Берекет Кәрібаев, профессор: Қазақ хандығы - ұлттық мемлекетіміздің негізі
2015 ж. 09 қыркүйек
11397
2
«Қазақ хандығы – Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет. Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Тарих сабақтарын ұдайы, ұрпақтан ұрпаққа игере беру керек екеніне менің сенімім кәміл».
ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
– Берекет Бақытжанұлы, кәсіби маман ретінде Қазақ хандығы құрылуының маңызын қысқаша түйіндеп бере аласыз ба?.. – Ұлан-байтақ өлкемізде Қазақ хандығына дейін біраз мемлекеттер өмір сүрді. Сонау скиф-сақ дәуірінен бастасақ, Әбілқайыр хандығына дейін Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттердің ұзын-ырғасы жиырмаға жетеді. Ал, жекелеген ұлыстарды есептесек, жиырмадан асып жығылады. Негізінен, бұлардың бәрі белгілі бір тайпаның немесе тайпалық одақтың саяси ұйымы, мемлекеттік құрылымдары, яғни, ғұн, үйсін, қаңлы, қыпшақ, оғыз мемлекеті дегендей... аталды. Бұл тұрғыда, тек қана Түрік қағанаты мен Алтын орданың мемлекеттік мәртебесі өзгешелеу. Олар империя дәрежесіне жеткен мемлекеттер, сондықтан бір халықтың мемлекеті болып табылмайды. Қарап отырсақ, Қазақстан жерінде қазақ деген тайпа, ру болған емес. Бұл атау осы елдегі барлық тайпалардың жиынтығының атауы, яғни этникалық сипаттағы атау. Ал олардың мемлекеті – Қазақ хандығы. Демек, Қазақ хандығы – ұлттық сипаттағы мемлекет болып саналады. Қазақ жерінде ХV ғасырдың орта тұсында Керей мен Жәнібек хандардың тікелей бастамасымен Қазақ хандығы құрылды. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде алғашқы хандық құрып, ту тіккен жер – Шу бойы мен Қозыбасы тауы аралығындағы аумақ деп көрсетіледі. Сондықтан да, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау барысындағы негізгі мәдени шаралардың киелі Тараз қаласында өткізілуі өте қисынды деп есептейміз. – «Қазақ хандығы – Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет» деген тұжырым да көкейге әбден қонатын шығар. – Иә, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «ХV ғасырдың ортасында құрылған Қазақ хандығы бүкіл Орталық Азия аумағындағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды» деген сөзі Қазақ хандығының құрылуының мән-маңызын ашып тұрғандай. Бұл уәж тегіннен-тегін айтылған жоқ. Қазақстан жеріндегі барлық мемлекеттіліктің тарихын зерделей келе жасалған тұжырым екені анық. Осы тұста Қазақ хандығының құрылуы екі бірдей тарихи процестің қорытындысы екенін айтуға тиіспіз. Біріншісі, бірнеше мың жылға созылған қазақ этногенезінің нәтижесі ретінде жүзеге асты. Этникалық үдеріс Қазақ хандығының құрылуымен өзінің мәресіне жетті. Яғни, қазақ деген этносты дүниеге келтірді. Бұл дегеніңіз, Қазақ хандығының құрылуының этникалық маңызына жатады. Қазақстан жеріндегі мемлекеттіліктің дамуы Қазақ хандығымен ұлттық сипат алды. Сөйтіп, саяси және этникалық үдерістер қатар жүрді. Қатар жүру арқылы бірін-бірі байытып отырды. Содан барып, ұлттық сипаттағы мемлекет пайда болды. Ал, мұның маңызына үңілсек, сол кезде, яғни бұдан 550 жыл бұрын пайда болған этнос әлі күнге дейін негізгі этнос ретінде өзінің мемлекеттілігін қалыптастырып отыр. Міне, мұның маңызы осында. Екіншіден, «қазақ» деген сөз сол кезде ұлттық сипат иеленсе, бүгінгі күні де сол этнонимды Қазақстан аумағындағы негізгі этнос пайдаланып отыр. Салыстырмалы түрде қарасақ, басқа көршілес елдерде де мемлекеттілік болды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ ұлттық мемлекеттер кейіннен пайда болды. Ал біздің ұлттық мемлекеттілігіміздің негізі Қазақ хандығынан бастау алады. Оған дейін өмір сүрген жиырмадан астам мемлекет қазақ мемлекеттілігінің әрбір тарихи кезеңдегі көріністері. Қазақ хандығының құрылуының бір маңызы – осы. – Әлі күнге дейін қазақ хандығының 550 жылдығына келгенде ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің пікірі екіге жарылып жатады. Бұл айтулы дата биылғы жылы мемлекеттік тұрғыда тойланып жатқандықтан, осы бір пікірлер қайшылығына қандай да бір тоқтам болатын шығар... – Демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан әртүрлі көзқарастың болуы заңды құбылыс. Қазақ хандығының құрылуына қатысты тарихшылардың арасындағы талас сонау 90-жылдардан бастау алған. Өкінішке орай, пікірлердің қарама-қайшылығы әлі күнге дейін жалғасып отыр. Қарап отырсақ, еліміз бойынша Қазақ хандығының саяси тарихы мәселелеріне дендеп үңілетін бар-жоғы 5-6 тарихшы бар екен. Олардың өзі де дерек жағы аз болғандықтан бұл мәселеде әртүрлі көзқарасты ұстанады. Түптеп келгенде, Қазақ хандығының құрылуына қатысты біз сүйенетін бір ғана дерек бар. Ол – Мұхаммед Хайдар Дулатидің дерегіндегі жалғыз ғана мәлімет. Сондықтан да біз бұл тұрғыда Дулатиға рахмет айтуға тиіспіз. Қазақ хандығының құрылуы жайында ол жазбағанда, біз тіпті хандықтың қай жылы емес, қай ғасырда, қалай, кімдер құрғанын білмеген болар едік. – Қазақ хандығының құрылуына қатысты ғылыми ортада бір ғана 1465 жыл емес, қаншама жылдар әңгіме өзегіне айналды. Бірақ біз неге дәл осы Дулатидың жазбасына тоқтадық? – Дұрыс айтасыз, бұл тұрғыда тарихшы ғалымдар «Қазақ хандығы 1428 жылы, 1445 жылы, 1456 жылы, 1490 жылдардың соңында құрылды» дегендей түрлі пікірлер білдірді. Ғылыми ортада, мұндай болжамдар айтылғанымен, толыққанды қолдау тапқан жоқ. Өйткені, нақты дерек жоқтың қасы. Әйтсе де, осы мәселені тереңірек зерттеп, зерделеген, әрі нақты дәйектермен дәлелдеген Клавдия Антоновна Пищулина болды. Ғалым бұл жерде М.Х. Дулатидың: «Қазақ сұлтандарының билік ете бастауы Һижраның 870 жылдары басталады» деген жазбасына сүйенді. Яғни, бұл дегеніміз, біздің жыл санауымыз бойынша 1465-66 жылдарға сәйкес келеді. Бұл тұрғыда қазақ жерінде мемлекеттілік қай кезден басталғанына тоқталуға тиіспіз. Біздің еліміздің аумағындағы мемлекеттілік негізінен б.э.д. І ғасырдың басындағы скиф-сақ дәуірінен басталады. Яғни, 3 мың жыл қамтылады. Ал, ұлттық сипаттағы мемлекет – Қазақ хандығы құрылғалы 550 жыл өтті. Демек, Қазақ хандығы – тарихи сабақтастық арқылы жалғасып келе жатқан өзіне дейінгі мемлекеттіліктің заңды жалғасы. – Қазақ елі үшін Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеудің мәні неде? Ұлтымыз ұлықтауға тиіс ұлы тойдан қандай ұлағат аламыз? – Қазіргідей жаһандану кезеңінде тарихи тұғыры берік халықтар ғана жер бетінен жойылып кетпей, дамудың келесі сатыларына өтуге бет алады. Ал, тарихи тамыры әлсіз болса, жаһанданудың иіріміне жұтылып, басқа форматтағы этникалық дамудың жолына түсіп кетеді. Яғни, өзінің негізгі ұлт ретіндегі болмысынан айырылып қалады. Мұндай жағдайға жеткізбеу үшін біз өз идеологиямызды төл тарихымыз арқылы нығайтуды жолға қойдық. Тарихымызға тереңнен үңіліп жатқандығымыз да сондықтан. Тарихи оқиғаларға келгенде тарихшылар да кез келген деректі ғылыми тұрғыдан саралауға тырысып жатыр. Егемен ел ретінде Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтіп жатсақ, бұл біздің елдігімізді, ел ішіндегі бірлігімізді көрсетеді. Мемлекеттілігімізді дәріптеудің бір көрінісі – мемлекеттік мерекелерді тойлау. Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу – жай ғана дата үшін ғана емес, я болмаса, жай ғана той үшін емес, жас ұрпақты мемлекетімізді құрметтеуде, отансүйгіштікке баулуда, «мемлекет» және «мен» деген ұғымды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Біз тарихи маңызы бар мерекелерді тойлау барысында бір ғана Қазақ хандығымен шектеліп қалмауымыз қажет. Түрік қағанатының, Алтын орданың тікелей мұрагері ретінде бұлардың да арнаулы даталарын атап өтуіміз керек. Осындай тарих үшін де қоғам үшін де маңызы бар мерекелерді атап өтсек, мұның қалың елге берері де мол болмақ. Осынау шежірелі тарихымыздан сыр шертетін кезеңдердің бәрін, зерттеп, зерделеп, өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп бергенде ғана мемлекетшілдік ұғым пайда болмақ. Ал, мемлекетшілдік идея кез келген халықтың дамуы жолында алға бастайтын негізгі күш болмақ. – Белгілі тарихшы ретінде еліміз бойынша өткізіліп жатқан Қазақ хандығына қатысты шаралардың басы-қасында жүргеніңізді жақсы білеміз. Сіздің пікіріңізше атаулы мерекені тойлауға деген халықтың құлшынысы қандай? – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу туралы арнайы тұжырымдамасынан кейін республика көлемінде осы шараға деген қызу дайындық басталып кетті. Қазіргі кезде өтіп жатқан шаралардың барлығы жайдан-жай стихиялы түрде болып жатқан жоқ. Оның барлығы бекітілген жоспар бойынша жүзеге асып жатыр. Осынау мәні де, маңызы да жоғары атаулы шара бір күнде, бір аптада емес, жыл бойы тойланатын мемлекеттік мереке. Дүбірлі тойды ел есінде қалатындай етіп өткізу үшін тіпті мемлекеттің ең төменгі буыны саналатын, ел орталығынан шалғайда жатқан ауылдық-селолық округтардағы қарапайым халық та белсене атсалысуда. Яғни, еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіліп жатқан концерт, айтыс, қазақша күрес, көкпар сияқты мәдени-спорттық шаралардың барлығы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып жатыр. Осындай шараларға қатысқан жер-жердегі жұрт Қазақ хандығына 550 жыл толғанын, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандар екендігін біліп жатыр. Осындай игі істердің әрбірінде Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым, Хақназар, Есім, Тұрсын, Жәңгір, Тәуке, Абылай, Кенесары т.б. хандардың аттары аталып, атқарған істеріне тоқталып, ел ішінде кеңірек насихатталуда. Сондай-ақ, ел аумағындағы әрбір облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктер мен түрлі басқармалар және мемлекеттік биліктің салалық түрлері де бұл маңызды шараға белсене атсалысуда. Жалпы айтқанда, дүбірлі тойға дүйім жұрт үн қосуда. Тіпті, кейбір жерлерде жаңадан туылған балаларға Керей, Жәнібек, Қасымхан, Есімхандардың есімі беріліп жатыр. Мұның өзі халықтың төл тарихына деген құрметі. Әрі бұл ел ішіндегі ерекше құбылыс. – Қазақ хандығынан бастау алған бүгінгі ұлттық мемлекетіміздің даму барысы қандай? Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену үшін біздің басты ұстанымымыз қандай болуы керек деп ойлайсыз? – Біздің егемен ел болғанымызға енді 25 жылға жуықтады. Яғни, бір ғасырдың ширегіндей ғана уақыт. Әрине, бұл тарих үшін өте аз уақыт. Әйтсе де, бүгінгі күні Тәуелсіз Қазақстан өзге де әлем елдерімен өз терезесін теңестіру жолында тер төгіп келеді. Мәселен, БҰҰ-на 190-ға жуық ел мүше болса, олардың ішінде 5-6 мемлекет қана әлем елдерінің дамуына ықпал ете алатын негізгі ойыншылар болып табылады. Дамыған 30 елдің қатарына ену дегеніміздің өзі де, сол дамыған мемлекеттердің ізін басу екені белгілі. Бұл тұрғыда біз жерасты байлығымыздың молдығына масаттанып отыра бермей, жаңа бір тың идеялармен дамудың жолын қарастыруымыз керек. Бұл жолда біз ұшақ немесе компьютер ойлап табу арқылы ешкімді де таңғалдыра алмайтынымыз анық. Сондықтан да Елбасымыздың өзі айтқандай, мемлекетіміз ең бірінші кезекте инновациялық дамуды бетке алуы қажет. – Тарихын тереңнен білетін ұрпақ тәрбиелеу үшін ең бірінші біздің Қазақстан тарихы оқулықтарымыз мінсіз болуы керек. Ал, бүгінгі мектеп оқулықтарындағы өрескел қателіктер туралы өзіңізден біз ғана емес, мектеп оқушылары да сұрап жүр. Айтыңызшы, біздегі оқулықтардағы олқылықтардың орнын қалай толтырамыз? – Соңғы кезде мектеп оқулықтарына қатысты сыни пікірлер жиі айтылатын болып жүр. Алдағы уақытта Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені түбегейлі шешеді деген ойдамын. Әйтсе де, бұл тұрғыда менің көңілім толмайтын тұс – мектеп оқулықтарының альтернативті нұсқасының шығуы. Бұған қарсылығым жоқ, әрине. Бірақ негізгі оқулық пен баламалы оқулықтың екеуіндегі тұжырымдаманың екі бөлектігі көңіліме қонбады. Мәселен, аталған кітаптардың біреуінде 40-қа жуық параграф болса, екіншісінде 40-тан астам параграф. Бірақ жоғары оқу орнына түсу үшін талапкерлерге қойылатын талап бір. Осы жағын бір жүйеге келтіруіміз керек. Сондай-ақ, оқулыққа орталықтандырылған талап керек-ақ. – Мұныңыз құптарлық-ақ ұсыныс екен. Берекет Бақытжанұлы, сөз соңында тарихтан сабақ ала отырып, еліміздің болашағын қайтсек жарқын етеміз? Осы жағына аз-маз, тоқталып, өтіңізші... – Иә, қазақ жерінде 20-ға жуық мемлекет болды дедік. Мәселен, Тәуке ханнан кейін қазақ хандығында билеуші әулет арасында бірлік кетті. Алауыздықтың салдарынан біз жоңғарға да, орысқа да, қала берді, қоқанға да жем болдық. «Бірлік болмай, тірлік болмас» дегенді қазақ атамыз тегіннен тегін айтпағанына тағы да бір көз жеткізгендейміз. Қазақ елі «Мәңгілік ел» болуы үшін бірлігіміз дәл бүгінгідей бекем қалпынан айнымасын деп тілейік. – Әңгімеңізге рахмет!Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚОВА
"Қазақ үні" газеті