Халқы қадірлеген Пір Бекет
2015 ж. 23 қыркүйек
8635
2
«Мединада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет», – деп халқымыз Бекет атаны ең қасиетті тұлғасына теңеген. Бұл бекер емес.Халықтың тәуелсіздігі жолында жауларға қарсы күреске белсене араласқан батыр, ғылымның қиын жолымен жүріп өтіп, балаларды білім нәрімен сусындатқан ағартушы, ежелгі дәстүр бойынша көптеген елді мекендерде мешіттер мен медреселерге арнап ғимараттар салған сәулетші, мүсәпірлер мен ауруларға қол үшін берген ерекше дарынды, атпал азамат және аса маңызды оқиғаларды болжай білген сәуегей, таңғажайып қасиет иесі, жас кезінен биліктен де, байлықтан да бас тартып, ізгілік жолын таңдаған бабамыз тек Атаның ғана емес, адамзаттың баласы болды. Қазіргі ғылыми тілмен айтқанда, Бекет ата феномен тұлға. Бекет Ата Мырзағұлұлы шежірешілердің айтуына қарағанда 1750 жылқы жылы Жем бойындағы Ақмешітте орта шаруаның отбасында өмірге келіпті. Әкесі аруақты Адай Атаның алтыншы ұрпағы саналатын Мырзағұл еңбекқорлығымен елінің сыйына бөленген, ал анасы Жәния шешеміз ақылдылығымен ауыл-аймағының арасында қадірі асқан жандар болыпты.Атасы Жаналы да әділдігімен аты шыққан, азғана адайға ғана емес, қоныстас кіші жүз руларына танымал, беделді ақсақал болған көрінеді.
Бекет Ата – Мырзағұл ақсақалдың төрт ұлының кенжесі. Оның шығу тегі былайша айтылады: Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Қосқұлақ – Жаналы – Мырзағұл – Бекет. Жаналы бабамыз да, Мырзағұл атамыз да әулие кісілер болған, жалпы Қосқұлақ әулеті зайырлы тұқым деп есептеледі. Оның үстіне көнекөз қариялар Бекет Атаның батырлығы кәрі нағашысы тама Есет батырдан, көріпкелдігі мен әулиелігі өз нағашысы Назарқожадан дарыған екен дейді. Пір Бекет атамыздың өмірден кеткеніне екі ғасырдан астам уақыт өтсе де, игі істерімен халықтың санасында, өшпес ізімен ел жадында жаттаулы. Қәзір де осы қасиетті мекенге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелден өзге ұлт өкілдері мыңдап келіп, рухына тағзым ету игі дәстүрге айналған.
Аты алты алашқа әйгілі, дүйім жұрт пір тұтып, елден ерек қастерлейтін Бекет Ата Мырзағұлұлы атамыздың зиратына Астана қаласынан 10 жылдан бері келуді арман етіп келген, Рая Қуанышқызы әжеміз үлкен ұлы Болат ағамызбен арнайы зиярат етуге келді. Қуанышқызы Рая әжеміз жасы 71 (жетпіс бір) жаста. Ол аяғының ауырғаны, денсаулығының нашарлығына қарамастан Сауд Арабиясының батысындағы, Қызыл теңізден шамамен 100 км қашықтықта орналасқан, мұсылмандардың қасиетті қаласы болып саналатын Меккеге қажылыққа барып, қақпаны үш рет ұстаған және Иерусалимдегі ғибадатқаналы тауда орналасқан- Әл-Ақса мешітіне барған.Әл-Ақса мешіті:
1) Мұсылмандардың бірінші құбыласы;
2) Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) исра жасаған, миғражға көтерілген жері;
3) Алланың жерде соғылған екінші үйі;
4) Алланың жүздеген пайғамбарлары жерленген орын;
5)Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген сахабаларының жерленген орны;
6) Алланың құдіретімен таңғажайыптар болған жер;
7) Алланың өзі жарылқаған жер;
8) Құранда күрделілігі жайында 70 рет тікелей немесе жанама айтылады;
9)Алла елшісі мен періштелердің жолыққан орны;
10) Құранда айтылатын жалғыз мешіт.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мекке мен Мәдинадағы әл-Харам мешітінен кейінгі исламның үшінші қасиеттісі. Мешітте бір уақытта 5000 мұсылман ғибадат ете алады екен.
Рая әжеміздің үлкен ұлы Болат аға өз парызын орындап, Бекет атаның басына зираттап келуге бел буған екен.
Өзім Бекет атаның басына осыдан бірнеше жыл бұрын яғни 5-6 сынып оқып жүргенімде отбасымызбен зиярат етіп барған болатынбыз.Ол кезде арнайы жол салынбаған, ойқы-шойқы жолдармен жүру өте қиын тек қана Нива, Уаз көліктері жүре алатын еді. Тіке құламадан құлап, сол жолдармен адаспай барып зиярат еткенбіз.
Содан міне, ағымдағы жылдың қыркүйек айының он тоғызыншы жұлдызында Алла сәтін салып, Астанадан келген қонақтарымызбен бірге зиярат етіп келдім.
Зиярат ету барысында біз әуелі «Батыр» ауылында ата ұрпағы Бердіхан атамыздың шаңырағында Пір Бекет атамыздың асатаяғына барып, содан кейін Шопан атаның зиратына бардық. Бекет атаның зиратына баратын адамдар міндетті түрде бірінші Шопан атаға соғады.
Шопан ата басына құранымызды оқып, дәм татып, түстен кейін Бекет ата жер асты мешітіне қарай беттедік. Оғланды жолы өзгеріпті, тас жол болмасада тіке жол салып қойыпты. Бір мезетте Оғландыға,Бекет атаның басына жетіп бардық. Атаның басында зиярат етуші адамдар соның ішінде өзге ұлт өкілдері де жетерлік. Бастарына ормалдарын тартып, қолдарын жайып тілек тілеп отыр, іштей қуанып қалдым. Зиярат етушілер көп болғасын ата мешітін үлкейту мақсатында құрылыс жұмыстарыда жүріп жатыр екен. Сөйтіп, ойға құладық. Мешітке бару үшін бізге үңгірден қайыршақты тастан қашап салған сатылы жолмен төмен түсу керек. Бір адамға арналған жолдарда өзгерген, шаршасаң тынығып отыратын отырғыштар бар екен. Бар жағдай жасалған.
Бұрын ұзақ жол болып көрінетін, бір адамдық жолдан, бір мезетте Бекет атаның жерасты мешіттің өзіне келіп жеттік. Бұл жерде шырақшы Бекет ата туралы айтып, дұға оқыды. Бекет Ата жерасты мешіті - Оңтүстік Үстірттің Маңғыстау ойысына тірелген тұмсығының үзіліп қалған Оғыланды шоқысына қашалған тарихи-сәулет ескерткіші. Үш - төрт қанат киіз үйдің көлеміндей үш бөлме. Бекет атаның мүрдесі осы жерасты мешітіндегі бөлмелердің бірінің іргесіне қашап орналастырылған.
Қайтып келе жатып, киелі бұлағына тоқтадық. Бұл жерде арнайы жасалған шүмектерден тәу етушілер су алады. Біздерде су алып, киелі суды ішіп отырып, асықпай қонақтарға атаның тарихынан сыр шертіп, тынығып отырғанымызда, аңызға айналған киіктер көріне бастады. Бір уақытта құз басынан тәкаппар жануар – басында мүйізі айналған Арқар көрінді. Біз саяқ жүрген арқарлардың, елігімен жайылып жүрген аналығында көріп, таңырқап қалдық. Негізінде көзге көрінбейді- деуші еді.
Маң даланың еркесі де сәні, тамылжыған табиғаттың көркіне көрік қосар сұлуы, мөлт-мөлт еткен көздерін айтпағанда, желпілдеген танауының өзі әдемі көрінетін, сонысымен-ақ баурап алатын сүйкімді жануар — арқарды , киікті қазақ киелі деп санайды .
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде арқар, киікке байланысты аңыз – әңгімелер мен теңеулер көп. «киік» - ежелгі замандардан бері Ұлы Даланы мекен етіп келе жатқан киелі аң. Қазақ халқы бұл аңды киелі санап, қажетсіз ауламаған, атпаған. Бұрын осы киелі Далада киіктер миллиондап жортып жүрген. Бірақ бір кездері мына сар далада маңғырған киіктер жайылып жүретін десе кейінгі ұрпақ сене қоймас. Менің айтпағым, елігімен жайылып жүрген киіктер Бекет ата басындағы бұлақ басынан су ішеді екен. Сізге өтірік, бізге шын, бір топ киіктер жайылып, халықтан үркімей, жайылып жүрді. Құз басындағы ойнақ салып жайылып жүрген арқарларды 5-10 метрден көріп тамашалап, мәз болдық. Барлығы жақындап, жайылып, видеоға, суретке түсуге мүмкіндік берді.
Бұлақтан шөлін қандырып жан-жағына маңғаз көз тастап кетіп бара жатқан арқардың артынан қарап тұрудың өзі ғанибет екен.
Күн ұясына батар сәтте Рая әжей намазымды оқып алайын –деп, намаз оқып бастағаны сол-ақ еді, арқарлар мен киіктер жанымызға жан-жақтан шоғырлана бастады, бері қарай жақындай түсті. Айтсаң, адам нанғысыз! Имандай шыным... Үйірімен жиналды.
Кезінде Бекет атамыздың нағашылары Назарқожа Адай Атаның бесінші ұрпағы, белгілі би Жайықұлы Әлменбеттің Ікәй атты жалғыз қызына үйленіп, одан Қожакілен, Мұрын деген екі ұл мен Жәния есімді бір қыз сүйеді. Осы Жәния шешеміз Бекет атаның анасы. Діни сауаттылыққа жетік Қожа ауылы Ұлан ауруымен науқастанатын Ікәй шешемізді киік сауып, киіктің сүтімен емдеп, ел арасында «Киік сауған Қожа» атанған екен.
Құран құдіретін сезгендей, әлгі киіктер кетпей, жайылып жүрді. Біздер
көтерілген сайын, арқарларда оларда көтеріле бастады. Біздер жоғарыға көтеріліп, қақпаға жете берген сәтте алдымыздан қарғып өтіп, анандай жерден қарап тұрды. Құдды, бізге жаратқанның өзі жібергендей , бізді шығарып салғандай күй кештік.
Шатқалға шыққаннан кейін, демалып отырып, алған әсерлерімізбен бөлістік. Әркімнің киелі жерден алған ішкі сезімдері әртүрлі екен. Астанадан келген Рая әжеміз шаттанып, жүрегіне қуаныш кернеп, көзіне жас алып, алғысын білдірді. Ал мен үшін осы жер және мұның алдында барған басқа да киелі жерлердегі кеңістік махаббат пен шексіз мейірімділікке толғандай әсер етті. Бұл жерде жүйткіген уақыт сезілмейді, ал барлық қамкөңілдік, күмән, тіршілік туралы ойлар өздігінен жоғалып кеткендей. Бұл жерде мен басқа уақыт кеңістігінде жүргендеймін.
Бізге ерекше тылсым күш сыйлағандай, демалып, рухани тазарып, Бекет атанының мешітіне 1 күн түнеп, садақамызды беріп, ауылымызға тарқастық.
Әлия ИСАЕВА
Маңғыстау облысы