Бұл той бұрынғы тойдан өзгерек
2015 ж. 06 қазан
4193
14
Қазақ қашанда қой жылын құтты жыл деп есептеп, татулық, бірлік пен береке жылына санаған. Айтса айтқандай, 2015 жыл ел тарихында берекесі мол, мерекесі көп ерекше жыл болмақшы.
Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізіп, Нұрсұлтан Әбішұлына жаңа мандат берілді.Қазақ хандығының 550 жылы кең көлемде аталып өтуде. Ата Заңымыздың қабылдағанына 20 жыл мерекесі де тойланды.
Қазақ халқы Ассамблеясының дүниеге келгеніне 20 жыл толып отыр. Әрбір саяси іс-шаралардың, мереке мен тойлардың өзіндік орны бар. Ал, Қазақ хандығының 550 жылдығы тарихымызды қайта түлетіп, халқымызға рухани серпіліс жасайды.
Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында елімізде бірқатар игі істердің жүзеге асып жатқаны қуантады. Бұл – елдігімізді көрсететін, ерлігімізді паш ететін айтулы оқиға болмақ. Халық сүйіспеншілігі мен махаббатына бөленіп, ғасырлар бойы ұлт мақтанышына айналып келе жатқан хандардың даңқын асқақтату бір жылмен шектеліп қалмайды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөз сөйледі.
Қазір барлық ақпарат құралдары Қазақ хандығының құрылғандығына 550 жыл болғанын жарыса жазуда. Осы тұста бір мәселенің басын ашып алуымыз керек сияқты. Тарихта «Қазақ хандығы», «Қазақ ұлысы» деген тіркес бар. «Жалпы, осы хандық деген сөз біздің бүгінгі мемлекет деген ұғымымызды бере ала ма?» деп тарихшылар да пікір таластыруда.
Қазақ хандығының құрылғандығы, «Қазақ хандығы» деген тіркес бұл тәуелсіздікпен ұғымдас, мағыналас сөз болып есептеледі. Алғаш бұл сөз «Ел» деген мағынада қолданылды. Сондықтан, «хандық» сөзі «қазақ мемлекеті» деген ұғымды білдіреді деп есептеймін. Біздің осы қазақ мемлекетінің құрылуына байланысты бірден бір дерек-жазба Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-рашиди» еңбегінде сақталған екен. Онан кейін осы тақырыпты Махмут Ибн Уәли деген тарихшы қозғайды. Тарихшылар дерегіне сүйеніп айтар болсақ сөзіміз былай өрбиді.
Қазақ сұлтандарының билік етуі, хижра жыл санауы бойынша, 870 жылдан бастау алады. Бұл қазіргі жыл санауымыздың 1465-66 жылдарына тура келеді. Қазақ хандығының осы кезеңде құрылғаны анық. Өкінішке қарай, біздің кейбір тарихшылар Жәнібек пен Керейдің Ақорда аймағынан – Көшпелі өзбек ұлысынан бөлініп шыққан себебін сан саққа жүгіртеді. Бірі: «Әбілқайырдың Сығанақ түбіндегі қалмақтардан жеңілуімен байланысты,– десе, енді бірі «Қара қыпшақ Қобыландының арғын биі Дайыр Қожаны (Ақжол би) өлтіруіне байланысты елдің екіге жарылуы»,– дейді. Ал, меніңше, бұл мәселе Шайбан әулеті мен Жошы әулетінің таққа таласуынан келіп шыққан. Керей мен Жәнібек – Жошы хан ұрпақтары. Керей – Тоқтамыс және Темірмен теке-тірескен Орыс ханның немересі. Жәнібек – Барақтың тұқымы. Ал, Әбілқайыр болса кіші бұтақтан тарайтын ұрпақ болғандықтан хандық таққа Жошы ұрпақтары отыруы керек еді. Шайбан сонау Бату хан тұсынан кіші ұлысты басқарған адам. Мұнда Орда Еженнің жолы үлкен. Сондықтан Шыңғысханнан бері келе жатқан дәстүр бойынша Керей мен Жәнібектің жолы үлкен еді. Ал, енді Қазақ хандығы құрылған жыл бұған дейін неге мерекеленбей келгеніне біздің зиялы қауым мен тарихшылардың бірауызды пікірде болмауынан деп білемін.
«Қазақ хандығы 1455-56 жылдары құрылды» дейтін де, тіпті 1470 жылға дейін жылжытқан ғалымдар да болды. Дулати «Ақиқатын Алла біледі» деп айтып кеткен. Бұл сөз, бұдан кейін де талай айтылады. Ортағасырлық барлық жазбаларда Құран сүресін қолдану қағида болған. Рашид-ад-Дин де жазбаларында жиі келтіріп отырған. Қадырғали Жалайыри 1602 жылы жазған «Жами-ат-тауарих» еңбегінде «Алаш үш сан еді, үлкені – Жалайыр» деп жазады. Ал, кейін Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының нығаюы алты сан алаштың арқасы. Алаш қауымдастығы қазақ қауымдастығынан бұрын құрылған. Солар екі сұлтанды қолдағаннан кейін ғана хандық құрылды. Кез келген мемлекетті халық құрады. Міне, осы айтылғандарды ойда қорыта отырып, қазақ хандығының құрылған уақытын 1465-66 жылы деп есептеуіміз керек.
Біздің президентіміз Ұлы Дала атауын орнықтыруды ұсынды. Шынында да, «Біз Ұлы шығыс қағанатының, Ұлы түркі мемлекетінің,Алтын орданың нақты із басарымыз» Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі Ұлы дала туралы пікірі ондыққа дәл тиіп тұр. 550 жылдық тарихты ел көлемінде атап өту басталып кеткен сияқты. Тәуелсіздігін алғанына 23 жыл ғана болған Республикамыздың аспанға асқақтатқан Елбасының ел алдындағы ерен еңбегі бүкіл қазақстандықтармен қатар әлемнің әйгілі саясаткерлерінің бір кісідей мойындап отырғаны мен де мақтаныш сезімін оятады. Ендеше, Елбасы бізде біреу, ал біз оған барлық уақытта да сүйеу бола білуіміз керек, боламыз да. Мен оған нық сенімдімін. Өйткені, Елбасына сенім білдіру – тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктететін серпінді бастама.
Мен, азамат ретінде, Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзін елдіктің көзіндей санаймын. Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын тереңірек тарқата отырып, әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан әрбір қазақстандықтардың материалдық жағдайын әрі қарай жақсарту жайы жан-жақты қарастырылғандығын айтты.
Халқымыздың жақсы өмір сүруін жан-тәнімен қалайтын Елбасының қажырлы еңбегіне, қиял-арманына барлық қазақстандықтар шексіз риза деп ойлаймын.
Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың: «Алтын Орданың бүгінгі еншігері – қазақтар», – дегені маған қатты ұнады. Қайдан алды? Қайдан алса да, осы пікір бізге өте қажетті деп ойлаймын. Оны Алтын Ордадан бастағанымыз жөн болар.
Қазақ хандарының барлығы Шыңғысханнан, Жошыдан бастау алады. Алтын Орда неге құлады? Баяғы билікке таласу. Осман империясының да, Аттила империясының да, Моғол мемлекетінің де түбіне жеткен сол – билікке таласу, табысқа мастану.
550 жылдыққа орай орай көпсериалы фильм түсіруде осы жағдайлар жан-жақты ашылса жақсы болар еді. Қазір шалағай тарихпен балалар оқиды. Осындай кітаптарға тыйым салу керек. Александр патша Карамзинге тапсырма берген: «Орыстың тарихын жазып шық», – деп. Ол он екі жыл жазған екен. Карамзин: «Самая прекрасная выдуманная речь безобразит историю...» – деген. Бұл – ойланатын сөз.Қазақ тарихын бұрмалаушы тарихшылар, екінші, «тарихшымын!» деп төс қағатын ақын, жазушылардың шала пікірлері елді шатастырады.
Қазіргі заман басқа, Кеңес Одағының кезіне ұқсамайды. Керей мен Жәнібектің алғашқы хандық құрған заманы тіптен бөлек еді. Бірақ жазушыларымыз көркем әдебиет арқылы жалпы халықтың санасына тарихи ұғым ұшқынын түсірді. Біз тарихи тұлғаларды, оқиғаларды Есенберлиннің «Көшпенділерінен» білдік. Қазіргі жазушылар пікірі мынаған саятындай: Ар-ұждан деген ұғым болуы керек. Онсыз тарих тарих болмайды. Алпыс-жетпіс жыл бойы санамызда қалыптасқан рулық, жүздік тартыстар, өз батырларын кітапқа, фильмге енгізу деген мәселелер ертең көрініс табатыны даусыз. Сондықтан,білікті көзқараспен, тарихи мәні, көркемдігі биік, кейіпкерге лайықты тұлғалық бейне жасай алатын актерлер, кейіпкерлер іріктеліп шығуы керек.
Шыңғыс Хан, Құбылай, Арық Бұға сияқты ұлы мақсатпен күресіп жатқан басты кейіпкерлер болуы тиіс. Мәселен, кім бізде басты кейіпкер болады? Меніңше, алыс шет ел мамандарымен бірігіп түсірілген атышулы «Көшпенділерге» қарағанда Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласы» көрерменін патриоттыққа көбірек баули ма деп есептеймін. Тарихымызды терең зерттеп алып, бір байламға келген соң, көркемдік дүние тарихта қалады. Камал Смайылов бастаған азаматтардың ерлігінің арқасында «Қыз Жібек» фильмі тарихта қалды. «Құрбанжан датқа» деген қырғыздың киносы қандай керемет. Әлемде француздар французды, итальян итальянды, жапон жапонды түсіріп, ұлттық тарихын, болмысын насихаттап жүр. Қазақтар да сөйтуіміз керек.
Қытайдың «Шыңғыс хан», «Құбылай ханы» бар. Барлық жылдар дұрыс берілген, тарихи тұлғалар қамтылған, олар шынында да бұрмаланбаған. Оңтүстік Корея түсірген «Ұлы әмірші Қуаң Ге То» фильмі IV ғасырдағы ірі-ірі тайпалары біріктірген, корей халқының басын қосқан тарихи тұлға туралы. Жылдар мен оқиға ауытқымай дұрыс беріліп отырады. Елбасына ел болашағының кепілі болып осы тарихи фактілерден ауытқымауды ұстанып отыр. Елбасының елдің мүддесі үшн жасалған жаңаша қадамы хандық мерекесін ұлтты жоғарыдан көрсететін шара.
Елбасы күрделі кезеңнен сүрінбей өтетін бірден-бір дұрыс шешім иесі. Ең бастысы, бұл заман талабына сәйкес – мемлекеттің дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеретін 2015 жыл ел тарихының ақ парақтарына алтын әріптермен жазылып қалатын болады. Президент сарамандықпен бір тоқтамға келген дұрыс деді. Яки, Қазақ хандығының алғаш құрылған кезі 1465-66 жылдар дегенге тоқтау керектігін сездірді.
Қатардағы азамат ретінде елдігіміздің абыройын асқақтататын мәселелерге пікір қосқан болдым. Әрине, асырып айту қиын. Тарих төңірегіндегі түйінді шешіп мен аңдамаған, аттап өткен мәселелер де бар шығар. Біз жеткізе алмағанды тарихшылар, жазушы-драматургтер, өнертанушы ғалымдар мен ақындар, жазушылар мен тілшілер толықтыра жатар. Осыны баспасөзде жарық көріп жатқан әртүрлі материалдар көрсетіп отыр.
Бұлытбай МАМЫТОВ, Түрксіб аудандық сотының судьясы Алматы қаласы