Мұрағат ісінің майталманы
2015 ж. 02 маусым
3838
2
Тарыдай шашылған тарихтағы деректерді іздесек мұрағаттағы дүниелерге ден қоятынымыз белгілі. Мұрағатқа иек артқанымызбен құнды құжаттардың қолды болып кетпеуін қадағалап, көздің қарашығындай сақтап жүрген жандардың еңбегіне жете мән бермейтініміз де рас. Ал шын мәнінде ұлт мұратына, тарихына мінсіз де үнсіз қызмет еткендердің қатары тым сирек. Сол сиректердің бірегейі - Зияда Ижанов екендігін кітап болып жарық көрген «Асыл қазына» атты құнды еңбегімен танысу барысында айқын ұғындық. Бұл кітап жақында ғана Қазақстанның «Ақ жол» партиясының қолдауымен жарық көрді.
1929 жылы 29-наурызда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақарық ауылында дүниеге келген Зияда Ижанов 1950 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітіреді. Жас маман еңбек жолын сол кездегі Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданы Амангелді атындағы орта мектепте мұғалім болып бастап, оқу ісінің меңгерушісі, директоры болып қызмет атқарды. 1953 жылы туған өлкесі Сыр бойына оралып, Жалағаш ауданында партия қызметіне белсене араласа бастады. Іскерлігімен танылған Зияда Ижанов 1991 жылға дейінгі аралықта Жалағаш аудандық партия комитетінде нұсқаушы, саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, үгіт-насихат бөлімінің, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі секілді қызметтерді абыроймен атқарды.
Ал тәуелсіздігімізді алған 1991 жылдан бастап өмірден көрген-түйгені көп, тәжірибесі мол Зияда Ижанов біртіндеп мұрағат ісін қалыптастыруға бет бұрды. Жалағаш аудандық мұрағатшылар қоғамының төрағасы қызметіне кіріскен сәттен бастап, өңір тарихындағы тың деректерді жарыққа шығаруға мұрындық болды. 1992-1995 жылдар аралығында Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағатында істеді. 1995-2004 жылдары ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында, ҚР ҒА Тарих және этнология институтында, ҚР Президентінің мұрағатында еңбек етті. Зияда Ижанов ҚР ҒА-ның тарих және этнология институтының қолдауымен «ҚаҺарлы 1916 жыл», «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің 85 жылдық шежіресін жарыққа шығарды. Сондай-ақ ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты шығарған «Әуезов және мұрағат» жинақтары мен «Махамбет» кітабынан тәжірибелі мұрағатшының қолтаңбасы анық көрінеді. Қызылқоға ауданының энциклопедиясын құрастыруға да сүбелі үлесін қосты. ҚР Президенті мұрағаты шығарған «Қазақстан халық комиссарлары» деген еңбекті орыс тілінен қазақ тіліне тәржімалаған да Зияда Ижанов болатын. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталып, КСРО және КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері атанды, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі болған. Соңына өшпейтін із қалдырып, ұлт тарихын ұрпақ қажетіне жарату жолына саналы ғұмырын сарп еткен саңлақтың сан қырлы еңбегі біз үшін зерделі зерттеудің қайнар көзі, мағыналы өмірі келер ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Мақсат ЖАҚАУ
«Ақ жол» ҚДП төрағасының кеңесшісі, саясаттанушы