Дина Нұрпейісованың тегі туралы не білеміз?
2015 ж. 05 мамыр
17392
1
Қазақ халқының өзгелерден бөлек, өзіне тән ұлттық тарихи-мәдени мұрасы – оның шежіресі болып табылады. Шежіре дегеніміз- әр рудың тарихы. Әр рудың тарихы жинақталып қазақ халқының тарихын құрайды. Әр рудың өз шежіресі бар. Әр рудың мүшесі- өз руының тарихын, өзінің жеті атасын білуге міндетті. «Жеті атасын білген, жеті рулы елдің қамын жейді»,- деген сөз де содан қалса керек.
Кеңес өкіметі кезінде шежіре -рушылдықтың, жікшілдіктің белгісі ретіде қабылданып, соның нәтижесінде әрбір ру мен тайпа бірлестіктері өз тарихынан айырылып қалуға шақ қалды. Тек соңғы ширек ғасыр ішінде тәуелсіз қазақ елінде шежіре мәселесіне көзқарас мейлінше өзгерді. Қазіргі мезгілде қазақтың үш жүзіне жататын ру-тайпалардың шежірелері жеке-жеке кітап болып шығуда. Ата тек тарихына қатысты мәліметтерді жинақтауға еш кедергі жоқ бүгінгідей еркін заманда жұрт өз түп- тірегін зерттеп, кем-кетігін толтырып, өткендерін түгелдеп жатыр.
Дейтұрғанмен, әлі де әттеген-ай, дейтін тұстар да баршылық. Мысалы, қазақтың небір атақты адамдары қайдан шыққан, олардың тегі кім еді, деген сұраққа жауап табылмай жатады. Себебі, зерттеушілер оларға біржақты қарап, көбінесе сол адамның шығармашылығын немесе қоғамдық-саяси қызметін көрсетуге басты назар аударады. Былайша айтқанда, қайраткердің өмірі жан-жақты ашылмайды. Осы айтқандарымыздың мысалы ретінде біз қазақ халқының күйші-композиторы Дина Нүрпейісованың шыққан тегі кім еді?, деген мәселе төңірегінде әңгіме өрбіткіміз келеді.
Күйші-композитор Д.Нұрпейісова туралы кітаптардағы , газет-журналдардағы жазбалар мен өзін көрген адамдардың айтуына қарап оның тегін екі топқа бөліп қарастырған жөн болады.Бірінші, оның тегі Төлеңгіт руы екендігі туралы. Оған мынадай дәлелдер келтіруге болады.
Бірінші, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты шығаратын «Отан тарихы» журналының 2014 жылғы № 2 санында шежіреші І.Ісләмовтың «Мамадайыр-Мамашық руларының шежіресі» атты көлемді материалы жарияланды.Осы мақалада қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, күйші- сазгер Дина Нұрпейісованың тегі туралы деректер келтірілген . Түсінікті болу үшін сол шежіреден үзінді келтірейік:
«Арғын руынан шыққан Мамадайырдың Тегін атты баласынан тараған ұрпақтардың бірі-Көкен. Көкеннен-Сүйіндік,Сүйіндіктен-Бақыби( Әбілқайыр хан тұсында өмір сүрген) Бақыбиден туған алты баланың бірі -Нияз. Нияздан-Алдасай,Қырғызақ. Міне,осы Алдасай мен Қырғызақтың және басқа да Бақыбидің ұрпақтары XIX ғасырдың басында Қарабай сұлтанның, немесе Қарабай төренің басшылығымен Жайық өзенінен өтіп,Бөкей сұлтанның қарамағына келеді. Оларға Нарын құмынан қоныстануға жер беріледі.Одан әрі: Алдасайдан-Көшекбай,Шағатай,Көпжасар, Мыңжасар. Көпжасардан-Қуанышәлі,Шора.Шорадан-Нұртаза,Шотай,Кенже.Кенжеден-Дина Нұрпейісова... Дина 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қанас пен Динадан Нұрпейіс атты бір ұл туады. Қанас көп кешікпей қайтыс болады.Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Кейін ел ішінде санақ па,сайлау ма ,әйтеуір бір тізімде атай алмаған фамилиясының орнына Дина қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін атаған. Міне Динаның Нұрпейіс келіні атануының сыры осындай». («Отан тарихы» журналы, 2014 жыл, № 2, 146-151 беттер).Осыған дейінгі деректерде Дина Нұрпейісованың тегі- Қарабай Төре Төлеңгіті деп жазылып келген болатын. (қараңыз:К.Ғ.Ахметов.,Б.Тоқсанов., А.Қ.Атаев. Бөкейлік төлеңгіттер,-Орал,2006,10-бет).Енді жоғарыда аталған шежіре бойынша Динаның тегі- Алдасай Төлеңгіті болып шығады.Бірақ, жоғарыда келтірген үзіндінің соңғы жағындағы көптеген қателіктер, бұл автордың композитордың өмірін жан-жақты білетіндігіне күмән туғызады.Атап айтқанда,мұндағы Динаның алғашқы күйеуі, баласы және қайнысы туралы кетірілген деректер шындыққа жанаспайды. Бұл жерде мәселенің анық қанығын біз сәл кейінірек, Д.Нұрпейісованың немересі Балжанның естелігінен көреміз. Әзірше біздің пікіріміз- күйші-анамыздың тегі Алдасай Төлеңгіті деудің өзі онша сенімділік тудырмайды.
Екіншіден,2014 жылы Алматы қаласынан шыққан «Алтай шежіресі» атты кітапта (құрастырған І.Ісләмов) мынадай жолдарды көреміз :
«Көкеннен-Сүйіндік,Сүйіндіктен-Бақыби.Бақыбиден- Тәжік, Андақұл, Көкебай, Шыбынтай, Нияз, Темір. Шыбынтайдан- Қалыбай,Сәдібек. Сол Қалыбайдан- қазақтың әйгілі күйшісі,сазгері Дина Нұрпейісова тарайды.
Дина Нұрпейісова 1861 жылы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты «Бекетай» құмында (шағылда) Қалыбай аулында дүниеге келген» (334-335 беттер). Өкінішке орай, автор Д.Нұрпейісованың Қалыбай Төлеңгітіне жатқызса да,оны дәлелдемеген және оның ата-бабаларының кімдер екендігін көрсетпеген.Сондықтан да бұл шежіреден күйші-анамыздың Қалыбай Төлеңгіті делінуіне сену қиын.
Үшіншіден, Дина апамыздың Төлеңгіттің Анда бөлімінен болуы мүмкін деген де қисын бар. Ол былай: 1955 жыл болатын.Үйдегі мұғалім апам анамызға газеттен Дина Нұрпейісованың қайтыс болғандығы туралы қазанаманы оқып, екеуі де көздеріне жас алып отырды. Анам-Әйбөпе-30 жылдардың бас кезін есіне алды: «Менің қайын атам Смағұл Дина апамызды Төлеңгіт руының Анда бөлімінен дейтін еді. Азау жақта тұратын Дина апамыз түйеге мініп, домбырасын өркешке іліп «Ақама сәлем берем,жеңешемнің (менің әжем-Қадиша-А.Ш) шәйін ішем»,- деп, Астрахан облысы,Марфин ауданы (қазір Володар ауданына қарайды-А.Ш) аумағында отырған біздің үйімізге талай келген.Шәй үстінде домбырасын тартатын еді»,- дегенін құлағым шалды.
Сонымен,біз күйші-композитордың тегінің Төлеңгіт екендігі туралы 4 түрлі пікір келтірдік.Оған қоса, Дина анамыздың өзі де руым Төлеңгіт деп айтқандығын естен шығаруға болмайды.
Екінші-Дина Нұрпейісованың тегі Төре екендігі туралы деректердің де барлығы . Енді соларға тоқталайық: Бірінші, «Отбасы» газетінің 2006 ж. 13 маусымдағы № 47 санында кезінде Қызылорда облысы , Қазалы ауданында тұрған Дина Нұрпейісованың немересі (Жұрынбайдың қызы) Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі Балжан Нұрпейісованың «Өтінішім, жаңсақ әңгіме жазбаса екен...» деген атпен сұхбаты жарияланды. (әңгімелескен Сәлима Ысқақова) Осы сұхбатты Балжан былай дейді: «Шешем (Д.Нұрпейісова-А.Ш) 18-19 жастың шамасында атамыз Мақат баласы Нұрпейіске тұрмысқа шыққан. Шешем:Төре Кенженің 3 қызының кенжесі болғандықтан,еркелеу өстім-деуші еді. «Атамыз (Нұрпейіс-А.Ш) жастай қайтыс болса керек, одан Жамал, Қайрат, Жұрынбай қалыпты... Жастай жесір қалған шешемді Нұрпейістің өзінен кейінгі інісі Нұралыға атастырады. Қайнысының атын атамай «Шәпөк» дейтін»,- дейді Балжан. Осылайша, біз Балжанның сұқбаты арқылы Динаның атасының, күйеуінің және қайнысының атын білдік.
Оған қоса, жоғарыда біздің Дина анамыздың Төлеңгіттің Алдасай бөлімінен екендігі туралы деректерге күмән келтіруіміздің себебі осы жерде анық байқалады. Шын мәнісінде , жоғарыда көрсетілген Тұрман- Мақаттың туған інісі,ал Қанас-Тұрманның баласы.Осы жерде ерекше көңіл аударатын жәй - Дина Нұрпейісованың туған немересі Балжанның нағашы атасы Кенженің руының Төре деп отырғандығы.Екінші, «Атырау» газетінің 2011 жылғы 23 сәуірдегі № 49 санында ардагер-ұстаз Қаламғали Жармұхамбетов «Дерек пен дәйек» деп аталатын мақаласында күй падишасы Д.Нұрпейісованың тегі Төре еді деп жазады.Біз осы мәселенің мән-жайын анықтап білу мақсатында авторға телефон соғып,күйшінің тегі туралы деректің қайдан алынғандығын сұрадық.Ол осылай деп Ақжан Жұрымбайқызы айтатын, деді. Олай болса, Динаның екі бірдей немерелері – Ақжан,Балжан Жұрымбайқыздары композитор анамыздың тегі Төре деп отырған болса, біз оларға неге сенімсіздік білдіреміз? Динаның тегін Төре деп неге қабылдамаймыз? Үшінші,біз жоғарыда кейбір авторлар Дина шешемізді Қарабай Төре Төлеңгітіне жатқызып жүр дедік.Осы Қарабай Төре Төлеңгіті деген сөз тіркесінен Төлеңгіті деген сөзді алып тастасақ,Динаның руы Қарабай Төре болып шыға келеді.Ал, Қарабай сұлтан немесе Қарабай Төре туралы жоғарыда қысқаша мәлімет берілді.Осының бәрі Д.Нұрпейісованың тегі Төре екендігі туралы пікірді қуаттай түседі.
Қазақстанның батыс өңірінен Төре тұқымынан шыққан біраз атақты күйшілерді жұртшылық жақсы біледі.Солардың бірі-Дина Нұрпейісова болуы мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Олай болса,Төре Дина неге өзін Төлеңгіт руынанмын деп айтты? Оның да обьективті себептері болғанын айтатын кез келді.XX ғасырдың 20-30-40 жылдарында кеңес өкіметі Төре тұқымдарын мейлінше қудалады. Оларды жер аударды немесе атты.Төрелердің арғы тегі Шыңғысханнан тарайтындығын барша жұртшылық жақсы біледі. Сондықтан да қазақ жерінде хандар да, сұлтандар да тек Төре тұқымынан сайланып қойылды. Ал ,Төлеңгіттердің хандар мен сұлтандардың қызметшілері болғандығы және олардың Төрелердің таңбасын алғандығы белгілі. Олар Қазақ хандығы тарағаннан кейін, ру болып қалыптасқанда сол Төрелердің таңбасын өздерінде қалдырды. Ал, Кеңес өкіметі кезінде аяусыз жазалаудан бой тасалаған көптеген Төрелер, ру таңбаларының бірдей екендігін пайдаланып,өздерін Төлеңгіт руынанбыз дей бастады. Мұның өзі оң нәтижесін берді де.Өздерін Төлеңгіт руынанбыз деуі арқылы қанша мың Төрелердің аман қалғандығын бір Құдай біледі. Олардың өзара араласып кеткендігі сондай ,XX ғасырдың 50-70 жылдарында кімнің Төре,кімнің Төлеңгіт екендігін айыру да қиын болып қалды. Тек қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана бұрын өздерін Төлеңгіт деп жүргендердің біразы, шындығында өздерінің арғы тектері Төре екендігін айта бастады.XXI ғасырдың басында Төрелер Түркістан қаласында,ал Төлеңгіттер Арыс өзені жағасында бірнеше рет бас қосты. Сөйтіп, қазіргі мезгілде Төрелер мен Төлеңгіттердің ара жіктері ашылуда. Ғалымдар Төрелер туралы,Төлеңгіттер туралы зерттеулер жүргізуде,кітаптар да шығуда.
Сонымен,өткен ғасырдың 20-30 жылдарында қудаланудан сақтанып, басқа Төрелер сияқты күйші –анамыздың да өз тегін Төре демей- Төлеңгіт деуі де мүмкін екендігі туралы пікір осыдан шығады.
Біз күйші-композитор Д.Нұрпейісованың әбден шатастырылған тегі туралы әңгіме қозғадық. Тарихымыз Тәуелсіз қазақ елі тұрғысынан зерделеніп жатқан бүгінгі күндерде әркім өзіне ағайын еткісі келген күйші - анамыздың шын тегін ажырату- оның өмірін зерттеп жүрген динатанушылар үшін үлкен міндет болуға тиіс. Біздің олардан күтетініміз осы.
Аманкелді Шамғонов,
Тарихшы-өлкетанушы.
qazaquni.kz