Арнаның негізгі бағыты рухани-ағартушылық болғандықтан, біз жауапты алдымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінен күттік. Комитеттің бізге жіберген хатында «Асыл арна» телеарнасындағы бағдарламалардың басым көпшілігі ислам мәдениеті мен діни таным мәселелеріне арналғандығы айтылған.
Арнаның жұмысы Дін істері комитеті, ҚМДБ және «Асыл арна» арасындағы үш жақты меморандумның негізінде жүргізілуде. Дін мен дәстүрді шебер үйлестіре білген кешегі ата-бабаларымыздың ұстанымын насихаттайтын бағдарламалар бірлесе жасалып, оларды редактор ретінде қадағалап отыру үшін арнада ҚМДБ-ның өкілі жұмыс істейді. «Асыл арна» телеарнасындағы бағдарламалардың мазмұны Қазақстанның заңдарына қайшы келмейді. Және телеарнаның шетелден қаржыландырылатындығы туралы мәлімет жоқ» - деп мәлімдейді министрліктегілер.
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі radiotochka сұрақтарына берген жауабында басқарма мен арнаның өзара ынтымақтастықта жұмыс істейтіндігін, «Асыл арна» телеарнасының эфирінен өтіп жатқан діни бағдарламаларға жүйелі мониторинг жасалып тұратындығын растады.
«2015 жылы 2 шілдеде Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы мен рухани-ағартушылық «Асыл арна» телеарнасы арасында рухани-діни салада өзара ынтымақтастық орнату жөніндегі меморандумға қол қойылды. Тараптар дінаралық келісімді нығайту жұмыстары бойынша халқымыздың бірлігі мен келісімін одан ары күшейту және сақтау жайында бірлесе жұмыс істеуге келісті. Сондай-ақ, тараптар «Асыл арна» телеарнасынан дін мен дәстүр түсінігін таратып түсіндіретін, дініміз бен мәзхабымыздағы рухани және дәстүрлі құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған арнайы бағдарламалар әзірлеп, жарыққа шығару туралы келісімге келді» -деп нақтылай түсті басқармадағылар.
Бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеу, контенттің заңдылығын қадағалау тұрғысында ҚР Инвестициялар жəне даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру жəне ақпарат комитеті де өз жауабын жіберіпті.
Комитет систематически ведет мониторинг телеканала «Асыл арна» (действующего на основании свидетельства о государственной регистрации №281-1910-01-ТОО выданное Министерством юстиции Республики Казахстан от 21 марта 2008 года и свидетельства о постановке на учет отечественного теле-, радиоканала №21-Т-ҚР выданное Комитетом информации и архивов Министерства Культуры и информации Республики Казахстан от 27 декабря 2012 года) и тематический анализ транслируемого видеоконтента.
За последний отчетный период не выявлено комплексных, тематических или каких-либо других нарушений. Телеканал полностью соответствует всем требованиям Закона Республики Казахстан «О телерадиовещании».
Сондай-ақ, аталған резонансқа байланысты бірқатар қоғам өкілдерінің де пікірін білген едік.
Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ауған соғысының ардагері:
«БІР-БІРІМІЗГЕ СЕНБЕСЕК, ЕЛДІГІМІЗ ҚАЙСЫ?»
– Бақытбек мырза, ел арасында «Асыл арна» жайындағы әлгі бір қауесет желдей есіп тұр. Сіздер биліктің бір пәрмені болып, Мәжілісте отырған соң, білсе депуттар білер деген үмітпен жүреді былайғы халық. Аталмыш арнаны Сауд Арабиясы қаржыландырады деген хабардың рас-өтірігін саралар сәт туып тұр. Сіз «Асыл арнаны» көресіз бе? Осы мәселеге байланысты ішкі түйсігіңіз не дейді? – «Асыл арнаның» тұрақты көрерменімін деп айта алмаймын. Енді қазақ болған соң, мұсылман болған соң, кей-кейде Құран қосылып тұрса, тыңдайтыным бар. Ал Сауд Арабиясы қаржыландыра ма дегенге келер болсақ, бұл тұрғыда әр сөзді абайлап айтқан жөн. Өйткені, дін - нәзік тақырып. Әрине, «анау ақша береді, мынау ақша береді» деп айта салу оңай. Бірақ мына нәрсеге мән беру керек. Әлемнің азулы деген елдері һәм төрткүл дүние қазақтың тәуелсіздігін мойындағалы, міне, ширек ғасырға таяпты. Қарап отырсақ, БҰҰ-ның белді мүшесі болып, көк туымыз көптеген елдің байрағына көлеңке түсірерліктей, дәрежеміз де біршама өсіп, түрлі биікті бағындырып жатырмыз. Көп іс жүйеленіп жолға қойылды. Жаңағы айтқан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әртүрлі секталардың тайраңдағанын мойындауымыз керек. Бірақ қазір, қауіпсіздік саласы ондай ағымдармен лайықты күресіп, мойындарына құрық салды деп білемін.
Дегенмен, бұл турасында халық екіұдай пікірде секілді. Керісінше, қауіпті секталар күннен күнге күшейіп барады деген де алаңдаушылық бар.
Әрине, «бізде бәрі жақсы» деп қолды бос қойып отыруға болмайды. Сондай-ақ, «құрып-біттік» деп орынсыз байбалам салу да жөн емес.
Сіз менің ішкі түйсігімді білгіңіз келіп отыр екен. Ал менің ішкі ойым не дейді? Біз мемлекетпіз. Әлем санасқан басшысы бар, халық мойындаған конституциялық құрылымы бар, айбынды әскері мен тұтас шекарасы бар мемлекетпіз. «Асыл арнаның» эфирлік саясаты, насихаттау бағыты – Мәдениет және спорт министрлігіндегі, Дін істері комитетіндегі, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасындағы тәжірибелі мамандардың жіті назарында деп ойлаймын. Ал егер жаңағындай алып-қашпа сөзге сенер болсақ, онда аталған құзыретті органдардың ай қарап жүргені ме? Енді ойлаңызшы, білдей бір телеарнаны өзге елдің өкіметі қаржыландырып отыр дейтін сөз қисынға келе ме?
- «Викиликс» жариялаған мәлімет өтірік дейсіз ғой.
– «Викиликс» - жай ғана сайт. Ондағы ақпараттың шын-өтірігін сондағы адамдардың өздері ғана өлшей алады. Демек, сайттағы қандай да бір ақпаратты өтірік де, өтірік деме, бәрібір. Оған белгілі бір мөлшерде адамдар сеніп те жатады. Бірақ біреу айтты, ал оған екеу сенді екен деп, елдің руханиятында өзіндік орны бар өзіміздің төл арнамызды өзекке теппейтініміз анық қой. Бір-бірімізге сенбесек, елдігіміз қайсы? «Асыл арна» жайлы алып-қашпа әңгімелер бұған дейін де айтылған. Өйткені, айттым ғой, рухани сала, дін тақырыбы өте нәзік және аса актуалды тақырып. Олай болған соң, қазақ руханиятына жасалатын шабуылдар бір сәтке толастамайды. Енді ол шабуыл бірде «Асыл арнаға» бағытталса, бірде басқа рухани тетікке бағытталып жатады. Бұл жерде дархан даланың иесі болған қазақы санамен саралап, халықаралық адам құқықтары мен әр азаматтың сенім бостандығына нұқсан келмейтіндей халде талқылап, ұлттық мүддеге сай шешімдерге келіп отыруымыз қажет деп санаймын. Ал сырттан жасалатын шабуылдың басы да, соңы да бұл емес. Сөзіңізді дұрыс түсінсем, «Асыл арна» биліктің қадағалауында әрі қолдауына ие. Ал бәрімізге белгілі жайт - ешбір мемлекеттік орган «Асыл арнаға» қаржы бөліп отырған жоқ. Демек, өзіңіз айтқан «білдей бір телеарнаны» әйтеуір біреу асырауы керек қой. Ал енді бұл жерде әңгіме басқа. Бір ғана мысал келтірейін. Мынау іргеміздегі Ресей өкіметі орыс шіркеуін қалай әспеттеп отыр? Оларда православтық діни телеарналар көп. Путин жергілікті бай-қуатты жігіттердің мойнына бір-бір телеарнаны артып қойды да, елге тигізген пайдаң осы болсын деп қоя берді. Осылайша, орыс шіркеуінің насихатын жасайтын православтық телеарналар мемлекеттен бір тиын алмайды. Қалтасы толы олигархтардың демеушілігімен өмір сүріп отыр. Нәтижесі әні. Құдайға шүкір, біз де ел болдық. «Асыл арнаға» қаржы бөліп, демеушілік қып жүрген өзіміздің азаматтардың бар екені бұрыннан белгілі.
Арнаның жұмысы Елбасымыздың саясатына қайшы келмесе, канал басшылығы діни басқармамен бірге жұмыс істеп жатса, бұны қайта қолдау керек. Алайда, ешбір телеарна, радио немесе газет тиісті құзыретті органның бақылауынан тыс әрекет етпеуі керек. Ендеше, еліміздегі жалғыз рухани бағыттағы «Асыл арна» халықтың назарында, биліктің бақылауында бола береді деп ойлаймын.
Мұрат Жұрынов, ҚР ҰҒА президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Түркі әлемінің ұлттық ғылым академиялары одағының президенті– Ғалым болғаннан кейін, елдің кешелі-бүгінгі жағдайы мен ертеңіне жайбарақат қарай алмағандықтан, ел ішіндегі әңгімелерге құлақ түріп жүрем. Мысалы, «Асыл арнаға» қатысты қауесет әңгімелерден хабарсыз емеспін. Мен ол әңгімелерді қауесет дер едім. Бір нәрсе туралы пікір айтып, ой түймес бұрын әуелі оған әбден көз жеткізіп алған жөн. Алдымен «Асыл арнаны» қарау керек, ондағы дүниелерді ой елегінен өткізу керек. Мен «Асыл арна» телеарнасын жақсы білем. Халқымызды имандылыққа шақырып, ұлтымыздың салты мен дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттап жүрген салмақты ақпарат құралдарының бірі. Онда діни басқармамыздың жүйесінде қызмет істейтін имамдар, медереселерімізде сабақ беріп жүрген ұстаздар, дінтанушылар және бүкіл елге танымал тұлғалар түрлі рухани-танымдық және әлеуметтік жобаларға қатысып, ой-пікірлерін ортаға салады. Менің өзім де бірнеше рет тікелей эфирге қатысып, өмірлік тәжірибемді көрермендермен бөлістім. Сондықтан «Асыл арна» елді бұра тартып барады» дегенге саятын пікірлер негізсіз деп санаймын. «Асыл арнаның» айтары анық, көрсетер дүниелері өнегелі. Әсіресе, қазір түрлі жат ағымдардың жетегінде кетіп жатқан жастарымыздың одан алары, үйренері аз емес. Ендеше әлдекімдердің қаңқу сөзіне еріп, арандап қалмауымыз керек. Қазір бізге бәрінен де елдің тыныштығы қымбат. Сондықтан тыныштықтың қадірін тынбай насихаттап жүрген арнамызды көп болып қолдауымыз керек.
«АCЫЛ АРНАНЫҢ» КӨРЕРМЕНДЕРІ ӨТЕ КӨП»
Айгүл Ісмақова, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– “Асыл арна” ашылғалы 7-8 жыл ішінде бағдарламаларына қатысып келемін. Ол - имандылықты насихаттайтын арна. Ғалым ретінде мен “Асыл арнаның” бағдарламаларын көріп жүрмін. Құран үйрету сабақтарын қараймын. Жалпы әлеуметтік мәселеге қатысты бағдарламаларды қарауға тырысамын. Қай кезде де арнадан елдігімізге салқынын тигізер басқа бір нәрсенің уағыздалып жатқанын көрген емеспін. “Асыл арнаны” көретін үлкен қауым бар. Осы қаладағы зиялы азаматтардан бастап, жас отбасыларға дейін көреді. “Асыл арнадағы” Құранның үнін есту үшін азаннан кешке дейін қосып қояды осы каналды. “Асыл арнаны” көру үшін Otau TV, Аlma TV ме, сол секілді ақылы байланысқа жүгінеді. Себебі, соны қоспасаңыз, “Асыл арнаны” көре алмайсыз. Сондықтан «Асыл арнаны» айыптағанша, керісінше, оның таралу аумағының кеңеюін ойлауымыз керек
«АСЫЛ АРНА» АШЫЛҒАН КҮННЕН БАСТАП МЕН ОНЫ ҮЙГЕ ҚОЙДЫРЫП АЛДЫМ
Сəрсенбі Дəуіт, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– «Асыл арна» ашылған күннен бастап мен оны үйге қойдырып алдым. «Асыл арна» халықты бірлікке шақырады, халықты имандылыққа шақырады, жақсылыққа шақырады. Бүкіл халық «Асыл арнаны» көреді. Қазір отбасында отырып біртұтас теледидарға қарай алмайды, біреуі ана жаққа, екіншісі мына жаққа қарап, біріге алмайды. Ал «Асыл арнаға» қарап бәрі бірігеді, бір көзбен қарайды, бір құлақпен естиді, бір имандылықпен қарайды. Орта Азия, ТМД елдерінде «Асыл арна» сияқты арна жоқ. Алланың берген осындай несібесі «Асыл арнаны» көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. «Асыл арнаның» әрбір сөзі, өсиеті, әрбір тағылымы - мәңгілік нәрсе.
Ал мынау - арна басшысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабектің пікірі.КЕРІСІНШЕ, КӨРЕРМЕНІМІЗ КӨБЕЙІП ЖАТЫР...
– Түрлі сайттарда сіз басқаратын «Асыл арна» жайлы «шетелден қаржыландырылады екен» деген қауесет шықты. Бірақ ешбір БАҚ-тан сіздің пікіріңізді көрген жоқпыз. Елемегеніңіз бе, әлде басқа себебі бар ма? Жалпы осы жөнінде не айтар едіңіз?
– «Асыл арна» - шетелден ешуақытта қаржыландырылмаған және қаржыландырылмауы да керек. Жол салуға, емхана тұрғызуға, бизнеске инвестиция тартуға болатын шығар. Бірақ халықтың рухани қазығы болған дінімізді насихаттауға бөтен жұртты араластыруға әсте болмайды. Ал енді соңғы уақыттардағы үрдіс бойынша, «Викиликс» бола ма, басқа сайт бола ма, қалаған ақпаратыңды шығарып, қалаған адамыңды қаралауға болатынын көзіміз көріп жүр. Бізге жабылған жала бойынша, мен де сол аталмыш хатты жіті тексеріп шықтым. Айдаладағы бір елдің айдаладағы министрлігіндегі екі адамның бір біріне айтқан әңгімесі дәлел ме екен? Айыптауға негіз болатын факті ме екен? Ең болмаса, біз біреуден ақша сұрасақ екен немесе бізге біреу қаржы бөлген болса екен. Мен сізге сөздің ашығын айтайын - араб немесе басқа бір шетел түгілі, қазақстандықтардың өзінен демеуші болам дегендердің бәріне келісе бермес едік. Себебі, ұлт, ұрпақ тәрбиесі тәуелсіздік құндылығы, мемлекетшілдік, секілді үлкен ойдың үстінде мүдделес болмасаң, көршіңмен де шәй іше бермейсің. Өйткені, әңгімең жараспайды. Сондықтан, бұл жаптым жала, жақтым күйе дегенен басқа ештеңе емес.
– Ал «Викиликс» сайты жариялаған хат ше?
– Біріншіден, ол хатқа менің де, «Асыл арна» қызметкерлерінің де қатысы жоқ. Егер ол хатты дұрыстап оқысаңыздар, «Асыл арнаны» Сауд Арабиясының қаржыландыратыны туралы немесе біздің арна идеологиясын шетелдік біреулер жасайтыны жайлы бір ауыз сөз жоқ. Хаттың төңірегіндегі шу - жекелеген адамдардың өздеріне ыңғайлы интерпретациясының дауы. Адам барды көрмейді, іздегенін көреді. Әуелгі сұрағыңызда қауесет деп дұрыс айттыңыз. Кез-келген өзін сыйлайтын, оқырманына алаңдайтын журналист, не бас редактор қандай ақпаратты болсын тексеріп, жан-жақты ақпарат жинап, шынайылығына жүз пайыз көзін жеткізіп барып бөліссе керек-ті. Өкінішке орай, өзіміздің кейбір порталдар олай етпек түгілі, маған хабарласып жөн сұрауға да құлық танытпай, шетелдік бір түбі күмәнді сайт жариялаған ақпаратқа илана кетіп, оқырмандарға ұсынуға асықты.
– Онда неге «Асыл арна» құқығын заң жолымен қорғамайды?
– Аққа күйе жаққысы келгендер қашан да болған және бола да беретін шығар. Балағыма жабысқан әр кəнденге арнайы уақыт бөле берсем, қанша уақытым ысырап болмай ма? Ата дінімізді насихаттау деген абыройлы міндетті мойнымызға алдық па, Алла нәсіп қылса, осы жолмен жүре береміз. Ал жолда әрқашан абалап ит үрген. Бірақ оған керуен тоқтаған емес.
– Сонда не айтпақсыз?
– Қазір көптеген адамдар атақ пен абыройды, даңқ пен дақпыртты ажырата алмай жүр. Сол себепті де ақпаратты – білім, перекурды - демалыс деп түсінетін қиямпұрыс түсініктер пайда болды ғой. Жалпы біз мынаны түсінуіміз керек. Ақпарат кеңістігінде ұлттың санасы, жұрттың жүрегі үшін талас жүріп жатыр. Елге пайдалы ақпарат беріп, ұлттық иммунитетімізді күшейтудің орнына пайдасыз тақырыптарға әуестеніп кеттік.
– Интернетте талқылану – «Асыл арна» жұмысына кері әсер етті ме? Көрермендеріміз кеміп қалатын болды деп уайымдамайсыз ба?
– Жоқ, керісінше, көрерменіміз көбейіп, қолдау айтқан жүздеген хат келіп, мыңдаған адам батасын жолдап жатыр. Дағдарыс уақытында арнамыздың жарнамасына да аса көп мүмкіншілігіміз болмай жатқанда, бұл қара пиар орайласа кеткен іс болды. «Асыл арнаның» интернет нұсқасына кірушілердің саны күрт артты, онлайн көріліміздеріміз көбейе түсті, әлеуметтік желідегі тіркелушілеріміз бұрқылдап өсіп кетті. Ал арнадағы әріптестерімнің, мұраттастарымның хәлін сұрасаңыз, бұл жайт «Асыл арна» ұжымын ұйыстыра түсті деп зор сеніммен айта аламын.
«Жас Қазақ» газеті