Әмірхан БАЛҚЫБЕК: "ЖАЙЛАП АҒАМ МЕН ДАЛАМДА СЫР БОЛЫП..."
2015 ж. 31 наурыз
2510
0
Әмірхан Балқыбектің жарияланбаған өлеңдері
Қазақтың дарынды ақыны Әмірхан Балқыбектің де өмірден өткеніне бір жылдың жүзі болып қалыпты-ау! Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өткен арынды ақын, саңлақ сыншы, мәйекті мәдениеттанушының артында мол мұрасы қалды. Біз бүгін Әмірханның бұрын жарияланбаған бір топ жырларын бір кезде өзі істеп кеткен «Қазақ үні» газетінде жариялай отырып, ақынның әруағын сыйлайтын оқырманға 5-сәуірде Шардарада жылдық асы болатынын хабарлаймыз. ЖҰМЕКЕН ҚАБІРІНІҢ БАСЫНДА Туған жерде терек болып сен өскен, Мен бір шыбық жынды желмен егескен. Атағың бар Алатаумен теңескен, Әруағыңмен деп келіп ем кеңессем. Айып етпе, Көк бояуым өшпесін, Тамыр нәрсіз, Өзіме аянды өспесім. Айып етпе, Аталы сөз баталы Тыңдамақ ем, өзге жоқ еш шатағым. Ақ көңілім – әруағың мінер арғымақ, Ықыласым жабатұғын шапаным. Көңіл кернеп Ұлы әруақтар жайлы ұғым Келіп тұрмын, – Қамықтырса қайғы мұң. Құмнан емес, болсам да қыр қазағы, Мен де өзіңдей қоңырқай жыр жазамын. Бірақ одан тартпады жүк жеңіл, Қызықтаумен күнге қарап, гүлге бір Қыз-қырқынға арнап жаздым жыр біраз, Той-думанға арнап жаздым жыр біраз Далама арнап жазбақ едім – Мұң сынық, Шыға келді көңіл-қырға құлшынып, Содан, содан келіп тұрмын, қоңыр ұл, Қабіріңе ету үшін құлшылық. Сонау жылы ағысымен сен Терек, Барып ең ғой Атырау – ақынға ентелеп. «Барып едің ағысыңмен асығыс», Түскен шақта самайға күш, басыңа іс. Алатаудың қайыр болмай басы қыс – «Барып едің ағысымен асығыс». Жан бітіріп достық жайлы ұғымнан, Ұлы ақынды түсіріп ең тұғырдан. Бірақ менде жоқ-ау қуат сендегі, Не істесем де халқымдікі еңбегім. Ағысым да сенікінен бәсеңдеу, Бәсеңдікті қоям не мен әсемдеу. Жалыны мол болсам-дағы жас кеуде, Арман қуып бара алмаспын Мәскеуге. Ағысымды тастаса да он бөліп, Жайлап ағам мен даламда – Сыр болып. Жайлап ағам, Арал алыс, Көзде – жас, Көздің жасы деп пе ең көңіл қозғамас. Жатса айтысып Оңтүстік пен Батысың, Оған менің жоқ ешқандай қатысым. Қажеті жоқ мейірімінің өзгенің, Өз бойымды жылытады өз демім, Осы болды әзірге тек сезгенім. Қай жағыма құласам да өз жерім. Қай төбеге шықсам-дағы өз төбем, Қасиетімді түйсінетін көз көрем. Мақсатыма жету үшін көздеген, Арман-жолда ақ пейілді сөз терем. Қу желкемді қияр екен қай қылыш, Аз халқым бар топырағынан айнығыш, Айтарымды айтқан болсам қаттырақ, Сен естідің, естіген жоқ жат құлақ. Бала күннен қап қойған сөз есімде, Деуші еді ғой бейсенбі күн бесінде Көктен жерге түседі екен бар әруақ, Түскен болсаң ықыласыма ал аунап. Жүрегім де әдетінен жиі ұрып, Қалған бұл шақ санама мұң жиылып. Қапа қысып қамыққаннан қоңыр ұл, Қабіріңе келіп тұрмын сыйынып. Ақ көңілмен ықыласымды қабыл ап, Шаршап келген ағысымды дамылдат. Дамылдайық, күй тыңдайық бір ауық, Менің көңілім «Кішкентайға» жүр ауып. Мен білемін «Кішкентайлар» барында, Түз ұлының от ойнарын қасында, «Кішкентайды» көп тыңдасақ халық боп, Біз аз халық кетер ек-ау алып боп. Халық барда ақында бар жыр тірі Естілді, әне, көкте күннің күркүрі. Жан ниетін жай отымен жолдаған. Киелі ердің әруағы ма қолдаған. Тамшы – нәрдің той-думаны басталды. Жердің шаңын көтерейін деді ме, Құла түзге от өртейін деді ме – Қара бұлт торлап апты аспанды. 1992 ж. АКСИОМА Ой – бір бұзық, Бұрмасын басқа арнаға, Айтарыңды ашып айт, астарлама. Қуаныш па, қайғы ма – неге себеп, Ана бір сәт жанардан жас парлаған. Түсінбеген ымды дым түсінбейді, Жазғырып ал мені бұл үшін мейлің. Шың ба биік, бұлт па биіктеткен, Бәрібір ғой, жыр болсын ұшың кейбір. Айтарыңды ашып айт, биікпін де, Сол биігің кетеді-ей тиіп кімге. Бұлт жылап бергенде, күн – жалқынға Қара тасың кетеді үйіткім кеп. Биіксің-ау, бар біраз қаталдығың, Кімдер шың боп, қара тас атанды кім. Шыныңды айт: ұлылықтан бата алдың ба, Жоқ әлде сақалмен құр шаталдың ба. Неге, неге үнің жоқ, санаң тоқ па, Үн шығаруға жоқ әлде шамаң жоқ па. Мазаң мезгіл мезі ойлар басынғанда «Әй, атаңды да...» деп шыңды да алам боқтап. ШАБЫТТЫҢ ШАТАСУЫ Болады әр күн жаңалық, Болмауға тиіс қамығу. Тапсам ба деймін түйсікпен Тарихтың күре тамырын. Ақтардым қанша кітапты, Үңілдім сөзге кейде бір. Тәңірдің өзі сол сөзден, Тұрғандай қарап бейне бір. Тауға да тұрдым тік қарап, Шешсем деп ғалам жұмбағын. Молая берді түйгенім, Молая берді қырманым. Ізденіс, Түндер ұйқысыз Қойды ғой басты алаң ғып. Тыңдасам дедім түйсікпен Әуенді бүкіл ғаламдық. Тіледім бақыт сонау бір Заңғарда жүрген жандарға. Оянып жүрдім ұйқымнан Тәтті түс көріп таңдарда. Іздедім күллі ғаламнан, Өзімнен Басты жауапты. Шатастым кейде, Бұл да рас, Шабытқа шылап шарапты. Жығылам бір күн сүлдем қап, Болмайды бірақ қамығу. Болады әр күн жаңалық, Аңсаулар, сосын сабылу. Болжап та берем, Дау бар ма, Болғанда қағаз жауырын. Саусақпен ұстап тұрғандай Ғаламның күре тамырын. Суреттей шыққан әдемі, Болса да көктен көргенің, Ғаламның күре тамыры Құс жолы десе сенбегін. Тарихтың текті беттері Айтады бәрін басқаша. Қайтер ед дейді ол Жалғыз жол Қағаздан көкке қашпаса. Дейді ғой түйсік-тылсымның, Көрінісі осы тым аздай. Құс жолын жазған Тәңірім, Түс жолын жатыр жаза алмай. Оны да қысқан шабыттың Сәттілік тілеп бағына, Үңілем сосын қайтадан Қағаздың аппақ жанына. Болады әр күн жаңалық, Болмайды әсте қамығу. Білгенге өмір дегенің, Шабыттың күйін сағыну. 1991 ж. ТОҚТАП ҚАЛҒАН КЕҢІСТІК (Пойыздың ішінде) Киелі шақ күнәлі іске барма, қол – Жел сияқты керілген шақ ой-құзға. Қолы күс-күс Қазан айы шаруақор Құраншыл шал Жыр оқиды пойызда. Жүзінде оның тұнып қалған нұр-иман, Нұр-иманды Тану да бір естілік. Анау бір қыз Есімді алып жымиған Менің-дағы көңілімді тесті үміт. Шал алдына тұрмасаңыз болғаны, Құран жыры жыр шыңы ғой мән толы. Маған бірақ Алла септік болмады, Бұрымды қыз бара жатты ән болып. Көңіл, көңіл, Қайда қанат қақпаған, Бұл сезімді ардақты де, ізгі де. Хауа апасы Құдайына жақпаған Қылықты қыз табындырар сізді де. Ай шығады көп ұзамай қиядан, Қылыш сынды күнәһарды кескілер. Қалай бірақ айылымды жия алам, Мұндайда есті үн ессіздік боп естілер. Жастық шақтың көктемінде көкке тік Жыр ғой бұл жыр – Шығып жатқан қанымнан. Маған аян: Болмайды онда өкпе түк, Бұрымды қыз табылады жанымнан. Күл, Күл, жаным, Гүл өңіңді жасырма. Деймін оған және былай айтамын: Аллам менің аспанда емес, қасымда Ақын ұлға мекен болса байтағың. Не айта алам, Ару қыздың арманы Өзім болып маған ауса аңсары. Жыры бітті, Оған түк те қалмады, Бізге қарап күрсінеді шал кәрі. Таңсәріде көрген тәтті түсімде Ай-қылышқа қолым қапты қарысып. Тоқтап қалған кеңістіктің ішінде Түн менен күн бара жатты-ау жарысып... 8.10.1993 ж. КІМГЕ АЙТАМЫН Жапырақ, Сенің бойың биік менен, Мен деген қырда туып, күйікте өлем. Кешқұрым, Ауа тұнық, Құр отырмын Дүниенің бар тылсымын түйіп денем. Құр отырмын, Көңілім сан-сан сұрақ, Тыңдай білген құлақты тамсандырад. Жапырақ, айтшы, сені сүйер кім бар, Басынан бұтағының қалсаң құлап. Жапырақ, Бұта жайлы не білесің? Жел тұрса жын тигендей егілесің, Өзіңді өзіменен егіз көріп, Өзегі сарғыштанды-ау менің есім. Жапырақ, Биігіңнен құлап қалсаң, Бола ма көңіл айтып жылап барсам? Кімге айтам сол көңілді, Бұтаға ма, Бұтаға болады ма сыр ақтарсам? Бұта сені білмейді, Сен бұтаны, Өмірде не тылсым бар енді тағы? Көңілім, Кешқұрым, Ауа тұнық, Жапырақтан үрленген шаң жұтады. Япыр-ау, Бұтам қайда, діңім қайда. Мен жығылсам бірге ол да жығылмай ма? Көңілім қалды, Жырымды Күнге оқып, Тек қана, Айтам енді сырымды Айға. 1991 ж. АҚЫН-ҒҰМЫР Асау арман кеудеге сыймағасын, Қиналасың, Ашыған ми боласың. Амал бар ма Ақынға алабұртпай Ару-өмір өрт-ғұмыр сыйлағасын. Өртенесің, Өртейсің, Жалындайсың, Таптырмайсың, Таппайсың Табылмайсың! Тірлігіңде Даланы әнің тербеп, Өлгеннен соң Өлеңде дамылдайсың. Шабыттансаң Шараңнан тасып тұрып, Армандарды қоясың асықтырып. Өмір ұқпай жүргенде өрлігіңді, Өмірді Өзің Кетесің ғашық қылып. Жаратылған жандарға Жасық болып, Сезіміңнен, Жырыңмен Ашып жорық, Ұқтыра алмай беймаза жүрегіңді, Сен де өмірге өтесің ғашық болып. Ащыны емес, кететін қырып тамақ, Мәңгіліктің суынан ұрттап ап, Көп өкінткен өзіңді өміріңе, Өлеңіңнен тұрасың күліп қарап. Ғасырларға куә боп, Көзіңді ілмей, Келер күнде не бопты өзің жүрмей?! Жырың жатса Сырласып жас ұрпақпен, Сұлу, сырбаз Сәкеннің сезіміндей. Күн кешкенмен ой дауыл, Көңіл ала, Жығылатын Жеріне өмірді ала, Қанша қызға жыр жазсын, Ғұмыр ғой ол, Шын ғашығы ақынның – Өмір ғана! Өлгеннен соң береді төрін дала... 15.02.1993 ж. "Қазақ үні" газеті, №12 31.03.2015