ТҮРКІСТАН ТҮЛЕТКЕН ҚЫРАН
2015 ж. 02 маусым
7821
3
Ақын Темірхан Медетбектің 70 жасқа толған мерейтойын туған жері Түркістан тойлады.
Түркістандық жырсүйер қауым ақын шығармашылығына бір апта арнады десек артық айтқандық емес. Темірхан Медетбектің шығармаларына арналған оқырмандар конференциясының қаланың 42 (филиалдарымен санағанда) кітапханасында өткізілді. Ақын шығармашлығын насихаттау шаралары «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Көк түріктер сарыны» шығармасы бойынша Абай атындағы орталық кітапханада өткізілген конференциямен түйінделді. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Темірхан Медетбектің мерейтойына арналған кеш Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында өтті. Кешті халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, белгілі ақын Қасымхан Бегманов жүргізіп отырды. Кеш қалалық Мәдениет үйі әртістерінің ақын шығармалары бойынша әзірлеген әдеби-поэзиялық қойылымымен басталды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтің мерейтой иесіне арнаған құттықтау хатын әкімнің орынбасары С.Қаныбеков табыстады. Қала әкімі Ә.Өсербаев та өз кезегінде ақын тойына темір тұлпар тарту етіп, иығына шапан жапты. «Түркістан тума талант перзенттерге кенде емес. Сондай тума талант, дарынды азаматтардың бірі де бірегейі, өзіңізсіз! Темірхан аға, Алты алашқа атыңыз мәшһүр ақынсыз, біз Сізбен мақтанамыз!» деп, ағынан жарылды Әліпбек Шәріпбекұлы. Әкімі ақынын ардақтап, құрмет көрсеткені сүйінерлік жәйт, әрине. Кеште «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы Мереке Құлкен, «Қазақ үні» газетінің президенті, ақын Қазыбек Иса, сыншы-публицист Әмірхан Меңдеке, сазгер Қалдыбек Құрманәлі мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдірді. Әлбетте, ақындар өлең-жыр арнады. Ал, ақын өлеңдерін сүйіп оқитын, алматылық қонақ (мемлекеттік қызметкер) Әділ Несіпбаевқа кезек келгенде зал сілтідей тына қалды. Ақынжанды шенеуніктің көркемсөз оқудағы шеберлігі тәнті еткендей. Балғын жас мектеп оқушылары ақын ағаларының жырларын нәшіне келтіріп оқығанда жұртшылық дән риза болды. Ақынның өзі де асқақ рухты маржан жырын аяп қалған жоқ. «Біз қандай едік ерте кезеңдерде: Арымас аттар мінетін Тозбас тондар киетін. Қара тастарды қақ жарып, Қарағайлардай қаптап өсетін Қара нарлары шудалары жепілдеп, Қара бұлттардай көшетін Айғырлары күнге қарап кісінеп. Биелері айға қарап құлындаған Кетіссе бұрылмаған. «Күн жағы күміс діңгекті, Ай жағы алтын діңгекті, Ордада отырған Сол жақтан келгенді жапырған, Оң жақтан келгенді опырған. Желдей аңқылдақ, Сұңқардай саңқылдап сөйлейтін Даладай кең, таудай биік халық едік, Алып едік. Сол елді алқымынан сыға-сыға Шымшық торғайдай шиқылдап сөйлейтін төменшік етті Төбесінен ұра-ұра, таудай биік жұртты төбешік етті»... Арда ақын осы сынды жасын жырларымен жиналған қауымды, рухани байытып, жігерін жани түскендей… Залға жиналған мың қаралы тыңдарманның жан-жүрегін ерлік рухы тебірентіп, еріксіз шымырлатқандай… Көптен мұндай отты жырларға сусап, шөліркеп қалған жырсүйер қауым үш сағат бойы тапжылмай тыңдады. * * * Ақынның мерейтойлық кездесулері Түркістан іргесіндегі өзі туып-өскен ауылы Нұртас ауылында жалғасты. Ақын өзі оқыған орта мектепте жерлестерімен жүздесті. Елмен емен-жарқын әңгімелесіп, жырларын оқыды. Сыр ақтарып, ой бөлісті. Біз осындай жарқын жүздесулер арасында ақын мерейтойына қатысушы ақын-жазушылармен тілдесіп қалуға ұмтылдық. Ұлықбек Есдәулет, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Темірхан Медетбековті оқушы кезімнен бастап таныдым. Ұмытпасам, 1969 жылы бұ кісінің алғашқы өлеңі «Жас керуен» деген ұжымдық жинаққа енді. Келесі жылы «Жанымның жас құрағы» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Осы жинаққа орай сол тұстағы белгілі сыншы Сағат Әшімбаев «Лениншіл жас» газетінде мақала жазып, ақынның өлеңдеріне талдау жасаған болатын. Осы мақала да елді елең еткізген ерекше дүние болды. Темірхан Медетбеков – дара бітімді, болмысы бөлек жаратылған ақын. Ол сонау кеңес дәуірі кезінде-ақ өз өлеңіне индустрияны, урбанизацияны арқау еткен ақын. Осы ерекшелігімен қазақ поэзиясына ғылыми-техникалық прогресс сипатын енгізген, қазақ поэзиясында ерекше бетбұрыс жасаған ақын. Бұрын бетінен қалқып, үстірт айтылып жүрген тақырыптың тереңіне бойлап, түпкі мәнін аша білуімен ерекшеленді деп айта аламыз. Бұл екінің бірі бара алмайтын, кез келген ақынның оң жамбасына келе бермейтін тақырып, тың пішін деуімізге болады. Тәуелсіздік жылдарында Темірхан ақынның екінші тынысы ашылып, тосын, бәлки, көп адамға «түсініксіздеу», жаңа тұрпатты туындыларымен жыр әлемін байыта түсті. 2000 жылы мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Көк түріктер сарыны» кітабы бұл сөзімізге дәлел бола алады. Темағаң – тақырыбын тапқан ақын. Жұлдызды ақын. Ұлттың психологиясына бойлайтын, ұлттың тарихын жадын қалыптастыруда, рухын көтеруде жасаған еңбегі ерен. Абайтануға қосқан үлесі, аударма саласындағы еңбектері қадау-қадау, өз алдына дербес талдауды қажет ететін дүниелер. Әмірхан Меңдеке, сыншы-публицист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: – Темірхан Медетбек поэзиясының пішіні бөлек. Өлеңдері шымыр. Мығым. Ақын кең тынысты ойларын екшеп, екі-ақ ауыз сөзбен жеткізеді. Өзгелер секілді далитып жатпайды, қара тасты сығып, суын шығарғандай, нәрін сығымдап жеткізеді. Темірхан өлеңдеріне асқар Рух тән. Оның жырлары өжеттікпен, өрлікпен қатар өріліп отырады. Көне Көк түріктер сарынын жаңғырту, оны жаңа заманға сай трансформацияға көшіру – қиынның қиыны. Бұл аз бейнет емес. Көк түріктер сарынына жаңа мазмұн дарытып, жаңа мағына үстеді. Жетілдірді, дамытты. Осылайша, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерді. Серік Ақсұңқарұлы «Темірхан мен Тоныкөк» деген мақаласында Темағаңның шығармашылығын жіліктеп шағып, «Көк түріктер сарынына» зор баға береді. «Бүгінде, – дейді ол, – Темірхан Медетбекке жететін Түркі дүниесінде мықты ақын жоқ!». Мен осы пікірді толық қуаттаймын, қолдаймын.Әтіргүл ТӘШІМ, "Қазақ үні" газетінің Түркістан қаласындағы меншікті тілшісі
ТЕМІРҚАЗЫҚ Темір қанат кезінде, Темір мінез танытып, Түмен баптар мекені, Түркістаннан аттанған. Текті біткен жырымен Темірді де иіткен, Темірхандай ақынға, Түгел түркі мақтанған. Көк түріктер әуені, Күллі әлемге аттанған. Көркем сандық ішінде, Көп қазына сақталған... Түркістаннан түлеген, Пір Бекеттен тілеген. Маң далалы Маңғыстау, Маңғаз ұлын мадақтар Парқын білер сөздің ел Парасат жыр парақтар. Балпаң басқан, маң басқан Балбал пішін батырдай. Шудаларын шаң басқан Талайларға жолды ашқан Нарға лайық ақындай. Атасын сөз өлтірмей, Атыңа сөз келтірмей, Сермелген сайын қайралдың, Семсерлі сөздің сертіндей! Жеңіспен құрдас тарлан ең, Жеңіске жеттің қаламмен. Ту ұстар болдың бұл күнде, Самсаған қолың желкілдей. Қотара жұлдың тамырын, Қоғамның мынау дертін кей... Өрісің әлем жауласын, Өлеңге біткен серпіндей! Жанып тұрған жалынсың, Махамбеттің өртіндей! Алатаудай ұранды, Алпамыстай жыр-әнді, Әзіреттей құранды, Әзиз елде тудың да, Тұлға атандың бұл күнде, Тік тұрғызған Тұранды! Темір қанат кезіңде Түркістаннан аттандың. Халқың тура айтқандай, Ақындардың ішінде Темірқазық боп қалдың! Қазыбек ИСА«ЖАН-ЖҮРЕГІМ ЕКІ КҮННІҢ БІРІНДЕ ЕГІЛІП ЖЫЛАЙДЫ»
(Ақынның интернет-конференцияда берген жауаптарынан)
Айжан Тәбаракқызы: – Кезінде «Алтынкөпірліктер» атты мақалаңыз жарыққа шыққан еді, одан кейін қазақ әдебиетіне 1- 2 толқын келіп қалған сияқты. Осыған орай, сол әдеби дәстүрді жалғастыру ойыңызда бар ма? Темірхан Медетбек: – «Алтынкөпірліктерді» жазған себебім, Кеңес өкіметі құлап, Тәуелсіздігімізді алғанмен экономикалық байланыстардың бәрі үзіліп, қоғамымыз әлеуметтік жағынан титықтап, еліміз аласапыран күйге ұшырап, дүние астаң-кестен боп жатқан кезде әдебиетке келген жастардың, жан-жақтан анталаған қиындықтарға қарамай, әдебиетке деген сүйіспеншілігіне риза болғандықтан жазған едім. Сонымен бірге өзінен кейінгі толқындардың шығармашылығы туралы жазуды өзгелер де үрдіске айналдырса екен, соларға мұрындық болайыншы деген ниетпен де қолыма қалам алғам-ды. Бірақ, өкінішке орай, ондай үрдісті байқап отырғам жоқ. Білем, әдебиетке содан бері де бір-екі толқын келіп үлгерді. Талантты, тегеурінді жастар бар. Сүйсініп, рухтанып оқимын. Риза болам. Бірақ бәрінің жинақтарын алып жазуға кейде уақыт та бола бермейді. Оның үстіне өзіңнің де жоспарларың болады. Одан да шығып кете алмайсың. Несін жасырам, денсаулық та сыр беріп жүр. Соған қарамастан, мүмкіндік болып жатса, олар туралы пікір айтқанға не жетсін! Айдын Байыс: – Сіздің паспортыңызға айналған «Көк түріктер сарыны» кітабыңыз қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатын кесек дүние. Сұрағым, көне жыраулар поэзиясының қазіргі қоғамдағы орны жайлы айтып берсеңіз? Темірхан Медетбек: – «Көк түріктер сарынын» жазуға ұзақ дайындалдым. Көне түрік заманында дүниеге кеп тасқа қашап жазылған Күлтегін, Тоныкөк дастандарындағы сарын құлағымнан кетпей қойды. Ондағы: – Күндіз отырмадым, Түнде ұйықтамадым, Қызыл қанымды төктім, Қара терімді сорғалаттым, – деген жолдардағы еркіндік мені еліктіріп алып кетті. Ол дастандардың сарынын осы заманға сай етіп рухани айналысқа түсіру үшін талай рет эксперименттер де жасап көрдім. Ақыры, Күлтегін мен Тоныкөк дастандарының еркін әдеби нұсқасын жасадым. Содан кейін барып ішіне кіргендей болдым. Сұрағыңа орай айтарым, көне дәстүрдегі формалар мен сарындарды жаңаша жаңғыртып поэзияға енгізе беру керек. Құдайға шүкір, жастар поэзиясында ол процесс бар. Сол қуантады. Ботагөз Мұхиден: – Ақын тағдырының өлең тағдырына әсері қаншалықты деп ойлайсыз? Темірхан Медетбек: – Ақын тағдыры деген ұғымды тек біржақты қарастыруға болмайды. Рас, ақынның жеке басынан өткен оқиғалар мен жағдайлар, сөз жоқ, өлең боп құйылатыны бар. Сонымен бірге, ақын тағдыры деген үлкен ұғым. Оның тағдыры айнала қоршаған ортамен, заманмен, уақытпен, қоғаммен, табиғатпен т.б. тікелей байланысты. Сондықтан да, ол заман мен уақыт дауысы, қоғам мен табиғат үні болып келеді. Бекарыс Нуриманов: – Соңғы кезде поэзияда көрініс беріп жүрген постмодернизм бағытын қалай түсінесіз? Ол қазаққа керек пе? Темірхан Медетбек: – Мен постмодернизм бағытын мүлде жоққа шығарудан аулақпын. Өйткені, постмодернизм бағыты – бүкіл әлемдік әдебиетте бар бағыт. Бірақ мен өзім ол бағытты қабылдай алмаймын. Себебі, ол бағытты түптің түбінде тұйыққа тіреліп бітеді деп ойлаймын. Әлемдегі ең үздік прогрессивті қаламгерлердің дені солай дейді. Мүмкін, мен қателесіп отырған шығармын... Реализмге не жетсін! Біз әлі шындығымызды көркем әдебиетте толық айтып болмаған халықпыз. Айтарым – осы. Қабиден Қуанышбай: – Сіздің шығармаларыңызды сынға алып жазған сыншылар болды ма? Жалпы қазіргі сынға көңіліңіз тола ма? Темірхан Медетбек: – Неге болмасын. Болды. Бірақ аз. Қазіргі сынға ақын-жазушылар түгілі, сыншылардың өзінің көңілі толмайды. Салтанат Смағұлова: – Ақындықты өз тәжірибеңізде қандай критерийлер бойынша бағалайсыз? Темірхан Медетбек: – Өзгешелігімен, яғни, жаңалылығымен, тақырыптық ауқымымен, дүниетанымының кеңдігімен, әрине, ең алдымен, талант қуатымен. Гүлжайна Алтынбекова: – «Талант» деген ұғымды қалай түсінесіз? Темірхан Медетбек: – Оны ешкім де, «генийлер» де, данышпандар да түсіндіріп бере алмайды. Көп жұрт талант Алла тағаланың сыйы дейді. Осы дұрыс шығар. Әсел Бәшембаева: – Отбасыңыз туралы айтып беріңізші? Балаларыңыздың арасында сіздің жолыңызды таңдағандары бар ма? Темірхан Медетбек: – Әйелім бар. Аты – Шолпан. Төрт ұлым бар. Әрқайсысы әр салада жұмыс істейді. Жеті-сегіз немерем бар. Олардың да алды ержетіп, бойжетіп келе жатыр. Менің жолымды таңдағандары жоқ. Ақерке Асан: – Қайта оқып шығудан жалықпайтын үш кітабыңызды атап берсеңіз? Шетел әдебиетінен шығармаларын сүйіп оқитын авторыңыз бар ма? Темірхан Медетбек: – Қазақ әдебиетінен қайта-қайта сүйіп оқитын кітаптарым: Махамбет, Абай. Мұхтар Әуезов. Шетел әдебиетінен оқығандарым, оқитындарым көп қой. Ол ұзақ тізім. Ұлан Затыбеков: – Жастар поэзиясынан кімдерді оқисыз? Кейінгі буынға айтарыңыз бар ма? Темірхан Медетбек: – Мүмкіндігімше, қолға түскен, көзіме іліккен жастардың өлеңдерінің бәрін оқуға тырысам. Талантты үлкен көш келе жатыр. Жақында ғана Ақберен Елгезектің, Ерлан Жүністің, Асылзат Арыстанбектің, Адалбек Ахмадидың жыр жинақтарын оқып шықтым. Риза болдым. Оларға айтарым; ізденіс, ізденіс, тағы да ізденіс керек. Аида Досмайылова: – Көбіне әдебиет туралы кіммен ой бөлісесіз? Рухани сырлас досыңыз кім? Темірхан Медетбек: – Көбіне оқырмандармен ой бөлісем. Рухани сырлас досым – Кітап. Назым Смағұлова: – Темірхан аға, сәлеметсіз бе! Қазіргі таңда әдебиетшілердің, оның ішінде, ақын мен жазушылардың шығармашылық деңгейі жақсы шығармамен өлшене ме, әлде жазылған туындының санымен өлшене ме? Темірхан Медетбек: – Сапасымен өлшенеді. Абайдың бүкіл жазғаны – толық бір кітап. Ал Толстойдың жазғаны – тоқсан том. Абай құсап аз жазам, керемет болады деу де қате, Толстой құсап көп жазсам, керемет болады екен деп бұрқырата берем деу де қате. Менің білетінім, бойыңдағы күш-қуатты сарқып жұмыс істеу керек. Ол аз бола ма, көп бола ма, әңгіме онда емес. Әңгіме, тағы да қайталап айтам, сапада. Айдана Сегізбаева: – Ақындар, Төлеген ақын айтпақшы, «барлық сыздаған жараның ауызында» болатын жандар ғой. Жан дүниеңіз құлазып, ағыл-тегіл жылаған кезіңіз болды ма? Темірхан Медетбек: – Қазір біздің жарамыз сыздап қана тұрған жоқ, қан сорғалап тұр ғой. Оған жан төзер ме?! Жан-жүрегім екі күннің бірінде егіліп жылайды. Бірақ қолдан келер шара жоқ қой.adebiportal.kz