Маңғыстауда «BALA TURKVIZYON» мәреге жетті
2015 ж. 13 шілде
2187
0
11 шілде күні Ақтау қаласында «Bala Turkvizyon Қазақстан» байқауының аймақтық іріктеу кезеңі өтті, деп жазады baistars.kz.
Маңғыстау облысының түкпір-түкпірінен 8-13 жас аралығындағы 100-ден астам ұл мен қыз өз өнерін көрсетіп, жеңіске жетем деген құлшыныспен М. Өскінбаев атындағы областық филармонияға жиналды. Маңғыстау өңірінде өткен іріктеу ерекшелігімен есте қалды. Байқау алаңына қатысушылардан бөлек, өнерпаздарға қолдау көрсетуге бірнеше музыкалық ұжымдар келді. Әр өңірде жұлдызды тәлімгерлер - Қазақстан эстрадасының жас әншілері өз команда мүшелерімен бірге 8-13 жас аралығындағы жас өнерпаздарды таңдап, жартылай финал қатысушыларын анықтады. Маңғыстау облысынан жеңімпазды анықтауға Кәмшат Жолдыбаева, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова және «Кешью» тобының мүшесі Жұлдыз келді.
Форт-Шевченко қаласының тұрғыны Аружан Сағынғалиева «Bala Turkvizyon Қазақстан» байқауының Маңғыстау облысы бойынша жеңімпазы атанды. Аружан 11 жаста. Үйде бес баланың төртіншісі. Вокалмен айналысқанына 3 жыл болды. Соңғы бір жыл бойы ұстазы Аида Байгеловадан М.Өскінбаев атындағы филармонияда кәсіби вокалдан сабақ алуда. ҚР Еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова атап өткен, ерекше ән салу қабілетінен бөлек, Аружан сурет салғанды жақсы көреді. Байқауға дейін, үміттеніп болашақ тәлімгері Кәмшат Жолдыбаеваның портретін салған екен. Сол арманы орындалып, Кәмшат енді Аружанды байқаудың Астанада өтетін жартылай финалына дайындайтын болады.
«Bala Turkvizyon» Халықаралық балалар әні байқауының Атырау облысындағы Ұлттық іріктеуі 15 шілде күні, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтеді. Келесі жеңімпаздың есімі сол кезде белгілі болады.
ҚазАқпарат