ҚОШ БОЛ, ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНИПАСЫ!..
2014 ж. 11 қыркүйек
8759
3
Бітібаева Қанипа Омарғалиқызының дүние салуы біздің баршамызды, ол кісінің шәкірттерін есеңгіретіп, қабырғамызды қайыстырып тұр. Мектепті баяғыда бітіріп, жыраққа кеткелі қашан.Сонда да ұстазымызбен арамызды үзгеміз жоқ. Көбінесе, Хан апам өзі іздеп, біраз уақыт хабарсыз кетсем, қоңырау шалатын. Сонда маған: «Әй, бәтшағар-ау, міне қарашы, сенің нөмірің менің телефонымдағы тізімде алғашқы болып тұр. Неге звандамайсың, ә!» деп назын білдіруші еді. Ендігіден әрі алғашқы болып мен хабарласамын дейтін ем. Міне, тағы да кеш қалдым...
Бұл жолы телефон соққан өзі емес... басқа мұғалімдерім... суық хабар... төбемнен жай түскендей болды. Бірер ай бұрын ғана Өскеменге барғанда жолыққамыз. Есен-аман-тұғын. Бірақ... «жүрегім менің қырық жамау» деп жиі айтып отыратын. Ұлы жүрек кеше таңғы 9-да тоқтаған деседі. Алайда, сенбеймін, сенгім келмейді. Ол кісі жыл сайын соңғы қоңырауда өзінен тәлім алған түлектермен қоштасу сәтінде, дархан жүрегінің бір жапырағын үзіп, үздіктеріне үлестіріп, таратып беріп жіберетін. Мұны біреу сезсе, біреу сезген емес. Міне, менің кеудемде де сол жаһұттың бір бөлшегі лүпіл қағып тұр. Өзгеден аямаған жан жылуы солғындап, жайсаң ғұмырының жалауы жығылмағанмен, қайсар да қажырлы жүрегі әбден жұқарған-ау, қалжырап барып, қалт тоқтаған-ау!.. Хан апам үнемі дұғасына қосып отыратын Абай мен Мұхтар Рухы еді. Сол Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясы Абайдың мына сөздерімен аяқталатын. Осы үзіндіні 10-сыныпта оқып жүргенімде Қанипа апай маған өзі үйретіп, түсіндіріп, жаттатқан еді. «...Ей сорлы заман, менен аяған қастығың бар ма? Мен ішпеген у бар ма?!. жүрегімді көрші, міне, жарадан сау жері қалды ма?!. ...Жапан түз, елсіз, жолсыз сар далада жалғыз түп ағаш өсіпті. Айлар, жылдар өтіпті, не замандар жасапты, әрбір көктем күніне үмітін артып, шат қуаты жапырағын жарып, гүлін атыпты, талай жылдар өтіпті, әр жылдарының гүлідері мен дәндері ұшып, тарап кетіп жатыпты, сан жапырақ сарғая солып, жоқ болыпты. Бір заман сол айдаладағы жалғыз ағашқа жай түсіпті де, жайрапты. Бар бұтақтан, гүл-жапырақтан, дән-нәрден айрылыпты, ажырапты. Қуарып, шошайып қалған жалғыз қу ағаш көк аспанға тіл қатыпты: «Не жазып ем, не сұмдық, не зұлымдық етіп ем!? Біттім, міне, тек көк аспан куәм едің, сенен ғана сұраймын; сорымның да куәсі, көгерген, гүл атқан шағымның да куәсі сен едің, кең көк аспан; сен ғана бір айтшы, мен өлейін, бірақ сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткен гүлдерім, дәндерімнен ұрпақ-нәсіл қалар ма?! Шанда біреу, санда бір, сайда болса да жас жапырағын көкке созып, гүл-жемісін жер жүзіне берер ме?! Әлде бір өлкеде, тағы бір замандарда сол гүлдердің бір тобынан саялы тоғай, мәуелі бақ өсер ме?! Бұтақтарында өнген-өскенді мадақтап, құмыр бұлбұл сайрар ма?! Саясында жас өмір, жаңа дәурен мекендер ме?!». Хан Апамыз да жапандағы жалғыз ағаш – алып бәйтерек еді. Гүлі, дәні, жапырағы – шәкірттері. Шүкір, қазір, «Бітібаеваның балапандары» Қазақстанның, Шетелдердің әр қиырынан табылады, еліне қызмет етіп, жеріне тамыр тартып, жеміс беруде. Бір өкініштісі, алыптар шоғыры азайып барады. Пендешіліктен ада, жаны сәбидей пәк, жүрегі мен ары таза даланың даңқты, дана ұстаздарының соңғы Магиканы да МӘҢГІЛІККЕ көшті! ҚОШ, БАҚҰЛ БОЛЫҢЫЗ, ХАН АПА!!!
***
Қабағында Қабандайдың сұсы бар, Ажарында Абылайдың мысы бар. Көздерінде күннің жылы шуағы, Жүрегінде жердің тарту күші бар. Аң мен құсқа жем қылғызбай қорғаған, Алақанда ана тілдің құсы бар. Ержүректер енші алып алдынан Ездің бәрі екпінінен қысалар. Ақын, хәкім, батыр, батыл ұстазым, Айналаға алтын сәуле ұсынар. Сіз жайында суық хабар естіліп, Солқ етті ғой кеудемнің сол тұсы дәл. Қайран менің, қарқарадай Хан Апам, Кез келді ме Сізді Көкке ұшырар.
Тамырында түркілердің түбі бар, Танымында тектілердің үні бар. Жанарында Мұхтарлардың мұңы бар, Жүрегінде Ұлы Абайдың жыры бар. Арлы, арда кеудесіне кілттеген, Алты Алаштың Арысының сыры бар. Қара жердей кең пішілген мінездім, «Мәңгі өлмейді,» - деуші едіңіз, - Ұлылар!» Мәңгілікке айналдыңыз, міне енді, Ұлылардан кем түспейтін құны бар. Қайран менің, айнам менің, Хан Апам, Енді жаным кімге барып жылынар?! Кімге жолым бұрылар?! Ажал неге иектеп жүр Алтайды, Ту сыртыңнан жұлыныңды суырар?! Қалиханды алып қашқан сұм Ажал, Қанипаңды ұрламақ па бұл Ажал?! Ей, сұм Ажал, жанын алып кетсең де, Менің мынау сөздерімді ұғып ал! Ұлы Ұстаздың ұлағатты «Рухын» Мықты болсаң жүрегімнен жұлып ал!!!
Айбек ОРАЛХАН