«ТІЛІМ МЕНІҢ – ТІРЛІГІМНІҢ АЙҒАҒЫ»
2015 ж. 21 қыркүйек
1284
1
Елорданың төрінен орын алған, Бәйтеректің түбіндегі №66 мектеп-лицейінде туған тіліміздің мерейін асқақтатқан мерекелік шара өтті. Мектеп жанындағы «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша құрылған «Нұрлы білім» ұлттық-интеллектуалдық, рухани-танымдық клубының бұл отырысы «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» деп аталды. Қазақ тілінің білім тілі, ғылым тілі болып жүргенін тағы бір дәлелдеген бұл кештің мақсаты ұлттық тіліміздің бүгіні мен ертеңі туралы білім алушылардың дүниетанымын кеңейту еді.
Тіл жанашырлары – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазы, ақын, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары, «Қазақ үні» газеті президенті Қазыбек Иса және Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, п.ғ.д., ҚР Кіші Ғылым Академиясының вице-президенті, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы Нұрша Оразақынова Алжамбайқызы жас өрендердің қойылымын мектеп басшылары, мұғалімдер, оқушылармен бірге бастан-аяқ тамашалады. Әу дегеннен тізгінді қолға алған жас шәкірттер кештің беташарын: «Тарихтың тал бесігі тербеледі, Жылдар жылжып ғасырлар дөңгеледі. Көз жүгіртіп қарасам өткендерге, Қасиетті ана тілім дем береді. Қазақ тілім, қазақ тілім, ана тілім, Көркейе бер, көктей бер, дана тілім!..» – деп, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының «Қазақ тілім» Әнұранымен ашты. Кеш жүргізушісі, 3-сынып оқушысы Мирас мектепте үш оқу жылы бойы тәжірибелік жұмыс жүргізіп жатқан төл технология туралы 7-сынып оқушысы Жансаяның пікірін сұрағанда, ол: «Бұл технология туралы көп нәрсе айтуға болады ғой. Әрине, жасыратыны жоқ, алғашқы кезеңдерде бәрімізге де қиын соқты. Бірте-бірте сөз сырына бойлаған сайын қызығушылығымыз артты. Әр дыбыстың айтылу, жасалу сырына бойлау, олардың әуезділігін, ашықтығын, айқындығын, көмескілігін, күңгірттігін, үн мен салдырдың мөлшерін, тағы басқа қасиеттерін сатылап талдай отырып меңгеру, туған тіліміздің тереңіне бойлап, оның ұшан теңіз байлығына көз жеткізуге ықпал етті»,–деп ағынан жарылды. Ал 6-сынып оқушысы Камшат болса: «Достар, мен де сіздер сияқты алғашқы кезде қиналдым. Бірде мұғаліміміміз қазақ тілі пәнінде ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген мына бір даналық сөзін талдатпасы бар ма? Сонда мұғалімнің бізге қойған талабы былай болды: біріншіден, сөйлемге синтаксистік талдау; екіншіден, ондағы «тілі» сөзін сөз құрамына; үшіншіден, «жұрттың» сөзіне сөзсазындық; төртіншіден, «жоғалады» сөзіндегі дыбыстарға математикалық тәсілмен дыбыстық мінездеме беруді талап етті. Бастауыш сыныпта тіл білімі салалаларынан біраз хабарымыз бар біздің бұл тапсырмаларға тісіміз батпады. Осы күннен бастап ұстазымыз Самал Жақсылыққызы «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен талдаудың алуан түрін үйрете бастады. Біздің ана тілімізге деген сүйіспеншілігіміз күннен-күнге арта түсті», –деп жан сырымен бөлісті. Бұдан кейін туған тілінің тереңіне «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арқылы ғылым бойлап жүрген шәкірттер өзара білім жарысын ұйымдастырды. Жоғарыда есімі аталған ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының ұлағатты сөзіне алдымен ой толғау жасады. Онда оқушылар өздерінің ана тілінің болашағына бей-жай қарамайтындығын, ерекше қадірлейтіндіктерін ерекше толқыныспен жеткізді. Бұдан аңғаратын нәрсе оқушылардың отбасында, мектепте, аулада алған білімдерін пайдалана отырып, тек қазақ тілінде сөйлейтіндігі айқын білініп, нағыз тіл жанашырлары екендіктерін танытты. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушылары математика, ана тілі, дүниетану пәндерінен тосылмай, анық та айқын сауатты, ғылыми тілде талдай алатындығын көрсеткенде, жиналған көпшілік еріксіз риза болып, қошемет білдірді. Жас өрендердің туған тілі арқылы қаншама білім нәрімен сусындап, оның қадір-қасиетін ұғынып жатқанына куә болып, Отаншыл, ұлтжанды, өз елінің салт-дәстүрін қадір тұтатын тұлға болып қалыптасатындығына сенім пайда болды. Шіркін, осы технологиямен еліміздің барлық мектептерініндегі білім алушылар оқыса ғой. Олар да осы оқушылар сияқты гендік деңгейде ұлттық қайнардан нәр алып, алған білімдерін өмір бойы ұмытпай, нағыз тіл жанашыры болар еді деген ой қылаң берді. Бұл іс-шара 22 қыркүйек Тілдер мерекесіне арнап өткізіліп отырған шара болғандықтан, адам жанын жадыратар поэзия бөліміне де уақыт бөлінген екен. «Тілімде менің Байлығы жатыр ғаламның, Кеңдігі жатыр даламның. Қаныма сіңген, Жаныма сіңген сүтімен. Мейірім менен, Махаббаты жатыр Анамның!»– деп бастап, тіл туралы өлеңдерімен үш тілде сайрай жөнелген ұл мен қыздарды көргенде, Елбасының үштұғырлы тіл саясатының астарын – туған тілінде ойлайтын, қалған тілде сайрайтын буын өкілдерінің қандай болу керек екендігін ұғына түстік. Сондай-ақ 3 "в" сынып оқушылары, мысалы Әмина Жарылқасын: Өзің үшін үйренсең, Жамандықтан жиренсең, Ашыларсың жылма-жыл. Біреу үшін үйренсең, Біреу білмей, сен білсең, Білгеніңнің бәрі — тұл!"- деп, Ұлы Абай ұлағатын жатқа айтты. Оқушылар өз сөздерінің түйінін «Ананың тілі» әнімен аяқтады. Оқушыларының білімі мен алғырлығына риза болған мектеп директоры Айтжан Ермұханқызы шара соңында сөз алып, білім ордасына осы төл технологияны енгізудегі мақсаты туралы өз ойымен бөлісіп, мектеп шәкірттері үшін Алатау баурайынан арнайы келіп, соңғы үш жылдан бері №66-мектеп-лицейінде жұмыс жасап жатқан Нұрша Алжамбайқызына зор алғысын білдірді. Депутат Оразгүл Асанғазы ханым өз сөзінде қазақ тілінің бейнелі, қуатты, әуезді, бай тіл екенін еске сала отырып, оқушыларға мазмұнды дәріс оқып, туған тілін сүюге, құрметтеуге шақырып, жігерге толы сөзімен қанаттандырып жібергендей болды. Туған тілді терең үйреніп, зерделеудегі ұлттық технологияның мән-маңызына тоқталып, төл тәсілді ту етіп, білім теңізінде жүзіп бара жатқан жас өрендерге сәт сапар тіледі. Ақын Қазыбек Иса: «Қазір мемлекеттік мекемелерге, Үкімет үйіне. Парламентке бара қалсаң, алдыңнан Ресей тілінде сөйлейтін қызметкерлер шыққанда 25 жыл не істегеміз деп, түңіліп кетесің. Ал Астанадағы 66 мектеп-лицейдің қазақ тілін терең меңгерген, қосымша ағылшын тілдерін де де сайрап тұрған балалар ертең билікке келгенде ғана біздің көзіміз ашылатын шығар. Біз, «Ақ жол» партиясы мен «Қазақ үні» газеті Нұрша Оразақынова басқаратын мемлекетшіл, ұлтшыл, Алашшыл өркендер тәрбиелейтін «Сатылай кешенді оқыту» шарасының республикалық байқауына демеуші болып келеміз» деп, мектеп басшылығына алғысын жеткізді. Әр түрлі мерекеге сай шаралар жиі өтетінінің куәсі болып жүрміз. Дегенмен, жәй ақпар үшін емес, нақты мақсат үшін, келелі нәтиже үшін жасалатын осындай салмақты дүниелер жиірек ұйымдастырылса, білімді санада ұмытылмастай етіп бекітер едік. Білімнің мәнін ұғындырып, меңгертер осындай ұлттық төл технологиясына өріс тиісті деңгейде ашыла түссе, жастарымызды болашақ тізгінін ұстауға лайықты дәрежеде тәрбиелер аларымыз анық.Алма Сайлауқызы, журналист.
Qazaquni.kz