«МӨЛТ ДҮНИЕ!.. АЙАРУ» атты МҮШӘЙРА МӘРЕГЕ ЖЕТТІ!
2014 ж. 31 желтоқсан
5033
18
«МӨЛТ ДҮНИЕ!..» атты бір шумаққа бір жүз долллар жүлде тігілген мүшәйра қорытындысы шықты.
Мүшәйраның соңғы іріктеуіне дейін бір айда 162 пікір жазылып, оның ішінде 52 ақынның жыр шумағы түскен. Бұның ішінде екі ақын шумақтарын жаңартып, екі рет жіберген . Сонда бұл 54 шумақты бүгінге, 31 желтоқсанға дейін 6700-ден аса адам оқыған. Осы 52 ақыннан 20 ақын іріктеліп, әділқазы-ақынға жіберілген болатын. Бүгін екінші іріктеуге 11 ақын жіберілді. http://www.qazaquni.kz/?p=31000 Қорытындысы енді , міне шығарылды. Алғашқы Мүшәйраның қорытындысын осы мүшәйраға алғашқы жүлдені тіккен ақын Қазыбек Исаның өзі жасады. Сондықтан ол көкпарды ортаға лақтырып тастап, шабандоздарға «ал , шабыңдар!» -дегендей, өзінің ақындарға шабыт шақыру үшін жариялаған жыр шумағын соңғы іріктеуден алып тастады. Жалпы, Мүшәйраға түскен жыр шумақтарының екі-үшеуі ғана болмаса, бәрі талапқа сай, жақсы жазылған, шымыр шыққан шумақтар. Сондықтан да, жүлдегерді анықтау оңай болған жоқ. Кейбір ақындар жыр шумағын әдемі алып келеді де, қарапайым өлең техникасынан ауытқып кетеді. Біреулері тиісті буын санын сақтамаса, екіншілері қажетті ұйқасты ұмыт қалдырған... Мысалы, Төлеген Мелаттың: Бұлтын бояп,үрпін сүйген іңірдің, Батар күні, бата оқыдым мен саған! Күту дейтін көз жасымен көк теңіз, Кемеріңді толтырды екен қанша адам?!- деген әдемі шумағын шалыс ұйқас деп алсақ (қазір кезекті ұйқастың заманы өткен), 1-жол мен 3-жол (2-жол мен 4-жол) ұйқасуы керек, ал бұл жерде сақталмаған... Әйтпесе, жеңімпаз болатын-ақ жыр шумағы екен! Сонымен ұзақ іріктеуден соң, тақырыпты тап басуына байланысты екі ақын үздік деп танылды. Олардың біріншісі – Қызылорда облысынан Ұлықбек Тәңірбергенов. Екіншісі – Астана қаласынан Ақжусан Имамғазықызы. Сонымен, бұрынғы және жаңа астаналық екі автор бәйгеге қатар келді. Жүлде осы екі ақынға бөліп беріледі. (Жаңа жыл мерекесі қарсаңына байланысты жүлде көбейтіліп, әр ақынның әр шумағына 10 мың теңгеден беріледі) Ұлықбек Тәңірберген Айдың жүзін келеді бұлт қалқалап, Айдын жатыр ап-ауыр жүкті арқалап. Ардақтым да кеп қалар деген оймен, Ару ма екен жолына шыққан қарап. Ақжусан Иманғазықызы Қызыл оттан жүзі күйіп өлкенің, Кәрі теңіз мұңын ішті еркенің. Батқан күнге дұға қылды Ай-Ару, Көргісі кеп махаббаттың желкенін. Жүлдегерлер халықбанк карточкасы нөмірін qazaquni.kz порталы поштасына qazaquni@mail.ru немесе 8-777-200-9646 телефонына жіберуі керек. КЕЛЕСІ МҮШӘЙРА ЖАҢА ЖЫЛДАН СОҢ ЖАРИЯЛАНАДЫ. ТАҚЫРЫП пен СУРЕТТІ ОҚЫРМАНДАР ДА ЖІБЕРУГЕ БОЛАДЫ. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, Мүшәйра қатысушылары! Қой жылы ой жылы болып, шығармашылықтарыңыз шыңға шыға берсін. Qazaquni.kz ұлттық порталы