О. Асанғазы: Қазақ мәдениеті қазақстандықтарды біріктіре алатынын көрсетті

Қазір қазақтың сырға салып, құдаласу дәстүрі, қыз ұзатып, той жасау салты жаңа заманның жаңаша сипатына сай өтеді. Әрі қоғамымыздағы әртүрлі этнос өкілдері осы дәстүрлерді өзінше өткізіп, өзінше қалыптастырып жатыр. Бұның барлығы қазақтың мәдениеті бүкіл қазақстандықтарды біріктіре алатынын көрсетіп отыр. Бұл туралы бүгін бес институционалдық реформаның бағыттарын жүзеге асыру туралы өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісінде Мәжіліс депутаты Оразгүл Асанғазы мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «біздің қоғамымыз неғұрлым қуатты және біртұтас бола отырып, тарихи тұрғыдан қарағанда көптеген тілдерден, мәдениеттерден қалыптасты. Бүгінде бізді «Мәңгілік ел» құндылықтары біріктіреді. Ел құндылықтары біздің бай-қуатты болашағымызға бағдар болады» деп атап өткен. Елбасының Тәуелсіздік алғаннан бергі арманы – елдің бірлігі. Осы бірлік жүйелі мемлекеттік саясаттан және ортақ мәдениеттен тұрады. Яғни, сындарлы саясатымыз Тәуелсіздік алғаннан бергі әлеуметтік-саяси жағдайда жеткен жетістігіміздің дұрыс екеніне көзімізді жеткізді. Қазіргі «100 нақты қадамда» да, бес институционалды реформада да көтеріліп отырған мәселе –біздің біртекті мәдениетіміз. Бұл тұрғыда келгенде қазақтың байырғы, баянды, ғасырдан ғасырға келе жатқан мәдениеті – бүкіл қазақстандықтарды біріктіре алатын мәдениет. Сондықтан, біз, қазақстандықтар біртектілік жағдайына келген кезде, осының іргетасын қалайтын ұлттық құндылықтарымыз туралы айтып кетуіміз керек. Біртектілікке келетін болсақ, Наурыз мейрамы - нағыз бірліктің мерекесі, араздасқанды достастыратын, барлық өкпені ұмыттандыратын мереке деп нық сеніммен айта аламыз. Қазақтың тұсаукесер салты да солай, қазір баласының тұсауын кеспесе де, кез келген қазақстандық мекемесінің тұсауын кесіп жүр. Жалпы, сырға салудан бастап қыз ұзату, үйлену тойы сияқты қазақтың кез келген дәстүрі жаңа заманға лайықталып, бұрынғыны жаңарта отырып өте керемет мәдениетке айналды. Айтыс өнерінің өзі бұрынғы тарихымызды тірілтті және нағыз демократияға бастады. Қоғамның, халықтың билікке айтатынын сөзін біздің айтыс өнері жеткізіп отыр», - дейді депутат. О. Асанғазының айтуынша, біртектілік дегенде, біртекті мәдениет дегенде, біз ұлттық құндылықтарымызға, қазақ мәдениетінің айналасына бірігуіміз керек. «Мемлекетті құрайтын ұлт – қазақ ұлты. Дегенмен, Қазақстанның жерін мекендеп отырған кез келген этносқа рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Қандай биік мінбер болсын, қандай мәдени жарыс болсын, кез келген ұлттың өкілі қазақтың салтын сыйлайтынын дәлелдейді»,-дейді депутат.

BNews.kz