Қазақ ордасының құрылуы
2015 ж. 09 қыркүйек
6332
1
Мұхтар МАҒАУИН
XIII ғасырдың 40-жылдарында ту көтерген, ежелгі түрік жұртының қыпшақ тектес руларын біріктірген ұлы мемлекетіміз Алтын Орданың саяси және әкімшілік құрылымы қарауындағы халықтың шаруашылық жағдайына, жер ыңғайына орай қалыптасқан болатын. Алтайдың сауырынан Дунайдың етегіне дейінгі кең байтақ жерді – жарым дүниені алып жатқан алып мемлекеттің Еуропалық бөлігі – оң қанат, ал Азиялық бөлігі – сол қанат деп есептелді. Оң қанат – Ақ Орда деп аталады, сол қанат – Көк Орда деп аталады. Бұл арада көне түрік тілінде ақ сөзі – батыс, көк сөзі – шығыс дейтін мағына беретінін айта кету керек. Сондықтан, coвет тұсындағы кейбір тарихи еңбектердегідей, бұл екі Орданың орнын ауыстыруға болмайды.
Алтын Орданың Шығыс бөлігі, яғни Көк Орда, негізінен, қазіргі Қазақстан Республикасының территориясын қамтыды. Бұл үлкен мемлекет ішіндегі құрылым, қазіргі тілмен айтсақ, автономиялық белгілері, яғни өзіндік әкімшілік, басқару жүйесі бар біршама дербес ұлыс еді. Астанасы Сыр бойындағы Сығанақ шаһары болды.
Көк Ордада билік жүргізген хандар да Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының әулетінен тараған еді, бірақ Ақ Ордада, Еділдегі Сарай қаласында хүкім құрған ұлы ханның дәргейіне бас ұратын. Көк Орда жұртшылығы өздерін Алтын Орданың бір бөлшегі санайтын. Соғыс күндерінде қай тараптағы жорық пен ұрыста болмасын, Алтын Орданың мың-сан әскерінің сол қанатын құрайды, бейбіт күндерде үлкен ұлыстың тіршілік-мерейінен бөтен мүддесі болмайды. Бірақ жер жағдайы, көші-қон ыңғайы, шаруашылық кебі Көк Орданың өзіндік сипатын қалыптастырады. Бір жағы Тарбағатай мен Жетісу, бір жағы Маңғыстау мен Нарын құмы, түстікте ұзын аққан Сыр-Дария, терістікте Түменге, Сібір тайғасына дейінгі ұлан-ғайыр қоныста шалқып-толқып отырған айбарлы жұрт сол кездің өзінде-ақ саяси бірлікпен қоса этникалық тұтастыққа да ие болғаны байқалады.
1357 жылы Алтын Орданың ұлы ханы Жәнібек өлгеннен соң, елдің саяси жағдайы қиындайды, аумалы-төкпелі, бұлғақ кезеңі туады.
Қазақта ескіден қалған: «Нар мойыны кесіліп, Бердібектің өлген жері» деген мақал бар. Бұл Бердібек – Жәнібек ханның туған ұлы.
Аталарына тартпаған қорқау залым таққа таласар деген қауіппен кіндіктес, немере-шөбере туыстарының түгел көзін жояды. Ел-жұртына қарабет болып, арада екі жыл өтер-өтпесте өзі де кісі қолынан өледі. Бердібектен соң шынында да нар мойыны кесіледі, яғни Алтын Орданың негізін салған Бату ханның тұқымы құриды, Жошыдан тараған басқа әулеттер ішінде таққа талас басталады.
Тарихшылардың есебі бойынша, үлкен бұлғақ дәуірінде, айналасы 20 жыл ішінде Алтын Орда тағында 14 хан ауысыпты. Ешқайсысы еркімен түспеген, бәрі де өзара қырқыс нәтижесінде казаға ұшыраған.
Miнe, осы кезеңде Көк Орда хандарының әулеті де Алтын Орда тағына ұмтылады. Бұлардың ішінде ұлы хан дәрежесіне жетіп, Сарай қаласында азды-көпті билік құрған – Орыс хан, Тоқтамыс хан және Барақ хандар.
Бірақ Алтын Орданың күні батқан еді. Береке-бірлік азайған, күш-қуаты да кемуге бет алған.
Астана байтақта орныға алмаған Орыс хан өмірінің соңғы кезеңі – Орта Азиядан шыққан жыртқыш жиһангер Ақсақ Темірмен күрес үстінде өтеді.
Тоқтамыс хан сол күресте басын жояды.
Алтын Ордадағы үлкен таққа жеткенімен, ол да баянды билік орната алмаған Барақ хан бар қажыр-қайратын Көк Орданың мерейін көтеруге жұмсайды.
Ақсақ Темір мен Тоқтамыстың арасындағы жойқын соғыстар кезінде біз Сыр-Дария өңірінен айырылған едік. Барақ хан Ақсақ Темір ұрпақтарымен, оның ішінде атақты Ұлықбекпен тынымсыз шайқасып, бет қаратпай жеңеді, бүкіл Сыр бойын, ондағы Сығанақ, Отырар, Сауран, Түркістан қалаларын қайтарып алады; көп әскермен қарымта соғысқа шыққан Ұлықбек пен оның інісі Мұхамед-Жәукені Самарқанның түбіне дейін қуып, Ақсақ Темір әулетінің ата жұрты Мәуреннахрдың біраз жерін ойрандайды, мол олжамен қонысына оралады.
Бұл заманда Көк Орда мүлде дербес құрылым ретінде көрінеді.
Егер «Көк Орда» деген сөзді белгілі бір тарихи кезеңге тән шартты атау деп есептесек, территориясы жөнінен алғанда да, халқының тайпалық құрамы жөнінен алғанда да бұл қуатты ұлыс – ортақ емес, бөлшек емес, біздің өзімізге ғана тиесілі мемлекет болатын.
Сол бетінде ордаланып кетуіміз де мүмкін еді, бірақ ойламаған жерде ұлыстың берекесі қашады. Өз заманының тарихшылары ақылды, қайсар, жаужүрек әмірші деп бағалаған Барақ хан кезекті соғыстарының бірінде, ұрыс үстінде, жағаласқан жау қолынан емес, өз әскерінің қатарындағы опасыздан – осының алдында ғана бағынып, қызметіне кірген ноғай мырзаларының арам жебесінен жазым табады. Бұл – 1428 жыл.
Нәтижесінде, біржола ыдырау дәуіріне көшкен Алтын Орданың шығыс бөлігінде де елдің қаймағы бұзылады, жұрттың берекесі кетеді. Билікке ұмтылған сұлтандардың әрқайсы өзінше шағын хандық құруға тырысады. Ақыры, солардың ішінде Жошының тағы бір ұлы Шибан әулетінен шыққан Әбілқайыр ханның бағы көтеріледі.
Әбілқайыр аз ғана уақытта бұрынғы Көк Орданы қалпына келтіргендей болады, бірақ толық бірлікке жете алмайды. Ежелден ел билеген басқа әулеттер қару көтеріп қырқысқа бастамаса да, Әбілқайырды тақтан тайдыру күресін тоқтатпайды.
Бұл арада бар кілтипан тақ таласында ғана емес еді.
Әрбір сұлтанның артында қаншама жұрт бар, ең үлкен қайшылық – елдің тірлік-тынысынан, даму бағдарынан туындаған. Әбілқайыр Орта Азияның отырықшы аймақтарына бейімдік танытады, соған орай елдің тұрмыс жайына да, әдет-салтына да басқа тұрғыдан қараса керек. Ал Әбілқайырға қарсы топ – Орда-Ежен, Тоқай-Темір әулеті ежелгі дәстүрді берік ұстанып, ата салтын бәрінен де жоғары қойған сияқты.
Уақыт оза келе саяси күрес ашық жаулыққа ұласады. Кеше ғана Көк Ордада тежеусіз билік құрған Орыс ханның ұрпақтары Керей және Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр билігінен бас тартады да, соңына ерген барлық жұртымен түп көтеріле көшіп, Қозы-Басы дейтін байтақ қоныс пен Шу өзенінің бойында дербес хандықтың туын көтереді, бұл жаңа ұлыс Қазақ Ордасы деп аталады.
Ортағасырлық, атақты тарихшы Мұхамед-Хайдар Дулаттың куәландыруы бойынша бұл оқиға 1456 жылы болған.
Осы 1456 жыл, еркіндік аңсаған Керей мен Жәнібек жаңа бір ұлыстың дербестігін жариялаған шешуші оқиға – халқымыздың тарихындағы кезеңдік құбылыс, мемлекеттік құрылым бастау алған, Қазақ деп аталатын, жаңғырған этностың дүниеге келген мезгілі деп есептелуге тиіс.
Кейінгі зерттеушілер 1465 жылды, 1470 жылды, тіпті бұдан соңғы кезеңдерді атап жатады. Бұл тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ Ордасының ту көтеріп, ірге бекітуі тек Әбілқайыр кенеттен қайтыс болған соң ғана жүзеге асқан сияқты. Осыған дейінгі ұзақ он екі жыл тепе-тең күрес үстінде өткені есепке алынбайды.
1465-1470 жылдар – хандықтың құрылған емес, нығайған уақыты, халықтың өз тәуелсіздігін жариялаған емес, көрші жұрттарға біржола танылған мезгілі. Түптеп келгенде, мұның бәрі қазақ тарихының бастауын мүмкін болғанынша кейіндету талабының бір көрінісі ғана.
Керей мен Жәнібектің соңына ерген, қазақ болып бөлінген жұрттың әуелгі саны – екі жүз мыңдай кісі екен.Сол заман үшін көп халық. Бірақ, байтақ ұлыста қалған туыстарының саны бұдан алты-жеті есе артық болатын.
Шу бойына, Алатау етегіне орныққан жұрт біраз күш жинап, өзінің саяси жағдайын нығайтқан соң, бұрынғы Көк Орда жерін түгел қайтарып алу жолындағы күресін бастайды. Көршілерімен жүргізген сәтті соғыстар нәтижесінде және қолайлы тарихи жағдай арқасында айналасы он жылға толар-толмаста үлкен қуатқа ие болады.
Қазақ болып бөлінген қауымды қолда бар күшпен таптап, жаныштауға шамасы жетпеген Әбілқайыр бүкіл ұлысына сауын айтып, әскер жинайды. Еділ дарияның жағасында қалың қол түзіп, 1468 жылы қазақ Ордасына қарай аттанады.
Сол замандағы, Әбілқайырға, бүкіл Шибан әулетіне бүйрегі бұрыс тарихшылардың айтуына қарағанда, ауыр әскер қазақ қоныстарының шегіне тақап, Алатаудың сілемдері көрінген кезде, мезгілсіз уақытта, күтпеген жерден суық соғады, жорықшылар бөгелуге, күннің жылынуын күтуге мәжбүр болады. Салқын ызғары азайып, әскер алға жылжымақ болғанда, тағы да суық ұрады. Қалың қол амалсыз іркіледі, бірақ жорықтың сәті түспейді, ақыры осы арада ауыр сырқатқа ұшырап, Әбілқайыр қайтыс болады.
Біздің бүкіл тарихымыз жаулас елдердің, жау болмаған күннің өзінде жат жұрт өкілдерінің қолымен жазылған. Аңдап қарасақ, Әбілқайыр ханның жорық жолында бөгелуін күннің суытуымен ғана түсіндіру қисынға келмейді. Ол заманда қара суық түгілі, қақаған қыстың өзі қанды жорыққа, қырғын соғыстарға бөгесін бола алмаған.
Әбілқайырдың межелі жер шегіне жетер-жетпестен еріксіз аялдауының жалғыз-ақ себебі болды дер едік, ол – қарауындағы әскердің қазақ болып бөлінген жұртты шабуға үзілді-кесілді қарсылығы. Керей мен Жәнібектің туы астындағы жұрт пен Әбілқайыр туының астындағы жұрт – бір-ақ халық еді, бәрі де Алаш ұлы, кейінгі үш арыстың баласы.
Шынында да солай болады. Әбілқайыр өлісімен соңындағы әскер тарап кетеді; бұрынғы әміршісіне адал шонжарлардың бір тобы Әбілқайырдың ұлы Шейх Хайдарды хан көтереді, бірақ ол көп ұзамай, қазақтармен қақтығыста қаза табады. Сөйтіп, алғаш ту көтергеннен соң арада бір мүшел өтер-өтпесте Керей мен Жәнібек атажұртына толық ие болады.
Қазақ Ордасы бұрынғы Алтын Орданың шығыс бөлігі Көк Орда жерінде біржола орнығады, ежелден атамекенінде отырған түрік-қыпшақ рулары енді қазақ деген ұлттық есімге атығады. Қазақ Ордасындағы халықтың ұзын саны бір миллионнан асады. Ол заманда жұрты миллионнан асқан ел некен-саяқ болатын.
Қазақ Ордасының құрылуы, осының нәтижесінде қазақ аталатын халықтың тарих сахнасына шығуы – бір жұрттың екінші жұртты жаулауының, белгілі бір тайпалардың жаңа қонысына келіп, жаңа патшалық орнатуының нәтижесінде жүзеге асқан іс емес. Бұл – тілі бір, түрі, діні бір, салт-санасы ортақ туысқан рулардың, яғни, этникалық тұрғыдан алғанда, біршама қалыптасқан қауымның жаңғырған орда құрамында қайтадан топтасуы болатын.
Көне Түрік қағандығы – біздің түп-тамыр, әуелгі ұлы мемлекетіміз, Алтын Орда – одан соңғы бабаларымыз орнатқан даңқты ұлысымыз, Көк Орда – қазақ жұртының этникалық бірлігіне жол ашып, мемлекеттік жүйесін қалыптастырған, туған әкеміз десек, Қазақ Ордасы– біздің өз есімімізбен көрінген, халқымызды этнос ретінде біржолата орнықтырған құрылым болды.
Қазақ Ордасы ежелгі түрік тайпаларының бір бөлігін атамекенге ұлыс етіп ұйыстыруымен қатар, олардың жұрт ретінде сақталуына мүмкіндік жасады, кешегі Алтын Орда қонысының басқа тарабындағы бауырларымыз қырылып-жойылып, жанышталып, тапталып жатқанда, қазақ туын көтерген қауым өзінің елдігін сақтады, ұлан-байтақ жерін ұрпағына мирас етіп қалдырды.
Біз үшін қай замандағы тарихымыз болсын қымбат, айтулы кезеңдерде ту ұстаған бабаларымыздың барлығы да құрметті, бірақ сол бұрынғы-соңғы тарихта орны бөлек екі адам бар десек, бұлар – Қазақ Ордасының негізін салған әуелгі екі ханымыз – Керей мен Жәнібек.
Бұлардың қайысысы басшы, қайсысы қосшы деуге болмайды. Екеуі де дана, екеуі де ер. Алаштың асып туған ұлдары.
Ата жөнімен таратсақ, ежелгі түріктің қият руынан бастау алатын, қазақтың үш жүзіне ортақ төре деген рудан. Арғы бабалары – Шыңғыс хан, одан Жошы хан, одан Тоқай-Темір, одан Өз-Темір, одан Қожа, одан Бәдіғұл, оның ұлы атақты Орыс хан.
Орыс ханның жеті ұлының үлкені Тоқтақия хан, ортаншысы Құйұршық хан. Тоқтақия ханнан Болат туады, Болаттан қазақтың Керей ханы. Құйұршық ханнан атақты Барақ хан туады, Барақтың ұлы – қазақтың Жәнібек ханы.
Яғни, Қазақ Ордасының негізін салушы Керей хан мен Жәнібек хандар үшінші атадан табысады. Көк Орданы көркейткен Орыс ханның шөберелері.
Қазақ Ордасы құрылғанда алдымен жасы үлкен Керей ақ кигізге хан көтеріліпті. Керейдің нақты қай жылы қайтыс болғаны белгісіз. Одан соң Жәнібек хан әмір жүргізеді. Сірә, қазақ жұртының Әбілқайырды жеңіп, біржола іргеленуі Жәнібек тұсында болса керек, жаңа хандықтың өзіндік құрылымы мен заң жүйесі де осы Жәнібек заманында жөнге түскен сияқты.
Жәнібектің қазақ тарихындағы айрықша тұлға екендігінің бір белгісі – ол халық санасында әулиеге пара пар, ақылды әрі әділетті әмірші ретінде таңбаланған ұлттық тарихымызда жай ғана Жәнібек хан деп аталмайды. Әз-Жәнібек хан деп аталады. Әз-Жәнібек – қазақ жұртының іргесін бекітіп, ордасын орнықтырған ұлы хан ғана емес, сол халықтың бар игілігіне ұйытқы болған асыл ұрық, ұлы әулеттің де негізін салушы. Қазақ Ордасының құдыретті әміршілері, қазақ халқының ұлы перзенттері: Қасым хан, Хақ-Назар хан, Тәуекел хан, Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан, Әз-Тәуке хан, Абылай хан, ең соңы Кенесары хан, ұлы ғалымымыз Шоқан, Алаш-Орда көсемі Әлихан Бөкейхан – барлығы да осы әулие Әз-Жәнібек ханның тікелей ұрпақтары.
Түрік жұртының бұған дейінгі мыңжылдық тарихында сыннан өткен жол-жора, қалыптасқан жүйе негізінде соңғы екі жарым ғасыр орайында ер халықтың, мәрт халықтың жиын ортасынан жарып шыққан, бар тілегі туған елінің мұратымен берік астасқан асыл тұқым Шыңғыс хан – Жошы хан – Орыс хан – Әз-Жәнібек хан әулеті өз жұртын тарихтың барлық қиын өткелінен алып өтті, Қазақ Ордасы деп аталатын байтақ та қуатты ұлыстың тұғырлы туын берік ұстады.
Біртұтас қазақ халқының ұлттың ұраны – «Алаш»; мемлекеттік гербі – «Төре таңба» (яғни, бас таңба) аталатын, көне түрік заманынан тартылған, Алтын Орда тұсында қалыптасқан, діңі бір үшем бітік.
Қазақ Ордасының астанасы бүкіл түрік жұртының зиярат орталығы Әзірет-Сұлтан дүрбесі тұрған қасиетті Түркістан қаласы болды.
"Қазақ үні" газеті