Сәбит Досанов: Тасжүрек тағдырмен қасқая күресемін!
2015 ж. 20 мамыр
5055
1
Көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, М.Шолохов, С.Есенин, В.Пикуль атындағы Халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей әдебиет академиясының академигі, профессор Сәбит Досанов 75 жасқа толды.
Қаламгер мерейтойы Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында аталып өтілді. Салтанатты кешке көпшілік оқырман қауыммен қатар жазушының әріптестері, шетелдегі қаламдас достары қатысты.
Мемлекет басшысының құттықтау лебізін Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин жеткізді. Сондай-ақ қазақ еліндегі ең өнімді жазушылардың бірі саналатын қаламгер атына ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов және басқа қоғам қайраткерлері жүрекжарды лебіздерін жолдады. Жазушы бұған қоса оннан аса сырт мемлекеттерден құттықтау жеделхатын алды.
Кеште белгілі ақын Олжас Сүлейменов: «Талай-талай драмалық шығармалар жазған Сәбит Досанов өмірінің өзі өте қызықты, сонымен бірге біршама мұңды роман сюжетіне ұқсап кетеді, – деді. – Қазақта екі түрлі мағына беретін «жаса!» деген сөз бар. Мен досыма, мерейтой иесіне көп жаса дегім келеді!..Расында да, күні бүгінге дейін қаламынан отыз том шығарма туған қаламгердің көрмегені аз екен. «Осынау ғұмырымда о дүниеге жеті рет барып қайтыппын» деп жазушының өзі де айтады. Көзіқарақты көпшілік, тіпті, оның бір мәрте ұшақ апатынан да аман қалғанынан хабардар.
Сондай-ақ ел үлкен қалам иесінің сүйікті ұлынан айырылып, қайғы жұтып қалғанын да жақсы біледі. Сол бір қасыретті күндерде осы Сәкеңнің: «Тәңірі берген талант ұлыма ғана емес, ұлтыма да қызмет етуі керек. Қарсы тұрып қасқайып күресемін тасжүрек мынау тағдырмен деген ойға бекіндім мен ақыры!» дегені есімізде...
Салтанатты кеште игі тілектерін айтқан тұлғалар көп. Солардың бірі – Тәжікстанның халық жазушысы Саттор Тұрсынның: «Біздің халықта достың ескісі, киімнің жаңасы жақсы» деген мақал бар. Сәбит Досанов – менің ежелден келе жатқан ескі досым. Ғажап дүниелер тудырған жазушы шығармашылыққа, Отанға деген махаббатына, бәріне жауапкершілікпен қарайды. Сәбит Мұқанов оны үлкен әдебиеттің классигі деп бекер атамаса керек» деген уәжі де жадымызда қалды.
Сөз орайында айта кетейік, 75 жылдық мерейтой мұның алдында Мәскеуде, одан соң Қырғыз елінде кең көлемде аталып өткен жазушы шығармашылығын Ресей Ғылым академиясының академигі, әйгілі сыншы Феликс Кузнецов, Ресей Жазушылар одағының бірінші хатшысы, ақын Геннадий Иванов, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Сергей Соколов, тарихшы, әдебиетші Валентин Осипов, қырғыздың белгілі ақын-жазушылары Майрамхан Абылкасымова, Марқабай Ааматов, Акбар Рысқұлов, Қырғызстан Ғылым академиясының вице-президенті Адылжан Акматалиев, Асан Жақсылықов, қоғам қайраткері, белгілі драматург Сұлтан Раев және басқалар жоғары бағалаған еді. Айтса айтқандай-ақ, қазіргі ұлт әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан Досанов туындылары өзге де шет елдерде лайықты бағалануда. Жазушының «Тау жолы», «Екінші өмір» романдары, «Аруана» повесі, «Дүние жалған», «Жусан исі» атты әңгімелер жинағы алыс, жақын шет елдерде жеке кітап болып шықты. Салтанатты кеш қазақ эстрадасы жұлдыздарының концертіне ұласты.Енді жазушының мерейтойлық шығармашылық кеші туған жерінде жалғасын таппақ.
Гүлмира САДЫҚОВА
"Қазақ үні" газеті