Бетін күйдірген қыз-келіншектер көбейген

 

Елімізде 200-ден аса қыз-келіншек сұлулық салондарынан зардап шеккен. Бірінің бет терісі бүлінсе, енді бірі артық дақтардан арыламын деп жүріп сары ауруға шалдығыпты.

Елімізде сұлулық салонында бетін күйдірген қыз-келіншектер көбейген Күтпеген жерден ажарынан айырылып, ұсқынсыз күйге түскендер енді өздерін сорлатқан салондарды жауапқа тартқыза алмай жүр деп хабарлайды КТК арнасы. Кірпік-қасты қиылтып, тіпті ерінді де шиедей етіп береміз дейтін мекемелерде ел естімеген сұмдықтар бар екен. Қыз-келіншектер ешкімнен де таяқ жемеген. Қанталап кеткен көздің қабағы, көгерген бет терісі – мұның бәрі сұлулық салондарының ісі. “Келіншектер бетіме тыртық түсті деп келеді. Сұлулық салондарында тоқпен жасартамыз деп олардың жүздерін күйдіріп жібереді. Зардап шеккендер тым көп. Сондықтан бұдан былай оларға заңмен қатаң жаза қолдануды ойластырып отырмыз”, – деді депутат Светлана Романовская.

Келіншектер бетіме тыртық түсті деп келеді. Сұлулық салондарында тоқпен жасартамыз деп олардың жүздерін күйдіріп жібереді.

Осылайша, “әжімді тегістеп, жүзіңізді жасартып береміз” деген сұлулық салондары 200-дей қыз-келіншектің бет-әлпетін күйдіріп жіберіпті. Тіпті, тері астыңдағы артық майды тесіп алам деп бетті біржолата бүлдіргендер де бар. Тек жұрттың көз жасына қалғандардың бірде біреуі жазаға тартылмапты. Бұл ретте алдымен келісім жасап алуға сол кәнігі косметологтардың өзі кеңес беріп отыр. “Сұлулық салондарының қызметін пайдаланбас бұрын міндетті түрде келісім-шарт жасау қажет. Сонда ғана сіз косметолог болсын, шаштараз болсын,қай-қайсысын заң жүзінде жауапқа тарта аласыз. Өкінішке қарай, көп жағдайда келіншектер осы мәселені ұмыт қалдырып жатады”, – дейді  косметолог Лилия Мырзахметова. Десе де қазір көпшілік салонда келісім-шарт туралы әнгіме қозғаудың өзі артық. Ресми құжат түгілі, медициналық анықтамасы да жоқ косметологтардың бірі  қараңғы жертөледе отыр. Онымен қоймай, ақысын төлесеңіз қызметтің кез-келген түрін көрсетуге дайын. “Сіздің бетіңіз безеу-безеу. Май басып тұр. Оның бәрін кесіп алып тастамаса, ол етке жайылып жабысып қалады. Сол үшін оны кесіп алу керек”, – дейді маман.

Косметолог бөлмесінен гөрі, сүлгі кептіргіш жайға көбірек ұқсайтын  қуықтай бөлмеде бізге беттегі майды кесуді ұсынды.

Ал шыныдағы сұйықтықты ине арқылы екпек болды. Рұқсат қағазын сұрағанымыз сол еді, “сұлулық сыйлаушы” маман табанын жылтыратып жоқ болды. Осындай күмәнді косметологтардың кесірінен соқыр болып қалған павлодарлық келіншек сол күйі кінәлілерді жауапқа тартқыза алған жоқ. Ең болмаса еміне деп ақша да ұстатпаған. Мұндай оқиғалар соңғы уақытта тіпті көбейіп барады. Бірақ әзірге ондай сұлулық салоны қызметкерлерін жауапқа тартатын бірде бір бап жоқ екен. Көркіне көрік қосып, сұлулана түсуді армандамайтын ару кемде кем. Бірі кірпігіне кірпік жалғайды, ал енді бірі су тисе де өшпейтін бояулар салдыртады. Тек мұндай сұлулықтың соңы сор болып жабысуы әбден мүмкін. Сондықтан дәрігерлер көбіне теріге қауіпсіз әрі пайдалы бал, қияр секілді табиғи өнімдерді пайдалануды ұсынады.
Источник: КТК арнасы