Жат қылықтардың куәсі бола тұра тіл қатпауымыз бізге сын
2015 ж. 12 тамыз
3761
1
Айтарым бар
Осыдан төрт жыл бұрын Астана қаласының жаңа бір мешітінің ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап: «Бүгінде бейбітшілік белдеуіне айналған елімізде ислам діні кеңінен қанат жайып келеді, енді бұдан былай ораза, құрбан айт мерекелері демалыс күні болып жарияланды» - деген болатын. Дін-ұлы сенім. Ал, сенім адамзаттың тірегі. Иман ұялаған жерге ырыс-береке даритыны айнымас ақиқат. Жаратқанға деген махаббатымыз шетсіз, шексіз болуы үшін Алланың барына, бірлігіне, қолымызда бар «Құран» кітабы мен ақирет күніне сенейік. Жасаған иеміз көрсеткен ақ жолынан адаспай, адамдықтан айырар, сенімге селкеу түсірер, түрлі секталардан сақтанып, жарға жығар жат ағымдардан өзімізді қорғап жүрейік... Кешегі өткен ғасырда қазақ елі бодандықтың қамытын киіп, кеңестік идеологияның кесірінен өзінің бес ғасырлық, төл мәдениеті тілі мен ділі, дінінен айырыла жаздап, атеистік көзқарастың құрбаны болды. Ата-дініміз жетпіс жыл бойы сөз түрмесінде жатып, цензураның шеңберінен шыға алмады. Соның салдарынан ана тілінде шорқақ, орыс тілді ұрпақ легі пайда болды. Біздің балалық шағымыз сол кеңес өкіметі кезеңінде өтті. Баршаға белгілі ол кезде кеңес өкіметі ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға, әсіресе Алланың ақ үйі бар мешіттерді жауып, онда бес уақыт намаз оқу тұрмақ, азан дауысы мүлдем естілмейтін. Сонда да әке-шешелеріміз ұлттық салт-дәстүрлерін ұмытпай ұстана білді. Айт намаздарда үйге молда шақырып жеті шелпекке құран бағыштап жататынын көріп өстік. Шүкір, айталық бүгіндері сол тыйым салынған отаршылдық озбырлықтың ауылы алысқа кетті. Тәуелсіздік таңы атты... Егемендік пен елдік бесігінде тербелдік. Ұлттық санамен ұлт тілін қалыптастырдық. Иә, Тәуелсіздік алғалы бері, әсіресе тәуелсіздік тұсында туылған, бүгіндері қаулап, өсіп келе жатқан жастарымыздың мешітке бас суғуы қуантарлық жайт. Мұнда келушілер жүрегіне иман ұялаған баладан бастап, еңкейген қарияға дейінгі аралықтағы қауым қарасы бүгінгі таңда едәуір артқан. Алайда бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселеге айналып отырған жәйдің бірі, ислам дінінің атын жамылып «үй ішінен үй тігіп» жаратқан иенің түр-түсін бейнелеген Иса пайғамбарды «құдай» деп, адасып жүргендер де кездесуде. Тіпті, мұндайлардың ауқатты адамдардың өлім-жітімінде топталып жиналатындарын көріп жүрмін. Қарапайым біреу өлсе, көңіл айтып жатқанын көрмедім. Сонда бұл қалай дерсің? Олар өздерін ислами сауатты көрсеткенімен, бір түрлі жабайы түрде сақал жіберіп, жаназада мұсылманша екі қолын жаймауы біртүрлі түрпі көрінеді. Әрине, азалы ортада оларға «қолыңды жай» деген ешкім жоқ. Бірақ, намысқа тиетіні сол ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың ұстанған өз ерекшелігі мен салт-дәстүріне сай «сақалды да жөнімен қой» - деген ешкімнің шықпауы. Көпшілік мұны онсыз да біле тұра, тек өздерін қарағайға қарсы біткен бұтақты көре тұра, шауып тастамай кейіннен опық жемесе болғаны. Қытай елінде мұсылмандар арасында осындай сақалдыларды көрсе, үкімет дереу қоғам ішінен аластатуда деп естіп жатырмыз. Ең өкініштісі де сол. Бұл орайда біз оларды діннің адамдары «шейхтер» деп жүріп кесірінен «бахабист» болып шығуы да ғажап емес. Бүгінгі бейбіт күндері біздің Жаркент жерінде биыл осындай «сақалдылардың» бірінің үйінен қару табылып сотталғаны жайлы дерек те тіркеліп отыр. Бұл жерде жергілікті әкімшілік мешіт имамдары қоғам болып бақылауда ұстап күресуіміз қажет сияқты. Жанымызда жат қылықтардың куәсі бола тұра тіл қатпауымыз бізге сын. Ауру асқынбай тұрып, жолын іздемесек, ертеңгі күні өршіп кетіп, тұтас бір қоғамның дертіне айналмасына кім кепіл? Бүгінде үкімет тарапынан ішкі істер басқармаларының «Көршілер бақылауында» - атты бағдарлама қабылдап қоғамда жат қылықтар мен ағымдардың болдырмауын бірден бір жолын қарастырған сіз бен бізге жасалынған аманат. Шығыс данышпаны Конфуцийдің «Қоғамда кетік пайда болса, ол жабылмағанша ілгері жылжу болмайды» -деп кесіп айтқан. Қазақтың намыс туына айналған Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан. Батыр ағамыз жанына облыс, аудан басшыларын ерте жүріп жақсы сөзге жаны құмар жастарға батуалы сөзін айтып қалдырған. Осы мақаланы толықтыра түсер кесіп айтқан ой баталы сөздерден қысқаша үзінді келтірсек артық болмас деп ойлаймын. Е, жаратушы жасаған! Тілегімізді қабыл ет, Иманымызды кәміл ет. Тозақтағы оттан сақта, Қаңғырған оқтан сақта. Жақынға жала жабатын Қан құйлы қастықтан сақта. Халықты зәбірлер бастықтан сақта. Сырты жылтыр, іші кір, Қадір білмес пасықтан сақта Өз пікірі татымсыз Кісі ақылымен күн көрер Татымы жоқ жасықтан сақта! Көршісінде қошемет жоқ. Қариясында бата жоқ. Сөздерінде пәтуа жоқ. Құр айқай шәт-шәлекей даңнан сақта! Шынында да, осыдан жетпіс жыл бұрын өз ұлтының неден сақтанатынын білдіргенін, бүгінгі егемен елдікте қазақ қоғамының бір шындығы бар. Халық Қаһарманының да осыны меңзеп айтқан сияқты, себебін осы қағидаларға қарап түсінесің. Халқының қамы үшін айтылған озық ойлар, қоғамның әлеуметін көтеруге серпін беріп, оның орындалуы бұлжымайтын болғанда ғана келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын болмак!Сұлтанғазы Қоқаби
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Жаркент қаласы
Алматы облысы
qazaquni.kz