Шардараның фотошежіресін жасаған абзал азамат еді...
2015 ж. 29 қаңтар
3416
1
Шардара жұртшылығы ауыр қазаға душар болды. Журналистика саласының үздік қызметкері, аудандық «Өскен өңір» редакциясында 30 жылдан астам уақыт фототілшілік қызмет атқарған аяулы азамат Оңласын Мәуленбердіұлы Төлегенов 59 жасқа қараған шағында ауыр науқастан қайтыс болды.
Оңласын Төлегенов 1956 жылы 22 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Құтарыс ауылында дүниеге келген еді.Осы елді мекендегі «Қызыл әскер» орта мектебін бітірген соң Украина жеріндегі Львов қаласында әскери борышын өтеп келді. 1980 жылы Шымкент медициналық училищесіне оқуға түсіп, санитар-фельдшер мамандығын иеленіп шығады. Алайда, жан-дүниесі суретшілік өнерді қалап тұрған О. Төлегенов фототілші қызметін таңдады. Облыстың бас газеті «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ең алғашқы фототуындылары жарық көрді. Қара шаңырақ басылымда кәсіби шеберлігін шыңдады. 1984 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің сол кездегі бөлім меңгерушісі Кәрім Үкібаевтың ұсынысымен Шардара аудандық «Өскен өңір» газетіне қызметке орналасты. Осы уақыттан бастап «Өскен өңір» газетінде 30 жыл бойына үздіксіз қызмет атқарды.
Фототілшілік қызметпен қоса О.Төлегенов «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының Шардара ауданындағы тұңғыш меншікті телеоператоры қызметін де атқарды. Ауданда жасалынып жатқан іс-шаралар, қоғамдық-саяси жаңалықтар ол түсірген бейнетаспа арқылы облыс халқына көрсетіліп келді. Қашанда шығармашылық ізденісте жүретін О.Төлегенов бірнеше мәрте облыста өтетін фотобайқауларға қатысып, жеңімпаз атанды.
Оңласын Төлегенов бар саналы ғұмырын журналистикаға арнай жүріп, Шардараның фотошежіресін жасады. Ол түсірген фотокадрлар мен бейнетаспаларда қарапайым еңбек адамдарынан бастап, қоғам, мемлекет қайраткерлерінің өмір жолдары көрініс тапты.Ол әрбір түсірген суретіне жан бітірді, фотоларын сөйлете білді. Оңласынның артында қалған шығармашылық мұрасы – Шардараның баға жетпес құнды дүниелері болып қала бермек. Еңбекқорлығы мен өнерге адалдығының арқасында Оңласын Төлегенов барша шардаралықтардың сүйіктісіне айналды.
Аудан халқы Оңласын Төлегеновтің ақкөңіл мінезі мен жарқын бейнесін ешуақытта да ұмытпайтын болады. Оның көрмеген қызығы мен жасамаған өмірін артында қалған ұрпағына берсін деп айтамыз. «Орнында бар оңалар» дегендей, ұлы Бақытжанның үлкен азамат болып өсуін тілейміз.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, абзал азамат Оңласын Төлегеновтің асыл бейнесі біздің жадымызда ұзақ сақталады.
Қ.Айтөреев, Т.Бердібеков, Т.Ағманұлы, Б.Мүтәлиев, Т.Байтұрғанов, Б.Әліпов, Т.Анашбеков, Н.Қалмұратов, З.Талбидин, Б.Шомпиев. Н.Сапаров, Ә.Әбдіраманов.
***
Аудан әкімі аппараты мен аудандық мәслихат аппараты және аудандық мәслихат депутаттары ұзақ жылдар бойы аудандық «Өскен өңір» газетінің редакциясында фототілшілік қызметтер атқарған аяулы азамат, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесіОңласын ТӨЛЕГЕНОВТІҢ
қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғыларына ортақтаса отырып көңіл айтады.***
Республиалық "Қазақ үні" газетінің ұжымы белгілі фототілші, журналистика саласының үздігі, Шардара ауданының фотошежіресін жасаушы абзал азамат, жарқын бейнелі жайсаң жан
Оңласын ТӨЛЕГЕНОВТІҢ
мезгілсіз қайтыс болуына байланысты отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, пейіште нұры шалқи бергей.