Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өтетін бәйгенің жүлде қоры 23 млн-ға жетті
2015 ж. 30 шілде
2524
0
Осымен екінші мәрте «Алтын тұлпар» республикалық турнирі өтеді. Бұл туралы бүгін Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мәлімдеді.
“Алаш баласы, Қазақстан болып ерекше тойлап жатқан мерекелердiң бiрi – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Осы айтулы мерекеге орай «Нұр Отан» партиясы, Ұлттық спорт түрлерi қауымдастығы, Мәдениет және спорт министрлiгi «Алтын тұлпар» республикалық турнирiн өткiзiп, өз үлесiн қоспақшы. Бұл айрықша бәйге”, – деді Тілеухан.
Жасыратыны жоқ, бүгiнде болып жатқан бәйгелерге Еуропадағы атқораларда тұрған, қысқа қашықтыққа шабатын ағылшынның тазақанды аттары қатысады.
“Сонымен, шын мәнiндегi қазақы аттың бапкерлiгi, аттың ұзақ шақырымға төзiмдiлiгiн дайындау өнерi ағылшын аттарының заманауи ат шабыстарының көлеңкесінде қалып қоятыны өкiнiштi болып тұр. Осы себептi, қазақтың дәстүрлi атбегiлiк өнерiн қалпына келтiру мақсатында былтыр алғаш рет аталған турнир өткiзiлген болатын. Былтырғы 43 шақырымда жылқының тынысы дұрыс ашылмай қалды, басқа да мәселелерді ескере келе, 51 шақырымға тоқтадық, – дедi қауымдастық президенті.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президентінің айтуынша “Алтын тұлпар” аламан бәйгесiнiң жүлде қоры 23 млн теңге.
Бас жүлде былтырғыдай 10 миллион теңге. Сондай-ақ үздік ондықтың қатарына іліккен 9 сәйгүліктің иесіне де жүлде беріледі.
Дереккөз: BAQ.KZ