Ақын-жазушы – өз халқының рухани көсемі
2015 ж. 30 маусым
12087
1
Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Рух жанартауы
Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шаймерденов 1987 жылы мамырдың 23-і күні Қазақ ССР Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Г.В.Колбин қатысып отырған Қазақстан Жазушылар одағының Пленумында жыландай ысылдаған, небір құлғаналарды арамзалықпен, зымияндық пиғылмен, иттікпен мінсіз меңгерген, асықтай үйірген тас қамал-қорғандай алып, аждаһа империяға карсы мірдің оғындай қақыратқан, қалтыратқан, болаттан ағып түскен құрыштай айбарлы, сес сөзін селдете сілтеп еді.
Ол осынау тарихи сөзінде осындай айтулы биік мінберден соңғы отыз бес-отыз сегіз жылдың ішінде небәрі бесінші, яки алтыншы мәрте ғана буырқанып сөйлегенін, бірақ осы жолы біз ұлт ретінде із-түзсіз жойылудың аз-ақ алдында тұрғанымызды («...ибо мы стоим на краю гибели как нация»); «ұлтшылдық» дегеніңіз бір-ақ адамның құрғақ қиялында өмір сүріп отырғанын, аралас некені қолдау сыңарезулік екенін; 1961 жылы Н.С.Хрущев Алматыға келгенде қазақтар жылқының, орыстар доңыздың етін қастерлейді, сондықтан, екеуін мидай араластырып «Дружба» дейтін колбаса жасап жейтін болса, интернационализм көгеріп гүлдейді дегенінің әншейін бос далбаса екенін; қызыл қасаптың алаңға шыққан, еркіндік аңсаған бейкүнә жастарды қанға бөктіргенін, халық тағдырына қылбұрау салғанын; билік тұтқасын ұстағандардың қазақ тілінің нормаларын жөнсіз бұрмалағанын, ойыншыққа айналдырғанын, қолдану аясындағы мүшкіл күйін және оның қазақ халқынан ұлтшылдықты бекер-ақ іздейтінін, ал шовинистік пиғыл турасында жақ ашпайтынын; республиканың бас идеологы Қазақ еліндегі этнография дейтін ғылымға тыйым салғанын, ұлт зиялыларының жазықсыз қуғындалғанын; фольклор мен эпостың жауһар үлгілері аяқасты болғанын нөпір дәйек-деректермен жарқыратып, шегелеп, нығарлап жеткізген-ді.
«Наконец, мое последнее предложение обращено к вам, товарищ Колбин! Я вам предлагаю выйти со мной на улицу, только вдвоем, только без охраны. Пройдемся по улицам города, притом денно и ночно, и если кто-нибудь из казахов тронет вас пальцем – я уверен никто не тронет, а если тронет, то в знак протеста своему народу, я тут же предам себя самосожжению! (Осы сәтте залдағы ел қатты қозғалақтасып кетті. Колбин өз-өзінен қарқылдай күлді). – Вот тут ваш хохот мне понятен, Геннадий Васильевич! (Ду қолшапалақ). – Геннадий Васильевич! Я вас призываю остановить Вавилонское столпотворение в нашей идеологической работе! А то скоро понимать перестанем друг друга. Благодарю за внимание»...
Сол мезет ұлт тарихындағы ұлы тұлғалар – Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай сынды елін, жерін, тілін, дінін сүйген ержүрек қолбасшылардың рухы тірілгендей, қасиетті ата-бабамыздың қаны бойымызда жүгіргендей, қанат бітіргендей елес берген-ді.
Бұл – «қарғаның мыңына – бір кесек» дегендей, салбөксе марғауларды, ас ішіп, аяқ босатарларды, жүз құбылған құбақандарды әшкерелеген көсемсөздің үлгісі деуге лайық, әділдіктің, ақиқаттың туын асқақтатқан кеудесі теңіздей тулаған, логикасы шарболаттай суреткер Сафуан ағаның асыл лебізі еді. Бұл – жаңаша пайым, жаңаша көзқарас еді.
Тұлпар тұяғынан із қалар деген осы!
Таза текті асылдың казақ елінің тағдыры, болашағы туралы толғаныстарының мәні бүгінгі таңда да көкейкесті. Ол сонда: «Қазақстан–ата-бабасынан бері қазақтар мекендеп келе жаткан дүниежүзіндегі ежелгі бірден-бір ел. Былайша айтқанда, осы ұлттың мәдениетін, ғылымы мен өнерін жан-жақты өркендете алатын жалғыз эпицентрі» дегенді қадап айтты.
Осылайша, ұлтының ар-намысын бәрінен де жоғары қоятын сөз зергері Сафуан Шаймерденовтің шығармашылық әлемі өзіндік қырларымен, халықтық касиеттерімен, терең сырларымен айшықты, мағыналы. Оның суреткерлік табиғатына қатысты ойды академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың суреттеуімен өрбітсек, «Сөз өнеріне бетіндегі бар ұятымен, кеудесіндегі күллі дірілімен қарайтындығын», талғампаз, сарабдал, мәдениеттілігін және нәзік сыршылдығын көреміз.
Сафуан Шаймерденов 1982 жылы көгілдір экран арқылы сөйлеген сөзінің өзінде: «Мен ақын-жазушыны өз халқының рухани көсемі деп танимын» деген-ді.
Сөзіне ісі, ісіне болмысы сай, заманмен аяғын тең басқан қалам қайраткері тарихи дәуір әдебиетінің тыныс-тіршілігін тамыршыдай бақылап, зерделеп отырды. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, Жұмағали Саин, Өтебай Қанахин, Бердібек Соқпақбаев және т.с.с. сөз саңлақтарының шығармашылық шеберханасы жөнінде ой-пікірлер өрбітті.
Көркем сөз зергері, драматург, әдебиет пен театр сыншысы, көсемсөзші, аудармашы Сафуан аға университетте студент шағында-ақ Рабиндранат Тагордың «Бағбан» дастанындағы «Біздің қыстақта балдырған жас уыз бар, мен де соңдай мәңгі-бақи балғынмын, біздің қыстақта көне заманның өзіндей қария бар, мен де сондай мәңгі-бақи қариямын» деген жолдарды сүйсініп оқығанын жазыпты.
Ойлап қарасақ, оның өмірде артына қалдырған мол мұрасы арқылы осы жолдармен үндесіп жатқандай.
Табаны жалпақ тарланбоз
Сөз саңлағы, ел арасындағы жас жеткіншектердің жетекшісі һәм тәрбиешісі академик-жазушы Зейнолла Қабдолов – ұлт руханиятының көрнекті кайраткері. Еліміздегі ғылым мен білімнің бірден-бір қарашаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жарты ғасырдан астам ұлы Әуезов дәстүрін сәтімен мықтап жалғастырған Зекеңдей кемел оқымысты-ұстаздың мыңдаған шәкірттерінің бірі ретінде бірауыз лебізімді білдіре кеткенім жөн болар.
Сарыарқаның сары белінде туып, «нартәуекел» деп айтулы да атақты университеттің табалдырығынан аттап, қазақ елінің аймаңдай, игі, ізгі жақсы-жайсаңдарынан лекция тыңдап, ой, сезім, сыр толқындарына зейін қою айрықша бақыт қой. Иә, сол бір балауса шақта, эпос тілімен айтар болсақ,«маңдайы күндей балқыған, көзі судай толқыған», ой-қиялы теңіздей шалқыған ардақты ұстаз Зәкеңнің әдебиеттің қисын-қағидаларын терең талдап-түсіндіріп, тамылжыта жеткізуі шамырқанған шалқар шабытқа ұласып-ұштасып кетуші еді. Бір мезетте күміс көмей шешен дауылша үдеп, сөз меруерттерін құйқылжытып төгетін. Қасым Аманжоловтың:
Қалтылдақ қалпақ киген ғасырлардың,
Қыз мінез қылтыңына бас ұрмадым.
Аламын ауыр ойдан ауыр сөзді,
Мақта емес, ми болғасын басымдағым, – деген шумағын жан-тәнімен мақамдап, көсіліп, мәнерлеп буырқана сөйлегенде, аудитория тербеліп кететін-ді.
Аспаннан шұға жауғандай, жүрек шіркін нұр мен сырға бөленгендей болушы еді. Қайран, қызыл тілдің қуаты-ай, шешеннің сөзі – семсердің жүзі ғой.
Табиғат Зәкеңді сөз зергері етіп жаратқан. Оның үстіне ақыл-ойдың жарық жұлдызы, ұлы суреткер Әуезовтің шәкірті. Ол «Менің Әуезовім» роман-эссесінде Шыңғыс Айтматовты «Күллі дүниенің құпия-сырын андаған көсем көкіректегі көреген көзге» теңейді. Шын мәнінде, өзі де ақылдың, ойдың, жақсының көзі. Әуезов кемеңгерлігі туралы толғаныстарында «Әдебиет – ардың ісі», «Ұстаздық – ұлы нәрсе! Ұстаздық ету – өзіңнің уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау», «Әуезовтің әр лекциясы – бір-бір оқулық, бар лекциясы – ұлан-ғайыр ұлы мектеп», «Шешендік–шексіз білімнен, терең ойдан, асқан парасаттан туатын ұлы нәрсе!», «Суреткерлік шеберлік әр сөздің орнын табу» дейтін түйдекті, түйінді пайымдаулары – білім, сана, ұғым, талант дүниесін нұрландыратын рухани құндылықтар. Академик З.Қабдолов «Әуезовтің әсемдік әлемі», «Арна», «Көзқарас» дейтін еңбектерінде ұлт әдебиетінің эстетикалық бағыты, көркем творчество психологиясын, жазушы шеберлігін, Абайдың ақындық даралығын, «Алыптар тобының» тағылымын, рухани қабілетін, сөз құпиясын зерделейді. Әсіресе, ұлт тарихындағы ұлы туынды ретінде қабылданған «Абай жолы» эпопеясы – ұлттық дүниетанымның, ой-сананың миуалы жемісті бақшасындай, ізгілік пен рухани сұлулықтың шарайнасындай, ақындық даналық пен нәзік сыршылдықтың телегей-теңізі іспетті. Ендеше, «Әр сөзде бір сыр, әр сырда бір мұң, әр мұңда бір мағына» барлығын барынша барлап бақылайды. Эпопеяның жан толқытарлық полифониялық табиғатына, атап айтқанда, сұлу да сиқырлы тіліне үңілгенде образ тағдырын шешетін, жазушының стилін айқындайтын таңғажайып пейзаждық көріністерді, тасқа тіл бітірген суреткер шеберлігін дәйекті мысалдармен дәлелдейді.
Академик З.Қабдоловтың «Сөз өнері» деп аталатын кесек монографиясында әдеби туындының көркемдік кестесіне, суреткер шеберлігіне, «Сөзбен сомдалған тұлғаның» табиғатына қатысты құнды пікірлер қозғайды.
«Жазушы – деп жазады ол, – өзінің сөз қорын байыту үшін, жалпыхалықтық тілдің телегей теңіз бай қазынасын мүмкіндігінше молырақ игеру, оның қилы-қилы, қиын әрі қызық құбылыстарын жете түсінуі, әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұлан-ғайыр өзгерулер мен өңдеулерді, құбылтулар мен құлпыруларды дәл аңғара білуі кажет» деп жазушының шеберлік әлеміне барлау жасайды. Және де жазушы тілі дәлдікке, ықшамдықка, сұлулыққа негізделуі шарт деп шегелеп айтады. Ғалым сөздердің көп мағыналылығына, сырлы астарға, «әдеби тілдің сыртқы әрі немесе ішкі нәрі» ретінде қызмет атқаратын синонимияға, омоним, антоним сөздерге, плеоназмға, архаизмдерге, неологизмдерге, сондай-ақ айқындау, кейіптеу, пернелеу, алмастыру, ұлғайту, кішірейту, қайталау, дамыту (түйдектеу және баяулату), сөз орнын ауыстыру, сөз тастап кету, егіздеу сияқты бейнелегіш-суреттегіш құралдарға ой сәулесін түсіреді.
Зерттеушінің пікірінше, тілдің көріктеу құралдарының бәрі – бірімен-бірі өзара тығыз байланыстағы, қарым-қатынастағы, аралас-құралас жатқан және жарыса қолданылып, бірін-бірі демеп, толықтырып жатқан нәрселер. Шынында да, бірімен-бірі іліктесіп, сабақтасып, ұштасып, үйлесіп жатқан мәнерлегіш-суреттегіш құралдардың арасында «Қытай қорғаны», «Абылай аса алмас асу» бел жоқ.
Әдебиет теоретигі З.Қабдолов «Образ» ұғымын екі мағынада алып тексереді. Біріншісі – көркем бейне ретінде. Екіншісі – суретті сөз ретінде.
«Әкем Қабдол асқан домбырашы адам еді. Әрі әнші, сері кісі болатын. Қырық күй білетін... «Қыз Жібек» дастанын бастан-аяқ жатқа айтатын» деп толғанады Зәкең. Өнерпаз тектілігінің төркіні қайдан бастау алады десек, тұқымынан екен ғой. Оның «Жайық қызы», «Туған ел» тәрізді сұлу ырғақты сыршыл өлеңдеріндегі мына бір шумақ көркемдік қисынымен өзгешеленеді:
Ажары атқан таңдай ару жастың,
Қасы бар қанатындай қарлығаштың.
Жанары жан біткенді елжіреткен,
Болсайшы бәрі сондай қарындастың.
Зейнолла Қабдолов аударма өнерімен де шұғылданады. Л.Кассильдің, В.Добровольскийдің, В.Закруткиннің романдарын тәржімалады. А.Островскийдің «Ұшынған ақша», М.Горькийдің «Күн перзенттері», Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» сияқты үздік классикалық драмалық шығармалары республикалық, облыстық театрларда З.Қабдоловтың аудармасымен қойылды.
Жазушының «Ұшқын», «Жалын» романдарының басты тақырыбы – біздің заман шындығы, зиялылар өмірі, замандастардың тағдыр-тіршілігі, биік тұлғасы. Оның қаламгерлік колтаңбасына тал жібектей таза айшықты, оралымды тіл, лирикалық сипат, жылы юмор тән.
1995 жылы Пәкістан мемлекеті «Әдебиет, мәдениет және демократия» деген тақырыпта Халықаралық, яғни, дүниежүзілік деңгей-дәрежедегі ғылыми конференция өткізді. Әлемнің алты құрлығынан немесе жүзден аса мемлекеттен үш жүзден астам ғұламалар, әйгілі ақындар, айтулы жазушылар, өресі биік суреткерлер қатысты. Сонда асыл ұстаз, абыз аға Зәкең қарқаралы көштің басшысындай жол-жоба көрсетіп отырды. Ғылым-білім, ақыл-ой бәсеке-жарысқа түскен ұлы жиын-мәслихатта академик жазушы Зейнолла Қабдолов былайша толқындата өрнектеді:
– Қазақ әдебиеті – дүниежүзіндегі ең күшті әдебиеттердің бірі, – деді Зейнолла Қабдолов. – Мұның даму тарихы терең әрі күрделі. 150 жылдығын биыл бүкіл әлем тойлаған Абай поэзиясы қазақтардың сөз өнеріндегі дәуірлеу кезеңін бейнелесе, 21 айдан кейін 100 жылдығын күллі адамзат атап өткелі отырған Әуезов прозасы – қазақ ренессансы. Сіздер нақты да затты түсіне түсу үшін аналогия келтірсем: Абай – Гете мен Пушкин деңгейіндегі ұлы ақын болса, Әуезов – Бальзак пен Достоевский дәрежесіндегі кемеңгер жазушы...
Одан әрі академик-жазушы осы әдебиеттің кешегі, бүгінгі қайраткерлері оны қазақ халқының ақыл-ойына, ар-ожданына, автопортретіне, паспортына, көркем тарихымен сұлу шежіресіне қалай айналдырғанын керемет сыр ғып шерткенде жүзден астам елден келген зал толы интеллектуалдар – ақын-жазушылар мен ғалымдар қазақ ұлтына, оның тамаша әдеттері мен мәдениетіне деген іңкәр сезіммен қайта-қайта қол соғып, ұйып тыңдады.
Осыған мерейленген Қазақстан делегациясының тебіренісін Марфуға ақын өлеңмен кестеледі:
Келісіп келбетіңе маңғаздылық,
Теңіздей тереңдікпен таң қалдырып,
Тобына қосылғанда тұлпарлардың,
Құйындаттың, ізіне шаң қалдырып.
Тым жарық жұлдызына теңеп көктің,
Сезімімді сәбидей өбектеппін.
Қазағымның жерінде таулар қанша,
Көзіме Сізді тау деп елестеттім!
Жүрекке тұна түсіп тұнық ойың,
Толқыдық, тілектес боп күніменен...
Тебірентіп тастадың тыңдаушыңды,
Ұлы Абайдың төгілген тіліменен.
Халқымның тындағанда сүйікті ұлын,
Жұрт сезінді Тереңдік, Биіктігін!..
Пәкістанның елінде тебірендік,
Тұрғандай төбе көкке тиіп бүгін...
Қайран, сұңғыла ақындық-ай! Тарлан таланттың шоқ шашқан шабытын жеріне жеткізе сипаттаған қайран ақынның құдіретті тіліне не жетеді.
Сағат рухымен сырласу
Құштарлық кернеген, қияға құлаш сермеген, қиял мен сезімге бөленген балғын да балауса өндірдей жас, керемет көгілдір арман көгінде қалықтайтын жастық шақ, дана Абай келісті кестелегендей, «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеген», яғни, адам ғұмырындағы осынау беу, шіркін, алтын шақ, жалынды дәурен өзгеше ғой. Дүниенің таңғажайып тұңғиық құбылыс-сырларын білсем, көрсем, оқысам-тоқысам деген ұшқыр түйсік, сезімпаз көңіл, даналықты зерде шартарапқа шарқ ұрып ізденіп үңілетіні, көз майын тауысып білім, ой теңізіне шоматыны хақ. Білімнің қарашаңырағы – Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) қабырғасында, нақтылы айтқанда, 1968-1969 оқу жылында (сыртқы бөлімнен стационарға ауысқан бетім еді) үзіліс арасында үйірілген бір топ студенттердің ортасында оттай лаулаған бір жас жайнақ қарияша толғанып, үлкендерше пайымдап, теңізше бусанып, дауылша үдеп, төгіліп сөйлегенінің тосыннан куәгері болғаным бар.
Жас оқытушылардың бірі ме деп ойлаған едім, сөйтсем, кейін аңғардым, өзі студент ар-ұяты мол, таным-пайымы терең, етек-жеңі кең Сағат Әшімбаев екен.
Содан бастап лебізі жаздың лебіндей ізгі жүректі, сұлу ниетті, парасат дүниесі қызығарлықтай кісілікті, толымды, білімді, саңлақ жігітті ұстазымдай сыйлап, қорған-пана тұтып кеттім.
«Ақ бидайдың ұны ақтүйенің шабысына піседі» дегендей, ардан жаралғандар, арман қуғандар өзіңді бек ардақтаушы еді. Атқан таңдай нұр шашатын жібектей жаныңды, таза әрі дархан пейіліңді, жөн білетін, сөз білетін, турашылдықты, әділдікті сүйетін бекзат, дегдар болмыс-бітіміңді, жақұттай жарқыраған кемел ой-пікірлеріңді бұл тіршілікте қалай ұмытарсың! «Бүтін дүниені тырнағына теңгермейтін» өтірікші суайттардың, тасжүрек, безбүйрек найсаптардың, жантықтардың, үрген местей күмпигендердің, кәззаптардың, «жатып ішер жалмауыз, борсық тұмсық қандауыздардың» берекетсіз әрекет-қылығы көз алдыңда көлбеңдегенде асыл бейнеңді, жан шуағыңды іздеп, көкірегім қарс айырылып, боркеміктеніп, ғазиз рухыңмен сырласатын жайым бар.
«Мені қатты алаңдататын нәрсе – дүниеқоңыздық, алармандық, қанағатсыздық, көрсеқызарлық, өзімшілдік деген пәлелер» деп жазған едің. Ол уақытта мұндай оспадарлық аз сияқты еді, қазір бұлар шырмауықша шырмап, аспандап барады, асқақтап барады, билеп-илеп барады.
«Табанының топырағы көзге сүртерлік» жаны жайсаң жарқын мінезді Сәкең әрдайым жанашырлық көрсетіп, көл-көсір ілтипатымен қанаттандыратын-ды. Хабар-ошарлар жаздыртып, өзі істейтін «Лениншіл жасқа» жариялайтын-ды. Түпкі ойы – жазу мен ойлау мәдениетіміз қалыптассын дегені болу керек. Сол бір жылдарда театрға бару, кітап дүкенін аралау сияқты тамаша дәстүр бар-тын. Сонда бірге қайтқанда көшелі ой-толғаныстарымен дүниетанымыңа терең ой дарытып, ішкі рухани дүниеңді гүлдендіріп жіберетін-ді. Денсаулығыңды сақта, таза ауада көбірек серуенде деп кеңес беруші еді. Бұл орайда медицина ғылымынан қыруар мағлұматтарды тізбелеп, қадау-қадау, түйдек-түйдек түйінді тұжырым-пікірлерін жосылта баяндап жөнелуші еді. Швейцарлық ғалым, жүйкетанушы Август Форельдің кітабындағы деректерді айтып беретін-ді. Мырза көңіл, кітапсүйгіш Сағат Әшімбаев бар білгенін, жақсылығын ақсұңқарша жарқыратып жайып салатын еді. Баспанасыз жүдеп-жадап жүргенімде Сәкеңнің кеңсесіне бас сұғып, жағдайымды түсіндіргенде, дереу жан-жары Шәрбануға телефон шалып, пәтер іздесейші деп өтінгені де жадымда.
Айтулы әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев жас әдебиетші-сыншылар –Бақыт Сарбалаев, Сәрсенбі Дәуітов, Бекен Ыбырайымов, Нұрдәулет Ақыш, Құлбек Ергөбек, Бақытжан Майтанов және т.с.с. ой-толғаныстарын жинақтап, жүйелеп «Жастар жастар туралы» (1981) деген атпен жинақ құрастырып жариялады.
Бүкілодақтық Авторлар қоғамы Қазақ бөлімшесінің бастығы болған кезінде дау-дамайы көп болған «Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты» (М.Дүйсенов, К.Сейдеханов, С.Негимов) дейтін ұжымдық зерттеудің жариялануына зор шарапатын тигізгені мәлім.
Энциклопедиялық білім иесі Сағат Әшімбаев сыни шығармашылық өнерде өрелілік пен өнегелік, біліктілік пен білімділік, шынайылық пен азаматтық-адамгершілік танытты. Оның ұлттың тілі, ұлттың ой-санасы, әдебиеттану ғылымының философиясы – сын өнері жайындағы толғаныстарына ойшылдық, тереңдік, сыршылдық қасиеттер тән еді. «Рухани байлықтың түп-төркіні, адамшылықтың мөлдір бастауы» – әдебиет пен сынның мәртебесі, көркемдік дәрежесі хақында тебірене толғанды. Өзі жазғанындай, «артық ала сөз, шартық шала сөз», «тайпашыл тар сезім, рушылдық улы сезім, қодарлық қоқыс сезім, жершілдік желбуаз сезім» дегендерге атойлап қас батырдай қасқайып қарсы шықты. «Сын – әдебиет теңізінің компас-құбылнамасы» деген мейлінше ұлағатты түйінді ойын дәйектеп дәлелдеді. Ол әлем әдебиетін, философиясын, тарихын, эстетикасын жетік меңгерген-ді.
Мәселен, «Өлең сөздің өрнегі» дейтін шығармасында сөз мәтіні және оның тоқылысы, өлең оқу мәдениеті мен көркем образ табиғаты соншалықты нәзік талғампаздықпен талданып таразыланады. Қанатты сыншы әдеби-теориялық ой-пікірлерін жайнатып, жандандырып, жұтынтып жеткізеді. Алдымен, «дүниеде сөзден мәңгілік, сөз мәнісінен кұдіретті» кұбылыс жоқ екендігін шегелеп айтады, әрі қарай: «Бәрі де сөзден басталып, бәрі де сөзбен аяқталады. Тасырға жетпеген сөз, сан ғасырға жетеді. Жарым сөзге жарты әлемнің тағдыры сыйып кетеді. Сөзден от шығып, сөзге оқ та тоқтайды... Сөзінің дәмі жоқтың, ойының дәмі де жоқ, сөзі олақтың – ойы шолақ» деп сабақтастырады.
Бұл орайда Сағат поэзиялық кұбылыстардың нәзік тамыршысы іспетті. Абай поэзиясының ішкі әлемін, көркемдік сырларьн, тұтастығьн, философиялық қырларын, образ жүйесінің өзіндік өзгешеліктерін, ой-образ – музыканың біртұтас жарасымды жаратылысын, Абайша айтқанда, «Тәңірінің берген өнері» екендігін сыншылдық қабілет, көркемдік толғам-талғам биігінен зергерлікпен зерделейді. Абайдың ақындық даналығын, поэзияның ең негізгі қағидалары мен шарттарын бажайлап баяндай отырып, интеллектуалдық-философиялық поэзия табиғатын жан-жақты түсіңдіреді. Бұл – «суреткерлік пен ойшылдықты, философиялық ой толғаудағы жаңалықты, көзқарас пен дүниетанымдағы диалектикалық тереңдікті, осылардың табиғи бірлігін қамтиды» деп түйіндейді. Әлбетте, «адамзаттық асқақ сезімнің дәрежесіне» самғайтын жарқын мысалдар, жауһар үлгілер, әдеби-тарихи деректер арқылы ой-пікірлерін бекітіп отырады.
С.Әшімбаевтың сыншылдық, азаматтық-интеллектуалдық парасатты келбетін, зейін-зерде санасын, оның көгілдір экрандағы шешендік-импровизаторлық өнері тұлғалаңдыра түседі. Оның «Жүректен қозғайық», «Парыз бен қарыз» атты телехабарлары жүректерге сыр дарытып, рух сыйлаған, жан жадыратқан терең танымды телетуындылар еді.
Сөздің иіні келгенде, айтып өткен жөн болар, «Жеті Музаның» ұйымдастырушысы, мәдениеттанушы, қарапайым ұстаз Бақтажар Мекішев (1928-2005): «Мен парасатты Сағаттың әрбір хабарынан рухани ләззат қана емес, тұтас энциклопедиялық білім алғандай болатынмын. Ол әрбір хабарына ерекше бір шабытпен келетін. Студия іші ерекше бір ырғақ пен сұңғыла сананың соншалықты шалқарлығына бөленіп тұрғандай болатын» деп жазды. (Күлкіңді жүрміз сағынып. Алматы, «Өнер», 1992. – 64 бет).
Санаткер, қайраткер, сыншы, телепублицист Сағат Әшімбаевтың шығармашылық өмірбаяны, әдеби мұрасы, философиялық ой-санасы, бекзат болмысы өзгеше бір әлем. Оның тұлғасы жақсылықтың, қайырымдылықтың, занғарлықтың, мөлдір тазалықтың символы. Мұхамед пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде: «...Жер бетіндегі ғұлама данышпандар аспандағы жұлдыздарға ұқсайды... Жер де, суда да жұлдыздарға қарап жол табуға ұмтылады. Жұлдыздар көрінбесе, адасуы мүмкін» делінген.
Иә, Сәкең де XXI ғасырдың көгінде жанып тұратын шамшырақ.
"Қазақ үні" газеті