Мақсат Мәлік. Табыл Досымовпен болмаған бір кешті еске алу...
2015 ж. 19 қаңтар
4627
1
Бард-әнші Табыл Досымовтың ел білетін «Марат Отарәлиевке» деген керемет әні бар. Сұмдық сағынышқа толы... «...Ернеуінен келіп сүйемін сосын бокалдың, ерніңнің ыстық табы қалды ма екен деп...» деп келетін жолдар бар. Тас қараңғыны «сайтан адасып кететін түн» дейді. Сол ән негізінен «Марат Отарәлиевпен болмаған бір кешті еске алу» деп аталады. Себебі, Жұмекен Нәжімеденовтың «Марат Отарәлиевпен болған бір кешті еске алу» деген өлеңі бар. Ақынның ақынға арнаған өлеңі. Ол біреу білер, біреу білмес, Өтежан марқұм «бунтарь ақын», «Қазақтың Есенині» деп деп баға берген; «Көмбеңдер мені өлгенде, Көмуге мені бола ма? Шарықтап жүрген өр кеуде, Сия ма, сірә, молаға» деп жырлаған Марат Отарәлиев қой. Өтежан марқұм айтатын өзге де нұсқасы да бар... Ал, Табыл Досымов өз сөзінде: «Мен де сол Жұмекеннің өлеңін оқыдым. Бірақ, мен Марат Отарәлиевпен ешқашан кезікпедім. Өмірден ерте кетті. Сондықтан Жұмкеннің өлеңінің ізімен осы ән туды. Оның өлеңінде болған бір кешті еске алу десе, менің әнім «болмаған бір кешті еске алу» деп аталады» деп айтып берген. Тағдыр қызық, мен де осы әңгімені тек телефон арқылы Табыл ағаның өз аузынан естігеніммен, ол кісіні өмірімде жүзбе-жүз көрмеппін. Ешқашан кездеспеппін. Сондықтан мен де «Табыл Досымовпен болмаған бір кешті еске алып отырмын...»
Бәрі былай басталған еді...
Студент кезіміз. Бір күні арсалаңдап Мирас (Мұқашев) досымыз жетіп келді. Қолында аудио кассетасы бар. Сыртына Табыл Досымов деп жазылған, бірақ қалай аталатыны дәл қазір есімде жоқ. «Мынау Табыл Досымовтың кассетасы. Әкемнен алдым», - деді жүзі бал-бұл жанып. Көңіл-күйі тасып, қатты қуанып тұр. Табыл Досымов туралы там-тұмдап естігенімізбен, оның әйгілі «Ұнатамын мені сені» әнін білгенімізбен, өзге әндерін онша естімеген кезіміз. Думанның (Анашов) жатақханада бөлмеден бөлмеге көшіп, кейде өзі де таппай қалып жүретін дәу қара магнитафоны болатын. 205-бөлмеге жиналып, отырып алып тыңдадық. Содан басталды... Бұл біз үшін жаңадан ашылған Америка секілді еді. Шынымды айтсам, сабаққа баруды да қойдық. Кассетаны ауық-ауық айналдырып, күндіз түні тыңдаймыз. Дәу қара магнитафонның дауысы еш үзіліместен барынша қосылып тұратын. Көрші қыздар келіп, «не тыңдап жатырсыңдар, өшіріңдер» деп шулайтын. Кейін олардың да құлақ еттері үйренді ме, кім білсін, бізге: «ең болмағанда ақырын қойыңдаршы» деп жалынатын. Бірақ, оларды тыңдайтын Өміржан Әбдіхалық па... Қатты түйген жұдырын ауызына тақап тұрып: «Қазақ едім дегенше...» деп еңірейтін. Думан болса, көзі бақырайып, темекісін құшырлана сорып, түңге сіңген КазГУ қарағайларына тесіле қарап балконда отыратын ойға шомып. Өзі де, сөзі де жұмбақ Бауыржан (План) досымыз төсекте жатқан қалпы маңдайына түскен шашын серпіп тастап: «...Шұлғаудан шыққан шуаштар...», - деп, әлдекімге кіжінетін. Сосын үнсіз жұтып жіберетін. Мирас ауық-ауық қалбалақтап келіп, бәріміздің бетімізден шөпілдете сүйетін. Сосын көңілі босап, қатты-қатты құшақтайтын. Тіпті, бәріміз төрт-бес беттен жабылып жүріп дипломын жазып берген Бекзат досымыз да көзілдірігі суланып, ботадай боздап отыратын. Біресе бәріміз үнсіз тыңдаймыз... біресе бәріміз қосыла шырқаймыз...
Бәріміз осылай Табылмен ауырдық... Мұң. Тәтті сезім. Ащы өксік. Далбаса тірлік. Осының барлығы санамызда сан арпалысып, бір-бірімен тіресіп, жұдырықтай жүрегіңді алай бір, бұлай бір сілкінтетін. Төбе құйқаң шымыр ететін. Отырып алып қайта тыңдаймыз... Табыл туралы әңгіме айтамыз. Барлық әңгіменің соңына Мирас нүкте қоятын. «Мен танимын. Кішкентай кезімде талай көргенмін. Үйге келгенде әкем (Құлтөлеу Мұқаш) мені оятып алып, жанына отырғызып қоятын. Маңдайдағы терін қол орамалмен бір сүртіп қойып, зор денесімен күркіреп ән айтатын», - дейтін ол. Мирасқа қызыға қарайтынбыз. Сірә, Мирастан артық бақытты адам жоқ секілді көрінетін. Әрі қарай әкесінен естіген талай қызықты әңгімемен жалғастыратын. Бейне бір, Табыл Досымов біз үшін аңызға айналып, ана жаққа ұшып кеткен адамдай сезілетін. Жиырмаға жеткені, жетпегені бар, балаң көңілді біз үшін ондай адам тірі жүруі мүмкін еместей сезілетін. Сөйтсек ол кісі кәдімгі журфакта оқыған, студент жылдары КазГУ ғана емес, күллі Алматыны ән мен жырға бөлеген Табыл Досымов екен ғой... кәдімгі Атырау облысы, Индер ауданында тұрады екен. Мәдениет бөлімінде істейді екен. Бәріміздің көрсек, тілдессек деген аңсарымыз ауды. Бірақ, оған мүмкіндік қайда?..
Сөйтіп жүргенде ол кісімен телефон арқылы тілдесуге мүмкіндігім туды. Сол кездегі қуанышымды әлі күнге дейін айтып жеткізе алмаймын. Ол кезде оқуыммен қатар «Дала мен қала» газетінде жарты айлыққа жұмыс істеп жүргенмін. Бір күні салып ұшып келіп, Табыл Досымовтан сұбат аламын дедім. Редакторымыз – Саясат Бейісбай ағамыз. Одан кейінгі бастық – Рысбек Үркімбай ағамыз. «Қолың жетіп, ала алсаң ал» деді. Интернеттің енді шығып жатқан кезі. Ұялы телефон өзгелерде болған шығар, бірақ біздің түсімізге де кірмеген кез. Әйтеуір әрең дегенде Индер аудандық мәдениет бөлімінің нөмерін тауып, екі-үш үш күн дегенде Табыл ағамен телефон арқылы сөйлесіп, сұхбат алуға келістім. Факспен сұрақтарыңды жібер, мен қайтадан жауаптарымды факс арқылы салып жіберемін деді. Келіскен күні редактордың алдында отырған қыз: «Мынау саған деп», - деп, екі парақ қолмен жазылған қағаз әкеліп берді. Табылдың өз қолымен жазылған, соңында қолы қойылған жауабы. Сол сәттегі қуанышымда шек болсашы... Сол аптадағы нөмірге Табыл Досымовпен болған қысқа ғана сұхбатым қатталып кете барды. Сонда ағамыздың, «қазір біздердің іздеусіз қалғанымыз рас, тек арасында өздерің секілді інілерім хабарласып, сұхбат алып тұратыны болмаса» деген сыңайдағы жауабы әлі күнге дейін есімде. Өкініштісі, факспен жіберілген қолжазбаны жоғалтып алдым. Бірақ, тасқа басылған сұхбат қалды. Бұл өмірімде бірінше рет Табыл Досымовпен тілдесуім еді.
Содан бері ол кісімен талай мәрте телефон арқылы сөйлессем де, жүзбе-жүз кездесіп, ол кісінің қолын алып, амандасудың бақыты жазбапты. Кейін Қазақ радиосында істеп жүрген кезімде «Талант пен тағдыр» деген хабар дайындағаным есімде. Негізінде Өміржанның идеясы еді. Бірақ, ол хабардың ғұмыры қысқа болды. Әрі қарай жалғастыруға өзімнің жүрегім дауаламады. Артығали Ыбыраев, Танабай Нарманов, Свет Оразаев, Марат Отарәлиев және Сағат Әбдуғалиевтер туралы жасадым да, сонымен доғардым. Әсілінде оның ауыр жүгін телеарна көтеретін хабар сияқты елестеген маған. Осы хабарды дайындау барысында Табыл ағамен талай мәрте ақылдасқанмын. Әсіресе, Марат пен Сағат тақырыбында. Ол кісі Индерде. Тек, телефон арқылы хабарласамын. Әр нәрсені сұраймын. Кейде бір-екі сағаттап Марат пен Сағат туралы небір қызықты мәліметтер айтатын. Соның барлығы қазір сағынышқа айналған.
Кім біледі, өмірде ол кісімен кездесуім де мүмкін бе еді?.. Ол жолы қателік өзімнен болды. Бір күні радионың алдында Өтежан марқұм: «Әй, бала. Ақтөбеге, елге бара жатырмын. Соңымнан еріп жүресің шашбауымды көтеріп», - деді. Мен міңгірлей бастап едім: «Менің қасыма еруге қорқасың ғой е», - деді қысқа қайырып. Барғың келеді ғой, бірақ жұмысты қайда тастайсың? Үндемей қалып қойғанмын. Сөйтсем ол кісі әрі қарай Атырауға өткен. Ол жақтан Табыл Досымов күтіп алған. Кейін келгенде барлық әңгімесін айтып берген. Қазір Өтежан да, Табыл да жоқ. Өмір өтіп жатыр...
Табыл дүниеден өткенде Қазақ радиосынан арнайы хабарлар дайындалды. Әуезхан Қодар ағамыз өзінің «Батыс пен шығыс» хабарында Табыл Досымов туралы тереңінен толғады. Серік (Жанболат) ағамыздың гитарасын құшақтай отырып, іштей егіліп сұхбат бергені есімде. Ол кезде Табылды түсінетін, талантқа бас иген әр қазақ қайғыдан қан жұтқан еді.
...Кейде ойлаймын, өмірде көрмеген, білмеген адамды осылай жақсы көруге болады екен ғой деп. Кейін Тәуірбек бауырымды көрдім. Табыл туған топырақта өскен. Табылдың әндерін нақышына келтіріп, өзіндік мәнермен орындайды. Сәл-сәл мауқың басылғандай болады. Артында қалған тұяғы, ұлы Абылды көрдім. Жеті қараңғы түнде Мирастың үйінің алдында гитарасын асынып тұр екен. Сол кешке қалмай, асығып кетіп бара жатқанда көзіме ыстық жас келген. Не үшін? Кім үшін? Бәлкім, бұл бәріміздің хас талантқа деген сағынышымыз шығар.
Осымен әңгіме тәмәм, аға! Сізден кейін де ол жаққа жақсы адамдар, тас қамалды да талқандайтын таланттар кете барды. Бірақ, ол жақта «Сүлікқараңыз» жоқ қой. Айтпақшы, арасында біреу «Иә, әруақ!» деп өлең оқып отырса, сәлем айтыңызшы. Ал, біз не істей аламыз? «...Тірілерді танымайды өлгендер!» Сосын, сосын отырармыз, болмаған бір кешті еске алып.
«...Ернеуінен келіп, сүйемін сосын бокалдың. Ерініңнің ыстық, табы қалды ма екен деп...»
Мақсат МӘЛІК
qazaquni.kz