Омар ҚЫЙҚЫМОВ: Биік елдік мұраттар бағытында бірігуіміз керек
2015 ж. 13 мамыр
3265
2
Омар ҚЫЙҚЫМОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
БИІК ЕЛДІК МҰРАТТАР БАҒЫТЫНДА БІРІГУІМІЗ КЕРЕК
Омар ағамызбен дидарласу көптен бері ойымызда жүрген еді. Өзін «Жыл актері» деп таныған «Қазақ үні» газетінің оқырмандары өздерінің осынау сүйікті актері туралы көбірек білгісі келетінін үнемі хат арқылы жеткізіп жатады. Әдетте өнер адамдары кірпияздау келетіні жасырын емес. Бірақ Омар ағамыз аяғынан жарақат алып, балдаққа сүйеніп жүргеніне қарамастан, сұхбаттасуға арнайы келді. Өнер иесінің жұмыс кабинетіне кіре бергенімізде-ақ, төрде ілулі тұрған Қазақстанның Халық әртісі Нұрмұхан Жантөрин бейнеленген кілемшеге көзіміз түсті. Мұны байқаған актер: «Нұрмұхан ағам ғой, бұл кісі өнердегі жаныма жақын адам! Күнде өзімен «сырласып» тұрамын», – деп бастады әңгімесін. – Өнер әлемінде Нұрмұхан ағадан өзге де небір сахна саңлақтарымен әріптес болдыңыз. Солардан нендей сабақ алғаныңыз туралы кеңірек білгіміз келеді. – Мен өзімді Әуезов театрының төлбаласымын деп есептеймін. Неге десеңіз, өзім үшін үлкен өнер кеңістігі дәл осы театрдан басталды. Әлі күнге дейін осынау киелі орынның «шаңын жұтып» келеміз. Маған қазақтың маңдайына біткен марғасқалары Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Нұрмұхан Жантөриндермен және одан бері қарайғы өнер майталмандарымен әріптес болу бақыты бұйырыпты. «Келіндер көтерілісінде» Нүкетай Мышбаева, Зәмзәгүл Шәріпова сынды актерлердің күйеуі болып ойнаймын. Мұның өзі де бір ғажайып ғұмыр емес пе... Үлгі аларлық алдыңғы буын ағалар көп болды. Әсіресе, Нұрмұхан Жантөрин ағаммен өткізген уақыттарым ең бір керемет кезең екен. «Жендеттер» спектаклінде ол кісі Молярды ойнаса, мен Бутонды ойнаймын. Кез келген актерді оңайлықпен мойындай қоймайтын Мәскеуде екеуміз өнер көрсетіп, олжалы оралғанымыз да бар. «Жендеттерде» Нұрмұхан Жантөринмен «Ымырттағы махаббатта» Асанәлі Әшімовпен, сондай-ақ, «Құлыным меніңде» Әнуарбек Молдабековпен бірге ойнаған рөлдерім үлкен қуаныш және мақтаныш деп ойлаймын. Әрі естен кетпес естелік. Қазір біраз есейіп қалсақ та, алдымызда Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Есмұхан Обаев, Құман Тастанбеков, Тұңғышбай Жаманқұлов сияқты алатаудай ағалар бар кезде мен өзімді әлі де жас адамдай сезінем. – Актер ұғымына нені сыйғызуға болады? – Театр дегеніміздің өзі сахналық өнерді, өмір көріністерін драмалық әрекет арқылы көрермендердің көз алдына актерлер күшімен бейнелеу екені белгілі. Спектакль де құдды бір футбол ойыны сияқты. Футболда он бір ойыншы түгелімен беріліп ойнаса ғана, тартыс қызықты әрі нәтижелі аяқталатыны түсінікті. Қойылымда да дәл осылай. Түрлі образдағы кейіпкерлердің барлығы ынта-шынтасымен беріліп жұмыс істегенде ғана қойылым өте сәтті шығады. Кім талмай ізденбесе, тиянақты жұмыс істемесе – бәрі де көрерменге айнадағыдай көрініп тұрады. Артистердің жасының үлкені, кішісі болуы мүмкін, бірақ рөлдің үлкен-кішісі болмайды. Актерлік жолды таңдадың екен, сен оған жан-тәніңмен берілуге тиіссің. Актер өз өнерін қойылым арқылы көрсетеді десек, сен спектакльде ойнауға тиіссің бе, онда сен өзіңнің күнделікті тірлігіңде болып жатқан жағдайдың бәрін ұмытуың керек. Үйдегі ахуалды – сахнаға алып шықпау да ең басты шарттың бірі. Өмір болған соң, бәрі де болады. Көңіл-күйіңнің жоқтығы сенің сахнадағы рөліңе өз әсерін тигізбеуі керек. Тіпті, үй-тұрмысыңның нашарлығы, пәтеріңнің жоқтығы, айлығыңның аздығы сенің сахнадағы рөліңе кедергісін тигізбеуі керек. – Расында да, өмірде түрлі жағдайлар ұшырасып жатады. Кейбір қысылтаяң шақтарда қол ұшын созып, орын алмасуға ұмтылатын әріптестеріңіз көп пе? – Кейде орын алмасатын актер болмай қалатын да сәттер кездеседі. Ондайда, қайткенмен де, өзіңе берілген рөлді сомдап шығуға міндеттісің. Кезінде Серағаң өзінің ұлы қайтыс болып жатқанда да, спектакльде ойнаған. Көрдіңіз бе, бұл – көрермен алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіну. Сол секілді, мәселен, Құман Тастанбеков ағамыз да әкесі қайтыс болып, қайғырып жүргеніне қарамастан, «Қарагөзде» ойнағаны бар. Ал, «Актриса» спектаклі қойылар тұста, Азат пен Данагүлге әкелері Райымбек Сейітметовтің өмірден өткендігі туралы суыт хабар жетті. Сонда да олар өздеріне тапсырылған рөлді сәтті ойнап шыққаны есімде. Театрдың өзі өмір ғой. Қойылым барысында түрлі жағдайлар орын алып жатады. Сахнада «Жүрейік жүрек ауыртпай...» қойылымы жүріп жатқан кез болатын. Спектакль кезінде Сәбит Оразбаев кенеттен аяғын қатты жарақаттап алды. Бірақ, жанына батқанына қарамастан, сыр берместен, қойылымның аяғына дейін шыдады. Сонда спектакль біткен кезде барып, аяғының ауырсынғаны соншалық, жүруге шамасы келмей қалды. Көрдіңіз бе, Сәбит ағамыз сонда төзімділіктің нағыз үлгісін көрсетті... – Ізіңізден ерген өнерпаздар, қандай да бір кемшілік жіберіп жатса, ағалық ақылыңызды айтасыз ба? – Әрине, «сын түзелмей, мін түзелмейді» демеуші ме еді. Бәріміз осынау өнер ордасында бір терінің пұшпағын илеп жүргендіктен, бір-біріміздің кемшілігімізді бүкпей айтуға тырысамыз. Өйткені, үлкеннің ақылына құлақ түру – бұл Әуезов театрының кірпіші қаланған сәттен бастап келе жатқан қағида. Кезінде Бикен, Сәбира, Шолпан сынды апаларымыз ізінен ерген сіңлілерінің сахналық шеберлігі тұрмақ, жүріп, тұру мәдениетіне дейін қатты көңіл аударып қарайтын. Бір жолы Торғай қаласына гастрольдік сапармен барғанбыз. Жерге жайылған дастарханға ыңғайланып отыра алмаған бір актриса қызымызға Бикен апамыз: «Әй, ұшатын қарға құсап шоқимай, дұрыстап отыр. Бұл жердегі жұрт саған академиялық театрдан келді деп сын көзбен қарайды» дегенін ұмытқан жоқпын. Бізде осы үлкендердің салып кеткен сара жолымен жастардың тарапынан қандай да бір кемшілік кетіп жатса, міндетті түрде айтамыз. Кейде тіпті, жастар жағы да: «Аға, былай етсеңіз, қалай болады» деп бізге де өздерінің ұсыныстарын білдіріп жатады. Біздің театрдың ұжымында өздеріне айтылған сынды ұлы достық деп түсінеді. – Өзіңіз де ескерту естіп тұрасыз ба? – Шыны керек, театр дегеніміздің өзі – үлкен мәңгілік мектеп. Мектеп болғандықтан, одан үйренерің өмір бойы таусылмайды. Сондықтан мақтауды да, ескертуді де естиміз. Мұның өзі де артист адамға шартты дүние сияқты. – Әуезов театрының актері атану қиынның қиыны деп естиміз. Сонда бұл сіздерге қойылатын талаптың қатаңдығын көрсете ме? – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ең алғаш 1926 жылы Қызылорда қаласында шымылдығын түргеннен бастап, көрермендерімен бірге жасап келеді. Еліміздің әрбір аймағындағы облыстық драма театрлар академиялық театрдан бастау алады. Әуезов театры – қазақ өнерінің қасиетті қарашаңырағы. Осы тұрғыда айта кететін бір жәйт – бүгінде «қарашаңырақ» деген сөзді көрінген дүниеге қолдануға әуес болып жүрміз. Сөйтіп жүріп, осы бір сөздің қадірін қашырып алмасақ екен деген ой мазалайды. Әдетте, Әуезов театры қасиетті өнер ордасы деп тегіннен тегін айтылмайды. Бұл дегеніміз театрдың көзге көрінбейтін бір құдіретінің бар екендігін аңғартады. Театрдың актері атану, әрине, оңай емес. Оның үстіне, өнер жолы ауыр екені бесенеден белгілі. Негізінен, театрдың жазылмаған өз қағидасы бар. Мұнда келген адам өзін-өзі осы қарашаңырақтың қағидасына қақпайлап кіргізеді. Қандай еркетотай болсаң да, ол сені өзінің тезіне салып алады. Мәселен, осында облыстардан және де басқа да театрлардан «менмін» деп келген актерлердің сіңісе алмағандары да, судай сіңіп кеткендері де жетерлік. Мұның бәрі актердің шеберлігіне, әсіресе, тәрбиесіне, төзіміне тікелей байланысты. Сөйте тұра олар: «режиссер маған дұрыс рөл бермеді» деген сияқты қаңқу сөз таратып жатады. Мұндай әңгімелер бұрын да болған, бола да беретін шығар. Кезінде Серағаң: «Шырағым, мына баланың үні, біздің театрдың үні емес қой» деп актерлердің қандай екенін бірден-ақ танығанын білеміз. Шынында да, ақсақалдың талғамынан шыға алмаған ондай адамдардың мұнда сіңісе алмағанын талай естігенбіз. – Театр сізге не берді? Осынау өнер ордасынан бойыма қандай қасиет сіңірдім дей аласыз? – Үйдің кенжесі болғандықтан шығар, кішкене ерке-шолжыңдау өсіппін. Алматыға келіп, М.Әуезов театрының жанындағы студияға оқуға түстім. Оқуымды аяқтап, бар-жоғы жиырма үш жасымда театрдың актерлік құрамына қабылдандым. Өнер әлеміне енді ғана қадам басқан бозбаланы театрдың өзі-ақ жолға салғандай. Өмірге деген, өнерге деген көзқарасым осы театрдың қабырғасында қалыптасты. Ағаларға еркелеген де, сөз естіген де кезіміз болды ғой... Театр маған әділеттілікті, төзімділікті, қанағаттылықты, қарапайымдылықты үйреткені анық. Ең бастысы, адам жанын түсінуді үйрендім-ау деймін. Бұл өмірде адамның бойынан қандай жақсы қасиет табылуы керек болса, егер де мен ала алған болсам, театр маған сол қасиеттің барлығын берді деп айтар едім. Өзімнің шаңырағымның амандығын қалай тілесем, театрымның, ондағы ұжымның амандығын да дәл солай тілеймін. Өнер адамы ретінде елдің ықыласына бөленіп жүрсем оның өзі осы театрдың арқасы. Көкейімде Әуезов театрының актері деген атқа кір келтіре көрме деген тілегімнің бар екенін де жасырмаймын. Театрымыз мықты болуы үшін, өнеріміз өркендеуі үшін халқымызға құдай амандық берсін, қуат берсін демекпін! – «Өгей әкеден» бастап, күні бүгінге дейін көптеген кинофильмдерге түсу арқылы көпшіліктің сүйікті актеріне айналдыңыз. Әйтсе де, «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер-Төстігім бір төбе» демекші, олардың ішінде «Сырғалым» ел-жұртқа ерекше ұнады десек, артық айтқандық болмас... – Иә, «Сырғалым» телесериалы көпшілік көңілінен шыққандай. Өйткені, оқиға желісінің шиеленісуі актерлер шеберлігінің арқасында сенімді жалғасты. Сериал барысында Сырғалым өзінің бойына қазақ қызына тән ұяңдықты, инабаттылықты сіңірген жан ретінде көрінуімен ерекшеленді. Жалпы, қазақ жұртына бұл туындының берері мол болды. Сериал тартымдылығының белгісі шығар – өзіме қайта-қайта хабарласып, оқиға желісінің немен аяқталатынын сұрағандардың қатары көп болды. Бір жолы мынадай бір қызық оқиға болды. Шығыс Қазақстан облысына қарасты Абай ауданына киноға түсу сапарымен барған кезіміз болатын. Бір үлкен кісі менің жаныма келіп: – Немереме сенің атыңды қойдым, – деді. – А-а, Омар деп қойдыңыз ба? – деппін мен таңданыспен. – Жоқ, сенің атыңды қойдым. Жантөре деп атадым, – дегені бар еді. Халықтың өнерге деген осындай шынайы ықылас-пейілін көргенде, кәдімгідей бір марқайып қалады екенсің. – Аға осы, отандық арналардан көрсетіліп жатқан «Келін», «Сен келерсің...» сияқты үнді сериалдарының орнын басатын «Сырғалымдай» туындылардың қатарын көбейтуге не кедергі? – Дұрыс кино түсірілуі үшін, ең бастысы, дұрыс материал жазылуы керек. Қазіргі таңда отандық сериалдардың қатары көбейіп жатқандығын көрермен қауым жақсы біледі. Әйтсе де, кейбір кино туындыларына актерліктен хабарсыз адамдардың жолдан қосылып түсе салатындығы қынжылтады. Осының салдарынан фильмнің көркемдік дәрежесі көңілдегідей шықпай жатады. Әлгі сіз айтып отырған шетелдік сериалдардың алдымызды орап кететіндігі сондықтан болар... – Жалпы, аға, қай кезде де «болашағымыз – жастар» деп, олардан көп үміт күтеміз ғой. Театрда болсын, кинода болсын, бүгінгі жастардың кейбір істеріне көңіліңіз толмайтын тұстар кездесе ме? – Кейде көңіл толмағаны былай тұрсын, қатты құлазитын кездер де ұшырасады. Ал мәселе қазақ тіліне қатысты туындап жатса, тіптен де қарап отыра алмайды екенмін. Бәрі демей-ақ қояйық, дегенмен, қазақ тіліне мүлде шорқақ кейбір жастар ана тілінде түсірілетін туындыларға келіп тұрады. Мұндайда мен: «Сенің қазақша таза сөйлей алмағаның намысыма тиеді. Қазақша білмейсің бе, онда киноға түспей-ақ қой, бәлкім, сенің орның басқа жақта шығар!» деп бетіне ашық айтамын. Өйткені, өзінің не айтып тұрғанын түсінбейтін адам қайтіп образ жасамақ? Қазақтың тілі жаттап алып айта беретін шетелдің қойыртпақ «рэпі» емес қой?! Тілін шайнаған ондайлар киноға түсіп кететін болса, ертең оларды көріп отырған балалар осылай да сөйлей беруге болады екен деген ой түймей ме?! Олар өздері шатасқанымен қоймай, жұртты да шатастырып бітеді ғой! Осы күнде кейбір жастардың екеуара әңгімеде сөйлемнің құрылымына мән бермейтініне де куә болып жүрмін. Мәселен, «Мен келе жатқанда алдымнан Сәуле шықты» деудің орнына, «Мен келе жатпаймын ба, сонда алдымнан Сәуле шықпай ма», – дейді ғой шіркіндер. Осы мезетте сөйлесіп тұрып, осы шақты қолданудың орнына өткен шақпен баяндайды әңгімесін. Сондай-ақ, жақсы нәрсе көрсе, оны «жынды екен» дейтінді шығарды бұл жұрт. «Жындыға» өкпелеп жүргенімізде, «қояншық» деген шықты. Бұл да мақтаудың бір түрі. Сонда деймін-ау, жақсы екен, күшті, әдемі, керемет екен десек бізді біреу ұра ма?! Мұның бәрін бүгін түземесек, ертең кеш болады. Сондықтан да, ана тілімді өзімнің жүрген ортамда жанымды салып қорғауға бармын. Тілімді құрметтемеу – ұлтымды қорлау деп санаймын. Өйткені, ол менің қазағымның тілі, ары, намысы. – Өзіңізбен сұхбаттасып отырып, құйрықты жұлдыздай жарқ етіп сөнген перзентіңіз Арыстан туралы айтпай кетсек жөн болмас. Көпшіліктің есінде «Заман-ай» фильміндегі Аманайдың бейнесінде қалып қойған бауыр етіңіз – Арыстан туралы аздап сыр ағытсаңыз... Бала Арыстан қандай еді? – Арыстан өмірден тым ерте озды. Кейде ұлымды тіл көзден сақтай алмадым ба деген ой мазалайды. Кішкентайынан-ақ, өзіммен бірге театрға алып келетінмін. Содан болса керек, өнерге бейім болды. Ең алғаш рет сахнада Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер анасында» ойнады. Осыдан кейін, «Ақ кеме», «Медея», «Қан мен тер», «Өттің, дүние», т.б қойылымдарға қатысты. Ел есінде ерекше сақталғаны – «Өттің, дүние» қойылымындағы сомдаған образы болатын. Сонда анасын жаулар атып тастағанда, Арыстан қанға малынған қолымен: «Жауыз, өлтірем!» деп жауына қарсы ұмтылатын жері бар. Арыстанның осы бір рөлін көруге жиналатын жұртта есеп болмайтын. «Заман-ай» фильмінде де Аманайдың бейнесінде басты рөлді ойнады. Фильмді түсіру барысында Аманайдың әжесінің қойнына кіріп, өксіп жылайтын жері, түсіру тобының жан жүрегін елжіретті. Өкінішке орай, осы көркем фильмді көру бақыты оған бұйырмапты. Бала Арыстан, өте елгезек әрі ақкөңіл болатын. Қолындағы барын өзгеге бере салатын. Бүгінде көзі тірі болғанда, өзінің өнерімен қазақ жұртын қуантқан болар еді. Амал, нешік ғұмыры келе болды, құлынымның. – Қоғамдағы қандай мәселе сізді қатты алаңдатады? – Біздің қоғамда көгезуліктен ұлтымыздың рухы әлсіреп, кессе кемімейтін кемелдігі, телегей төзімі мен алысты барлайтын көрегендігі кеміп бара жатқандай көрінеді. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін сөз айтылмайтындай көрінеді қазіргі кезде. Арын да, жанын да қу тіршіліктің жолында құрбан ететін сияқты бүгінгінің кейбір адамдары. Бізде бар нәрсе тек бір адамға керек сияқты көрінеді. Елімізде қандай мәселе болса да, соның барлығын Елбасы шешуі керек деп түсінетіндер де бар. Сонда деймін-ау, әрбір саладағы жауапты орындар не қарап отыр, деген ой келеді маған. Бұрынғыдай жас емеспіз. Есейген соң, елдің жайы алаңдатады бізді. Ұрпағының тектілігіне баса назар аударған қазақ жұртында кемтар балалар сирек туылатын еді бұрындары. Зулаған зымырандардың зардабынан запыран жұтты мына жұрт. Ұрпағының дені сау болмағасын, көңілін күдік жайлады мына халықтың. Табиғат ананың қорлануына қарсы тұра алмасақ, онда біздің ертеңіміз не болмақ деп алаңдаймын. Қоғамның дерті – менің де дертім емес пе? «Жетім бұрышты» жағалаған жұртымды көргенде жүрегім сыздайды. Тапқандары таңдайына татымайтын бұл қазақ қайтіп үйлі-күйлі болады деп күйінем... – Біз өмірді театр десек, ал адамдар ондағы ойнайтын актерлар дейміз. Айтыңызшы бүгінгі жұрт өздеріне берілген рөлді дұрыс сомдай алып жүр ме? – «Адам аласы – ішінде, мал аласы – сыртында» демекші, бүгінде адамдардың көпшілігі өзгерген. Бәрі дей алмаймын, әрине. Әйтсе де, басым бөлігінің пейілі қатты тарылғандай көрінеді маған. Осындай сәтте, бізге не жетпейді осы деп, ойға шомып отыратыным бар. Мәселен, бұрындары Алматы қаласы бойынша үш-төрт қана жанармай құятын орындар бар еді. Ойда-жоқта май таусыла қалса, ешбір саспайтынбыз. Жолдың жағасына шығып, келе жатқан машинаға бос шелегімізді көрсететінбіз. Сонда әлгі шопыр тоқтай қалып бензин беретін. Тіпті, тиынын да алмайтын. Солай істеуге өзін міндетті санайтын. Ал, қазір далада қалып бара жатсаң да, ақшаңа да жанармай ала алмайсың. Бұрынғы қайырымды адамдардың орнын қазір, күйкі тірлікпен асығыс-үсігіс жүгіріп жүрген жандар басқандай. Кейде солар маған дүниенің соңынан қуып жүргендей көрінеді. Бұрын біз «Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын» деген қағидамен өмір сүрдік. Ал қазір бәрі керісінше сияқты. Кейбір жандардың «Жүз сомың болса, жүз досың өзінен өзі қасыңнан табылады» деген түсінікпен өмір сүріп жатқандарын көргенде жаным ашиды. – Омар аға, елдің азаматысыз ғой, сондықтан да елдің жайына бей-жай қарамайтыныңыз анық. Ғаламторда көпшілік сайлаудан кейін халықтың әлеуметтік жағдайы әлсірей түседі деген пікір білдіруде. Жалпы, сіз елдің болашағын қалай елестетесіз? – Осыншама еліміз бар, жер астында кеніміз бар біз неге әлсіреуге тиіспіз?! Еңсемізді тіктеген егемен елміз. Енді тек, «Мәңгілік ел» болудың қамына кірісуіміз керек. Өзге шет елдердегі жағдайға қарап, шүкірлік етуге тиіспіз. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ата-бабамыздан қанымызға сіңген ұлы қасиетіміз – сабырлылықты сақтай білсек, онда біз алмайтын қамал болмас еді. Бақыты елдің – тілінде, Шырыны шөптің гүлінде, Жақұты жердің – түбінде, Ескермесең бүгінде Күндердің бір күнінде Бақыт, байлық, ырыстың Ұстай алмассың бірін де, – деген жыр жолдарымен түйіндегенім жөн шығар. – Өзіңізді «Жыл актері» деп таныған «Қазақ үні» газетінің оқырмандарына деген тілегіңізді білсек... – «Қазақ үні» газетін мен ұлттың басылымы дер едім. Өйткені қазақ ұлтына қатысты өзекті мәселелер өткір әрі ашық көтеріледі бұл газетте. Ең бастысы, басқа басылымдар сияқты сынды «бетті тырнап» емес, салиқалы түрде жан жүрегіңе жеткізіп айтатындығы ұнайды. «Қазақ үнін» «Алаш» тақырыбын ауқымды түрде көтерген ақпарат құралы деп таниды ел. Сондай-ақ, қазақ тіліне қатысты мәселенің ешбірін назардан тыс қалдырмағандықтан болса керек, «Қазақ үні» бар қазақтың үніне айнала білді. Күні кеше ғана мемлекеттік тіл мемлекеттік деңгейде барлық жерде қолданылуы тиіс екендігін ел есіне салған да – «Қазақ үні». Қазақ тілінің қолданыс аясы бүгінгі таңда кеңейіп келе жатқандығы белгілі. Оған өз кезегінде басылымның қосып келе жатқан үлесі зор десек, артық айтқандық емес. Қазақ ұлтының, қазақ тілінің, қазақ өнерінің шынайы жанашыры «Қазақ үні» газетінің ұжымына, оқырмандарына толағай табыстар тілеймін!Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚОВА
"Қазақ үні" газеті