Мама
Мен сені Тәңірден сұрадым, мама,
Осы арудың құрсағына бітемін деп.
Мен сен үшін талай жыладым, мама,
Ақынның анасы боп өтеді деп.
Мен сені жұбата алмаймын, мама,
Арайлы бір таңың атады деп.
Мен бұл өмірді ұната алмаймын, мама,
Қабырғама бар мұңы батады кеп.
Мен өмірді сонда да сүйіппін, мама,
Сыздайды тек іште, жарам ғана.
Мен бар мұңнан биікпін, мама,
Мен үшін алаңдама!
Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама?
Жүрген соң тағдырдың өтінде көп.
Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама,
Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек.
Сен мені қазаққа сыйладың, мама,
Ғажаптардан қағылсаң да.
Мен сені азапқа қимадым, мама,
Қанша жыл сағынсам да.
Әйтпесе, білсең ғой, жаным, мама,
Ішім менің – шексіз әлем.
Бұл менің сорым әрі бағым, мама,
Жанарымдағы өксік өлең.
Ішім менің гүлдерге толы ғой, мама,
Нұрға да толы жүрегім ақ.
Біздің тағдыр – азап жолы ғой, мама,
Әйтеуір тілегім ақ.
Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама,
Ал, мен – Құдайдың баласымын.
Сен бәрібір маған ұнайсың, мама,
Көзімдегі қарашығым..!
Генетика
Жетінші әкем ішімде менің,
Жылайды аспан тезінен.
Сансыз белгі.
Түсінбегенмін,
Байқамағанмын,
Сезінем.
Бөтен сезім,
Өзге пайыммен,
Өте ме екен тегі өмір.
Енді кіммен, қандай ойынмен,
Сынайды екен мені Тәңір?
Таныс емес мына түстерім,
Бейтаныс тым маған әлем.
Күрсінеді үнемі іштегі,
Сыртқа шықпай қалған өлең…
Қайда бастап барады мені,
Мына сүрлеу, мына жарық.
Күндер, жылдар тонады мені,
Қай көшеде тұра қалып?
Құпияға жетемін дедім,
Ойлан, сұра, ақымағым!
Қыс келгенде бітеді сенің,
Дірілдеген жапырағың…
Ішімдегі жетінші әкенің,
Дауысы тұр ғой жаңғырып.
Кімсің өзің менің бөтенім,
Қайдан келгенсің қаңғырып? ..
Жауап бермейді. Ішімде менің,
Жылайды тағы қанша рух.
Мен ештеңе түсінбегенмін,
Ақымақ болар ма ем, соншалық…
Алабұрту
Мен баяғы баламын, кекілдімін,
Мен бірдеңе білетін секілдімін.
Түнде мені құшақтап жатады мұң,
Таңсәріде сүйеді бетімді Күн.
Армандар мен күйреулер арасында,
Тоңып тұрмын өмірдің жағасында.
Түстерімде сабылып сан аруақ,
Біреу маған сыбырлар таң астында.
Шаршадым ба өмірден,
Жалықтым ба,
Жұмақ сонда…
Білемін, тамұқ мұнда.
Менің ішкі дүниемді аластауға,
Құдыреті жетпейді-ау жарықтың да.
Бір үмітті іздеймін бекер күннен,
Өлең жаздым…
Ал, содан өтелді нем?
Нәрестенің иісін аңсап жүрмін,
Әлде қатты сағындым әкемді мен?.
Жігіттің монологы
Тағдыр мені сынады, бағынбадым,
Жаулар маған тап берді, алынбадым.
Жаутаңдауды білмедім, жәбірленсем,
Өзімнен күштілерге жалынбадым.
Іште шерім болса да, ойымда мұң,
Тағдыр мені сынады, мойымадым.
Түнек басса жер бетін, таң боп аттым,
Күн күйдірсе, түн болып жайыламын.
Тағдыр мені сынады, басылмадым,
Түсінбесе өкпем жоқ, қасымдағым.
Мейірімді адамға құрақ ұштым,
Әлсіздерді ешқашан басынбадым.
Тағдыр мені сынады, құламадым,
Өксік қысып тұрса да, жыламадым.
Мені осындай жаратқан Тәңірімнен,
Тек сабыр мен парасат сұрағаным.
Тағдыр мені сынады, үміт көрем,
Бәрін-бәрін ұмыттым, ұмыт дегем.
Мықты болу керек қой ер адамға,
Қасқайып өлу керек жігіт деген!
Мәлімдеме
Жүрегімді күйретпендер,
Ештеңені үйретпендер,
Ұнамаған, ұнаған бар,
Ешнәрсені сұрамаңдар,
Көзін сүртсін жылағандар,
Көтерілсін құлағандар!
Кешіріндер, ренжімендер,
Мінеген мен сынағандар.
Еш адамға ақтатпандар,
Еш адамға жоқтатпандар.
Еш адамға даттатпандар,
Өлеңімді жаттатпандар,
Тірі жанға мақтатпандар,
Тылсымданған аппақ таңға,
Кетіп барам, тоқтатпандар!