Қазақтың қайсар қызы
2015 ж. 21 қазан
4039
1
Профессор Аманкүл Ақбасованың ғылым жолындағы жетістіктері
Пайғамбар жасынан асқан адамның кей сәттерде пендешілік атаулыдан іргесін аулақтатып өткен өмірдің ғажайыптарын соншалықты іңкәр да, қимас сезіммен ой елегінен өткізетін кездері болады. Тонның ішкі бауындай болып, талай-талай қимас күндер мен түндерде сыр шертіскен жерлес Әскер Исақов ағамен Алматы облыстық «Жетісу» газетінде он бір жылдай қызметтес болдық. Бір қарағанда томаға-тұйықтау көрінетін Әсекең көңілі асып-тасып, шарықтаған кездері жан сырын жайып салатын. Ол кісіні «Әс аға» дейтінмін. Кейіннен редакциядағылар «Әсағалап» кетті. Бүгін сонау бір жылы Әсаға айтқан сырды есіме түсіріп отырмын... Жетпіс жетінші жылдың көктемі болса керек. Редакцияда бірге қызмет ететін жерлесі Мамытбек үйіне қонаққа шақырады.
Үлкен қонағы Бауыржан Момышұлы екенін ескертеді. Бұл Алматыда Букең жайлы аңыз-әңгімелер, қаңқу сөздер желдей есіп тұрған кезі еді: «Не дейсің, ұнамаған адамын үйінен қуып шығады екен», «Әйел атаулыға жұлдызы қас көрінеді», «Баукеңнің көңілінен шығу қиынның қиыны дейді ғой», «Сөзің ұнамаса ұрып жіберуден де тайынбайды дейді» ...Олжасты жетектеген Әсаға мен Аманкүл қонаққа кешігіп келеді. Оншақта адамға арналған шағын дастарқанның төрінде Бауыржан Момышұлы отырады. Қонақтардың назары кешігіп келген екуеге ауады.
– Достарым – Әскер журналист, Аманкүл ғалым, - деп таныстырады Мамытбек (М.Қалдыбаев танымал ғалым, жазушы. Бауыржан Момышұлы жайлы жазылған әлденеше кітаптың авторы, бауыржантанушы ілімінің негізін қалаушы).
– Әй, ғалым қыз, немісше білесің бе? – деп сынай қараған Баукең төтесінен сауал қояды. Қонақтар немістер жөнінде әңгімелеп отырса керек.
– Немістің тілін неғылайын ағай, - деп жауап береді Аманкүл мүдірместен қасқайып тұрып. Алдымен ана тілінің, қазақ тілінің көсегесін көгертіп, сақтап қалуды ойлайық та... мұндай жауап күтпесе керек. Отырғандар демдерін іштен алып, жым-жырт болды. Баукеңнен шатақ шығып кетпеуін тілесе керек. Бір сәт сілтідей тыныштық орнады.
– Әй, ғалым қыз, кел, сенің орның мына жер, - деген Баукең оң жағында отырған кісіні орнынан тұрғызып жіберді.
Бұл бір тамаша кеш еді. Баукең жадырап, Аманкүлмен ашық-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Қайсар қызға өз қолымен дәм ұсынып, әлденеше рет биге де шықты. Отырғандар көбіне-көп екеуінің әңгімесіне құлақ түрумен болды. Екі дос – Мамытбек пен Әскер қонақтарға қызмет етті.
Кеш соңында Баукең Олжасты алдына алып отырды. Осы қолайлы сәтте Аманкүл ұлына бата сұрады.
– Анаңдай қайсар ғалым, әкеңдей абыройлы азамат бол, құлыншақ! – деген батыр ата сәбидің аузына түкіріп, маңдайынан иіскеді...
Өз басым Аманкүл Жақанқызын қырық жылға жуық уақыттан бері біледі екенмін. Кей-кейде Әсаға үйіне ертіп баратын. Ағаның жарын «жеңеше» дейтін қазақпыз ғой. Ағамыздың ақжайлау үйінде жеңешеміздің сырбаз сыбағасынан талай-талай дәм де таттық. Оның бойынан ғалымдық қарапайымдылық лебі есіп тұратын.
Уақыт өте келе Аманкүл Жақанқызының бұралаң-бұлтарысты өмір соқпақтарына, таңғажайып сан-салалы ғалымдық қырларына тәнті болып, ризалық сезіміне бөленгенімізді жасырудың қажеті бола қоймас. Кім не десе, о десін, баршамыз шүбәсіз мойындауға тиісті бір ғана ақиқат бар: профессор, өз саласының академигі Аманкүл Жақанқызы Ақбасова бүкіл ғұмырын ғылымға арнап келе жатқан қазақтың қайтпас та қайсар қыздарының алдыңғы легінде жүр.
Мұны ол ғылым жолындағы мәгілік ұстанымымен, шыққан биіктерімен, алған асуларымен, ашқан ғылыми жаңалықтарымен, талантты тамаша шәкірттерімен, ұлағатты ұстаздығымен айқын дәлелдеп келеді.
Ғылым мұхитында желкенін керген Аманкүл Жақанқызының өмірі жолы өзіндік өрнегімен ерекшеленеді. Бұл күнде тарихқа айналған ғұмырнамалық асау толқындар сонау зар замандарды еске түсіреді. Кеңестік дәуірдің отызыншы жылдарындағы сталиндік солақай саясаттың салдарынан қазақ жерінде жаппай жайлаған ашаршылық Ақбас әулетінің шырқын бұзып, шаңырағын шайқалтты. Қазақ халқының басына қара бұлт болып үйірілген сол нәубеттің қанды шеңгелінен құтылудың жолын іздеген Ақбас ақсақал әйелі мен он жастағы ұлы Жақанды соңынан ертіп, туып-өскен жері Ұлытауды артқа тастап, Өзбекстанның Шыршық қаласынан бір-ақ шықты. Ақбас ата ұзамай-ақ бақилық сапарға аттанады да әйелі Ажар Ұлы Жақанды құшақтап қала береді. Қиын заманның өлместің күнін көру, әлдекімдердің отымен кіріп, күлімен шығу, аш өзектеріне азын-аулақ талғажау табу жылдары жылжып өтіп жатады. Осылайша, бала Жақан да есейе береді. Бұғанасы бекімей жатып ол Шыршықтағы зауытқа жұмысқа орналасады. Осында жүріп Ақкүләш деген қызбен танысып, көп ұзамай-ақ екуі отау тігеді. Келесі жылы, 1945 жылдың қарашасында Аманкүл дүниеге келеді. Соғыстан кейін ес жиған Ақбасовтар жанұясы туған еліне қайтып оралады. Шыршық зауытында жұмысшы болған Жақан бастапқыда Қарағанды облысындағы қорғасын кенішінде, содан кейін Жезқазған қаласының жанындағы Жезді марганец кен байыту фабрикасында мастер, технолог, бас технолог болып жұмыс істеді. Аманкүл Жезді поселкесіндегі орта мектепті 1964 жылы алын медальмен бітірді. Осы тұста Амаекүлдің қандай жоғары оқу орнына түсем десе де қабілет-қарымы жететін еді. Түсті металлургия саласының білікті маманына айналған әкесінің қызметтік ықпал-әсері болар, ол да осы саланы таңдады. Осылайша, оның өскен ортасы қыз емес, ер адамдардың өздерінің ырқына көне бермейтін ғылым көкжиегіне құлаш ұруға бастады. Бұған қоса Аманкүлдің алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы жанына жалау болды. Сонымен, АманкүлАлматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің химия факультетіне емтихансыз-ақ оқуға қабылданды. Студент оқуды үлкен ізденіспен жақсы оқыды. Үшінші курстан басталған өндірістік практикасын Өскеменнің қорғасын-мырыш комбинатында, одан кейінгі жылға практикасын Жезқазғанның мыс комбинатында өткізді. Курс, диплом жұмыстарын да осы салаға арнады. Соның жарқын көріністерінің бірі – Қазан қаласында өткізілген жас химиктердің Бүкілодақтық ғылым конференциясына қатысып, сонда жасаған баяндамасы өте жоғары бағаланды, конференцияның алтын медалімен және ақшалай сыйлығымен марапатталды. Арнаулы стипендиямен оқып жүрген Аманкүл Ақбасованың алғашқы ғылыми ізденістері енді университет ғылыми кеңесінің назарында тұрды. Содан да болар университетті үздік бітірген Аманкүл аспирантураға қалдырылды. Онда ол түсті металлургия саласындағы зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастырып, үш жыл ішінде кандидаттық диссертациясын жазып шықты да оны ойдағыдай қорғады.
Әдетте қоғамдық ғылымдар саласында үш жылда кандидаттық диссертацияларын қорғайтын аспиранттар жиі кездеседі, жаратылыс ғылымдары саласында мұндай жағдай өте сирек. Олай болатыны, жаратылыс ғылымымен айналысатындар қоғамдық ғылымындағылармен салыстырғанда өндіріс орындарымен танысу, әр түрлі тәжірибелер жасау, саралау және олардан қорытындылар шығару сияқты, тағы да атқаратын жұмыстарының ауқымы әлде қайда кең.
Аспирантураны сәтті аяқтап, кандидаттық диссертациясын қысқа мерзім ішінде сәтті қорғап шыққан жас ғалымға Одақ көлемінде назар аударылды. Өкінішке орай, сол тұстағы Қазақ КСР Жоғарғы және арнаулы орта оқу министрлігі талантты жас ғалымға Қазақстанның кез келген қаласындағы бір жоғары оқу орнынан өз саласы бойынша жұмыс істейтіндей орын тауып бермеді. Оның түп-төркінінде қанат жая бастаған тамыр-таныстық дерті жатты. Амалы қалмаған Аманкүл Қазақ КСР академиясының Топырақтану институтына қатардағы қызметкер есебінде орналасуға мәжбүр болды. Мұнда ол 1981 жылға дейін жұмыс істеді. Бұл жылдар да ғылым үшін текке кеткен жоқ. Топырақ химиясы, геохимия салаларында ұдайы ізденіс танытып, көптеген ғылыми мақалалар жариялады, ұжымдық монография авторларының бірі болды.
Жас ғалым Аманкүл Ақбасованың ізгі арманы – түсті металлургиядағы зерттеу жұмыстары еді. Уақыт өте келе оның да сәті түсті. Ол ҚазМу-дың аналитикалық химия кафедрасына жетекші маман болып оралды. 1979-1980 жылдар аралығында Ленсовет атындағы Ленинград технологиялық институтында беткейлік-белсенді заттектер физика-химиясы бойынша қайта дайындау факультетінде біліктілігін көтерді. Аманкүл Жақанқызы үшін одан кейінгі жылдар жемісті болды. Ол «Жезқазғантүстіметалл» ғылыми-өндірістік бірлестігімен тығыз байланыста жұмыс істеп, мыс сапасын арттыруға, өндіріс процестерінен бөлініп шыққан қалдықтарды қайта пайдалануға, сөйтіп қоршаған ортаны сауықтыруға үлкен үлес қосты. Қыруар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жүзге жуық еңбек жазды. Бұлар бұрынғы одақтық, республикалық салалық ғылыми журналдарда жарияланды.
Солардың бірі – «Жезпен» препараты деп аталады. Бұл құрамында мышьягы бар күкірт қышқылын (ол түсті металлургияда көбінесе далаға төгілетін, соның салдарынан қоршаған ортаның экологиясы бүлінетін) технологиялық процестер арқылы қайта өңдеуден алынатын препарат. Оның сынағы Алматы облысының бірқатар шаруашылықтарында сәтті өтті. Жаңалық потент бөлімдерінің авторлық куәліктері арқылы бекітілді. Сол жылдары Қазақстандағы сауын сиырлары мен ірі қара малдары табындарының тең жартысынан астамы туберкулез, бруцеллез және тұмау сияқты ауруға шалдыққанын ескерсек жаңалық өте құнды болды. Препаратпен мал тұратын қораларды қатарынан бірнеше рет дезинфекциядан өткізгенде жұқпалы ауруларды тарататын микробтардың өсіп-өніп, таралуы күрт тежелді. Сол сияқты Аманкүл Жақанқызының «Жезпен-2» препаратының да құндылығы жоғары бағаланды. Ол сиырлардың тұяғында пайда болған іріңді жараларды жазуға арналған еді. Бұл препарат та оңтүстік облыстардың көптеген шаруашылықтарында сынақтан өткізіліп, пайдалы жақтары анықталды.
Міне, осындай зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен ашылған жаңалықтары Аманкүл Ақбасованың «Түсті металлургиядағы мышьяк қосындылары бар технологиялық ерітінділерді өңдеп, пайдаланудың шикізат қорын үнемдеуге және экологияны жақсартуға тигізер тиімді әсері» деген тақырыпта «Қоршаған ортаны қорғау және табиғат қорларын тиімді пайдалану» мамандығы бойынша техника ғылымдарының докторы дәрежесін алу жөнінде докторлық диссертация қорғауына негіз болды.
Диссертация Мәскеудің Д.И.Менделеев атындағы химия-технология институтында 1991 жылы қорғалды.
Онда диссертанттың ресми оппоненттері техника, химия ғылымдарының докторлары, профессорлар В.В.Тарасов, С.И.Жданов, В.В.Якшин ұсынылған ғылыми еңбекке жоғары баға берді. 1995 жылы Жоғарғы Аттестациялық Комиссияның шешімімен оған профессор ғылыми атағы берілді. Осы жылы Аманкүл Жақанқызының республика Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі құрметті атағы, сондай-ақ Экология Халықтық Академиясының академигі атағы берілді. Сондай-ақ көрнекті ғалым Аманкүл Ақбасова әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін 2012 жылы Ресей Жаратылыстану Академиясының корреспондент мүшелігіне қабылданып, Honorus causa of Academy of National History Халықаралық академиясының құрметті ғылым докторы дәрежесіне ие болды. Өз саласының аса білгір маман-ғалымы А.Ақбасова 1996-1998 жылдары «Ясауи университетінің Хабаршысы» журналының бас редакторы, 2001-2004 жылдары «Гидрометеорология және экология», «Қазақ транспорт және коммуникация академиясының Хабаршысы», «Қазақстанның өндірістік транспорты», «Тараз Мемлекеттік университетінің «Табиғатты пайдалану және антропосфера мәселелері» Халықаралық ғылыми журналдарының және Ресей Жаратылыстану Академиясының «Халықаралық студенттік ғылыми жаршысы» электронды ғылыми журналының редакциялық кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ көрнекті эколог-ғалым 1995 жылдан бері М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің диссертациялық кеңесінің тұрақты мүшесі болып келеді, ал 1999-2003 жылдары Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті жанындағы «Геоэкология» және «Экология» мамандықтары бойынша докторлық диссертациялық кеңестің мүшесі болды. Танымал ғалым Аманкүл Жақанқызының жетекшілігімен 2 докторлық, 2 РһD докторлық, 11 кандидаттық және 15-тен астам магистрлік диссертациялар қорғалды. Ғалым-академиктің 350-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрген, оның ішінде 3 монография (1-і Германияда шыққан), 5 оқулық, 15-тен астам оқуқұралы, 4 терминологиялық сөздігі, 1 экологиялық энциклопедия бар. Сондай-ақ ғалым 20-дан астам авторлық куәлік пен өнертабыс патенттерінің авторы.
Академик-ғалым Аманкүл Ақбасова 1993 жылдан бері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қызмет етіп келеді. Ара-тұра М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының және Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің профессоры болды. Халықаралық білім ордасында Жалпы экология кафедрасының меңгерушісі, ректордың ғылым жөніндегі кеңесшісі, ғылыми-ұйымдастыру орталығының директоры қызметтерін атқарды. 2008 жылдан бері Экология ғылыми-зерттеу институтының директоры.
Аманкүл Жақанқызының институт директоры ретінде атқарып отырған қызметі ерекше назар аударады. Ол ең алдымен институттың СТРК МЭК 17025-2007 стандартына сәйкес «Экологиялық бақылау және химиялық талдау» зертханасын аккркдиттеуден жоғары деңгейде сәтті өткізді. Қазіргі кезде А.Ақбасова басшылық ететін институт 53-тен астам шаруашылық келісім-шарттармен республиканың түрлі өндіріс орындарында мониторинг, экологиялық төлқұжаттар жасау, жобалар жасау сияқты ғылыми-практикалық жұмыстар атқаруда. Осы орайда Аманкүл Жақанқызы бастаған институт ғалымдарының экологиялық сараптау, ауа атмосферасын тазалау, мониторинг, құрылыс материалдарын шикізат қалдықтарынын алу, технологиялық үрдістердің аз немесе қалдықсыз технологияларын жасау арқылы тауарлық өнімдер алу, топырақты зиянды қалдықтар мен ауыр металдардан детоксикациялау әдістерін жасау, Ұлы Жібек Жолы бойындағы тарихи ескерткіштерді қорғау, дәрілік-профилактикалық биологиялық белсенді заттарды жасау, төрт түлік малды әртүрлі аурулардан емдеу бағыттарында ауқымды жұмыстар жүргізіп отырғанын айтуға тиіспіз. Сондай-ақ ұжым ғалым-зерттеушілері Оңтүстік өңірдегі экологиялық зардаптарды азайту мақсатымен тынбай жұмыс атқаруда.
Институт келісім-шарт негізінде өндіріс салаларына қатысты ғылыми жұмыстар мен экологиялық нормативтер жобаларын жасауды іске асыруда. Нақтылап айтар болсақ, Қазақстанның бірқатар аймақтарында, оның ішінде Түркістан, Отырар аудандары да бар, өндірістің қоршаған ортаға тигізетін әсерін бағалау және нормативті құжаттардың жобаларын жасау (Атқарылған жұмыстардан университет қассасына 12 миллион 19 мың теңге пайда түсті). Қазіргі кезде Түркістан, Кентау қалаларына және Түркістан ауданына қатысты экологиялық төлқұжаттар жасауға бағытталған зерттеулер жүргізілуде.
Экология ғылыми-зерттеу институтының теориялық және тәжірибелік жұмыстарының базасында төмендегідейғылыми негізделген технологиялар жасалған: жоғары сапалы вермикомпост және калифорниялық құрттардың биомассасын алудың әлемдік деңгейдегі белгілі әдістерімен (ұзақтығы 4-6 ай) салыстырғанда жылдамдатылған әдісі негізінде жетілдірілген вермитехнологиясы. Алынған құрттардың биомассасы ветеринария мен медициналық практикада құстар мен жануарларға профилактикалық, емдік және үйлестірілген тағамдық азық-жемдері ретінде қолданылатын жаңа биологиялық белсенді препараттардың негізі бола алады.
Күкірт қышқылы зауытының күкірт-перлитқұрамдас қалдықтары, вермикомпост, ауылшаруашылығының қалдықтарын кәдеге жаратылған өнімдері негізінде түсімі аз топырақтың биологиялық және физикалық-химиялық қасиеттерін жақсартатын жаңа тыңайтқыш-мелиоративтік құрам әзірленді (ҚР инновациялық патенті алынды, Халықаралық патентке өтінім берілді). Препарат өсімдіктердің өсімі мен дамуын бейімдейтін қасиетке ие, сонымен қатар, мұнаймен, ауыр металдармен және басқа да экотоксиканттармен ластанған топырақтарды детоксикациялауға жағдай жасайды, ауыл шаруашылығының экологиялық таза өнімдерін алуға мүмкіндік береді.
Жасалынған тыңайтқыш – мелиоративтік құрам далалық жағдайда сынақтардан өтуде (университеттіңботаникалық бағы және агроөнеркәсіптік кешендердің әртүрлі шаруа қожалықтары).
Химия өнеркәсібінің күкірт-перлит құрамдас қалдықтары мен ауыл шаруашылығының қалдықтары негізінде белгілі әдістерден ерекшелетнетін бірқатар құрылыс материалдарының рецептуралары жасалынды (ҚР инновациялық патенті алынды, Халықаралық патентке өтінім берілді). Қазіргі кезде «СКЗ-U»ЖШС (Жаңақорған ауданы, күкірт қышқыл зауыты) базасында құрылыс материалдарының өндірісі бойынша зауытты ұйымдастырудың бизнес-жоспары жасалынуда.
Ғылым әлемінде өзіндік айшықты орны бар тамаша ғалым, ұлағатты ұстаз Аманкүл Жақанқызы Ақбасова қандай құрмет-қошаметке болмасын әбден лайық. Ашқан жаңалықтары мен жеткен жетістіктері елімізде ғана емес бірқатар шетелдерде де мойындалған. 1970 жылы КСРО Жоғарғы және орта білім беру Министрлігінің «Үздік ғылыми жұмысы үшін» медалімен марапатталған аспирант қыз болашағынан үлкен үміт күттіретінін айқын дәлелдеген болатын. Содан бергі өткен қырық бес жыл ішінде ол ғылымның химия, техника, экология салаларының терең білімді ғалымы ретінде танылумен келеді. Оның Қазақстан ғылымын дамытуға, жастарды ғылымға, білімге баулуға қосып отырған үлесін мақтанышпен айтқан жөн.
Аманкүл Жақанқызының ғылымдағы ұстанған бағытын шын мәнінде ерлік іс деп қарау керек. Баршаға белгілі, металлургия саласы нағыз ерлер ғана істейтін өндіріс ошағы саналады, асқан ерік-жігерді, күш-қуатты, шыдамдылықты қажет етеді. Металл қорытылатын ыстық цехтарда ұдайы тәжірибе жүргізу оңай шаруа емес. Оның үстіне ғалымның негізгі зерттеу аумағы саналатын мышьяктың адам ағзасына зиянды әсерінің қаншалықты екенін айтудың қажеті бола қоймас. Профессор Аманкүл Ақбасова басқаратын ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері түбегейлі зерттеулермен айналысуда. Аманкүл Жақанқызы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті жариялаған ғылыми жобалар байқауларында бірнеше мемлекеттік гранттардың жеңімпазы атанып, ғылыми жетекшілік жасауда. Мұндай табысқа қол жеткізу оңай емес. Елімізде өзін-өзі айқын дәлелдеген, болашағы кемел ғылыми жобаларға баса назар аударылып, қаржыландырылады.
Профессор Аманкүл Ақбасованың ғылымдағы тамаша табыстары мерейін өсіріп, зор құрметке бөлеуде. Соңғы жылдары республика «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2012» атағына ие болды, 2012 жылы өнертабысты дамытуға қосқан үлесі үшін А.Нобель медалімен (Ресей Жаратылыстану академиясы), 2013 жылы «Еңбекпен және біліммен» Халықаралық орденімен (Халықаралық Консорциум, Мюнхен, Германия), 2013 жылы Ресей Жаратылыстану академиясының «Ғылым мен білімге еңбек сіңірген қайраткер» медалімен, 2015 жылы париждік кітап салонының Алтын медалімен (Париж, Франция) марапатталды. Білікті ғалым, ұлағатты ұстаз Аманкүл Жақанқызына берілген осындай марапаттаулар әлемнің алпауыт елдерінің Қазақстан ғылымына деген лайықты бағасы деп білу керек. Жалпы ғылым жолына қабілет-жігері мол, рухы күштілер ғана түсетінін мойындар болсақ, біздің кейіпкеріміз профессор Аманкүл Ақбасова бойындағы буырқанған осындай асыл қасиеттерімен қайтпас та қайсар қазақ қызы екенін өзінің өмір жолында баршаға айқын дәлелдеп келе жатқан жан десек артық айтқандық бола қоймас.
Профессор Аманкүл Ақбасованың өнегелі өмір жолының қырлары адам жанын шуаққа бөлейді. Жастары ұлғайып, зейнеткерлікке шыққан әкесі Жақан мен анасы Ақкүләш ұлдары, облыстық ішкі істер басқармасының подполковнигі Аманжол мен облыстық орман-тоғай шаруашылығының бас директоры Бақытжанның қолында тұруға келісімдерін бермеді, тұла бойы тұңғыштары Аманкүлге өз тағдырларын сеніп тапсырды. Оған да талай-талай жылдар өтті. Аяулы анасы мен ғылыммен алаңсыз айналысуына барлық жағдай жасауға тырысқан, қиын сәттерде қасынан табылып, жанына жалау болған адал азаматы, журналистік абыройын асқақ ұстаған асыл қосағы Әскерді қасиетті Түркістан топырағына арулап қойды. (Журналист Әскер Исақов – Әсаға өмірінің соңғы оншақты жылында университетте ұстаздық етіп, дәріс оқыды, болашақ журналист кадрларын даярлауда өзіндік ізін қалдырды). Қазір жасы тоқсанның төртеуінен асқан сүйікті әкесі Жақан ақсақал қайсар қызының рухани демеушісі һәм тілекшісі.
Кезінде аузына батыр ата Бауыржан Момышұлы түкіріп, батасын берген, қазір қырықтың қырқасына шыққан Олжас Әскерұлы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетін кибернетика саласы бойынша үздік бітірді. Білім ордасына мұндай маман қажет болды. Бұл күндері ол Мәскеу қаласының тұрғыны, Ресей-Корей ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, техника ғылымдарының кандидаты. Таяу уақытта докторлық диссертациясын қорғауға дайындалып жүрген жайы бар.
Ал, бастапқыда Алматы медицина институтын үздік бітіріп, ҚазМУ-дің биология факультетін де үздік тамамдаған Гауһар Әскерқызы анасының ізімен ғылым әлеміне құлаш ұрды. Қазір елеміздегі танымал ғалымдар санатында, техника ғылымдарының докторы. Таяу күндері жетпіс жылдық мерейтойын атап өткелі отырған техника ғылымы саласындағы санаулы қазақ қыздарының бірі де бірегейі, өзінің қайтпас та қайсар қасиетімен ғылым әлемінде шырқау биікке көтерілген академик-профессор Аманкүл Жақанқызы Ақбасованың соқтықпалы-соқпақты қия жолдарда жемісті еңбегі жалғасын тауып келеді. Әлі де шығатын биіктері, алатын асулары алда. Профессордың бойындағы буырқанған қайрат-жігері, сан-салалы ғылыми ізденістері, өзін әрдайым қаумалап жүретін ізбасар шәкірттері жүректерге нық сенім ұялатады. Қажымас ғалым Аманкүл Жақанқызының жетістіктері қалай марапаттауға да әбден лайық!
Сейдулла САДЫҚОВ
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университетінің профессоры,
Филология ғылымдарының докторы.
Түркістан қаласы.