ТАРЛАНБОЗҒА АЙНАЛҒАН ТАҚИЯЛЫ ТАЙЛАҚ
2015 ж. 02 қараша
6306
0
31 қазан күні Талдықорған қаласындағы Мәдениет сарайында қазақ киносы тарихында өшпес із қалдырған, «Тақиялы періште» деген атпен танылған Әлімғазы Райымбековтің 80 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті.
Әлімғазы атамыз осы уақытқа дейін ұзын саны 14 киноға түскен. Шоқтығы биік «Тақиялы періштеден» бастап, кеңестік дәуірді айнытпай көз алдыңа әкелетін «Долана», «От оранған Орал», «Қан мен тер», «Дала гүлі», тағы басқа да туындыларымен жалғасады. Мұның ішінде саяси себептермен экранға шықпай қалғандары да баршылық. Десе де, Әлімғазы ақсақалдың өнердегі орны өзінше бөлек әлем дерсіз...
Мерейлі кеш Әлімғазы Райымбековтің өмір жолын баяндаған бейнекөрсетілімнен басталды. Мұнан кейін облыстық мәслихаттың хатшысы Ермек Келемсейіт сөз алып, облыс әкімі Амандық Баталовтың ыстық лебізін жеткізді.
– Бүгін мағыналы ғұмырыңыздың мәртебелі белесі 80 жасқа келіп отырсыз. Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. «Қарты бар ел – қазыналы ел» дегендей, алдымызда сіздердей алдыңғы толқын абыз ақсақалдардың бары бізді қуантады. Ғибратқа толы өміріңізде қажырлылығыңыздың арқасында талай белестен өттіңіз. Шаруашылықта, спортта, киноөнерінде айшықты із қалдырдыңыз. Сіз сомдаған тақиялы періште фильмі шоқтығы биік классикалық туынды ретінде тарихта қалды. Бүгінде Гүлжауһар апа екеуіңіз өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің арқа сүйері болып отырсыздар. Сізді Жетісу халқының үлгі тұтар ақсақалы ретінде құрметтейміз, – дей келіп, облыс басшысының атынан шапан жауып, ат мінгізді.
Осындай жылы лебізді облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ардақ Сыдық та білдірді. Ол басынан тақиясын тастамаған қазыналы қарияның облыстық ардагерлер ұйымының алқа мүшесі ретінде жастарды тәрбиелеуде барлық шараға белсенді қатысатындығын, жуырда «Батагөй» атты үлкен байқау өтіп, ондағы ең шешуші батаны Әлімғазы атаның бергендігін де тебірене айтты. Сонымен қатар ардагерлер ұйымы атынан Құрмет грамотасын табыс етті.
Періште мінезді ақсақалды Астанадан ат арытып келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев та құттықтады. Өзінің жүрекжарды лебізінде Азат Тұрлыбекұлы Әлімғазы атаның көп жылдан бері «Ақ жол» партияның мүшесі болып табылатындығын айтты.
– Біз көбіне жоғары лауазымды адамдардың мерейтойларын, тіпті, жыл сайынғы туған күндерін құттықтап әбігерге түсіп жатамыз да, керісінше, кеудесін соғып мақтанбай-ақ көп істерді тындырып, ұрпақ тәрбиелеп жатқан қарапайым азаматтардың қуаныштарын бөлісуді ұмытып кетіп жатамыз. Ал осындай қарапайым, абзал жандардың бірі Өзіңіз деп білеміз. Сіз қанша биікке шықсаңыз да кеудеңізді кермей, қарапайымдылығыңыз бен адамгершілігіңізді жоғалтпадыңыз. Біз Сізді осы қасиетіңіз үшін ерекше сыйлаймыз. Сонымен бірге көптен бері «Ақ жол» демократиялық партиясының қатарында жүргеніңіз үшін де алғысымды білдіргім келеді. Сексен деген асуды алып, ел-жұрттың тілеуін тілеген асыл Аға,өзіңізге тек қана мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Еңбегіңіздің жемісін жеп, халқыңыздың құрметіне бөлене бергейсіз, – деген ыстық ықыласын білдірді халық қалаулысы. Сонымен бірге партия атынан атақты тарланбозға айналған «Тайлақ» ағасына ат мінгізді.
Айта кетейік, сексеннің сеңгіріне жеткен қария бүгінде «Тақиялы періште – 2» фильміне түсуде. Осы мерейтойға фильмді түсіруге демеушілік жасап жүрген Алматы қалалық мәслихатының депутаты Ғұсман Шалабаев та арнайы келіп, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ыстық сәлемін жеткізіп, мәдениет пен кино өнерінің дамуына қосқан үлкен үлесі үшін Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған естелік медальді омырауына тақты.
Бұл кеште сондай-ақ, жауырыны жерге тимеген палуан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Республикалық тұңғыш жарыстың жүлдегері, Әлімғазы атамыздың шәкірті, еліміздің жеңіс туын шет елдерде желбіретіп жүрген қол күресінен Азия, Әлем кубогының иегері Әбдуали Тастан да ыстық ықыласын білдірді. Ал облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы, ақын Ахмет Кендірбек ізгі тілегін өлеңмен өрді.
Мерейлі кеште «Талдықорған әуендері», «Сазген» фольклорлық- этнографиялық ансамбльдері өз өнерлерін тарту етті.
А. ДІНИСЛАМ
qazaquni.kz