Бала "хандар" - балақандар өнер көрсетті
2015 ж. 25 қазан
2260
0
"Мәңгілік ел" болу үшін Ұлы дала ұрпақтарының санасында сол даланың озық мәдениетін, қазақтың ежелгі салт-дәстүрін қалыптастыру керек.
Бабаларымыз Ұлы Дала мәдениетімен өсіп-өніп, ел болып, хандық құрып, ерекше ерлігімен жалпақ жаһанға танылған. Тұлпардың тұяғымен кең даланы дүбірге бөлеп, иелік етіп, құзырын орнатқан. Елін, жерін қорғау үшін өмірі ат үстінде өткен батыр бабаларымыздың биік рухын, бүгінгі қалада өсіп, тәрбиеленіп келе жатқан ұрпақ бойына қалай сіңіреміз, оның қандай ұтымды жолдары бар? Жас өрендеріміз оны жақын қабылдауы үшін қандай әдістерді қолдануымыз керек?
Міне, осы мақсатты көздеген Алматы қаласының №176 мектеп-гимназиясының 3(б) сынып оқушылары «Хандар шеруі» деген тақырыпта бабалар бейнесін сахнаға шығарып, хандар мен ханшайымдардың, билер мен батырлардың рөлін өздері сомдады. Сәбилерді бабаларынша ойланып, бабаларынша толғанып, сол өмірді сезінуіне мүмкіндік берді. Оқушылар Жәнібек пен Керей ханнан бастап, қазақтың ең соңғы ханы Кенесары ханға дейін бәрін ханшайымдарымен сахнаға шығарып, сол дәуірдің маңызды уақиғасын тілге тиек етіп, ханды ханшайыммен ақылдастырып, сәбилердің өздері хан болып ойланды, дана болып толғанды. Бір сәт болса да сахнада олар өткен бабаларының орнында «өмір сүріп» көрді. Бұл балаларға тарихты түсіндіруге, бағалауға таптырмас әдіс дер едік.
Мерекелік шараға қонақ болып белгілі тележүргізуші, «Ақжүніс – Астана» журналының бас редакторы Сәуле Әбединова және Қазақстан республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институтының академигі, №146 мектеп тарих пәнінің мұғалімі, оқу ісінің үздігі Қатира Қамысбаева қатысты.
Мектеп директоры Гүлбағда Әденова сөз сөйлеп, осы мерекелік шараны ұйымдастырған сынып жетекшісі Бағым Асқароваға алғыс айтып, сахнада тамаша өнер көрсеткен балаларды да жылы сөзімен бір желпіндірді.Ұрпақты ұлттық рухпен сусындату үшін осындай шаралар бізде жиі өткізілуі керек дейді мектептің бас ұстазы. «Мұндай мерекелік шара өткізу ойыңызға қалай келді?» – деп сұрағанымызда, «Біздің жатсақ-тұрсақ ойлайтынымыз ел болашағы, ұлт болашағы – бүлдіршіндерге қайткенде сапалы білім, саналы тәрбие беру. Ал, мына мерекелік шараға келсек, біз осы арқылы балаларды елінің мақтан етерлік тарихы бар екенін білуге жетелеп, елін, жерін сүюге тәрбиелейміз. Даңғаза әуенмен ұрпаққа тәрбие бере алмаймыз» – дейді тәжірибелі ұстаз Бағым Асқарова.
Бүгінгі рухани емес, материалдық байлыққа бірыңғай бет алған заманда осындай бір кішкене ғана көріністің өзі көңілге үлкен демеу береді. Жастарымыздың төл тарихын танып, бабалардың жүріп өткен жолын санасында сақтап қалғаны аса қажет. Соған қарап біздің болашағымыз қалыптасатын болады.
Ерлан КӨБЕН Алматы қаласы