АҚЫН БАТЫРДЫҢ РӨЛІН ОЙНАМАҚ
2015 ж. 26 шілде
2397
1
Ақын Ұларбек Дәлейұлы 550 жылдықтың сериалында Керейдің сардары болып ойнауға шақырылды
Қытайдан келген қазақ ақыны Ұларбек Дәлейұлы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналып түсірілетін он бөлімді тарихи сериалға таңдалды,-деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Рүстем Әбдіраш режиссерлік ететін тарихи сериалға Қытайдан атажұртқа оралған қандасымыз Ұларбек Дәлейұлы 700 жігіттің ішінен таңдалып алыныпты. Ол кинода Керей ханның төрт сардарының бірі болып ойнамақ. Бұл ат құлағында ойнайтын атпал азаматтың тұңғыш рет кино саласына араласуы екен. Өзінің іріктеулерден қалай өткені жайлы ақын Ұларбек Дәлейұлы былай деді:
«Елбасының тапсырмасымен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына байланысты кино түсірілетінінен хабардар болатынмын. Осы жылдың басында «Қамшы» порталының және де осы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мүшәйрасында жүлделі болып Алматыға жолым түскен еді. Сол кезде жолшыбай «Қазақфильмнің» алдынан өтіп бара жатып кастинг жарияланғаны жайлы афишаны көзім шалып, бас сұққан едім. Бірінші іріктеуде біраз сынақтардан сүрінбей өткенім үшін, екінші рет қайта шақырды. Режиссер Рүстем Әбдіраш өзі қабылдап, зілдей сауыттарды кигізіп, ат үстіндегі өнерімді тамашалады. Өткен аптада кастингтен өткенімді хабарлап, сүйіншіледі. Қазір сол Алматыда құжаттарымды дайындаумен жүрмін. Алла бұйыртса, 20 шілдеде түсірілім басталады деп отыр. Сөйтіп төрт ай бойы үлкен кинода рөл сомдамақпын. Айта кетерлігі, мені Керей ханның жанында жүретін төрт сардардың бірі ретінде таңдап отыр. Керей хан өлген соң басқа рөл беріліп, жекпе-жектерге шығармақшы».
Ақының айтуынша, сынақтардан сүрінбей өтуіне оның келбеті мен күшінен бөлек ат үстінде шауып келе жатып садақты оңқай да, солақай да өте жылдам ататын және ат үсті жекпе-жегіне аса шеберлігі сеп болған көрінеді. Сондай-ақ, қазақтың салт-дәстүрін толық білуі де ерекше ескеріліпті.
Майгүл СҰЛТАН
BAQ.kz