Тойдан тағылым болмаса, босқа шашылудың қажеті жоқ
2015 ж. 01 қыркүйек
2188
0
– Совет-Хан аға, соңғы кезде дағдарыс деген дүлей дүниежүзін дүрліктіріп, көптеген мемлекеттер оның қыспағын көріп жатыр. Біз де сол жұмыр жер бетінің тұрғындарымыз, жағдайымыз қалай болар екен?..
– Иә, соңғы уақытта әлемде мұнай бағасының құлдырап кетуіне байланысты кейбір мемлекеттерде саяси тұрақтылықтың болмауынан халықаралық деңгейде дағдарыстың өрістеп бара жатқандығы анық. Оған көптің көзі жетіп, куә болып отыр. Ал өзіміздің жағдайға келетін болсақ, мемлекеттік бюджеттің 60 пайызына жуығын мұнай-газ секторы қамтамасыз етіп отырғандықтан, бізге бұрынғыдай емес, барынша ұқыпты болғаннан басқа амал жоқ. АҚШ пен Еуропа елдері тарапынан, Ресейге салынған санкцияларға байланысты Ресей рублінің құнсыздануы Қазақстан үшін де жақсылық әкелмейтіндігі айтпаса да түсінікті. Бұдан сақтанбай болмайды.
Сондай-ақ, Елбасы жергілікті әкімдерге, бұқараны жұмыспен қамтамасыз етуді және бір жылдың ішінде 250 миллиард теңге көлемінде Үкімет қорын құруды тапсыруы да тегін емес. Дағдарысқа қайткенде де қарсы тұратындай қамдануымыз қажет, бұл бір біздің ғана басымызға төніп тұрған қауіп емес қой. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, қандай қиындық болса да алдымен өз күшімізге сенгеніміз орынды.
– Қазақ хандығының 550 жылдығын тойламақпыз. Құдайға шүкір, тойдан кенде емеспіз, бұл шараның қалай өткені дұрыс болар еді?
– Өз басым қазақ хандығының 550 жылдығы елімізді төрткүл дүниеге паш ететін, тарихи, саяси маңызы өте жоғары іс-шара деп есептеймін. Осыған дейін де дүркіретіп өткізген талай тойдың куәсі болдық. Сол тойларда аламан бәйге, қыз қуу, айтыс сияқты ұлттық ойындарымызды паш еттік. Шапан жабу сияқты дүние шашу мен сойылған малдың санында есеп болмады. Осыншама ысырапшылдыққа жол беруден басқа сол тойлардан келер ұрпаққа үлгі етердей артында із қалмады.Бәрі де өтті-кетті, уақытша ғана көзбояр құбылыс деуге болады. Алдағы уақытта осындай қателіктерге, ысырапшылдыққа жол бермеуге тырысқанымыз жөн. Экономикалық қиын-қыстау жағдайда жағаны жайлауға салмай, дарақылықтан аулақ болғанымыз дұрыс. Әлемге паш етерліктей, фильм түсіріп, тарихи мазмұндағы көркем шығармаларды жазуымыз керек. Ол әрбір қазақтың тарихи танымы мен рухани санасын серпілтіп, «дана, батыр бабалар ұрпағы екенмін» дейтіндей ұғымға келтірсін. Сонда ғана ұлттық рухымызды асқақтатар, мерейлі шараға айналады. Әсіресе, кез келген жастың көкейінде Керей мен Әз-Жәнібектің ерліктері мен біздің ұлы халқымыздың парасаты сайрап тұруы шарт. Сонда ғана жастардың ұлтжандылық сезімдері қалыптасып, отансүйгіштік рухы оянады, қазақтың бай тарихынан сабақ алатын болады. Тойдан тағылым болмаса, тыраштанып керегі не? Босқа шашылудың қажеті жоқ.
– Айта-айта жауыр болған қазақ тілінің қазіргі жағдайы туралы жазушы ретінде өз ойыңызды білдіре кетсеңіз.
– Көп жылдардан бері мемлекеттік тіл туралы жанын шүберекке түйіп, бұл мәселені жан-жақты көтеріп жүрген азаматтарымызға және жеке Мұхтар Шаханов бауырыма рахмет айтамын. Мұхтар тіл тағдыры туралы проблеманы сонау 1989 жылы КСРО-ның депутаты кезінен бастап-ақ көтеріп келеді. Әттең, оны қолдап әкететін халықты да, Үкіметті де көрмей тұрмын-ау, амал бар ма?
Кейде Елбасы Назарбаевқа жанашырлықпен қараймын. Себебі, халқымыздың тең жартысы мемлекеттік тілден мақұрым, ата-баба салт-дәстүрінен алшақтап, ана тілін түсінбейтін тобыр пайда болды. Бір жағынан бұған халықты кінәлауға да болмас. Өйткені, Тәуелсіздік алған ширек ғасыр бойы, ұлттық идеология қалыптастыра алмағанымызды мойындауымыз керек. Ұрпағымыз ұлттық тәрбиеден ада қалпында өсіп жатыр. Оның сыртында республикамызды мекендейтін өзге ұлт өкілдері тағы бар. Осылардың басын біріктіру әркімнің қолынан келе бермесі анық. Сондықтан, билікті беталды жамандай бергеннен түк шықпайтынына көзіміз әбден жетті. Бірақ, тіл «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр. Меніңше, Атазаңда қазақ тілі – мемлекеттік тіл делінгенімен, әлі күнге дейін оның қолданысқа тұрақты, толықтай енгізу механизмі мен технологиясы жасалмаған. Осының салдарынан мемлекеттік тіліміз тоқырап, бос сөзбен уақыт өткізіп келеміз. Кезінде, осыдан үш-төрт жыл бұрын, «Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер одағының төрағасы болып жүргенімде Президент аппараты мен Үкіметке мынандай нақты механизмді ұсынған едік. Онда, 2011 жылдың қыркүйегінен бастап, мемлекет қаржыландырып отырған орыс, ұйғыр, өзбек, тағы басқа мектептердің, тек 1-сыныптарының ғана негізгі пәндерін мемлекеттік тілде жүргізілуін ұсындық. Сонда, Президентіміздің «2020 жылдарда Республика халқының 90%-ы мемлекеттік тілде сөйлейді» дегені де орындалар еді. Тіпті, осы «Алаш үнінің» ұйымдастыруымен ғалымдар мен жазушылар ұйымдарының залында жиналып, жаңаша «Мемлекеттік тіл заңының» жобасын қабылдап, Үкіметке, Мәжіліске, Сенатқа жіберген болатынбыз. Тыңдамайтындарға тап болсақ, амал қанша... Айта-айта жауыр болса да біз одан жалықпауымыз керек. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қажеттілігін тудырып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру біздің алдымыздағы үлкен міндет. Ол тілде патша да, етікші де сөйлегенде барып, барлығы да орнына келеді. Әйтпесе, бос сөз болып қала бермек. Өткенде ұлттық академиялық кітапханадағы «Абай залының» ашылуына байланысты Астанада сөз берілгенде, қазақ тілінің мүшкіл жағдайын жеріне жеткізіп айтқан болатынмын. Талай лауазымды, зиялы қауым өкілдері, маған алғыстарын білдірген болатын, түсінгендеріне рахмет.
– Бөліске түсіп жатқан Аграрлық университеттерді өз қарамағына алған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің ісінен оң нәтиже күтесіз бе?
– Еліміздегі 127 жоғары оқу орнының арасынан аталған үш аграрлық университет бір бағытта ғана маман дайындайтын болғандықтан Білім министрлігінен шығып отырса керек. Осыған бола «бүйректен сирақ шығарудың» еш қажеті жоқ. Аграрлық секторда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін ғылым, білім беру, бизнес пен мемлекеттік басқару арасындағы интеграцияны арттыру қажеттігі анық.
– Көп жылдардан бері ұрпақ тәрбиесіне қатысты тақырыптарды көтеріп жүрсіз. Осыған кеңірек тоқталсаңыз?
– Бұл менің тұрақты тақырыбым. Өйткені, адамның жан қуатынсыз оның рухани дүниесінің жаңарып, еселей жетілуі, нәрлене алмайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, бүгінгі педагогика мен психологияда жоқ, жаңа екі сатылы әдістемені қолдануға болады. Сол әдістемеден шығатын екі жүйе – жүрек және ақыл тәрбиесі қалыптасып, жеті түрлі негіздері сабақтаса анықталды. Сонымен қоса, бұрын-соңды адам тәрбиесінде қолданбаған – жанның он екі мүшесін ашып атадық. Осы жаңалықтардың бәрі де әл-Фарабидің үш ілімі – Хауас, Иманигүл, Жауәнмәрттілікпен байланыстырыла зерттеледі. Сол сияқты тән де жан мен рух қуатынсыз дами алмақ емес. Қазіргі молекуларлық биологияның ашқан жаңалықтары бойынша кез келген жан иелерінің ұрықтарында тәннің де, жанның да қуаттары бір мезгілде пайда болып, тіпті жан қуаты тәннің дамуын жетелеп отыратын көрінеді. Тәннің физиологиялық кезеңдерін негізге алатын халық педагогикасы мен психологиясы адамның жан дүниесінің тәлімі мен тәрбиесін жетілдірер бірден-бір ғылыми пән ретінде қалыптаспақ. Осынау, «Педагогика мен психология негіздері» (2008) атты монографиям патенттеліп, № 1408 санымен тіркелген болатын.
Адамзат қауымындағы кез келген халықтың жаңа буыны мен келер ұрпағының бастауы отбасын құрып, шаңырақ көтеруден басталатыны табиғи заңдылық. Адам өміріндегі осынау аса бір жауапты кезеңді халық даналығы, тіршіліктің ішкі мәнімен тереңдете түсіп, «Адам ұрпағымен мың жасайды» деп тұжырымдаған екен. Әрине, мың жасатар ұрпақтың сөз жоқ, дені сау, жүйкесі бүтін, өміршең болуы басты шарт. Олай болса, сол ұрпақтың ұрығынан дерттеніп, тегінен тозып бара жатқанын сол келешек ұрпақты дүниеге әкелетін ата-анасы неге ойланбайды? Олардың ішкені арақ, тартқаны темекі, шеккені наша мен апиын болса, рухы бүтін ұрпақты қайдан алмақпыз? Олар Тіршілік атты бәйтеректің өзі отырған бұтағын аралап жатқан арсыздығын қашан тоқтатпақ. Осы сауалдардың жауабын іздегенде бүгінгі адам тәрбиесінде үлкен қателіктердің бар екенін мойындамасқа болмайды.
– Осы қателіктерді жою үшін біз не істей аламыз?
– Ендігі жерде ағат кеткен, жан мен тән тәрбиесіне аса үлкен мән берген дұрыс. Ол үшін отбасы құруға дайындалу кезеңінде бір шешімге келген екі жас та, олардың туған-туыстары мен ата-аналары да мынадай үш түрлі мәселеге ерекше көңіл бөлгені абзал:
І. Халқымыздың ғасырлар бойғы тәрбие-тәлімдерін қалыптастырған ата-баба дәстүрлері арқылы ұлттық генофонымызды көздің қарашығындай сақтау;
ІІ. Отбасы құруға саналы түрде дайындалу арқылы ұрық тазалығының мәнін түсіну;
ІІІ. Ата-ана мен бала арасындағы сыйластық.
Ата-баба дәстүрі дегеніміз – жалпы ұлыс, қауым болып қабылдаған тәртіптің түрлері мен қауымдық ережелердің жиынтығы дейтін анықтама береміз. Былайша айтқанда, кез келген елдің дәстүр-салттары өз заманындағы адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін сол елдің Ата заңы десек те артық емес. Сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ халқына ғана тән өркениеті мен басқаға мүлдем ұқсамайтын салт-дәстүрлері қалыптасқан. Халқымыздың тегін сақтауды көздейтін жеті атаға дейін қыз алыспау салтына баса мән беруіміз – қан тазалығын және текті сақтау үшін аса маңызды тұжырым. Еш халыққа ұқсамайтын, өз ерекшелігі бар туысқандық жеті ата мен руыңды білу, өзіңнің шыққан тегіңді сақтау үшін қажет.
Шаңырақ көтеруге әзірлік «Отбасын құруға дайындық және ұрық тазалығы» заңдылықтарын білмеудің салдарынан, ұрығынан уланып дертке шалдыққан баланың ана құрсағында өліп жатуы, аяқ-қолы сал болып ессіз күйі туып жатса немесе баланың дені сау десек те, зерде мен зейіндері сапасыз екені бүгінгі күннің ащы да болса шындығы. Міне, біз осы аталған мәселелер төңірегінде мықтап ойлануымыз қажет.
Жұмамұрат ШӘМШІ
"Қазақ үні" газеті