«Алтын домбыра» иегері – айтыскер Балғынбек Имашев
2014 ж. 07 желтоқсан
14633
14
Бауыржан Байбек: "Мәңгілік елдің айтысы да мәңгілік болады"
«МӘҢГІЛІК ЕЛ – МҰРАТЫМ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Астана қаласындағы Конгресс-холл сарайында «Алтын домбыра» айтыскер ақындардың финалдық фестивалі аясында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өткізген «Мәңгілік ел – мұратым» атты республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті.
Биылғы бас жүлде, «Алтын домбыра» иегері – айтулы ақын Балғынбек Имашев болды. Бірінші орынды былтырғы жылдың жеңімпазы Жандарбек Бұлғақов, екінші орынды Еркебұлан Қайназар, ал, үшінші орынды Бекарыс Шойбеков пен Айнұр Тұрсынбаева жеңіп алды.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының маңызды бір тармағы – ұлттық құндылықтарға баса мән беру, мәңгілік ел болу жолында ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтау, келешек ұрпаққа аманаттау. Осы міндеттің аясында, қазақ айтыс өнерінің дамуына атсалысу күн тәртібіндегі мәселе екені анық. Бұл айтыс та дарынды жас ақындардың ақындық пен орындаушылық шеберлігінің шыңдала түсіп, көпшілікке танылуына және тәуелсіздік идеясын, елдегі халықтар достығын, береке-бірлік пен саяси тұрақтылықты жырлауға, сондай-ақ, сол арқылы жас ұрпақты адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеуге арналды.
Айтыс жеңімпаздарын марапаттау сәтінде сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осыны кеңінен айта келе, партияның Саяси доктринасында ұлттық мәдениет пен дәстүрді дамытудың стратегиялық басымдық ретінде белгіленгенін атады.
«Елбасы алдымызға көптеген міндеттер қойып отыр. Сондықтан да мәңгілік елдің айтысы да мәңгілік болады. Партия осы бағытта жұмыс жасай береді», - деді ол.
Партияның қолдау білдіруімен өткен жылдан бері «Нұр Отанның» 15 жылдық мерейтойына арналған оннан астам халықаралық және республикалық деңгейдегі ақындар айтысының ұйымдастырылғаны белгілі. Бұған биылдың өзінде Талдықорғанда «Бір ел – бір халық – бір тағдыр», Ақтауда «Береке басы - бірлікте», Таразда «Отбасым тірегім, отаным жүрегім», Қарағандыда «Ерлерім еңбек еткен жер», Шымкентте «Шырайлы, шежірелі құтты мекен», Өскеменде «Алтайым – алтын бесігім» атты республикалық айтыстардың ұйымдастырылуы дәлел.
Екі күнге созылған айтысты халықаралық «Айтыс ақындар мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы, қоғам қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жүргізді.
Шараға белгілі түркітанушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қорқыт ата ғылыми зерттеу орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазықызы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, жыршы-термеші Бекболат Тілеухан, Саяси-қоғамдық «Ара» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылыр одағы сатира кеңесінің төрағасы Көпен Әмірбек, «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты «Парасат» орденінің иегері Асанәлі Әшімов және айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек қазылық етті.