«АЛПЫСҚА ЖЕТСЕК ЕКЕН ЕНДІ БІЗДЕР»

mendeke

(Әмірхан Меңдеке туралы бір үзік сыр)

  Кешегі күн бірге жүрген жігіттер 60-қа келіп жатыр. Ілгергі дәуірде 60 деген өмірдің соңғы бір шегі сияқты жетіп болмайтын ұзақ ғұмыр еді. Қазір... Иә. Баланың жасы. Бұны қатарластарымды кәрілікке қимағандықтан айтып отырғаным жоқ. Шындығы сол. Бұл – жасқа байланысты көзқарас. Ал ақыл-ес, мінез-құлық тұрғысынан сараласақ, 60-қа келіп жатқандардың қай-қайсысын да жас дей алмайсың. Тіпті оларды ерте «қартайғандар» санатына жатқызуға болады. Солардың бірі, дұрысы бірегейі – Әмірхан Меңдеке. Иә. Әмірхан Меңдеке сыншы. Сөзден де қадір қашты. Сонау бір жылдары қазақтың үш биін «би» деп айтуға қорашсынып, оларды пайғамбарға балап едік. Сол сияқты абызды да әркімге бір телідік. Енді міне... Сыншылық та Әмірхан болмысын ашуға дөп келмей тұр. Неге екенін қайдам, сыншы десем болды кешегі социалисттік реализмнің ұңғыл- шұңғылын жетік білетін академик шалдар көз  алдымда көлбеңдейді. Сол сірескен социалистік реализмнің көбесін сөккен осы Әмірхан Меңдекелер еді. Меңдекелер деп көбейтіп отырмын. Негізінен олар екі-үшеу ғана. Нақтыласақ – Әмірхан Меңдеке, Тұрсынжан Шапай, Таласбек Әсемқұлов. Бары осы. Аға, інілерімнің көңіліне келмес үшін «біздің қатарластарымыздан» дегенді қосып қояйын. Әлгі... Иә. Сол кісі айтпақшы, «Өзім де бір қумын». Сонымен Әмірхан... Біз «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қатар қызмет атқардық. Қайта құрылып жатқан кез. Сол бір кезең «СҚ»-ның өзгеше бір түлеген кезі еді. Әуелгі оппозициялық ойлар сол газеттің бетінде айтылды. Бір жиында Әмірхан «Мына редакцияның алдындағы паркте (аты есіме түспей тұр деп Панфилов паркі дегенді аузына алмады) құшағын жайып тұрған алып бір адамның бейнесін қаңылтырдан жасап қойған. Мүмкін көрген шығарсыздар, – деді де – Сол алып адамның қолтығының, бұтының арасынан қазақтың бастары қылтиып тұр. Біз соған мәзбіз. Ендігі жерде мұндай әділетсіздікке төзуге болмайды», – деп бір-ақ тоқтады. Әмірхан дәл бұлай емес, өзіне тән шешендікпен түбіне жеткізе, таусыла айтты. Өз басым сол сәтте оны 28 батырға қойылған ескерткіш туралы айтып жатыр деп ойлаған жоқпын. Менің көзіме ол кезде Әмірхан айтқан кемшіліктер көрінбейтін. Студент кезімде курстасым Ғалым Доскеннің Ленинді балағаттағанын естіп есім шығып кетіп еді, тап солай бұл жолы да Әмірханға қайран қалдым. Ол мені, мені ғана емес, тәмам жұртты содан бері қайран қалдырумен келеді. Ә.Меңдекенің өзім мән берген алғашқы сыншылық еңбегі Дулат Исабековтың бір шығармасы хақында болатын. Шығарманы Әмірханша түсініп, Әмірханша талдаған адамды өз басым соған дейін де, одан кейін де көрген емеспін. Басыма сол кезде Д. Исабековтың өзі шығармасын Әмірханша түсіне алмаған шығар деген ой келді. Қазақты Әмірхан Меңдекеше жақсы көретін адам некен-саяқ. Жалпы Әмірханның негізгі тақырыбы – қазақтың мұңы. Ол мұң оны дендеп алған. Сондықтан да ол не жазса да қаламын шерге малып алып жазады. Оқығанда... Иә. Көпке дейін өз- өзіңе келе алмайсың. Жылағың келеді. Бір сөзбен айтқанда, Әмірханша жазу – бұл мектеп. Әрине, ол өзінің бағасын біледі. Бірақ ешқашан кимелеп алға шыққан емес. Сол баяғы қоңыр тіршілік. Қазақ радиосына директор да болды. Өзгерген жоқ. Жалпы ол өзгеге болсын деп жүретін жігіт. Өткен күндер еске түседі. Әмірханмен бірге өткен күндер. Еріксіз жымиясың. Енді міне... 60 есік қағып тұр. Ақын Аманхан Әлім ағам 60-қа келгенде сұрағам. 60-тың жайын. «Алпыс – тал түс» дегеннің қаншалықты шындыққа жанасатынын. Аманхан ағам тыржыңдап кетті. Бет-әлпетінен 60-қа көңілі толмайтынын аңғардым. Сол сауалды Мұхтар Шаханов көкеме де қойғам. Жетпістің жайын білмекке. Ол кісі қашанғысындай «Қарттықты мойындамау керек» деген өз ұстанымын көлденең тартты. Осы тақырыпқа орай өлең оқыды. Жігерлендім. Нағыз өмірдің 70-тен кейін басталатындығына бек сендім. Сондықтан Әмірхан дос, 60 деген... «Алпысқа жетсек екен енді біздер». Құдияр БІЛӘЛ qazaquni.kz