Соңына ойлы өлеңдер мен тарих, әдебиет тақырыбында жазылған ғажайып эсселер, зерттеу еңбектер қалдырған ақын Әмірхан Балқыбектің дүниеден ғапыл кеткеніне де бір жылдың жүзі болып қалыпты. Ортамызда ойнап-күліп жүрген кезінде-ақ аңызға айналған ақын бұл фәниден өткен күннің ертеңінде өз әлемінің байтақ кеңістігіне кімді болса да баурап ала жөнелді. Қазір ол туралы естеліктер, ойлар, пікірлер, сараптаулар жазылып жатыр. Алдағы күндері ақын Қасымхан Бегманов басқаратын «Дәстүр» баспасынан Әмірханның өлеңдері мен мерзімді басылымдарда шыққан еңбектері жинақталып, жарық көрмек. Ал, сәуірдің 5-і күні ақынның туып-өскен мекені – Шардара қаласында алашқа сауын айтылған ас берілмек. Осы шараның қарсаңында біз ақынның жары – Мархабат, Әбекеңше айтсақ, "Марқа" жеңешемізбен сұхбаттасып, қол бұлғап өте шыққан күндердің жарқын жақтарын еске алуды жөн көрдік.
- Сізден өткен күндерден естелік сұрайтын сұхбат алу ойымызға кіріп шықты ма екен десеңізші... Тағдырдың жазуы, амал кем. Әбекеңнің, Әмірхан Балқыбектің бақилық болып кеткеніне де жыл толып қалыпты-ау. Әбекеңнің тұяғы – Қасиет қай сыныпта оқып жатыр қазір? Қандай мамандық иесі боламын деп жүр? Марқұм еріңіздің анасымен, бауыр-туыстарымен хабарласып тұратын шығарсыз? Хал-жағдайлары қалай?
- Адам туған кезінде тағдыры пешенесіне жазылып қояды деген рас болар, бәлкім. Бір-ақ күнде Әмірханнан айырылып қалам-ау деген ой кіріп-шыққан емес. Алланың ісіне амал бар ма?.. Естелік айту деген мен үшін қоштасу. Ал менің қоштасқым келмейді. Әмірхан алыс сапарға кеткендей болады да тұрады.
Ал, Қасиетіміз биыл 11-сыныпта оқиды. Қандай мамандық иесі боларын уақыт көрсете жатар.
Әмірханның анасы Тұрсын апаммен жиі хабарласып тұрамыз. Телефонмен сөйлескен кезде ол кісінің көңілі босап қалады, кейде менің де. Ондайда бір-бірімізді жұбатамыз, сабырға шақырамыз. Апамның айтатын ақыл-кеңесі, төзімділігі, қайсарлығы маған үлкен демеу болып келеді.
Бауырлары, туыстарымен де байланыстамыз. Барлығы да Әмірханның жылдық асын өткізуге бір кісідей атсалысқалы жатыр. Алла разы болсын.
- Өзіңіз сол бұрынғы «Парасат» журналында қызмет жасап келесіз ғой. Солай ма? Әмірханмен де осы журналда жүріп танысыпсыздар. Танысып, біліскен кездеріңізден есіңізде не қалыпты? Соны таратып айтып беріңізші?
- Иә, мен «Парасат» журналында жұмыс жасаймын. Әмірханмен осы редакцияда таныстық. «Парасаттан» бұрын «Халық Конгресі» деген газетте Қалихан аға Ысқақовпен бірге қызмет істегенбіз. Кейіннен ол кісі «Парасат» журналына ауысты да, мені сол жаққа жұмысқа шақырды. Мені Әмірханмен таныстырғаннан кейін, оған айтқан екен: «Осы қыз саған әйел болады» деп. Әмірханның отты жанары жанымды бірден баурап алды. Екеуміз жұмыстан бірге қайтатынбыз. Қанша жаяу жүрсек те шаршамайтынбыз. Бір қызығы, ол маған ертегі айтып беретін, ертегі аяқталғанда үйге де жетіп қалатынбыз. Сөйтіп, екеуміз ақылдаса келе 8 наурыз мейрамы қарсаңында бас қосатын боп шештік.
- Әмірхан көзінің тірісінде-ақ көп білетін, көп оқитын, көкірегі даңғыл азамат-ақын ретінде, зерттеуші-ғалым ретінде танылды. Сондай дегдар, парасат иесі жалпы өмірде қандай адам болды? Үй-ішінің тірлігіне, ағайын-туыстың шаруасына қаншалықты көңіл бөлетін еді?
- Әмірхан ешкімге ұқсамайтын дара мінез иесі еді. Таным-түсінігі, мінез-құлқы, өмір салты айналадағы адамдардан мүлде бөлек болатын. Оның жеке өз әлемі – Әдебиет әлемі бар-тын. Сол Әдебиет үшін жаралған жан еді. Одан басқа ештеңеге қызықпайтын.
...Шаруаның баласы болсам да,
Шаруаға қырсыздау өсіп ем... - деп өзі жазғандай, қолынан тек қалам ұстау ғана келетін.
- Сіз Әмірханның алаңсыз оқуына, алаңсыз жазуына қандай жағдай жасап бағушы едіңіз? Әлде, Әбекең жағдай таңдамай жаза беретін бе еді? Қандай кезде оқуға, жазуға отыратын еді?
- Қолымнан келгенше құрметтеп, шығармашылығымен еркін айналысуына мүмкіндіктер жасадым. Көбіне тыныштықты қалайтын. Сосын жазуға түнде отырушы еді. Үстелдің үстін тап-таза етіп жинап, темекісін күлсалғышымен қоса, қаламсабын бәрін дайындап қоятынмын. Біз ұйқыға жатқанда, ол жазуға отыратын. Қолы қалт еткенде кітаптан бас алмайтын.
- Әбекеңді білетіндер марқұмның баладай аңғал, аңқылдақ жан болғандығын күліп отырып әңгіме етеді. Сондай бір қызық мінезінен естелік айтып беріңізші?
- Ақын адам бірде дана, бірде бала дейді ғой. Шынында да аңғалдығы бар еді. Қалжыңға сеніп қалатын. Бір күні бір топ жас студенттермен кездесуге кеткен. Ертесіне әлгі бір-екі студент жігіттер хабарласады ғой Әбекеңе. «Кеше сіз мені ұрып жібердіңіз, көзім көгеріп қалды» деп ренішін айтып (қалжыңдап). Содан не істерін білмей, ұят болған екен онда деп, әлгі студенттерді үйге шақырды. Олар келгенше қайта-қайта темекісін шегіп, кіріп-шығып жаны тынбады. Студенттер үйге күліп кіріп келгенде: «Өй, ештеңе болмапты ғой», - деп арсалаңдап қарсы алғаны бар.
- Әлгіндей ақкөңіл адам бола тұра Әбекең көңіліне жақпаған пенделердің қылығын бетіне басып айтып тастаушы еді дейді білетіндер. Рас па?
- Бақайесеппен шен-шекпеннің соңына түскендерді, жағымпаздарды байқаса, қарадай күйініп отыратын. Турасын айтам деп туғанына жақпайтындардың бірі Әмірхан еді.
- Ақын адам көңіл-күйдің ауанына беріліп, сезімге бөленбей жүре алмайды ғой. Сондай бір көңіл-күйдің тұсында Әбекең әлдебір қалқатайларға ынтық болып қалса, сырын сізге айтады екен деп естуші едім. Осыны да бір еске алып қоялықшы.
- Өлең жазу үшін шабыт керегі рас. Сондай кездерде өзің айтқандай қалқатайлардың бірін ұнатып қалса, маған айтатын. Оған арнап өлең жазып, оны маған оқып беретін. Сосын екеулеп оны талқылап, өңдеп, түзеп болған соң әлгі қалқатайға жібереді ғой. Мен де қызықпын, ұнатып қалған қыз туралы айтса, қандай екен, не істейді екен деп сұрайтынмын, қызғанудың орнына. Бірақ, осы бір шабыт шақырар сәттер үлкен дүниенің туарына себепші болатынына іштей сенетінмін. «Қасқыр құдай болған кез» атты кітабының жазылуына да осындай жағдайдың әсері болғаны рас.
- Әбекең газет-журналдарда қызмет жасап жүрген кезінде жазған дүниелері үзбей жарияланып тұрды. Ол кісі не жазса да көп оқып, көп ізденіп жазатын еді. Былайша айтқанда, ол кісінің бар шығармасын өз басым оқыдым десем де болады. Сонда да сұрайын, жарияланбай қалған, өзі кейінге қалдырып қойған туындылары бар ма? Болса, оны кітап етіп шығару ойыңызда бар ма?
- Әмірхан бір сөйлем немесе сөз жазса да оның мағынасына, стилистикасына, үтір-нүктесіне дейін қатты мән беретін. «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүргенде газет шығатын күнгі кезекшілігінде баспаханаға бірге барғаным бар. Сонда газетке шығып бара жатқан кезекті мақаланың бір сөйлемінде үтір түсіп қалған екен, соны орыс әйелмен айқайласып жүріп салдырғаны есімде. Әлгі орыс әйел басын шайқап қойып, үтірді орнына салғанын көргем.
Менің ендігі міндетім – артында қалдырған мұраларына ие болып, жарияланбаған дүниелерін жарыққа шығару. Қолжазбаларына әлі қол тигізбедім. Себебі, бір бетін ашсам болды, еріксіз егіле берем...
- Әмірхан Балқыбек туралы біраз естеліктер де жазылып үлгерді-ау осы. Сол естеліктер топтамасын жалғастыра түсу керек сияқты. Қалай ойлайсыз?
- Әмірхан бақиға кеткен күннен бастап жазылып жатқан естеліктерді жинақтап жатырмын. Құдай қаласа, алдағы уақыттарда естеліктерді кітап етіп шығару ойымда бар.
Abai kz
ЕСТЕЛІК АЙТУ – ҚОШТАСУ. АЛ МЕНІҢ ҚОШТАСҚЫМ КЕЛМЕЙДІ
2015 ж. 04 сәуір
4850
0