Тәуіржан РАХАТҰЛЫ: Әлемді тамсандырған қазақ биі...
2015 ж. 16 маусым
5638
4
Тәуіржан РАХАТҰЛЫ, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, хореограф:
ӘЛЕМДІ ТАМСАНДЫРҒАН ҚАЗАҚ БИІ...
– Жақында ғана Түркия қаласында өткен «IAF» Халықаралық өнер байқауынан шәкірттеріңіз жүлделі оралыпты. Дүбірлі доданың қатысушыларға қойған талаптары мен ерекшеліктері қандай болды? – 2015 жылдың мамыр айында Түркияның Анталия аймағында биыл екінші рет «IAF» Халықаралық өнер байқауы өткізілді. Байқауды Анталия қаласы мәдениет және туризм басқармасы, «IAF» Халықаралық фестивальдер қозғалысы, «TEM TOUR» туристік агенттігі, «ART-ШАШУ» қоғамдық қоры мен «Танцевальный клондайк» мега жобасы ұйымдастырды. Бұл додада Ресей, Қазақстан, Македония, Беларусь және Түркияның 407 дарынды балалары мен жастары бақ сынады. Өнердің әртүрлі жанрларын қамтитын жарыстың ұйымдастырушылық деңгейінің өте жоғары екендігі бірден байқалды. Конкурстың басты ерекшелігі – қатысушылардың өнерін сарапқа салып қана қоймай, қазылар алқасы мүшелерінің шеберлік кластары, көңілді демалыс пен экскурсиялардың ұйымдастырылуы балаларымыздың көңілін бір серпілтіп тастады. Қазылар алқасы құрамында шет елдердің танымал өнер қайраткерлерінің болғаны да конкурстың дәрежесін арттыра түскендей. – Аталмыш байқауда жұлдызы жанған жүлдегерлерді атап көрсетсеңіз... – Бұл байқауда жас ерекшеліктеріне және жанрға байланысты «Шашу» халықтық би ансамблінің әр түрлі топтағы балалары бақ сынады. 7-9 жас аралығындағы бүлдіршіндер арасында өткен «Балаларға арналған билер» номинациясы бойынша 1-ші орынды Әмина Жарылқасын, Рамина Жаханова, Әсел Ноғайбек, Әмина Акбарова, Нұрсұлтан Нұржан, Нұрай Амангелді, Дәулет Табылды, Малика Рымғалиева, Зере Серікова, Айман және Шолпан Каналимовалар, Дария Аманжолова, Дәмелі Құсайын, Елдана Тасболатова, Наргиз Аманжол, Сағынай Жаңбұршин, т.б өнерлі өрендеріміз жеңіс тұғырынан көрінді.Аталған бишілер ұжымымыздың атынан осы сайысқа қатысқан ең жас өнерпаздар болғанына қарамастан, олар өздерінің шеберліктерімен дүйім жұртты тамсандырды. Ал, 11-13 жас аралығындағы жастар арасында өткен «Халық биі» номинациясы бойынша 1-ші орынды М.Рахатова, З.Кеңесбекова, Д.Исабаева, Ж.Салимова, К.Шұқаева, М.Нұрланова, Ж.Кәрімжанқызы, А.Ахманова, Д.Күлмағанбетова, Д.Талтақова, С.Досымовалар қанжығаға байлады.Түркияның Анталия қаласында өткен Халықаралық өнер фестивалінің бірінші орын иегері – Әмина Жарылқасын
Сондай-ақ, 11-13 жастағы қатысушыларымыз – А.Төлеу, Ә.Ибрагимов, Д.Әміржан, Ж.Талғаттар «Халық биі» номинациясында 3-ші орынды місе тұтты. Тағы да осы «Халық биі» номинациясы бойынша үздік өнер көрсеткен 14-17 жас аралығындағы қатысушыларымыз – С.Саматова, А.Байғазы, Ү.Әлімова, Ш. Оразбековалар 1-ші орынды иеленсе, «Модерн биі» номинациясы бойынша Г.Бодашева, Ж.Саматова, А.Қалел, А.Аманбай, А.Мұстафина, А.Қасен, Л.Төленді, М.Оразханова, С.Саматова, А.Байғазы, Ү.Әлімова, Ш.Оразбековалар Бас жүлдені жеңіп алып, жұлдыздары жарқырады. Жас таланттарымыз алдағы уақытта да еліміздің намысын қорғап, қазақ өнерінің дамуына өздерінің үлестерін қосатынына сеніміміз зор. – Осы уақытқа дейін қаншама халықаралық өнер фестивальдерінің жүлдегері атанған «Шашу» халықтық би ансамблінің өзге би ұжымдарынан ерекшелігі қандай? – «Шашу» халықтық би ансамблінің құрамында қазіргі таңда 226 бала бар. Бүгінгі таңда репертуарымыздағы би қойылымының саны – 40-тан асады. Оның негізгі бөлігі ұлтымыздың этнографиялық, тұрмыс-салт негізінде қойылған билерден тұрады. Атап айтсақ, «Қос алқа», «Бәйге», «Қыз дәурен», «Алтынай», «Ата толғау», т.б. Репертуарымыздағы ең бір ерекше туынды ел егемендігін паш ететін «Тәуелсіздік таңы» атты қойылымымыз. «Шашу» халықтық би ансамблінің өзге би ұжымдарынан ерекшелігі – өзіміздің ұлттық билерімізбен қатар, өзінің атына сай республикамызды мекендеген өзге ұлт өкілдерінің алуан түрлі билерін шебер орындайтындығында. Біздің ұжымның орындауындағы балаларға арналған би қойылымдары, қазіргі жастарға арналған заманауи билер де көрермендердің көзайымына айналып үлгерді. Қалыптасқан дәстүр бойынша, жыл сайынғы есеп беру концерттерімізде бишілердің жас ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі жанрда дайындалған би қойылымдары жұртшылықтың назарына ұсынылады. Мәселен, 5-7 жастағы балаларға арналған қойылымдарда бақытты балалық шақ пен табиғат көрінісі бейнеленсе, 8-10 жастағы балалар күрделі қимылдардан тұратын ұлттық және жаңа билерді көрсетеді. Ал, 11-17 жастағы жасөспірімдер кәсіби бишілер сияқты әртүрлі би қойылымдарын шебер меңгергендіктерін аңғартты. Түркияның Анталия қаласында өткен Халықаралық өнер фестивалінің жеңімпаздары – Жас өнерпаздардың өнеріне қолдау көрсететіндер бар ма? – Негізінен, би өнерінде жұлдызың жарқырап жану үшін атқарылатын шаруа шаш етектен. Яғни, биге дайындалуды айтпағанда, гастрольдік сапарларға шығу, сахналық киімдерді тіктіру осының барлығы қомақты қаржыны талап етеді. Өз кезегінде мұның барлығына ата-аналар демеушілік етеді. Бұл балалардан құралған барлық ансамбльдерге тән құбылыс. Тіпті, бұл өзімізбен көршілес мемлекеттерде де қалыптасқан жағдай. Барлық шаруа қаржыға келіп тірелетіндіктен, шет мемлекеттерге шығуға балалардың барлығының бірдей мүмкіндігі бола бермейді. – Бишілердің көздің жауын аларлық тартымды киімдерін кімдер дайындайды? – Сахналық киімдердің эскизін би қойылымының тақырыбын, ерекшелігін ескере отырып өзім жасап шығамын. Ал, біздің ұжымның киімін тігумен «Меруерт» киім шеберханасы айналысады. – Тәуіржан Рахатұлы, көрермен қауым өзіңізді «Айгөлек» балалар байқауының қазылар мүшесі ретінде жақсы біледі. Байқау барысында қазылардың сынын естігенде, жанарына жас алып қалатын балаларды да көзіміз шалып жатады. Жалпы, балғын бүлдіршіндердің өнеріне баға беру, пікіріңізді ашық жеткізе білу қаншалықты қиын? – «Айгөлек» балалар байқауы талай дарынды балалардың бағын ашып, бағыт-бағдар беретін үлкен телевизиялық жоба. «Айгөлек» ел арасындағы таланттардың танылуына септігін тигізгені үшін біздің «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мен «Балапан» арнасының ұжымына айтар алғысымыз шексіз. «Айгөлектің» 2,4-5 маусымдарында қазылар алқасының құрамына ендім. Шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаз ретінде маған қазылық ету қиындық туғызғанын жасыра алмаймын. Көбіне жас балалар эмоцияға берілетіндіктен, көз жасына да ерік беріп жатады. Мұндай сәтте шынымды айтсам, менің де жүрегім жылап кетеді. Бірақ сыртқа білдірмей, сезімімді бұғаулауға тырысамын. Байқасаңыздар, мен сынды көбінесе балаларға емес, оларды дайындаған жетекшілеріне айтамын. Өйткені, бұл жерде баланың ешбір кінәсі жоқ қой. – Келешекте мың бұралған биші атану үшін бүгінгі жас өнерпаздарға қандай талаптар қойылады? –Ең бірінші кезекте би өнеріне деген ынта-ықылас, яғни мамандыққа деген махаббат керек. Кез-келген саланың білікті маманы болу үшін адам баласына қажетті қасиет ол – еңбексүйгіштік. Әлбетте бұл қасиет бишілердің бойынан да табылуы керек. Меніңше, еңбектенген адам өзінің көздеген мақсатына жете алады. Менің ұстанымым: «1 пайыз талант және 99 пайыз еңбек». Негізінен дарынсыз бала болмайды, тек өз білгенін баланың бойына дарыта алмаған, шәкіртін алға жетелей алмаған жетекшілер кездеседі. Сондықтан да, бұл тұрғыда көп нәрсе жетекшіге де байланысты. – Шетелдерге гастрольдік сапарлармен, түрлі байқаулармен көп шығасыздар. Әлем жұртшылығы қазақтың биін қалай қабылдайды? – Негізінен ұлттық билеріміз – қазақ ұлтының мәдениетінен, тұрмыс-салтынан хабар беретін керемет өнер туындылары. Қазақтығымыздың исі аңқып тұратын би қимылдарының қайталанбас өрнектері, әсемдігі әлемнің қай мемлекетін де таңдай қақтыратынына көзіміз жетіп келеді. Бимен қоса ұлттық киімдеріміз де көрермендердің көз қуанышы. Тылсым табиғаттың әсемдігін, тыныс-тіршілігімізді, ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді көрсететін қол қимылдары қазақ биінің ең басты ерекшелігі. Шетелдік бағалаушылар қазақ биінің шеберлігі мен кәсіптік деңгейіне лайықты бағасын бере біледі. Қайда барсақ та, көрермендердің қазақ биіне деген құрметінің ерекше екендігін аңғарамыз. – Бүгінде би билеп, той-томалақтың көрігін қыздырып жүргендер бишілердің атына дақ түсіріп жүр деп ойламайсыз ба? – Қазір не көп, тойды жеңіл табыс көзі деп санайтын «биші сымақтар» көп. Осылардың арқасында сапасыз қойылымдар мен «халтуралар» белең алғаны жасырын емес. Әсіресе тәнін жалаңаштап билеп жүрген қаракөз қарындастарымызды көргенде, көзбен жер шұқуға мәжбүр боламыз. Ашығын айтсам, мен өз шәкірттерімнің тойға шығып, табыс табуына қарсымын. – Кез-келген кәсіптің өзіндік қиындығы бар екені белгілі. Айтыңызшы, хореограф мамандығының қиындығы неде? – Түсіне білген адамға би өнеріне дайындау, әсіресе жас балаларды баулу – өте күрделі жұмыс. Оның үстіне қызығы мен шыжығы қатар жүретін іс. Бала психологиясы мен жас ерекшеліктеріне баса назар аудару – біздің мамандықтың негізгі темірқазығы. Даладан келген баланың талантын ашып, үлкен сахнаға алып шығу үшін темірдей тәртіп пен таудай талап керек. Көптеген балалар тер төгіп, еңбегінің жемісін көрсете біледі. Әркімнің биге деген көзқарасы әртүрлі. Биге тәп-тәуір қатысып жүріп, орта жолдан тастап кететіндер де бар. Ата-аналардың арасында да атүсті қарайтындар кездеседі. Ал, біз балаларды кәсіби түрде дайындайтын ұжым ретінде орын алған кез-келген мәселені ата-аналармен бірлесе отырып шешуге тырысамыз. – Өзіңіздің жолыңызды қуған шәкірттеріңіз бар ма? – Менен дәріс алып кеткен түлектерім еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Атап айтсам, Алматы қаласында – Әсел Жақыпова, Ақнұр Дауылбаевалар, Атырауда – Әсел Бөкенбаева, Жезқазғанда – Әсел Сақалова, Ақерке Омарова сынды шәкірттерімнің өзі, бүгінде дарынды балаларды тәрбиелеп, өз алдына жеке ансамбльдер ашты. Ізімді басқан ізбасарларымды көргенде кеудемді қуаныш кернейді. – Алға қойған жоспарларыңыз қандай? – Қазіргі таңда Астана қаласында «Шашу» халықтық би ансамблінің «Асылай», «Ерке» атты екі филиалы жұмыс істейді. Аталған би ансамбльдері қаламыз бен республикамызға танылды. Жеке өнер ұжымы ретінде республикалық, халықаралық дәрежедегі фестивальдерде жеңімпаз атанып та жүр. Алға қойған ең басты жоспарымыз – би театрын құру. Ол үшін бірінші кезекте ғимарат болуы қажет. Осы мәселе шешімін тапса, өнерлі өрендердің өрісін кеңейтуге даңғыл жол ашылар еді. – Әңгімеңізге рахмет! Шәкірттеріңіздің жұлдызы дәйім жана берсін!Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚОВА
"Қазақ үні" газеті
Түркияның Анталия қаласында өткен Халықаралық өнер фестивалы жеңімпаздары
«ШАШУ» БАҒЫНДЫРҒАН БИІКТЕР- «Будапешт шоқжұлдызы» халықаралық фестиваль – конкурсы,
- «Единство России» халықаралық фестиваль – конкурсы,
- «Небо танцует» халықаралық фестиваль – конкурсы,
- «Надежды Европы» халықаралық фестиваль – конкурсы,
- «Мы – XXI век» » халықаралық фестиваль – конкурсы,
- «Әнші балапан» республикалық телеконкурсы 1 орын , Алматы қаласы
- «Калинка» халықаралық фестиваль – конкурсы,
- «Вятская карусель» халықаралық фестиваль – конкурсы,
- «Весенние капели» халықаралық фестиваль – конкурсы,
- «Калинка» халықаралық фестиваль – конкурсы,
- «Айгөлек» республикалық телеконкурсы Гран-при , Алматы қаласы
- «Күміс жұлдыз» халықаралық конкурсы (Түркия,Кемер 2011 ж)
- «Единство России» халықаралық фестиваль – конкурсы, Бас жүлде, лауреат атағы,2012 жыл Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы
- "Жастар қуаты" халықаралық Дельфий ойындары, Астана қаласы, алтын медаль
- ТРТ балалар қорғау күніне арналған фестивальдің лауреаты, Түркия, Измир қаласы 2013 жыл
- "IAF" халықаралық өнер фестиваль-конкурсы Түркия,Анталья - бас жүлде, 1 орын- 2014-2015 жылдар
Түркияның Анталия қаласында өткен Халықаралық өнер фестивалы бірінші орын иегері Әмина Жарылқасын