ЕЛДІКТІҢ БАСТЫ ТІРЕГІ–ТІЛ
2015 ж. 13 сәуір
2407
2
«Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы Сәбит Байдалының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» тақырыбына өткен Дөңгелек үстелдегі сөзі.
Құрметті зиялы қауым! Халық сенімінің аса жоғары рейтингін еншілеген Елбасымыз, ҚР Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Сайлауалды Бағдарламасында алдағы жылдардағы басты міндетімізді анықтап берді. Ол – «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясатының барлық міндеттерін шешу және «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсатына қол жеткізу үшін БЕС ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ РЕФОРМАНЫ іске қосып, оны кезең-кезеңмен жүзеге асыру.
Осы реформалардың бес бағытының бірі - Болашағы біртұтас ұлт деп аталады. Сонда менің ерекше назар аударғаным мына жолдар болды: «Біздің басты мақсатымыз – қазақстандықтардың жаңа жалпыұлттық мұраттар мен құндылықтарды – құқықтың үстемдігін, жеке меншікті қорғауды, мемлекеттік дәстүрлерді, қазақстандық құндылықтар мен тәуелсіздік жылдарындағы табыстарды өздерінің этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюына қол жеткізу». Қысқаша айтқанда, жалпыұлттық құндылықтар этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары тұруы керек. Ендеше, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтар Қазақ елінің біртектілігін қалыптастыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы қажет. Ал ол біртектілік Елбасы белгілеп берген Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы – МӘҢГІЛІК ЕЛ идеясының іске асырылуына қызмет етуі тиіс. Ал елдіктің басты тірегі –Тіл екенін бұл аудиторияға дәлелдеудің өзі артық.
Мемлекет қазақ тілін дамыту жөнінде белгілі-бір деңгейде күш-жігер жұмсап келеді, соның нәтижесінде ана тіліміз бірте-бірте мемлекеттің басты ұйыстырушы негізіне айналып келе жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Жетістіктерді көрмеу көрсоқырлық, ал кемшіліктерді көре тұра айтпау жаны ашымастық. Тәуелсіздігімізді алғанымызға ширек ғасырға жуықтаған кезде қоғам мемлекеттік тілдің шынайы, нақты мәртебесін одан әрі көтеру жөнінде жаңа міндеттер қоюға толық құқылы. Бұл уақыт ішінде біздің тәуелсіз мемлекетімізде тұтас бір ұрпақ туып, өсіп жетілді. Олар үшін біздің партиямыздың төрағасы Азат Перуашев айтқандай, мемлекеттік тіл мемлекеттік Әнұран немесе Қазақстанның Туы сияқты еліміздің ажырамас төлсипатына айналуы керек еді. Өйткені, Тіл- жеке бір топтың немесе белгілі бір саланың еншісіне ғана тиесілі емес. Тіл тағдыры – ел тағдыры. Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдыретті. Мәселен, халқының саны бізден аз Бельгия мемлекеті (10 жарым млн-ға жуық) өз тілінен өзге тілге қадам баспайды. Бельгиялықтар ағылшын, басқа тілдерді мүлдем білмегендіктен осылай істеп отыр деп айта алмаймыз. Олар ұлт дәрежесі көбіне-көп мемлекеттік тілімен бағаланатынын естен шығармайтын болуы керек. Оның үстіне мұны мен ең озық үлгі деп отырғаным жоқ. Менің айтпағым: туған тіліміз тума тілдің жетегінде өне бойы жүруі тиіс емес.
Кейбір полиэтностық мемлекеттер үшін түйткілге айналған проблеманың Қазақстанда орыс тілді азаматтар үшін барлық мүмкіндіктерді сақтау арқылы шиеленіспей шешіліп отырғанын құптаймыз. Дегенмен, «Ақ жол» партиясы мүшелерінің басым көпшілігі қазақ тілін пайдалану көлемін бұрын болмаған жоғары деңгейге көтеру қажет деп есептейді. Орыс тілі еліміздің басым көпшілігінің ойлау, сөйлеу құралына айналып алғаны жасырын емес. Оның үстіне, құлдық саналы шенеуніктердің тілге тосқауыл болып отырғаны тағы бар. Мемлекеттік тіл мәдениет мәселесі аясынан да асып кеткенін назарға алу керек, бүгінде ол - ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің қатарына еніп отыр. Мемлекеттік тілдің қоғамдағы барлық салада үстем және биік болуы, оның тағдыры мен болашағы, кеудесіндегі жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматты алаңдатары айдан анық. Осындайда, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеу қажет” – деген сөздері еске түседі.
Шын мәнінде, Президент айтқан осы бағытта алға жылжушылық болмаса мемлекеттік тіл өз елінде азаматтардың азшылығының тілі болып ұзақ мерзімге сақталып, ғылыми-техникалық прогрестің қарқынынан қалыңқы болуы тек үдей түседі. Қазақ тілін игеру үдерісінің баяулығының басты себептерінің бірі оның экономикада, бизнесте, заманауи менеджменттегі керексіздігі болып отыр. Нақты ғылым, техника, информатика салаларында мемлекеттік тілде терең білім алудың мүмкіндігіне көпшілік күмәнмен қарайды.
Қазақ тілін және қазақ тіліндегі пәндерді оқытудың деңгейі барлық жерде бірдей жұрттың көңілін көншітпейді. Өткен ғасырдың басында, 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі» - деп жазса, ал Халел Досмұхамедов: «Шын азаттықты білім береді» деп санады. Қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеуді мақсат еткен «Алаштың» асыл мұраттары біздің қазіргі жедел жаңғыру, модернизация бағытымызбен үндес келеді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының басты формуласы: білім – ғылым - өндіріс болуы тиіс.
Бұл Елбасымыздың ХХ1 ғасырдағы дамуымызды прогресс қуатымен толтыратын Мәңгілік Ел идеясына сәйкес келеді. Оның құндылықтарын мемлекеттің конституциялық акт тақылеттес аса маңызды құжаты ретінде мектептерде оқыту бағдарламасына енгізу қажет деген Президент жасаған тұжырымдамалық ойды барынша қуаттап, құптаймыз. Біздің туған тіліміздің көсегесі мәңгі жасайтын елде ғана көгереді.
Ұлттық тарихымыздың орны тек қана төр екенін негізгі ұстанымдарының бірі ретінде санайтын «Ақ жол» партиясы үшін Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып, ұлттық тарихымызды ұлықтап, ұлтты әлемге танытуда және қазақ елі азаматтарының патриоттық сезімдерін арттыруда үлкен рөл атқаратын 2015-ші жылы Президентімізді сайлап алудың өзінің үлкен саяси-философиялық, тарихи мәні бар. Біз ата-бабаларымыз аңсаған кемел жарқын болашаққа, алтын ғасырға аяқ басқан ұлтымыздың игілігі жолындағы іргелі істерде Елбасымен біргеміз.
Сіздерді, қадірменді жиналған қауым, Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін Елбасымызға елімен бірге кемел келешекке керуен тартуға сенім білдіруге, жаңа мандат беруге шақыра отырып, ұлтты танудың да басты шарты – туған тіліміздің әлеуеті артып, керегесі кеңейіп, мемлекетіміздің де, мемлекеттік тіліміздің де мерейі үстем бола берсін деген тілекпен сөзімді аяқтағым келеді.
qazaquni.kz
2015 жылдың 11-інші сәуірі.