Зерттеуші-жазушы Таласбек Әсемқұлов қайтыс болды
2014 ж. 26 қыркүйек
4133
3
Қазақ мәдениеті мен өнерін зерттеуші, жазушы, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұлов 60 жасқа қараған шағында қайтыс болды, - деп хабарлайды "Қазақстан" ұлттық телеарнасы.
Таласбек Әсемқұлов 1955 жылы 1 тамызда бұрынғы Семей облысы Аякөз ауданы "Ақтоғай" теміржол станциясында дүниеге келген. 1976-1980 жылдары Алматыдағы Абай атындағы педагогика институты филология факультетін тәмамдады. Проза, сценарий жазу өнерімен педагогикалық институтта оқып жүрген кезінен айналысқан.
1980-1983 жылдары Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлт аспаптар музейінің ғылыми қызметкері, 1984-1987 жылдары республикалық "Жазушы" баспасында әдеби редактор болды.
1987-1998 жылдарда Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы фольклор кабинетінің меңгерушісі, 1998-2006 жылдары республикалық "Жұлдыз" әдеби журналы сын бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
Республикалық баспасөзде "Атайы", "Кәрі ат", "Арылу" сияқты әңгімелері, "Шымдан" повесі және "Талтүс" романы жарық көрген.
Ол - "Көкбалақтың өлімі", "Біржан Сал", "Жезтырнақ", "Алматы – Астана", "Тұмар падиша" сынды киносценарийлердің авторы. 1973 жылы "Бәйжігіт күйлері" деген жеке гранд-дискі Бүкілодақтық "Мелодия" фирмасынан шықты. "Мәңгілік сарын" антологиясына 20-дан астам, 2009 жылы шыққан "Қазақтың мың күйі" антологиясына 40-тан астам күйі енген. 2010 жылы Парижден "Тәттімбеттің мұрасы" атты CD-дискі шықты.
tengrinews.kz