Сабыр АДАЙ, ақын: Наурыз мейрамы ұлттың рухын да жаңғыртады

Сабыр Адай-2 ­­­­­­­­­­

Қ.Р. ПРЕЗИДЕНТІ– Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ «ОТПАН ТАУ» ТАРИХИ – МӘДЕНИ КЕШЕНІНІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСУШЫЛАРҒА ЖОЛДАҒАН ҚҰТТЫҚТАУ ХАТЫ ҚҰРМЕТТІ МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАР!

Қазақстан халқы ел тәуелсіздігінің игілігін жыл өткен сайын молынан сезіне түсуде. Өз тағдырымыз өз қолымызға тиіп, экономика нығая бастасымен-ақ, біз «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдап, киелі жерлерімізді, батыр бабаларымызды, мәдени мұраларымызды тарих қойнауынан аршып алып, тереңінен сыр тартып, жаңғыртып, қадірлеп, қастерлеуге ден қойдық. Құрылыс жұмыстары аяқталып, бүгін ашылғалы отырған «Отпан тау» тарихи – мәдени кешені де осы ел тәуелсіздігінің тікелей жемісі екені анық. Көне де қасиетті Маңғыстауда сан қилы сын сағаттарында ұран отын жаққан, кәрі сеңгір Отпан таудың бүгінде мәңгілік отын маздатар Тағзым биігіне айналуы жан сүйсінер жақсылық, өткенге деген құрмет – болашаққа деген жауапкершіліктің биік өнегесі дер едім. Бұл кешен түбі терең тарихы­мызды ұрпақтарымыздың есіне салып, жүректеріне имандылық нұрын сеуіп, ұлы мұраттарға үндеп тұратын болады. Ол сондай – ақ, Маңғыстау өңі­ріне жолы түсетін қазақстандықтар мен шетелдік туристердің де арнайы іздеп барып тәу ететін қасиетті мекен – жайына айналады деп үміттенемін. Баршаңызды еліміздегі тағы бір қасиетті тарихи – мәдени кешеннің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бәріңізге зор денсаулық, бақ – береке тілеймін! Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, Ақорда. «Маңғыстау» газеті, Бейсенбі, 25 қазан, 2007 жыл.

 ***

НАУРЫЗ КЕЛДІ – БАСТАЛДЫ АМАЛ КҮНІ! (Отпантауда оқылған өлең) Маңғыстаудың көргенде маң даласын, Кеңістікке керемет таңданасың. Қашағанның жырындай қайран жүйрік, Қашағанын уақыттың аңғарасың… Дархандығы әйгілі даламда ұлы, Наурыз келді – басталды Амал күні! Аман-есен бәріміз көрісейік, Ең бастысы, елімнің амандығы! Ашық бүгін халықтың қас-қабағы, Жазылады жазира дастаны әлі. Көктеміміз басталса, Оңтүстіктен, Ал Жаңа жыл Батыстан басталады! Маңғыстауда бәрі шын, бәрі де аңыз, Даласындай елінің жаны нағыз. Отпантаудың басында от жанғанда, Осы жерден бәріміз табыламыз! Қазыбек ИСА 15 наурыз 2015 жыл     Сабыр Адай   – Сіздің тәуелсіз «Үш қиян» газетінің №27 (179) 2004 жыл, 1-шілдедегі санында «Адай-ата рухына арнап ескерткіш-кесене тұрғызу керек» деген мақалаңыз жарияланды. Халық қолдады, 2007 жылы оның ашылу салтанаты өтті. Ой қозғаған автор ретінде «Адай Ата – Отпан тау» тарихи танымдық, этно-мәдени орталығы туралы қысқаша айтып берсеңіз. – Халықаралық жағдай­лардың құбылмалы тұрақ­сыздығымен әлемдік саяси күштердің шикізат және мұнай сияқты өндірістік қуат көздеріне деген қызығушылығы күннен-күнге өрескел өзімшілдіктің бүркемелі әрекетіне айналып бара жатқаны жасырын емес. Күллі қазақ даласы секілді Маңғыстау өлкесі де шикізат қорына, әсіресе, мұнай кендеріне өте бай. Тарихи таным тұрғысынан өндірістік өңірді өміршең ету үшін Отпан тауға Адай-Ата кесенесі салынды. Бұл Тәуелсіздіктің тұғырын бекемдей түсу бағытындағы қажет болған қадам. Амал-әрекеттерді бұқара халықтың санасында қалыптасқан салт-дәстүрлерден алуды мақсат тұттық. Ұлттың ішкі тұтастығы мен бірлігін кез келген сыртқы саяси ойындардың қақпанына түспейтіндей дәрежеде қалыптастыру негізін сол халықтың өз бойынан іздеген жөн. Еңсесін көтерген халық ерлік пен бірлікті ту қылып ұстайтын болады. Бұл жерде ескеретін жағдайлар да жоқ емес. Біріншіден, өлкемізбен көршілес отырған елдердегі кейбіреулер Маңғыстау сияқты мұнайлы түбекті өздеріне теліп, өздеріне қарай икемдеу ниеттерін үнемі білдіріп келеді. Қажет жағдайда араға от салып, айдап салушы алпауыттар да табылады. Ал, Адай-ата кесенесі атамекенімізді мәңгілік айғақтап тұрады, ол қазақтың Отпан тауға басқан мөрі іспетті. Екіншіден, қазақ зұлмат заманның талайын көріп, басынан қиындықты көп кешіп, ғасырлар бойы күресіп, Тәуелсіздікке әзер жеткен халық. Ортақ ұлттық ар-намыс пен қандастықтан, түсіністік пен сүйіспеншіліктен, салт-дәстүрден шегініп, жатпен жақындасып, тасбауыр, суық бола бастағанымыз да рас. Өзге мәдениет пен діндерге еліктеп, басқаларға бас иіп, сырттан сүйеніш іздеу де жанды ауыртатын көрініс. Осындай жағдайда ресми билік пен мемлекеттік қызметкерлерге қарап отыра бермей, біз алдымен өзіміз бұқара болып халықтың күнделікті тұрмысындағы ақыл-санасына сіңісті болған ұлттық салт-дәстүр негізіндегі қарапайым қағи­даларды елеп-екшеп пай­дамызға жаратуымыз керек. – Сабыр аға, қарашаңырақ, қарақазан, көрісу, ұран-от жағу сияқты салт-дәстүрлерді түсіндіре кетсеңіз?.. – Қазақ жері қандай кең болса, халқының да тарихы соншалықты терең, сол сияқты ұлтымыздың мәдениеті, салт-дәстүрі де өте бай. Ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарымыз негізінен бір болғанмен, еліміздің барлық аймақтарында біркелкі сақталма­ған. Азын-аулақ ерекшеліктері бол­ғандықтан, кейбірі тіпті ұмы­тыла баста­ғандықтан бүгінгі жастарға оны түсіндіре кеткеннің еш артықшылығы жоқ қой деп ойлаймын. Қазақ халқының жадында сақталған рулық шежіреде бүгінгі қазақ баласының барлығы қазақтың атадан өсіп-өнген бір кісінің баласы екендігі айтылады. Мәселе, ұлттық шежіренің ғылыми және тарихи танымдық зерделеу тұрғысынан қаншалықты нақтылығында емес, тегін іздеп тереңдеген сайын бүгінгі барлық қазақты бір атаның баласы қылып шығаратын тұтастыққа негізделген – тайға таңба басқандай құрылымдық құндылығы мен сабақтастығында. Қарашаңырақ – ұлы, негізгі, киелі, байырғы, мұ­рагер, бас шаңырақ деген ұғым­дарды береді. Ұлттық салт-санада қарашаңырақ ұғымы өте әділ шешімін тапқан. Мысалы, бір әкенің үш ұлы бар делік. Күндердің күнінде үлкен екі ұлын үйлендіріп, жеке отау тігіп бөлек шығарады. Ал, кенже ұлы әке-шешенің қолында, қарашаңырақта қалады. Негізгі мұрагер кенже ұл болады. Атадан, әкеден қалған қарашаңыраққа мұрагер болғандықтан, кенже ұлдың жасы кіші болса да, жолы үлкен болады. Ұлдың кенжелігін қарашаңыраққа берілген жол мен аманат толтырып, еселеп, теңестіріп тұрады. Сол шаңырақтан отау тігіп бөлек шыққан ұлдары мен қыздары сәлем беріп, төркіндеп, амал айында көрісіп ата-ананың бар кезінде де, жоқ кезінде де қарашаңыраққа келетін болады. Бұл ата-бабасына және ұшқан ұясына деген құрмет. Туыстықты, бауырластықты баянды ету. Ұлттық тұрғыдан кең көлемде қарайтын болсақ, үш жүздің кіші жүзі сол қарашаңырақтың иесі. Өзге ағалары ат басын бұрып келіп тұрса жарасымды. Қарашаңырақтың қара­қа­заны. Қазақтың қара­шаңырағы – Маңғыстау. Елдің қарақазаны да сол бірлік пен берекенің, құт пен жасам­паздықтың рухани және заттық бейнесі мен тұғыры. Қазан Түркістандағы Иассауи мазарында да бар. Бірақ, ол исламдық тұтастыққа үндейтін рухани мұрамыз. Ал, Отпан таудағы қарашаңырақтың қарақазаны – ұлттық, тектік рухани мұрамыз. Наурызда «Амал» мерекесінің 13-і мен 14-інде Отпан тауға жиналып, Қазақтың үш жүзінен шақырылған ақсақалдары мен азаматтары сол ортақ қарашаңырақтың қарақазанынан дәм татса, жылма-жыл жаңғыртып үрдіске айналдырса, ұлтымызға бірлік пен бақ, береке мен ырыс-құт келеді. Дәм тату. Қазақтың «бір күн дәмге – қырық жыл сәлем» дейтіні бар. «Дәм аттаған оңбас» деп жататын да сол қазақ. Қазақтың үйге келген қонаққа: «Наннан ауыз ти, ағарғаннан ауыз ти...» – деп қиыла қарағаны – «барымды бөлісіп, бауыр болғым келеді» дегені ғой. Осы адал дәстүрді ұлттың ішкі бірлігіне пайдалансақ жаман ба?.. Қарашаңыраққа көрісіп келу дәстүрі. Көрісу – жүздесу. Жүздесу – танысу, білісу, достасу, сырласу, мұңдасу, түсінісу, сену, қанағаттану. Ойлап қараңыз: түсінісу, сену, қанағаттану – адамдарды барлық жақсылыққа бастайтын рухтың тәңірлік нәрі емес пе!.. Маңғыстау халқы амал айының (наурыз) он үшінен он төртіне қараған жұлдызында, өз әулетінің қарашаңырағынан бастап, ел ақсақалдарына, жас үлкендерге, ағайын-туыс, жекжат-жұрағаттарға жол-жоралғысымен көрісіп шығады. Осы салт-дәстүр­ді жалпы ұлтымыздың ішкі тұтасты­ғын нығайтуға пайдаланып жылма-жыл үрдіске айналдырсақ деймін. Араласпаса, ағайын жат болады. Отпан тау – жер жүзіндегі қазақ­тар­дың жылына бір рет көрісе келіп дидарласып, туыстық, қандастық махаб­ба­тына нәр алатын жері болады. Бата беру. Бата – Алланың тара­пынан нұрланып, сәулеленіп рухани күш-қуатқа ие болған шын алғыс пен тілек. Жеке тұлғаның және көпшіліктің жалқы мен жалпыға бағышталған көңіл ілтипаты. Бата алу – Алла тарапынан рахмани және рухани күш-қуат алумен қатар, нысаналы бағытыңның шындығы мен ақиқатына қоғамдық негізде көз жеткізіп, кепілдікке ие болу. Қазақта: «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Батасыз іс-баянсыз» деген мақал-мәтелдерді мысалға алсақ та жеткілікті. Ат мінгізіп, шапан жабу деген де бір керемет дәстүр бар. Ат – ердің қанаты, шапан – ердің қамсауы, абыройы. Ат мінгізіп, шапан жапқанда да барынша дәріптеп, бағалап, тиісті рәсімдер орындалуы керек. «Бере салу, ала салу, жаба салу, міне салу» сияқты жадағайлық пен жалпақшешейлік құнын кетіреді. Жалпы ұлттық салт-дәстүр мен өнерді көздің қарашығындай сақтау бүгінгі біздердің парызымыз. Бірінші. Отпан тау – Қара­таудың ең биік шыңдарының бірі. Сол биік шыңды халықтың сыртқы жаудан қорғанатын тұғырына айналдырып, баба­ларымыз жау келген жағдайда «Ұран-от» жаққан. Бірақ, бұл мәселенің бір жағы. Оның үстіне кейбіреулер: «Бейбіт заманда ұран-оттың қажеті қанша» деген сөзді алдыға тартып, жоққа шығарғысы келеді. Бірақ, ол дұрыс емес. Екінші. Ұран – ойлануға, белгілі бір іс-әрекетке дер кезінде мән беруге, аса маңызды шаралар мен шаруаларды айшықтап көрсетуге шақыру, көпшілікті қоғамдағы ең бір өзекті мәселеге қарай жұмылдыру, үндеу. Демек, «Ұран салудың» барлығын бірдей жаугершілік пен жамандықтың шылауына байлап беруге болмайды. Үшінші. От – жарық, сәуле, жылу, қозғалыс және өнеркәсіп пен өндірістіктің, мәдениеттің күш-қуаты. От – күннің жарығы, айдың сәулесі. Күн – тіршіліктің көзі. Шырақ жағып, май түтету, от жағып аластау да бабалардан қалған дәстүр. Қазақта: «Жалынды жастық», «Сәулелі ғұмыр», «Отты жүрек», «Қазаныңнан ырыс, ошағыңнан от кетпесін», «Көзінде от бар екен», «Жанартаудай лапылдап, жасындай жарқылдап» - деген сияқты мақал-мәтелдер мен сөз тіркестері көп емес пе?! Демек, «от» деген сөзден де теріс айналудың қажеті қанша жоқ. Міне, осы айтылғандарды ойға түйіп, Отпан тауда жыл басы – «Амал» мерекесінде Ұран-от жақсақ: жарқын болашақ, сәулелі ғұмыр, жасампаз еңбек, жалынды намыс және бірлік пен берекетке, ұлттық тұтастыққа шақыру деген сөз болып шықпай ма?! – Сабыр аға, аталмыш орталық­тың ашылғанына біраз уақыт болыпты, нәтиже қандай? – Мысалы, мына мәселеге мән берейік. Амалдың 13-14-де көрісу дәстүрі қазаққа ортақ қағида. Бұрын Маң­ғыстау халқы көрісу салта­натын әртүрлі деңгейде өткізіп келді. Кейінгі жылдар мейрамханаларда бас қосатын болды. Бәрі де дұрыс, халық ұйғарған нәрсенің жаттығы жоқ. Алайда соңғы жылдары ақсақалдардың шешімімен, мемлекеттік қолдаумен Отпан тауда бір орталықта өткізіле бастады. Енді, міне, биылғы мерекеге Қазақстанның он төрт облысы мен екі қаласынан ақсақалдар, қоғам қайраткерлері шақырылып, ұлтымызға ортақ мерекеге айналудың алғы шарттары жасалуда. Көрісу салтанаты бұған дейін дәл осылай жалпы қазаққа ортақ мәнге ие болып көрген жоқ. Ұлттық тұтастық пен бірлікке жетелеу деген осы. Қаншама жастарымыз бұл жерді тамашалап, тағзым етіп келіп-кетіп жатыр. Шетелдіктер де, алыстан келген ағайындар да міндетті түрде атбасын Отпанға тірейді. Өзгелер өзін-өзі сыйлайтын ұлтты ғана мойын­дайды. Бабалар рухы-баянды тарихымыздың бастауы, оларды көкке көтеріп дәріптеу арқылы, Атамекенімізді, Отанымызды асқақтатамыз. Нәтижесі – осы. Сұхбаттасқан Ақбаян ҚОЖАМЖАРҚЫЗЫ