қамал-қаладан шығатын, аттылы адам жүре алатын жасырын жер асты жолы қай жерге апаратынын білу де қызық.
Мүйізді Зұлқарнайынды Сырдариядан өткізбеген бабаларымыз Шыңғысхан мыңқолдарын (мыңдықтарын) соғыспай қарсы алған сияқты.Тарихты бұрмалаған алпауыт елдер (орыс, қытай) мыңқолды моңғол деп бұрынғы «түрік - қазақты» санамыздан осылайша алыстатқан. Шыңғысхан төңірегіндегілердің есімдері моңғолша емес, сақау қазақтардың тілі сияқты болып тұрғаны бекер емес сияқты.
Тарихты таразылағанда тағы бір есте болатын жағдай. 17- ғасырдың басында Қазақтың екі ханы Ташкенттегі Тұрсынхан мен Түркістандағы Есімхан, 1627-жылы өзара шешуші шайқасқа шыққанда , Келестегі қаңлы , қатаған, шанышқылы, сіргелі халқы қалыс қалуы мүмкін емес.
1723-жылғы «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» қырғынында жаудан ыққан Арқадағы , Жетісудағы, Шудағы қандастарымыздың біразы осы Келес өңірінен пана тапқан.
Алқакөл деген көлдер Келес өзенінің Сырға құйған жерінің жоғары жағында да, төменгі жағында да болған. Көктемгі тасыған судан шағын-шағын көлдер пайда болушы еді. Олардың ішінде жердің жағдайына байланысты , аттың тағасы сияқты көлдер де кездесетін. Оны ақын жанды қазақ алқаға теңеп Алқа көл деген.
Сондай көлдің біреуі Жаушықұм болысына қарасты ауылдардың бірінде болғандықтан, ол ауылды Алқакөл деп атаған. Өкінішке орай , ол елді мекенді Шардара су қоймасы салынған соң таппай қалдық. Сол сияқты 19- ғасырда сызылған «Карта голодной степи» картасында 2 Алқакөлді көруге болады. Ол жерлер Келес өңіріне қарамаса да кезінде қазақ жері болған. Алқакөлді таппай жүргендер сол картадағы Сырдың бойынан іздесін. Қазақ тарихын қазіргі шекарамен шектеп, «Алқакөл» туралы әртүрлі қауесеттер таратудың қажеті жоқ.
Алқа көлдер аты айтып тұрғандай , суы қыз мойнындағы алқадай болып, шағын түбекті жартылай қоршап жатқан. Түбекке кірер жолды жапқанда, былайғы бала - шаға , мал-мүлік сумен қоршалған аралда уақытша болса да қауыпсіз қалған. Бұл көлдер Сырдария тасыған кезде суды мол жинайтын. 1905 жылы түсірілген түрлі-түсті суреті де бар.
Қалмақтар қуылған соң қырғыздар қазақ жерінің біразын қармап қалмақшы болып,Келестің даласына,Созақтың қаласына,Таластың тауларына,Жетісудың жайлауларына тереңдей ене бастағанда Абылай хан батырларына басу айтып, уақыты келген жоқ деп қарсы шабуға тоқтау салады.
Елі, жері жау қолына өтіп бара жатқанына шыдамаған Бердіқожа батыр Көкжал Бараққа барады. Осылайша арғын, наймандармен бірігіп, 4000 қолмен қырғызды шапқанмен оларды жеңе алмайды.Осыдан кейін Абылай хан қырғызға хан болуды көксеп жүрген Садырға Жауғашты батырды елші етіп жіберіп,оған былай депті.
Бар Садырға бара гөр,
Елдесейік Садырмен.
Таластың бойы тар жайлау,
Таласа барып жайлайық.
Келестің бойы кең жайлау,
Кеңесе барып жайлайық.
Бұл өлеңді мұрағаттан тапқан Үміткен Сұйіншіқызы Бүркітбаева ханым «Жетісуым—жеті құтым, ырысым» кітабына енгізіпті.
Салиқалы саясат ұстанған Абылай хан сәтті күні келгенде қырғызды қазіргі орнына «жайғастырды».Қоқаңдап келе жатқан Қоқан әскерін де 1765-жылы Пскент түбінде талқандады.Осы кезде Абылай хан жер қайыстырған қолымен Келес өзенінен ары-бері өтті ғой! Сол өткел қазіргі Сарыағаш шипажайы орналасқан жерде.
Шипажайдың күн шығысындағы немесе батыс жағындағы биік төбелердің бірінде «Қос атқа мінген Абылайхан мен Бердіқожа батыр аттарын ойқастатып шыға келгендей болып тұрған еңселі ескерткіш» керек-ақ бүгін. Кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген емделушілер ескерткіш алдында суретке түсіп тұрса... Жас жұбайлар осындай азат заманға жеткізген бабалар рухына тағзым етіп тұрса... Қандай жарасымды болар еді.
Өкінішке орай, 1809-жылы Ташкентті Қоқандықтар жаулап алды.Орталығы жау қолында қалған Келес даласы да еркіндігінен айрылды.Жарты ғасырдан астам уақыт Қоқан хандығының бодандығында болғанда Келес халқы талай рет бас көтерді, қарсылық көрсетті, құрбандықтарға барды. Олар жөнінде ақын Зиябек Рүстемовтың кітабында және шежіреші Шералы Артығалиннің әлі жарық көрмеген шығармаларында айтылған.
Қоқандықтардың орнын орыс басқаннан кейінгі,1916 жылғы ұлт азаттық күресінде Келес құйғанының ар жақ, бер жағындағы қазақтардан шыққан көтерілісшілер әрекеті туралы орыс жазбаларында құнды мәліметтер бар.
1917-жылы қанаушылықты жойып, билікті еңбекші халыққа береміз деп, орыс патшасын тағынан тайдырып, басшылықты қолға алған коммунистік (большевиктік) партия көсемдерінің бастамасын қолдаған Келестік бір топ жастар Париж коммунасына (ұжымдық шаруашылық) еліктеп қазақтар арасында 1922-жылы алғашқы коммунаны құрды. Оның басында болған ақын, журналист, қоғам қайраткері Зиябек Рүстемов алаш арыстары Сәкен , Ілияс, Бейімбет сияқты ұлтына қызмет еткен және солар сияқты жаламен сотталған.Ал,осы шаруашылық басшысы Тасбау Борашевті жаулары қапыда атып кетті.
Зиябек Рүстемов жала - бәледен аулақ болсын деп, баласының атын Лениншіл деп қойды. (Қазақта басқа Лениншіл болған жоқ). Лениншіл Рүстемов институт ректоры, оқу министірінің орынбасары сияқты биік лауазымды қызметтер атқарды. Ал сол коммунаның қаржы жағын басқарған Келімбеттің ұлы Немат Келімбетов қазақтың Островскиі атанған жазушы, ғалым болды. Ал немересі Қайрат Келімбетов тәуелсіз Қазақстанның мемлекет қайраткері болып жетілді.
Келес өңіріңде одан да басқа мақтан тұтар арыстарымыз бен азаматтарымыз көп. Кеше ғана 90 жылдығын атап өткен ақын Тоқаш Бердияров, келесі жылы 80-ге толатын жазушы-журналист Зәкір Асабаев, келестік қыздардан шыққан алғашқы жазушы апамыз Орынкүл Тәжиева, ғұлама - журналист Сауытбек Абдрахманов... айта берсек жетерлік. Астанадағы академик Мұрат Қарабаев... бәрін түгелдейтін уақыт та жақындап қалды....
Советтік биліктің алғашқы жылдарында (болыстық билік жойылғанға дейін) Келестегі социалистік құрылысқа қарсылық көрсеткендердің басында болған Құлмұрат болыс қылмыс үстінде ұсталғанда, енді оның жазадан анық құтылмасын білген тоқалы оған у беріп «құтқаруы» қазіргі түрік, кәріс сериалдарындағы көріністерден қай жері кем дерсің.
Болыстың басына сағана тұрғызып, жыл асын өткізген соң, бәйбішеден қалған жалғыз ұлды өлтіріп, тоқал басқа байға тиіп, жоғалады. Баланы өлтірген себебі, әкесіне у бергенін көріп қойған болса керек. Міне сізге, драмаға толы Келес өмірінің бір үзігі.
Атақты Асанәлі Әшімов (ол да Келесте туылған) өзі бейнелеген жағымсыз образдағы Бекежанды жақтағанындай, Құлмұрат болысты да «өзінің құқығын қорғау жолында күресті, құрбандықтарға барды деп айтсақ болатын сияқты.Құлмұрат болыстың аты ұрпағымен емес, ол туралы жазылған жағымсыз образдағы бейнесімен тарихта қалуы мүмкін....
Совет өкіметінің алғашқы жылдарындағы аласапыранда Келеске қоныс аударушылар да көп болды. Ол кезде Ташкент Түркістан халықтарының орталығы болатын. Айнала төңірегінде баяғыдан ата қонысында тұрып келе жатқан қазақ ауылдары көп еді. Келестіктер 25-30 шақырымдағы Ташкентке жаяу жалпылап барып келе беретін.
Сол кездегі қазақтың игі жақсыларының бәрі Ташкентке топтасқан. Олардың ортасындағы Ғани Мұратбаев, Сұлтанбек Қожанов, Садықбек Сапарбековтер Келес өңіріне көп келетін.
Ташкентте және оның төңірегінде қазақтар көпшілік болғанына қарамай, Москва өзбектің астанасын Самарқаннан Ташкентке ауыстырды. Бұл әділетсіздікке шыдамаған Сұлтанбек Қожанов Келестің етегінде қол жинап Ташкентті күштеп тартып алуға әрекет жасаған деген өсек те шыққан. Оның рас, өтірігін қайдам, бірақ Сұлтанбек Қожановтың Өзбекстан аймағында жүрген туыстарын Келес өңіріне ауыл- ауыл етіп, қоныстандырғаны анық.
Енді тақырыбымызға қайта оралсақ. «Келес» Нұх пайғамбар заманынан бері қолданылып келе жатқан көне сөз дедік. Есімі болып адамдармен бірге дүние жүзіне тарады дедік. Осы сөзіміздің анықтығын тексергіңіз келсе ғаламторды ашып, «Келес» сөзін жазып не мағына беретінін сұраңыз. Дәл осы сұрағыңызға жауап таба алмайсыз. Есесіне бүкіл әлемдегі «Келес» атауымен аталатын адамдардың есімдерін , көше, ресторан, фирмаларды Австралиядан да , Европадан да, Азиядан да,тіпті Америкадан да кездестіресіз.
Келес қаласы Өзбекстанда, Ташкенттің түбінде тұр. Оны Келес өзенінің жағасында тұрып мойныңызды созсаңыз көресіз. Келес ауданы сонау Түрік республикасында баяғыдан бар екен. Сол ауданның мерейтойына біздегі жойылып кеткен Келес ауданынан қонақтар шақырылыпты. Шақырушылар осыдан мың жылдай бұрын осы өңірден ауып кеткен қайы қаңлыларының ұрпақтары болатын.
Сол сияқты тағы бір мысал. Сталин зобалаңымен кавказдан Келес өңіріне зорлықпен көшірілген мұсылман бауырымыздың баласы Валери Юсуфұлы Шервазидзе қазір Москвада бір ғылыми орталықта қызмет етеді екен. Сол азамат өзінің балалық шағы өткен Келеске деген құрметін, галактика әлемінен өзі жаңадан тапқан жұлдыздың атын «Келес» деп қойып білдіріпті.
Ал біз әлемге осыншалықты танымал болған көне де киелі Келес сөзінің отаны бола тұрып, есте жоқ ескі заманнан бар өзен атын елеусіз қалдырыппыз. Кезінде Келес сөзін ардақтап атын қойған ауданды ойланбастан жойып жібергеніміз үлкен қателік болған. Қазір халық саны 150000-нан асатын өңірді «кісі» қолына қаратып отырғанымыз ұят. Өңір халқы көп нәрседен құр қалып, Келес атынан «тойға да бара алмай» жалтақ көздің күнін көріп отыр.
Құдайға шүкір,қазір Келес өңірінде той көп.Биыл көктемде өткен тойдың көкпарына бүкіл орта азиядағы шабондоздардың бәрі қатысты.Олардың санына қарап Гиннестің рекордтар кітабына енеді деп жазды еліміздің бас газеті.Шынында да құс ұшатын биіктіктен түсірілген бейне баяндағы көкпарды және оны тамашалаған халықты көргенде мерейің тасып, арқаланып кетеді екенсің.
Айтылғанындай 12000 атты адамды көргенде,баяғыда жауға қарсы 100000 қол шығарған ата-бабаларымыз еске түсті.Шабыттанып,шаттанып егемен еліміздің ертеңіне сенімің арта түседі екен.Біз қай елден кембіз, артық болмасақ деп...
Алла халқымызға ынтымақ, бірлік берсін, ағайын! Бір өкініштісі,осы көкпар туралы айтылған,жазылған ақпараттарда бұл аламанның Келес даласында өткені айтылмады...Біз неге Келес даласын ұмытуға тиіспіз! Ертедегі тарихшылар мен саяхатшылардың жазбаларында КЕЛЕС ДАЛАСЫ туралы көп жазылған...
Айтпақшы, Келес даласын атамекенім деп санайтын Амантай қажы Асылбеков «Невада-Семей» антиядролық қозғалыстың ең алғашқы шеруін осы Келесте, аудан орталығы Абай ауылындағы стадионда өткізген.
Биыл көктемде,бұрынғы Келес ауданының орталығы болған Абай ауылында ерекше жиын өтті.Осыдан 150 жылдай бұрын Келес өңіріне қоныс аударып,жарты ғасырдай елге қызмет еткен,сол кездегі және кейінгі билік иелерінің ұстанған саясатына байланысты,халықтың есінен шығарылуға тиісті болған, Алланың сүйікті құлы, түрік дүниесінің ұлы ұстазы Қожа Ахмет Яссауй бабамыздың жолын ұстанған, ЕТ ЖЕМЕС ЕШАН атымен бүкіл оңтүстік қазақтарына танымал болған дін қайраткері, емші, көріпкел әулиені қазіргі ұрпаққа танытуға арналған жиынға келген адам 500 орындық көрермендер залына сыймай қалды.Осыдан 40 жылдай бұрын салынған бұл мәдениет үйінде дүлей Нұрғиса Тілендиев «Құрманғазы» және «Отырар сазы» оркестрлерін бастап келіп, концерт бергенде де залға адамдар сыймай қалған еді. Ғимарат жуырда жөндеуден өтіпті, іші-сырты мұнтаздай. Сыртына, маңдайшаға «Мәдениет үйі» деп әдемілеп жазып қойыпты. Әттең-ай, әттең... дедік. Осы жазудың алдыңғы жағына КЕЛЕС сөзі неге қосылмады екен...
Оңғар ИСАЕВ,
журналист.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
qazaquni.kz