Әншілердің миллиондап қаржы шашатын концерттері өзін-өзі қаншалықты ақтайды?
2015 ж. 14 маусым
3098
0
Әншілер миллиондап қаржы шашып ұйымдастыратын шығармашылық кештері өзін-өзі қаншалықты ақтайды? Бұл сауалдарға 31 арна жауап іздеп көрді.
Сәнді сахна, жарқ-жұрқ еткен жарықтар, көрермен толы зал. Дәл осындай концерт өткізу, өзін жұлдыз санайтын әрбір әншінің арманы. Сол арманына қол жеткізу мақсатында өнер иелерінің бірі Республика, енді бірі Студенттер Сарайына, ал үшіншілері Астанадағы Қазақстан орталық залын жалдайды.
Жеке концертін беруге ниеттенген әрбір әнші Республика Сарайын таңдайтыны анық. Бір күндік жалдау ақысы 3,5 миллионнан бастап 5 миллион теңге аралығында.
3 жарым миллионға сахнаға көрік беретін LED экран, 500 ден астам жарық техникасы, микрофон, дыбыс ұлғайтқыш жабдықтары кіреді. Ал 4 жарым миллионға дәл сондай қызмет түрі енеді. Тек жарықтар саны көбейеді. Ал, 5 миллион теңгеге сахнаны безендіретін 12 түрлі өзгеріп тұратын көрінісі бар LED экран, дыбыс ұлғайтқыштан бөлек жарықтар саны екі есеге көбейеді.
Әнші Абай Бегей жақында Республика Сарайын жалдап алғашқы концертін өткізді. Кешке халық та көп жиналды. Алайда, билеттер өнер иесінің туған-туыс, дос — жарандарына тегін таратылды. Дүркіретіп өткізген кешінен бір тиын да табыс таппаған. Керісінше, 2 миллион теңге шамасында мойнына қарыз ілінгенін жасырмайды.
Абайдың жарты жыл дайындалып ұйымдастырған концерті 25 миллион теңгеге бағаланды. Әнші Республика Сарайын жалдау үшін 3 жарым миллион теңге, жарнамасына 2 миллион, ал су жаңа костюм тіктіріп, сахнаны безендіруіне кем дегенде 3 миллион теңге жұмсаған. Одан өзге…
Әнші Абай Әбішев өзінің аттасы Абайдың қателігін қайталағысы келмейді. Сөйтіп, ол жеке концертін Студенттер Сарайында өткізуді шешіпті. Студенттер Сарайы Республика Сарайына қарағанда әлде қайда бағасы арзан. Бір тәулікке жалдасаңыз 1 миллион 500 мың теңге төлейсіз. Оның ішіне түрлі түсті LED экран, жарқ — жұрқ еткен жарықтар мен дыбыс ұлғайтқыш аппараттар кіреді. Студенттер сарайының директоры Жанат Қарман түрлі жеңілдіктер де қарастырылғанын айтады.
Еліміздің Халық әртісі Ескендір Хасанғалиев осы жылдың өзінде екі бірдей мерейтойлық шығармашылық кешін ерекше атап өтті. Бірін Алматы қаласында, енді бірін Астанада ұйымдастырды. Екі бірдей бас қалада жеке кеш өткізу үшін қалтаңның қалың болуымен қатар демеушілік ететін аға -көкелердің болғаны жөн дейді Біржан Хасанғалиев. Бүгінде ол шыққан шығындарын есептеп отыр.
«Екі қаланы салыстырсақ, Алматыда өткен концерт ақпан айында және майда өткен Астанада екі бірдей зал. Мысалы Алматыда өткен концертке қаржы көбірек кетті. Шын айту керек, 47 мың доллар кетті. Тек Алматының өзінде. Астанада сәл төмендеу. Шамамен 35 мыңдай», — дейді әнші Біржан Хасанғалиев.
Астана қаласында жұлдыздардың басым бөлігі концерттерін Қазақстан орталық залында ұйымдастырады. 3500 орынды концерт залын жалға алу тәулігіне 2 400 000 теңгені құрайды.
Ал, әнші Өмірқұл Айниязов жеке концертін өткізуге әлі де дайын емес. Себебі, халықтың көңілінен шығатын әндері жұтаң көрінеді. Дегенмен, күз айында Республика Сарайын жалдап кеш өткізу үшін бүгінде бар тапқан қаржысын жинап жүр.
Соңғы уақытта өзін әнші ретінде танытып жүрген Серікбол Сайлаубек жеке концертін ұйымдастыру үшін арнайы концерттік зал іздеп, бас қатырмайды. Қай жерде адам көп шоғырланады, сол орындарда шығармашылық кешін өткізе беретін көрінеді.
Дереккөз: 31 канал