Темірхан Медетбек: ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ елінде темірқазық – тек ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ болуы тиіс!
2015 ж. 09 наурыз
11380
3
Темірхан Медетбек,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ елінде темірқазық – тек ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ болуы тиіс!
Темкең де жетпіс жасқа келіп қалыпты. «Қыз бен ақынның жасы жариялана бермейді» десек те, уақыт өз дегеніне бағындырмай қоймайтын секілді. Заманында «қазақтың ең күшті ақыны» атанған шалқар шайыр шау тартпаса да, белгілі белеске шыққанын мойындап, өмір заңына келісіп отырғандай.
– Темаға, жас ұлғайған сайын адамды не сезім билейді екен? Түрлі алаң күшеймей ме? – Белсенділігім баяғы қырық пен елудегідей деп өтірік айта алмаймын. Елегізу болады екен. Рас... – Сәті түскенде анығын өзіңізден сұрап қалайын, ел арасында «күшті ақын» деген атты қалай иеленген едіңіз? – Е-е, ол Жұматай құрдасымның шығарып жүргені ғой! (Сезімтал ақын көңілденген сәтінде балаша жайдарланатын әдетінше, жүзіне нұр жүгіріп, кеңкілдей күледі). – Жақыпбаев досымды айтамын. Шіркіннің аздаған қыршаңқылығы да жоқ емес еді. Бірде ҚазМУ-дің студенттерімен кездесуде «ең күшті ақын кім?» дегенде «Темірхан Медетбеков!» деп жауап беріпті. – «Өйткені ол ауыр атлетикамен шұғылданған. Штангист» деген көрінеді. Ең қадірлі ақын деп Қадыр Мырза-Әлиді айтады. Биік ақын – Жүсіп Қыдыров, ұшқыр ақын Дүйсенбек Қанатбаев пен Серік Ақсұңқарұлы... деген сияқты. Солай-солай әр сұраққа ұтқыр жауап тауып, басқа да бірнеше қаламгерге осындай «мінездеме» беріп, студенттерді мәз қылып, өзі де риза болып шыққан екен. Негізі, зілтемірмен көп әуестене қоймаппын. Недәуір уақыт еркін күреспен айналысқанмын. Жүлделі орындар иелендім. Алайда ақындық пен балуандықты қатар алып жүру қиындық туғызды. Үлкен спорт бүтіндей берілуді талап етпей ме. Шын мәнінде, қатар күрескендер қуатыма қызығатын-ды. «Әттең, сендей күшім болса СССР чемпионы болар едім!» деген жігіттер болды. Бәрібір, кейін біртіндеп тастауға тура келген. – Көпшілікті Темірхан ақын қандай бала болды екен деген сұрақ та қызықтыратыны анық. – Мен біреудің жалғыз ұлымын. Медетбектің елу бес жасқа келгенде көрген баласы екем. Алдымда бес апайым бар-тын. Әкем «Артымда атымды өлтірмейтін ешкім қалмады-ау. Мына қыздардың бәрі жатжұрттық. Ертең жай-жайына кетеді» деп қайғырып жүргенде келіппін дүниеге... Сондықтан, әке-шеше мен әпкелерімнің алақанында еркелікпен өскенім түсінікті шығар. Жас Темірхан қой аузынан шөп алмайтын жуас еді деу қисынсыз. Әкем байғұс момын адам-ды. Менің әрекеттеріме іштей масаттанып, көкейінде күн орнап жүретінін сезетінмін. Дегенмен, шектен шыққан тентек едім десем де жалған боп шығады. Жалғыз ұл болсам да еңбекпен жетіліппін. Кішкентайымнан қолымнан күрек те, айыр да түскен емес. Жұрттың балаларындай үйге шөп тасыдым. Кетпен шаптым. – Ақындыққа бет бұрған шақтар есте ме? – Әдебиетке 8-9 кластан құмартқан екем. Со тұстарда аудандық «Қызыл Түркістан» газетінде екі өлеңім шықты. – Қабырғада сұр шеге ұстап тұр ғой киімді. Мен де сондай өмірге болсам деймін тиімді, – дегендей шикілі-пісілі, балаң жолдар ғой. Екіншісі көктем туралы еді. Осыдан кейін-ақ қанаттана түстік. Тіпті, өлеңге құлай жығылдым десе артық емес. Әуелден-ақ кітапты көп оқыдым. Бала кезімнен, есейгенше Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов шығармаларынан бастап, ауылдың шағын кітапханасындағы дүниелерден түк қалдырмадым-ау деймін. Әлі де сол әдебиетпен келе жатырмыз. – «Ақын» ұғымына нені сыйғызуға болады? – Ақындықтың ауқымы кең. Біреу табиғаттың ақыны. Адам мен адам арасындағы қарым-қатынасты жырлайтын шайырлар бар. Азаматтық ақындар болады. Ал өзімді әлеуметтік ақынмын деп есептеймін. Жаныма қоғамдық бағыттағы, азаматтық негіздегі тақырып жақын. Бұл жерде ешбір «оригинальный» болмай-ақ қояйын, менің мектебім сол «үйреншікті» Абай, Махамбеттерден басталады-ау. Бұлардың елдік мүдделерді көбірек қаузағаны мәлім. Мәселен, Абай үміттен гөрі замананың құса-мұңы мен дәуірдің күйінішін артық қоймай ма. Мен де кішкене уайымшылдау ақын болуым мүмкін. Дегенмен, соның өзінде қаламым халыққа рух дарытатын, елдің бойына ұлттық нәр сіңіріп жігерлендіретін, күреске үндейтін жырларға бейім секілді. Айқай-ұйқай немесе жалаң ұран емес, қайта сол мұң арқылы да жұртты марғаулықтан сілкінтуге құлшынатындаймын. – Халық тағдырын, ұлт болашағын қалай елестетесіз? – Дәл қазір өте бір қиын кезеңде тұрғанымыз жасырын емес. Ал бүгін осы асудан қалай өтеміз, келешегіміз не болады деген сауал жалғыз ақынды ғана емес, бүкіл ел-жұртты толғандырып тұрған аса жауапты тұс екені де түсінікті. Әрине, ойланса, санасы оянса.Көріпкел емеспін, бәрін алдын ала кесіп-пішіп бере қоятындай жағдайым жоқ. Әйткенмен, елді қалай қамшылаймыз, тар өткелдерден қалайша аман-есен алып шығып, шұғылалы бір кеңістіктерге қайтіп жеткіземіз деген ойлар тынышымды алады. Қатты мазаланамын. Ал әдеттегіше біз сондай кереметпіз деп құр кеуде қағуды жалғастыра берсек, күні ертең бүгінгі абыройымыздың өзінен айырылып қалуымыз кәдік. Менің ондайға барғым келмейді. Бос дақпырт әбүйір әпермейді. Бірақ менің де қайткенмен болуымыз керек, жетуіміз керек, озуымыз керек деген мақсатта жұмыс істеп жүрген жайым бар. – Ұлтымыздың ең жақсы және ең нашар қасиеттері қандай деп саралап көрдіңіз бе? – Бізде бәрі бар. Ең жаманы – өте салғыртпыз. Күрескерлік рух жоқ. Әрине, төңкеріске құмартпай-ақ қояйық. Бірақ сын сағатта табандап тұрып алатын мәселелер болды. Айталық, Жаңаөзен тұсында. Немесе анау Заманбек пен Алтынбек сынды арыстарымыз мерт болған сәттерде. Яки кедендік одаққа кіру кезінде. Қайраттылық танытып, тиісті орындарға нақты талап қоятындай, көкейдегі пікірді бүкпейтіндей өршілдік мінез таныта алмаппыз. Ал жақсы жағымыз– мейірімдіміз. Қайырымдымыз. Меймандоспыз. Осының бәрін ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, өкініштісі, осы асыл қасиеттеріміз көбіне өзімізге қарсы жұмыс істейтіні қинайды. – Қазақтың мінезіне тез арада социалистік лагерьден капиталистік жүйеге көшуіміз кері әсер еткен жоқ па екен? – Біз өзі социализмге де дайындықсыз кіріп едік қой. Сол тосын формация да келген бойда бізге ауыз салды. Ашаршылықты алып келді. Қырғын-сүргінге түсірді. Сорпа бетіндегі қаймақты сыпырып алды. Одан соғыс басталды. Үргін-сүргін қияметі майданнан кейін де жалғасты. Ұзақ уақыт есімізді жия алмай, алпысыншы жылдардан кейін ғана ақырындап жан-жағымызға қарап, ұлт болып ұйысып, енді-енді ғана етек-жең жия бастаған кезеңде қоғамдық құрылыс және алмасты. Капитализмге бұрынғы одақтас республикалар ішінде Балтық жағалауы елдерінен басқасының ешқайсысы дайын емес еді. Көбі далбасалап қалды. Дегенмен, демократия деп ұрандауға кірістік. Бірақ ауызға келгенді оттайтын, елдің бей-берекетін кетіретін дөрекі, жабайы «демократия» басталды. Ал капитализм дегеніңіз нағыз жемқорлардың ұясы екен. Осылайша бір әрі-сәрі жағдайға түсіп қалдық. Құндылықтар орны ауысып кетті. Ұлттық идеология жайына қалды. Осындайдан кейін, әрине, мінез өзгереді. – Мұндайда «Не істеу керек?» деген философиялық сұрақ тағы да алдыдан шығады-ау... – Ашық қоғам орнату керек. Ұлттық қоғам орнығуға тиісті. Жүйе ауысқаны жөн. Және шындыққа тура қарап, қателіктерден қорытынды шығаруға әдеттенсек деп қиялдаймын. Одан соң жетекшілік құрамына нағыз іскер, шын мәніндегі ілім-біліммен толыққан кадрлар келе ме деп үміттенемін. Және жағдай солардың тұсында да бірден жақсарып кете қоймайды-ау. Арада екі-үш буын алмасқаннан кейін нағыз іргелі мемлекет бола бастауымыз мүмкін. – Расында да біздегі көп кемшіліктің сыры білім жүйесінің әлсіздігіне келіп тірелетін секілді. – Иә, білім саласының ақсағаны талайдан айтылып жүр. Жиырма жыл мұғдарында оншақты министр ауысыпты. Және келген әр сала басшысы өз реформасын жасауға ұмтылды. Бірақ соның бәрі сәтсіз. Тіптен, тарихты алып тастауға тырысқан министрлер болды. Одан он екі жыл оқыту керек деп қаншама даурықтық. Қазірге дейін нақты жүйе, дәл бағыт жоқ. Белгілі бір межені министр де, мұғалім де айқын түсіндіріп, соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп бере алмайды. Жоғары оқу орындарындағы жағдайды да әркім біледі. Оқу құралдары жетіспейтіні өз алдына жыр. Педагог кадрлардың деңгейі төмен. Жөнді маман жоқ. Енді мұны өздері де мойындап жатыр. Ең сорақысы, шенеуніктерді қарашы: бірде-біреуі өз мамандығы бойынша жұмыс істеп отыр ма? Кез келген министрді айтып берші – қайсы өз кәсібі бойынша қызмет атқарады? Мәселен, медицина дейтін өте бір шетін саланы сол дәрігерліктен еш хабары жоқ адам басқарғанын білеміз. Сол секілді, құрылысшы егін шаруашылығын, бағбан сауданы басқарса, мұндай сала қалай өркендейді?! Өте түсініксіз жағдай емес пе. – Жаңа «ұлттық қоғам» құру туралы ой айтып қалдыңыз. Оның мәні неде? – Кезінде интернационализм желеуімен біртіндеп орыстандыру саясаты жүргізілгені аян. Ал біздің Тәуелсіз Қазақ елінде темірқазық тек Ұлттық идея болуға тиісті деп есептеймін. Көне түркі заманынан келе жатқан «Мәңгілік ел» идеясын осы біз үміт ететін ұлттық идея бағытында дамытып алып кету, ең алдымен, халықтың қайрат-жігеріне байланысты. Яғни, қалай болғанда да жаппай қазақылануымыз керек. – Бұл жағынан бізге Өзбекстанды үлгі етуге бола ма? –Жо-о, о не дегенің! Олар жетісіп отырған жоқ. Рас, кейбіреулер «Өзбекстан керемет. Ұлтшыл!» дейді. Бұған ішінара келісуге болар. Жартылай ғана. Ондағы идеология біздегідей емес. Орыстар аз, басқа ұлттар да некен-саяқ дегендей. Бірақ «ала тақиялы» ағайынның жершілдігі сұмдық. Күні ертең Ферғана бір жаққа, Самарқан мен Бұқара екінші бағытқа қарап кетуі ғажап емес. Бір-бірін мойындамайды. Мұны мен Өзбекстанға жақын маңда туып-өскен, әм қазір де араласып-құраласып жүрген адам ретінде жақсы білемін. Күні ертең Кәрімов кетсе өзекеңдердің не жағдайға ұшырайтыны бір Құдайға ғана аян. Бір-бірімен атысып, шабысып кетуі әбден мүмкін. Сол секілді, Қырғызстанды да лайықты үлгі дей алмайтынымыз түсінікті. Өршілдігі ұнайды. Бірақ бұлар тым жабайыланып кеткен. Өз басым революциялық жолдан гөрі эволюциялық жолмен дамуды құп көремін. Біз де, негізінен, демократиялық үрдістер арқылы өркендеуіміз керек деп санаймын. – Украинадағы жағдай да алаңдатпай қоймайды ғой. – Әлбетте. Күнде таңертең тұра сала «Euronews» а?????? рнасын қосамын. Өйткені бұлардың хабарлары мейлінше шынайы. Сепаратистер жағынан да, Украинаның қарулы күштері тарапынан да жағдайды өте әділ көрсетуге тырысады. Украин халқының бар айыбы – Еуроодақпен бірге болғысы келгені. Соларға кеткені. Осыны кешіре алмаған империялық шовинистер шоқпар көтеріп, «негізі, украин деген халық жоқ, бұлар Ленин тұсында ғана пайда болған ел. Әйтпесе, бұлар да орыстар» деп намысқа тиетін лақап таратып, жерге таптауға ұмтылады. Қырымды алып қойды. Ал оны даулайтындай болса, дүниеде жер қоймайтындай түрі бар. Осындай өте өктем, ашкөз империяның дәл іргесінде отырғаныңды ойласаң, қатты тітіркенесің. Мына жағымызда, боса-болмаса, Қытай. Жеріміз кең. Ал халқымыз бір шөкім ғана. – Мұның бәрі ақын жанын сыздатпай қоймайды, әрине. – Төбе шашың тік тұрады. Ертең тіліміз не болады, дініміз не күй кешеді деген сауалдар түн ұйқыңды төрт бөледі екен. Ал осы қауіпті кейбір жігіттер қаперге де алмайды. Солардың қамсыздығын, немкеттілігін көргенде одан сайын қан жылайсың. Жемқорлық та жайлап бітті. Рушылдық, жершілдік дейтін пәлелер тағы қаптап барады. Боламыз ба, жоқ, бордай тозамыз ба деген сұрақ осындайда қойылатын болар. Қатты қорқасың... – Темаға, сізді қай тұрғыдан алсақ та бақытты адам деуге негізіміз мол ма?.. – Иә, өз басым өте бақытты адаммын. Әлгінде айтқанымдай, біреудің жалғыз ұлы едім. Қазір, Құдайға шүкір, төрт ұл, жеті-сегіз немерем бар. Үбірлі-шүбірлі деген осы шығар. Солай бола тұра, ел азаматы ретінде өзімді керемет бақыттымын деп айта алмас едім. Күйзеліп жүрген ел ойлантады. Шымбайға батса да, бұл – шындық. Бізде бәрі керемет деп күмпілдетіп, кеудені барабанша соғып, айқайлай беру жараспайды. Тағы айтайын, идеологиялық тұрғыдан іргеміз керемет берік қаланып біте қойған жоқ. Байлығымыз жер астында іріп-шіріп жатқандай дәулетті елміз. Бірақ толық үйлестіре алмадық. Біліміміз жетпеді. Қуатымыз келмеді. Одан талан-таражға салдық. Өзіміз таладық. Қалғанын өзгелерге жегіздік. Тоғышарлық етек алды. Жаңа ғана айтқандай, ұзақ жылдардан ұрпақтың білім алуы мәселесі де оңалмай тұр... Осындай жетімсіздіктерден соң қалайша уайым жемессің. Бірақ немерелерімді көргенде бәрі сейіліп кетеді. Содан күш-қуат аласың. Сергисің. Тек солар ұзап кеткенде «ай, айналайындар-ай, осылардың ертеңі не болар екен?!» деп тағы қабаржи бастайсың. Дегенмен, «үмітсіз – шайтан» деген, елдің шуақты күндерінен күдерімді үзбеймін. Блиц-сауал АНА ҚАШАН ДА - АНА... – Ықпалы тиген ұстаздары кім? – Қаныбек Сарыбаев деген ақын жігіт бар еді. Қазір о дүниеде. Шын талантты ақын-тын. Аудан аумағында қалып қойды. Сол кісінің шапағаты көп тиді. – Бертінде қатты таңырқатқан жәйт? – Кейінгі кезде таңғалатын да ештеңе қалмады ғой өзі... – Жазу мәнері? – Отыра қалып жазбаймын. Бүкіл өлең аяқта жүріп жазылады десе болады. Бәрін басымда жазып бітіріп, өңдеймін. Отырып жазатын кездер де кездеседі. Бірақ өте сирек. Негізі, не жүруім керек немесе ваннада жатуым керек... – Не үшін жазады? – Ондай сұрақ туындаған емес. Біреулер айтады, қағазды не үшін шимайлай береміз деп. Еш уақытта олай ойлаған емеспін. Өйтсем, өмірден не мән қалады. Ертең шығармам оқыла ма, оқылмай ма деген күдік ешқашан мазаламапты. – Таяу, келешектегі жоспары? – Мемуар жазғым келеді. Балалық шақ әңгімелері өз алдына бір төбе. Әр жерлерде ғұмыр кештім. Маңғыстауда мұнайшылар арасында жүрдім. Түрлі қызметтер атқардым. Әр алуан адамдармен жұмыстас болдым. Алматыдағы өмір... Бәрін тізбелеу шарт емес. Бірақ керекті жерлері қамтылса... – Өзін қандай ортада жайлы сезінеді? – Кез келген ортадан қашамын. Оңашалықты қалаймын. – Көкейдегі әке-шеше бейнесі? – Кейінгі кезде ата-анам түсіме жиі енеді. Әсіресе, шешем көп кіреді. Жадыра деген аяулы адам еді, жарықтық. Әкемді де көремін. Бірақ неге екенін білмеймін, шешемнің кіруі көп. Бір қызығы, ылғи баяғыдай қамқорлығынан танбайды. Құлтөлеу МҰҚАШ qazaquni.kz