Қазыбек ИСА. МИЛЛИОН РАУШАН ГҮЛІ немесе ШАРДАРАНЫҢ ҚАРБЫЗЫ
2015 ж. 27 маусым
12500
18
Отбасылық әңгіме
Біздің үйде жылда 26 маусымнан бастап, айдың аяғы мерекелерге жалғасып кетеді. Бұл күні нәсібіміз болып отырған кәсібіміз - Журналистер күнінен басқа тағы бір атаулы күніміз бар. Ол біздің үйдің шұғылалы шуағы ("нұры" дейін десем, ол сөз елмен бірге жекешеленіп кеткенін жақсы білесіздер) Жәннат Ботайқызының да туған күні! Кеше балалары аяулы аналарына керемет сыйлық жасапты! Көкелеріне айтпай... Алматылықтар (қазір біз астаналықтар, алматылықтар болып бөлінеміз) Әзірет бастап, Гүлназ, Қаныш қостап, гүлден тарту әзірлепті. "Миллион алқызыл раушан гүлі" -деген әйгілі әндегідей, қаншама раушан гүлі мен қаптаған түймедақтан (ромашка) тамаша сыйлық - Гүлтарту жасапты. "Құнын айтпаңдар, әйтпесе, шешелерің: "Неге шығынданып жүрсіңдер?"-деп ұрсады" деп, "ескертіп" қоямын балаларға... Аналарына деген аппақ көңілдері ғой! Шымкент пен Жаркенттің жартысының мәселесі ғана емес, әлемдік мәселелерге араласып, шетелдегі тұрмыс тауқыметімен қиналып жүрген балалармен бірге қиналып отыратын (туыстар "Мать Тереза" деп атап кеткен) аналары бір сәт күнделікті күйбең тіршілікті ұмытып, көңілі көкке көтеріліп, көркейсін деген болуы керек! Бір тал гүл берсе де, баланың анаға деген сыйлығынан артық не бар дейсің бұл өмірде... Осындайда "Мен марқұм анамды қуандыра алдым ба екен" деп, мұңға да беріліп кетемін... "Ақ жол" партиясының жылдағы дәстүрі бойынша республикалық БАҚ журналистерін мерекесімен құттықтап, марапаттаған соң, жұмыстан келе жатып, әдеттегідей есіктің алдындағы дүңгіршекке соқтым. Жайнап тұрған жасыл ала қарбыздар бірден көзіме оттай басылды. Сатушы баланың шымкенттік екенін сұрамай-ақ білесің: "Ассалаумағалайкум" деп ауыз толтырып, қос қолдап, қазақша амандасады, жағдайыңды сұрап қояды - сауда жасамай өте алмайсың... "Қарбыз қай жақтан келген?" -дедім. Айтып, ауыз жиып болғанымша, "Шардараның қарбызы"-деп сарт еткізді. "Менің шардаралық екенімді біліп айтып тұрсың ба?-деп қойдым. "Жо-о-о-қ, көке, шын айтамын! Тіке Шардарадан алдырамыз" -деп сендіріп жатыр ол. Жанында тұрған сап-сары сопақша торлы қауындар мен әдемі әңгелектерге көзім түсті. "Қауын қайдан?" "Мырзашөлдің қауыны ғой..." "Менің Мырзашөлде туғанымды біліп айтып тұрған жоқсың ба?"-дедім тағы қалжыңдап... Сатушы бала екеуміз рахаттана күліп алдық. "Қызылқұмдағы біздің Қыдырлардың қауын-қарбызы пісті ме екен" деп ойлап қойдым іштей. Құдай қаласа, тамыздың соңына таман балалармен барып, қауын-қарбызды егістікте пәлегін аралап жүріп жесем, шіркін деп қиялға беріліп кеттім... Баяғыда ауылға барғанда күні бойы "қарбыз жеймін" деп қоймайтын бес жастағы Әзірет немересін Жарылқасын атасының қарбыз сарайдың ішіне қамап қойғаны, бір сағаттан соң, қарны қарбыздай болып, зорға шыққаны, содан кейін атасына "қарбыз жеймін" деп айтпайтын болғаны есіме түсіп бір күліп алдым... Сонымен қауын-қарбызды алып үйге келсем, Астанадағы №66 мектептің 2-ші сынып оқушысы Әмина әдеттегідей алдымнан жүгіріп шықты. Түркиядағы Анталияда биылғы өткен Халықаралық өнер фестивалінің 1-ші орын иегері Әмина "Шашу" ансамблінің Астана күніне билейтін биінің дайындығына бола каникулын тастап, Астанаға келіп алған. Соған бола Сүлеймен Демирель университетінің дипломын ала сала Астанаға келген Гүлназ: "Бүгін мамамның туған күні екенін ұмытып кеткен жоқсыз ба? Біздің қандай сыйлық жасағанымызды көрдіңіз бе?"- деп, телефонынан жоғарыда айтып өткен Гүлтартуды көрсетті. "Ал, сендер менің кәсіби мерекем -Журналистер күні екенін білесіңдер ме?" -деп, шынында туған күнді ұмытып кеткесін "қарсы шабуылға" шығып, құтылуға тырысып жатырмын... Ақшам намазын оқып, ауызашармен көңілді демдеп алғасын, шынында балалардың шешесінің - Жәннаттың туған күнін ойлай бастадым. Аяқ астынан не істей қоясың... Қысылғанда көмекке Шардараның қарбызы келді... Әмина "Қазір жейікші" дегесін, дәу қарбызды дастарханның ортасына қойып, пышақ тигізгеннен пырт-пырт етіп, тырсылдай бастады. "Жақсы піскен екен" деп қақ айырғанда, қарбыз екіге бөлініп жарқ ете түсті. Тура толған айдай қып-қызыл болып жарқырап жатыр. Санама саңылау түсіп, "Осы ай секілді тәтті қарбызды неге Айыма тарту етіп, суретке түсіріп жібермеске" -деген ой келді. Идеямды Гүлназ бен Әмина бірден қуана-қуана қолдады. Қарбызға ірімшікпен "Ай 50"деп жазып, телефонмен "астаналықтар алматылықтардан қалыспайды" деп жазып жібердік Алматыға... Жәннат та күйеуінің тапқырлығына разы болған болуы керек: "Ой, керемет сыйлық екен! Тәтті шығар?"-деп жауап беріпті. Сөйтіп, туған күн мәселесінен өзім бала күнде әкеммен бірге еріп жүріп, талай еккен Шардараның тәтті қарбызы құтқарды... Шіркін, Шардараның қарбызының тәттісін-ай!..26 маусым 2015 жыл
Қазыбек ИСА