Егер тілдік тұтастық болмаса, бір ұлттың өзі бірнеше тілге бөлініп, өзара түсініспей қалуы да ғажап емес. Ол үшін мысалды алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Айталық, шығыстағы ежелгі көршіміз ҚХР-ды алайық. Алыс провинцияларды айтпағанның өзінде іргелес деуге келетін Пекин мен Шаңхай қалаларының тұрғындары бір ұлт өкілі бола тұра, екі түрлі тілде сөйлейді, тіпті екеуара әңгімеде тілмашсыз түсінісулерінің өзі неғайбыл. Оларды біртұтас қытай етіп біріктіріп отырған жалғыз кілт – қазіргі қолданыстағы ханжы, яғни таңба үлгісіндегі иероглиф жазуы ғана. Егер осы жазуды өзгертіп жіберер болса, онда олар бір-ақ сәтте рухани бірліктен ажырап, тілі бөлек, бөтен жұртқа айналып шыға келмек.
Сол сияқты Дағыстандағы кавказдықтар да бір таудың әр қойнауында ауылы аралас мекендесе де бүгінде бес түрлі тілде сөйлейтіні белгілі. Ал, біздің ондай қауіптен аулақ екенімізге шүкіршілік етуге де болатын шығар.
Ақпарат тарату мен қабылдауда әлемде жасалған ірі бетбұрыс болып табылатын интернет жүйесі бүгінде мәліметті тауып, дұрыс шешім қабылдауға ықпал ететін маңызды факторға айналды. Оның артықшылығын тіпті айтып тауыса да алмаймыз. Батыстың жоғары дамыған елдерінде жұрт әлдеқашан қалам, дәптермен қоштасып, жаппай ноутбук қолданатын жағдайға жетті. АҚШ-тың «Ньюсуик» секілді журналдары компакт-диск түрінде жарық көріп, өз оқырмандарына электрондық нұсқамен жол тартқалы қашан. Онда ақпарат көздері мен белгілі тұлғалардың берген мәліметтері мен айтқан сөздері мәтін түрінде емес, бейне баян үлгісінде берілетін бағытқа көшті. Мұның бәрі ақпараттың дәлдігін, еш бұрмалаусыз жеткізілуін және оған деген сенімділікті нығайтудың кепілі болуда. Сонымен қатар, дәстүрлі баспасөз бен электрондық ақпарат құралының да өзара жақындап, тұтасып келе жатқандығын көрсетеді.
Осындай күрделі кезеңде, әлемді жаппай тұтастыруға бағытталған жаһанданудың кең өрістеген дәуірінде түркі дүниесін біріктіретін маңызды фактордың бірі – латын әліпбиі болып отырғаны анық. Түркия жеке ел болған тұсында латын әліпбиін мемлекеттік жазу ретінде белгілеп алуының арқасында бүгінде әлемдік өркениетпен иық тірестіріп, дүниежүзілік ақпараттық кеңістіктен өз орнын алып отыр. Тәуелсіздік жылдарында Әзірбайжан, Өзбекстан елдері де аталмыш жазуды қолдана бастады.
Жаңа серпілістің жасалуы үшін қазірден бастап шешімін табуға тиіс өзекті мәселелердің бірі – әліпби проблемасы болып отыр. Олай болса, латын әліпбиін мемлекеттік жазу ретінде қолдануды да ретімен қолға алу қажет деп білеміз. Дайындық жұмыстарын түркі елдерінің тәжірибесін зерттеуден бастаған дұрыс болар. Жалпы бұл жазу бізге жат та емес. Олай дейтініміз, Қазақстанда бұрын латын әрпі пайдаланылған. Түркиядағы және Еуропа елдерінде тұратын қандастарымыз күні бүгінге латыншаны қолданып келе жатқаны тағы белгілі.
Менің айтайын дегенім – кириллица әліпбиі өткен жарты ғасырдан астам уақытта қазақ мәдениетін дамытуға зор үлес қосқандығын ешкім жоққа шығармайды. Алайда, бұл одан ешқашан ажырамайық, айырылсақ құримыз деген сөз емес. Бұл әріптің орны біз үшін қытайдың иероглифіндей аса маңызды емес. Латынға біржолата көшкеннен кейін де кириллица біздің мәдениетімізден мүлдем аластатылуы екіталай. Әсіресе, орыс тілінің бағы жанып тұрған бүгінгідей жағдайда оған алаңдаудың мүлде реті де жоқ.
Компьютерлік технологияға, интернет жүйесіне көшкеннен бері кириллицадағы жеті-сегіз әріптің машақатын тартып-ақ келдік. Ол жағдай бәрімізге де белгілі. Бір компьютерде терілген мәтінді келесісі «жатырқап» оқымайтын кездері болды, баспаханаға өткізген кітаптарымыздың қазақ әрпі ұшып кетіп, орнына үшбұрыш, төртбұрыш белгілер одырайып тұратынын да көрдік т.с.с.
Электрондық пошта арқылы шет елдерде тұратын бауырларымызға хат-хабар жолдау үшін қазірдің өзінде латын әрпін қолданып келеміз. Сондықтан, латынға көшуге дайынбыз деуге толық негіз бар. Алайда, бұл жерде қаперге алынатын бір маңызды мәселе алдымыздан шығады. Ол – ң, ғ, ә, қ секілді әріптерді қалай белгілейміз деген орынды сауал. Егер әлгі әріптердің аяғына немесе басына әлде бір белгі, нүкте қойып ерекшелейтін болсақ, қатты қателесеміз. Онда қазіргіден еш айырмашылық жоқ, баяғы сол машақаттан арылмай жүре беретін боламыз. Қосылғыштардың орнын ауыстырғанда қосындысы өзгермейтіні секілді, өзгеріс жасағанша қазіргі қалпымызда қала бергеніміз-ақ жөн болатын шығар.
Латын әліпбиінің мүмкіндіктерін толық танып, зерттеген соң соған лайықталған қазақ тілінің ережелері жасалғаны абзал болар. Ол үшін ағылшын, неміс, француз, испан тілдерінің айтылу, жазылу ерекшеліктерін анықтап, оны қазақ тілімен салыстыруға тура келеді. Бұл тұрғыдан келгенде, қос әріп қолдану бәрінен де тиімді болар ма еді деген ойдамын. Айталық, “ң”-ды – ng, “ғ”- ны – gy, “қ”-ны – q, “ә”-ні – aі, “ұ”-ны – ou т.с.с.
Қалай десек те, бұл маңызды мәселе жөнінде бағыт айқындалды. Әлемдік ақпараттық кеңістікте бәсекеге қабілетті болу үшін латын әліпбиін қолданысқа енгізу қажет екендігі ешқандай дау тудырмайды.
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.
Abai kz
ҚАЗІРГІ АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІНЕ ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ЛАЙЫҚ
2015 ж. 04 ақпан
2742
1
Ақпарат алмасудың көне дәстүрі сайын далада шашырай қоныстанған көшпелі ру, тайпалардың өзара қоян-қолтық араласуларына мүмкіндік берді. Нәтижесінде, қазақ тілі ешбір диалектісіз таза сақталып, бүгінде ортақ құндылығымызға айналды. Бұл айналып келгенде, қазақ халқының бір-бірімен үнемі етене араласып, жердің, елдің шалғайлығына қарамастан, өзара тығыз қарым-қатынаста болғандығының арқасы.